ТҰЛҒАЛЫҚ МІНЕЗ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ілияс ӘЙТІМБЕТ,
әлеуметтанушы
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың: «Қайран сөзім қор болды-ау! Тобықтының езіне…» немесе «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген өлең жолдарынан оның төңірегіндегі адамдардың бойына тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру жолында аянбай тер төккенін байқаймыз. Сол заманда-ақ мал ұрлау, белгілі бір тобырға бағыну секілді әрекеттер болған. Содан біраз жыл өткен соң адамдардың кісілік қасиеттерін ашу жолында Әлихан Бөкейханов бастаған зиялылар біршама нәтижеге қол жеткізді. Біраз ғана уақыттың ішінде талай өзгерістер болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1930-1932 жылдары қоғам тағы да рухани құлдырауға ұшырады.
Меніңше, тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру – адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне, өзіндік «мені» болуына байланысты. Сол арқылы қоғам да, мемлекет те мықты болады. Дамыған елдердің өзіне тән мінездері, тұлғалық қасиеттері бар. Біздің олардан үйренеріміз өте көп. Себебі, ол елдерде адамдардың ішкі қасиеттерін дамытуға өте қарапайым жағдайлар жасалған. Осы арқылы адамдардың қоғамға, мемлекетке деген құрметі қалыптасады.
Бұрынғының Билерін жасына қарап немесе туған-туысқанына қарап емес, оның тұлғалық мінезіне, ақыл-парасатына қарай мойындаған. Міне, осындай адамдар қазақ қоғамының тірегіне айналған. Олардың төңірегінде өзі мәрт, сөзіне ісі сай, адал азаматтар шоғырланған. Ал қазір бәрі жұрдай болды. Мысалы: үлкен қалада тұрсаңыз, қаланың ішінде жүріп жапан далада қалғандай күй кешесіз. Өйткені, бізде адамдардың өзара қарым-қатынасы бұрынғыдай емес. Тіпті, іргелес үйдегі көршілеріңізді де танымауыңыз мүмкін. Бұл тек қалада ғана емес, ауылдарда да белең алған жағдай. Көршілес Өзбекстанда адамдардың қайғысын да, қуанышын да бөлісетін арнайы ұйымдар бар. Ол – «Өзін-өзі басқару әлеуметтік институты». Ал бізде ондай ұйымдар жоқ. Тек әкімдер, билік басындағылар ғана сөйлейді. Басқамыз солардың айтқанын жасаймыз. Жемқорлық, заңды сыйламау деген жоғары жақтан бастау алады. Ал осы жағдайларды болдырмау үшін адамдар тұлғалық, гуманистік қасиеттерді дамытуы керек. Абай айтқан «Әкесінің баласы – дұшпаның, адамның баласы – бауырың…» деген ұстанымды ұстансақ, әлемдегі ең мықты мемлекеттің бірі боламыз. Елді басқаратын азаматтар адамгершілік қасиеттерді жоғары қойып, халықтың пікірімен санасуы керек. Олай болмайынша, мемлекеттік қауіпсіздік те, болашақ та болмайды. Біздің қазақ әлі де құлдық санадан арыла алмай келе жатыр.
Мықты қоғам, мызғымас мемлекет болу үшін тек жақсылықпен көзін ашып, ізгі қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Ал ол үшін әрбір азамат өзінің жеке басымен жұмыс жасап, өзін қалыптастырғаны абзал.