АЛМАТЫНЫҢ ТӘТТІ ЕДІ… КҮЗІ… МҰҢЫ…
16.09.2016
2212
0

149820_936547861____________________________Ертай АШЫҚБАЕВ

ӘТТЕҢ…

Алматы белдеуі – көк ірге,

Алматы аспаны – мұңсыз.

Риза болмайтын осындай өмірге,

Уа, кімсіз?

 

Қаптаған гүл бар, қыз бар,

Себеп жоқ кінәлар түк.

Соқпайды ызғар,

Уа, не керек бұдан артық?

 

Арықтағы тамшылар сарқылмайды,

Шөптер желкілдейді, бұқпайды.

Алматы жарқылдайды,

Алатау,

әрине,

құптайды.

 

Мөлтеңдейді жемістер терілмеген,

Анау –

Бізді күтіп тұрған ғалам.

Уәделер бар берілмеген,

Қаншама арулар бар жырланбаған.

 

Келеді ешбір бұлтты жамылмай түн,

Жұлдыздар жымияды үнсіз.

Шаттықтан жүрегі жарылмайтын,

Уа, кімсіз?

 

Қыс – жып-жылы, төбеңе қар қонбады,

Тоңдырған жоқ күз де.

Өзіңіз студентсіз бар болғаны,

Уа, бұдан артық не керек Сізге?

 

Жолы болғалы тұр жең түргеннің,

Кетпей ме аулаққа көшіп ой?!

…«Әттең…» дейтіні шалдар мен кемпірлердің,

Осы ғой!

 

7de5b69683c47484c952b6a3ea15211aМұрат ШАЙМАРАН

ӨЛЕҢ КЕТІП БАРАДЫ АЛМАТЫДА…

Өлең кетіп барады Алматыда,

Кеудесінде тұтанбай білтелі арман,

Азырақ сілтеп алған…

Төбесінен қарайды қап-қара аспан

Үркері ауған.

 

Шаһар шамы бір сөніп, бір қызарып,

Қараша-өмір қалтырап тұр қуарып.

Шақырды оны қарт емен – қаралы емен,

Қызыл-сары алаудай түнді  жарып.

 

Табанымен тобырдың иі қанып,

Мынау аяр қаланың күйі қарық.

«Қош бол!» деді Еменге қолын бұлғап,

Мың жапырақ жүректен сүйіп алып…

 

Өлең кетіп барады Алматыда,

Адамдарды аяйды күні ғаріп.

(Енді ешкім жоқ мұны ұғарлық)

Аспан ұқсап аһ ұрып күрсінді де,

Жердей болып алды ауыр ыңыранып.

 

Жалған даңқ өлтірген аспаққа асып,

Сарайлардың алдынан асқақ басып;

Өлең кетіп барады шайырларға

Опасы жоқ шаһарды тастап қашып.

 

Әй, қоналқы таппайды-ау бұл түні өлең,

(Кеңсай барып түнейді ғұрпыменен).

Ал, Алатау жатып ап шалқасынан

Айды түртіп ойнайды мұртыменен…

 

5214bdb529ff52c2bc08d9b03f97b94e_lТалғат ЕШЕНҰЛЫ

МАҒАН ҚЫМБАТ ҚАЛА БАР

Маған қымбат қала бар,

Сағындырған жырақта.

Күнде жолға жиналам,

Жете алмаймын бірақ та.

 

Маған қымбат қалада

Бар құпия көше бір.

 Құпиясы ұйқымды

Келеді ұрлап неше жыл.

 

Маған қымбат көшеде

Үй бар жұмақ пішінде.

Терезесін сол үйдің

Қағып жүрем түсімде.

 

Маған қымбат сол үйде

Жарқыраған бір шам бар.

Шам түбінде сарғайған

Маған қымбат бір жан бар.

 

Маған қымбат сол шамның

Сөнбесе екен жарығы.

 Маған қымбат сол жан бір,

Аман жүрсін, Тәңірі!

 

1369290877Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

МАЙХАНАДА ОҚЫЛҒАН ЖЫР

(Саян Есжанға)

«Алматыға бәрібір, білесің бе?!».
Ерлан Жүніс.

Есік ашқан ақ-қара екі өмірге,

Ақындардың қош келдің мекеніне.

Аз күн жүрсең өзің де сезінесің,

 «Алматыға бәрібір» екеніне.

 

Мұнда кімдер мекендеп күл төкпеген,

Мұнда кімдер нөсерлеп жыр төкпеген.

Кеңсай жаққа кеткенде талай ақын,

Бұл қаланың бүйрегі бүлк етпеген.

 

Жасып-жылау жараспас ер көңілге,

Үйір болып кеттік пе шерге мүлде.

Қабақ ашпай қарсы алған салқын мені,

Дүбір салып Жоңғардан келгенімде.

 

Көкіректе жанғанмен лаулап арман,

Ғазиз басы талайдың дауға қалған.

«Алматыға бәрібір…» адамдардың,

Ары, жаны, тәні де саудаланған.

 

Тағдырымыз айналар өзі өлеңге,

Оған бола өртенбе, өзеленбе.

 Сімірейік кел, досым, шайырлардың,

Тамған мынау көз жасын көзелерге.

 

Алшаң басып арқалап найқала мұң,

Шарап етіп тірліктің шайқа бәрін.

Бостандықта отырар біздер ғана,

Өлең оқып төрінде майхананың.

 

Уақыт өтіп базарын бұлдап әлі,

Артымызда там-тұмдап жыр қалады.

Жек көреміз, бәрібір сағынамыз,

Біздей ешкім сүйе алмас бұл қаланы.

 

dsc_7855Қалқаман САРИН

ТАМШЫ-ТАҒДЫР

Алматы. Жып-жылы жаңбыры

Жанына ол қыздың ұнайтын.

Ал оның тағдыры, жан-мұңы

Жарысып жаңбырмен жылайтын.

 

Ақ нөсер астында тұратын,

Оларда ұқсастық бар шығар.

Бір-бірін тек үнсіз ұғатын.

Тамшыға қосылып тамшылар.

 

Қарайтын тамшының көзіне

Себебі, тым жақсы көретін.

Мөп-мөлдір моншаққа өзі де

Айналып кеткісі келетін…

 

12246690_1656144924674140_5009822184155393487_nҚалау СӘЛЕМЕТБАЙ

АЛАТАУ САМАЛЫ

Қос құлыным: бірі – ай да, бірі – күн,

Олар барда мен аспандай ірімін.

Шаттығыма кейде шаншу қадалса,

Жазар жарым төгіп жүрек жылуын.

 

Алтайымды мәңгі есіме алармын,

Алармын да мен де Алтай боп қалармын.

Атып шығам ылғи да атын ұстауға,

Алатаудан асып келген самалдың.

 

Кейде үдеп даланы аңсап дауыл боп,

Тас үйлерге соғылатын шағым көп.

Мен тәкаппар емеспін, ей, достарым,

Кекжием тек маңнан ылғи тау іздеп!

 

 Өзін шексіз махаббаты мерт етіп,

Тас көшеге тамды-ау талай ерке шық.

Әлденені болжатады Алматы,

Алақанын Алатауға көрсетіп…

 

gnb4lmgfag4Тұрсынбек БАШАР

ҚОШТАСУ

Алматым- ау!

Қалпың бөлек әлемдік қалалардан,

Жастығымды өзіңе ала барғам.

Жүрегіңді жылытсам деп едім ғой,

Мұздай боп жараланған…

Кеңсай жақтан ұлылар түксиеді

Айды қайтем, мұнартып қораланған?!

Алматым-ау!

Шашың қайда?!

Сетінеп селдірепті,

Шаршадың-ау, көз алдың күлдірепті.

Мына қоғам есалаң ба, білмеймін,

Бұрымыңды кесіп алып кендір етті!

Алматым-ау!

Тәкаппарлық аңқиды жүрісіңде,

Жасың кетіп барады шыны ішінде…

Бұрын мұндай емес ең, Алматым-ау,

Арың кетіп барады түн ішінде.

Алматым-ау!

Бәрі де құрысын,

Айтшы, осы кім үшін…

Кімге керек –

Сыбай-салтаң жүрісім?!

Қолқамды қабады –

өксік емес, көміртек…

Көшеңдей тарылып тұр тынысым.

Алматым-ау!

Көбелектер туа ма өлу үшін,

Гүл өсе ме қайтадан солу үшін?

Жүрегімді жүрегіңе жерлеп кетем,

Қайта айналып өзіңе келу үшін!

Талантсыз актрисадай әдемі сөзі мен

Өтірік көз жасының артына

Тығылған –

Көркіңді көру үшін!

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір