ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫҢ ҚҰПИЯ КІЛТІ
Жазушы Сайын МҰРАТБЕКОВТІҢ шығармашылық қарымы қақында
Әдебиетке келісімен қара сөзді тани білетін қарапайым оқырман қауымды елең еткізген талант иелері қазақ әдебиетінде аса көп емес. Әсіресе, жанрлық жағынан екшеп қарағанда, ақындардан гөрі прозашылардың оқырманға танылуы шабандау. Өйткені, қанша талант иесі болғанымен көркем қара сөзді тұтастай оқып шығып, түбегейлі тану үшін уақыт керек. Алған әсеріңді екшеп, талқылап, жүйелеп, жинақтайтын оңаша жағдай керек.
Бірақ соған қарамастан, ә дегеннен-ақ әдебиет сүйер қауымға кезінде шапшаң танылып үлгерген қабілетті каламгерлердің бірі – жазушы Сайын Мұратбеков еді. Қазақ әдебиетіне 60 жылдардың басында келген бұл қаламгер алғашқы жарияланымдарымен-ақ қарапайым оқырманның өзін әдебиет атты күрделі әлемнің белгілі бір бағдарына жетелеп, көркемдік ой жүйесінің өзіндік қуатымен тәнті еткені бүгінгі егде тартқан ескі оқырмандардың есінде екені сөзсіз. Сол алғашқы әңгімелерімен-ақ тек қарапайым оқырмандар тарапынан ғана емес, қарасөздің қалыңына қадай үңіліп, көркемдікпен кестеленген сөз желісінің тылсым құпияларын таразышыдай дәл тартып жүрген әдебиет сыншылары, сөз шеберлері легінен де лайықты бағаға ие болды. С.Мұратбековтің сол бір кезеңдегі шығармалары жайында айтылған небір көңілге қонымды, қисынды пікірлер мен тұжырымдардың баршасы әр деңгейде жазылғанымен, негізінен бір арнаға келіп саятын. Бір-ауыз сөзбен түйіндей айтуға тырыссақ, ол пікірлердің қай-қайсысы да жазушының өзге қатарларынан дараланып көрінген дарынын мақтауға, марапаттауға, сөйтіп, жас қаламгерлердің жазушылық қарымынан үміт күтуге әкеліп тірейтін. Бұл арада көптеген пікір айтушылардың бірі ретінде біз де жазушының шығармашылық лабораториясы туралы жалпақ жұртшылықты жалт қарататын жаңалық ашудан аулақпыз. Өйткені, ондай жаңалық ашуға қаламгер інісі ретінде менің де көркемдік қабілетім жете қоймасы анық.
Бірақ оның шығармашылық әлемін көз алдымыздан көлденең өткізбей, немқұрайлы қарауға жеке өз басымның дәті жетпес еді. Жасыратыны жоқ, Сайын ағадан кейін ілесе шыққан қарасөз жазушылардың арасында оған еліктеушілер де біраз болғаны рас. С.Мұратбеков үрдісімен жазуды мұрат тұтқандар кейінгі буын өкілдерінің арасынан да кездесіп қалып жататыны жасырын емес.
Бір қарағанда, жазушының әңгімелері мен хикаяларында көзге тосын бір ерекшеліктер, нысандық, фразеологиялық, лингвистикалық, түрлік, тақырыптық және т.б. тосын жайлар байқала қоймайды. Шығармаларының жанры – кәдімгі қазақы әңгімелер немесе хикаялар, сөз саптасы қазақтың жатық қарапайым әдеби нормасы, тақырыбы – қазақ қаламгерлері ең көп жазған ауыл өмірі, кейіпкерлері – баршамызға таныс – ауыл адамдары, сюжеттік желілері де – қиыннан қиыстырылған тосын оқиғалы хикаялық желілер емес. Сонда бұл қаламгерді өзге қатарластарынан ерекшелеп, оқырманның сүйіспеншілігіне бөленткен нақты фактор қандай? Бір ауыз сөзбен айтқанда, жеке шығармашылық лабораторияның құпия кілтін таба аламыз ба?
Әрине, табуға болатыны сөзсіз. Бірақ қарапайым құбылысын қарапайым тілмен жеткізіп, түсіндіру өз деңгейінен шыға қоймауы да мүмкін. Әкесі қайтыс болған жалғыз басты қыз Ұлтуған мен берекесіздеу ауыл жігіті, шиеттей төрт баланың әкесі Майданның арасындағы адами сезім құбылыстарының өрбуі, олардың арасындағы әркеттердің психологиялық және қисындық негіздері өмірдің өзінен алынғаны сөзсіз. Бірақ жазушы сол өмір шындығын адамдар арасындағы драмалық және коллизиялық тартыстарды мүмкіндігінше шынайылықпен, қаламын қинамай, ой желісін шашыратпай, өз дарынын өзі игере отырып бейнелеп шыққан. Оқырманның қабылдауына, сезім күйіне әсер ететін тілдік қолданыстары мен штрих-детальдарды да бей-берекет пайдаланбай, дәл тауып қолданып отырады. Үйіне келген мас еркекті қаралы нәзік жан бастапқыда жек көре қабылдап, уақыт өте келе оған үйрене бастайды. Сол бой үйрету арқасында жан дүниелері бір-бірінен алыс көрінетін, сырт қарағанда тіл табысып, үйлесе қоюы екіталай бейнелерді ақыры сезіммен табыстырады. Әңгімеде «махаббат», «ғашықтық» деген сөздер ешқандай да айқайлап айтылмайды. Тіпті, маскүнем Майдан секілді еркекпен Ұлтуғанның арасында мұндай ұлы сезімдер болуы тиіс емес сияқты көрінеді. Бірақ оқырманын өмірдің шынайы бояуымен қалтқысыз нандырған жазушының қарапайым қаламы арқылы оқырман бұл екеуінің арасында шын мәніндегі махаббаттың орныққанын жан дүниелерімен сезініп, ұғына алады.
Әңгімеде екі кейіпкердің де жетістік, кемшіліктері тағы да боямасыз қатар көрініп отырған. Олардың сәл-пәл мүлт кеткен тұстары да оқырманның көңіл түкпірінен «апыр-ай!» деген өкініш көлеңкесін де көлбең еткізіп көрсете қояды. Оқиғаның шешілу түйіні де тосын. Майданның балаларына деген аяушылық сол аяушылықты тудырған биік адамгершілік сезімі бетон қоршау сынды Ұлтуғанның махаббатына кесе көлденең тұрады. Сөйтіп, адамгершілік деңгейі, ар-ожданы биік нәзік жан бір түн ішінде ауылынан көшіп кетеді.
Сондай-ақ, жазушының «Алғашқы қар» әңгімесіндегі Жолбай мен Күлиман және Сұлтан, Қамар жеңгей мен Тілепберген қарт («Жеңеше»), Сатай мен Рысжан («Қылау»), Ұзақ пен Тана («Отау үй»), Тұраш («Таңғы шық»), Төлеп пен Рысжан («Ескек жел»), Әсет, Зағипа және Шынар («Басында Үшқараның») және т.б. көптеген әңгімелер кейіпкерлерінің жан дүниелері, олардың мінез-құлықтары мен драмалық тағдырлары, адамдар арасындағы нәзік психологиялық тартыстар, ең соңында әр шығарманың өмірге тән шынайы өкінішпен аяқталып отыруы оқырман сезімін тербеп, тебірентуге мәжбүр ететін жағдаяттар. Жазушы шығармашылығындағы көркемдік фактордың өзіндік ерекшілігі оның тіпті тек ауыл тұрмысын жазып, бұл тақырыпты қатарлас қаламдастарымен бірге игеруінде ғана болып тұрған жоқ. Әңгіме – қаламгерлердің өз кейіпкерлерінің тағдыры мен оқырман арасындағы көркемдік байланысты, эстетикалық құбылысты мейлінше шетін тәсілмен көркемдік атты нәзік арқауды үзіп алмай, дәл де айқын жеткізуінде болып отыр. Ал көркемдік әдебиеттің осынау күрделі ерекшеліктерін шеберлікпен игере білу әр қаламгердің қолынан келе бермейді. «Сайынша жазамын» деп талап қылушылардың туындылары сол деңгейден шықпай жатуының бір себебі әлгі шетін де нәзік көркемдік құбылысты жеріне жеткізіп игеруге қабілеттері жете бермеуінен болса керек-ті.
Көркемдік құбылысты, шеберлік мектебін түсініп, үйрену бар да, сол үйренген асыл затты көркемдік өреге жеткізіп, меңгере білу бар. Біздің көбіміздің қаламгерлік өреміз осы биікке жете бермейді. Сырттай қаншалықты ұстанғанмен, Мұратбеков қаламына ғана тән ірілі-уақты қасиеттерді толық үйлестіре, ұйыстыра алмау көркемдік деңгейдің олқы түсуіне әкеліп соғады. Өйткені, Мұратбеков сияқты үрдіспен жазылғандар аз емес, бірақ солардың ішінде бәрі бір жаңағы айтылған «Отау үй», «Ауыл оты», «Күзгі бұралаң жол», «Жабайы алма», «Көкорай», т.б. сияқты дүниелердің жазылмауы, бәлкім, сондықтан да шығар.
Қаламгер шығармаларының тағы бір құндылығы – олардың саясатқа, партия мен үкіметтің қойған қасаң талаптарына бағынбай, науқандық деңгейде қалып қоймай, таза табиғи күйінде өмірге келуі болса керек… Сайын Мұратбеков туындыларының табиғатына үңіліп отырсаңыз, олардың тек жазушының өз жүрегінің қалауымен ғана туғанын, өз кезіндегі кеңестік дәуір идеологиясының қақпақылымен жүре қоймағанын байқар едіңіз. Сондықтан да саясатқа, уақытша науқандық талаптарға мойын ұсынбайтын шығарма ғұмыры талантты жазылған жағдайда ұзақ болуы табиғи. Тіпті, ата-баба мүрделерінің үстінен трактор түренін салғызбау үшін арпалысқан Бекен ақсақалдың («Бекеннің құбылыстары» әңгімесі) өзінің халық дәстүріне деген беріктігімен, қазақы рухымен есте қалады.
Ал егер де ондай туынды С.Мұратбековтің шығармашылығында кездесіп жатса, уақыт көшінен бірте-бірте қалып қоюы да ғажап емес. Жазушы шығармашылығында ішінара болса да ондай әңгімелердің ұштасып қалатыны да бар (Мәселен, «Құданың фокусы»). Ал тұтастай алғанда, Сайын Мұратбеков қаламымен қара тасқа қашап жазған көркем туындылар халқымыздың рухани байлығының қатарынан орын алуы тағы шындық.
Жастау кезімізде көптеген ауыл оқырмандары сияқты бәріміз де С.Мұратбеков әңгімелерін құныға оқып өстік. Қарапайым тілмен жай ғана жазыла салған туындылардан туып-өскен ауылды, сол ауылдың адамдары, тіпті аяққа керзі етік, үстіге купайка киген ауыл баласы – өзімізді көргендей әсерге бөленуші едік. Бәлкім, жазушы шығармашылығының жанымызға жақындығының бір құпиясы осында да жатқан шығар. Осындай жанымызға жақын туындыларды өмірге келтірген қаламгерді көруге өсе келе құштар болғанымыз да жасырын емес.
Арман қуып Алматыға келген мен өзге қатарлас қаламгерлер сияқты шығармашылық мекемелерге бірден орныға кетудің сәтін түсіре алмай-ақ қойдым. Республикалық баспасөз беттерінде журналист, сыншы ретінде аты-жөнім көрініп, жыл сайын жарияланатын «Жалынның» жабық бәйгесінің жүлдегері атансам да, орын табудың қисыны келе қоймады. Жанашырлық танытқан редакция, баспа басшылары болмады. Сөйтіп, Алматы №1 жылу орталығында жай жұмысшы болып жүрдім. Сонда жүріп қазіргі әдебиетші Бекен Ыбырайыовтың тартуымен беделді басылым «Қазақ әдебиеті» газетіне сын мақалалар жазып жүрдім. Өйткені, көркем туындыларды бастыру ол кезде тым қиын болатын. Тіпті, белгілі қаламгер Бердібек Соқпақбаев жылы пікір айтқан шағын дүниемді мерзімді баспасөзге шығара алмай, бір жинаққа әрең енгізгенім бар.
«Қазақ әдебиетінің» ол кездегі бас редакторы Сайын Мұратбеков өз газетінде менің мақалаларым жиі шыға бастағаннан кейін Бекен Ыбырайымовтан «Бұл кім?» деп сұрапты. Осыны Бекен маған жеткізді де, редакцияның сын бөлімінің меңгерушісі Асқар Егеубаев екеуі мені ол кісіге алып кірді. Сөйтіп, өзім шығармашылығына тәнті болып жүрген белгілі қаламгермен осылайша таныстым. Енді Сайын ағаның өзі маған тікелей тапсырмалар беріп, кейін кеңейген кезде мені өзі басқарып отырған «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, жазушы, журналист ретінде қалыптасуыма қамқорлық жасады. Ол кісінің мені жұмысқа қабылдауы басқа редакция басшыларынан жылы ілтипат көре қоймаған мен үшін айрықша қамқорлық ретінде көрінгенін ешқашан ұмытпаймын. Кейін Сәкең басқа қызметке ауысып кетсе де маған пәтер алып беруге тікелей жәрдем жасады. Бұл да болса мен үшін жазушының азамат және адам ретіндегі айрықша бейнесі еді. Сайын ағаның жасаған қамқорлығы, адами ілтипаты жөнінде басқа да қатарлас қаламгерлердің айтып жүретіні әдеби қауымға жақсы белгілі болар.
Жазушы Сайын Мұратбековтің қазақ әдебиетінде өзіндік орынға ие болып үлгергенін дәлелдеп жату артық. Шығармашылық өлшем жазушының туындыларының санына байланысты емес, оның әдебиет әлемінде қалдырған көркемдік ізінің тереңдігінде, айтар ойының қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан салмақты шығуында жатса керек. Сондықтан Сәкеңді кейінгі кездері көркем туындылармен жазбай кетті деп оған өкпелеудің орны жоқ деп білемін.
Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы, М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері.