ЖАЗУШЫНЫҢ АНАСЫ
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ
ДЕРЕКТІ ӘҢГІМЕ
– Бүкіл келіндерге өнеге болар бір оқиға есіме түскені, – деді Жолсейіт аға жадырай, жұмсақ жымиып.
– Ол қандай оқиға? – дедім мен елеңдеп.
– Сен жазушы Бек Тоғысбаевты білуші ме едің?
– Иә, білем. Ол – Алматы облысы, Балқаш ауданының жігіті.
– Оның анасын да білетін шығарсың?
– Білем. Күләнда апаны (Баукеңнің қайын енесі), Бауыржан ағаны, Жәмила жеңгейді, Бектің анасы Күлпаршын ананы, Бекті, оның келіншегін үйіме шақырып, қонақ еткенім бар. Бек алғаш: «Мен жаспын ғой, төрге өтіп, сізбен қатар отырғаным ұят», – деп төрге өтпеп еді:
– Сен – Жалайырсың. Біз Жалайырсыз той бастамаймыз. Сенің бәрімізден жолың үлкен. Бері, менің жаныма келіп отыр, – деп Баукең оны қасына шақырып алды. Сөз арасында:
– Алғаш Зейнолла Шүкіровті ешкім елемей: «Е, ол сауатсыз, үш-төрт-ақ сыныпты бітірген. Жазғандары қарадүрсін», – деп жүргенде, сен, Бек қарағым, оның талантты ақын екенін «Лениншіл жас» газетіне алғаш дәлелдеп жазып, атағын шығардың, – деді Бауыржан аға Бекке риза көңілмен қарап. – Мұның үлкен азаматтық. Сенің жақсылықты көре, жұртқа жария ете білген осы қасиетің жастарымызға ой салып, олардың іштарлықтан аулақ болуына ықпал етсе деп тілеймін.
Совхозда туған соң, атыңды ата-анаң Совхозбек қойған екен, өсе келе Бек болыпсың. Енді менің қатар қоятын екі жазушым бар. Оның бірі – Александр Бек, екіншісі – Бек Тоғысбаев.
Елімізге осындай ұл, осындай жазушы сыйлаған сізге алғысым шексіз, – деп анасына ерекше құрмет көрсеткені де есімде.
– Е, біледі екенсің ғой, – деп Жолсейіт аға көңілдене сөйледі. – Бектің анасы бізбен бірге «Керімағаш» шипажайында демалды. Ол кісі Ұлтуар апаң екеумізге келіншек кезіндегі тосын киліккен бір қатерден қалай аман қалғанын айтып берді. Өзі аққұба өңді, толық денелі, жасы сексеннен асса да, аса ажарлы, айбарлы кісі екен.
– Менің атым – Күлшара, – деп сөзін өзін таныстырудан бастады. – Күйеуімнің аты – Тоғысбай.
Бір тойда екеуі өлеңмен айтысып, бір-бірін ұнатып қалыпты. Күлшараның әкесі «кедей-кепшік сенің теңің емес» деп, алғаш келісімін бермей, уақыт өте келе екеуінің бірі-бірінсіз өмір сүре алмайтынына көзі жеткен соң, той жасап, қызын Тоғысбайға ұзатыпты. Кейін ерлі-зайыпты екеуі Түріксіб теміржолын салысуға қатысады.
– Орысша білмеуші едік, үйрендік. Мен Түріксіб теміржолында бас аспазшы боп істедім. Мақтанғаным емес, дүниенің көзін тапқыш едім. Қалдық нанды кептіріп сақтап, аштарға беретінмін. Жетім бала көрсем, қолынан жетектеп алып барып, теміржол мектеп-интернатына өткізетінмін, – деп Күлшара ана шешілді.
– Теміржолда күйеуіңіз кім боп істеді?
– Күйеуім алғаш кіші десятник, кейін аға десятник болды. Жұмыс ауыр. Адамдар шаңнан көрінбейді, зембілмен, қол арбамен, ат арбамен топырақ тасып, жол бойына төгіп, күні бойы бір тынбайды.
Еспе деген стансада тұрғанымызда Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов келіп, жиналыс өткізді. Жиналыста Тұрар теміржолшыларға тиісті қамқорлық жасалмай келе жатқанын сынға алып, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мен аудандық атқару комитетінің төрағасына қатаң ескерту жасады. Ол кісілер асханамыздан тамақтанып, әзірлеген тамағымызды мақтап, аттанды.
Біз Күлшара ананың сөзін бөлмей, тырп етпей тыңдап отырмыз.
– Теміржолшылар палаткада тұрады. Біз киіз үйде тұрамыз. Тамақты темір пешке пісіреміз.
Жақын маңда атақты бай нағашым Ұзақбайдың ауылы болатын. Ол кісінің екі әйелі де қонақ күткіш, сәнді, жақсы адамдар еді. Бие сауып, қымыз ашытатын. Сол жеңгелеріме Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы:
– Жиен қыздарың Күлшараға мен үйленем. Әйелдің ажарлысы ғана емес, ақылдысы да екен. Күйеуі – жай жұмысшы. Өзім оқытып, жақсы адам етем. Сендер Күлшараны маған көндіріңдер, – деп сөз салыпты. «Жиен қызыңды маған берсең, кәмпескеден құтқарам, бермесең, кәмпескеге ілігесің», – деп, нағашым Ұзақбай атамды қорқытыпты. Ол аздай, Шу аудандық атқару комитетінің төрағасы:
– Әйелімді тастап, Күлшараны мен алып кетем, – деп шатақ шығарыпты. Маған бола әлгі екеуі араздасыпты. Жеңгелерім:
– Бірінші хатшы әлі үйленбеген. Сен оған келісіміңді бер, – деп мені азғыра бастады. Мен жеңгелеріме:
– Жұмысшы болса да, күйеуімді сүйемін. Маған күйеуімнен басқа ешкімнің керегі жоқ. Әуре болмасын, – деп ойымды ашық айттым.
Бір күні басым ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Бірінші хатшы машинасымен асханамызға келіп:
– Бас аспазшы қайда? – деп сұрапты. Көмекшім орыс әйел:
– Ауырып, үйіне кетті, – десе, күйеуіме: «Мені үйіңе алып бар» депті.
Ақкөңіл күйеуім, машинаға отырып, бірінші хатшыны қасындағы кісілерімен үйге ертіп келіп:
– Ішке еніңіз, қымыз ішіңіз, – деп жатыр. Оның сөзіне мән бермей:
– Бас аспазшы қайда-ей! – деді бірінші хатшы бұйыра дауыстап.
– Еспенің суы жақпады ма? Басым ауырды деп төсек тартып жатыр, – деді Тоғысбай жылдам сөйлеп.
Бірінші хатшы:
– Жүр, денсаулығын байқайық, – деп киіз табалдырықтан аттады. Қасында дәрігері бар екен. Мен шыбын-шіркейден қорынып, масахананың ішінде жатқам.
– Қалай ауырдың? – деп сұраудың орнына, дәрігерге:
– Мына кісіні машинаға салып алып жүр, – деді. Тоғысбайдың ойында түк жоқ. Мені киіндіре бастады. Оның ырқына көнгім келмей:
– Үйде жатып-ақ тәуір боп кетем, – деп қасарысып едім:
– Жоқ, дайын машинамен барып емдел, ертең әкеп салатын болды, – деп, маған сенімі мықты Тоғысбай қоярда-қоймай киіндіріп, мені машинаға салды.
Былай шыққаннан кейін бірінші хатшы:
– Әйелім жоқ. Мәскеуде оқуда жүріп, үйленуге қолым тимеді. Оқымаған, қарапайым жан болсаң да, саған қол создым. Маған жар бол. Өзіңді сүт бетіндегі кілегей деп білдім. Жүрек сырым, көзіме көрген сәтте-ақ оттай басылдың. Аштарға, жетім балаларға жасаған жақсылығыңды да, жұртпен сөйлескен мәнді сөзіңді де естідім, дайындаған дәмді тамағыңды да іштім, әнді де мың құйқылжыта салады екенсің. Маған қалтқысыз сенім арт, өзім оқытып, сені үлкен лауазымды кісілер арасына қосамын. Өмір бойы алақаныма салып аялап өтемін. Күйеуің – жай жұмысшы, сенің теңің емес, – деп өлердегі сөзін айтты. Мен жол бойы жеңгелерімнің оның бірінші хатшы, мәртебесі биік екенін айтқаны есіме түсіп, ішімнен: «Бұл бәледен қалай құтылсам екен?» деп уайымдап, жылап келе жатырмын.
Жолай бір ауылға тоқтап, тамақтанды, қымыз ішті. Мен дәмнен ауыз тидім де қойдым. Бірінші хатшы көмекшісінің: «Аштықтан ауырып қаласыз, тамақтаныңыз», – деп бәйек болғанын елемедім.
Қайта жолға шықтық. Ол:
– Қайда барғың келеді, қарындас? – деді.
– Ұзақбай атамның үйіне барғым келеді, – дедім тұншыға тіл қатып. Оның да көздегені сол үй екен. Шамасы, өзі күнібұрын жиен қызыңызды осында әкелем деп, нағашы атаммен келісіп қойған тәрізді. Жеңгелерім алдымыздан күлімдей шықты. Есікке жақындау тұста аузы кереқарыс бір нән ит жатыр екен. Бірінші хатшы:
– Ой, мына итті аулаққа апарып байлаңдар, – деді өң-түсі бұзылып.
– Бұл – залалсыз, ақылды ит, адамды қаппайды, – деді кіші жеңгем.
– Ақылдысын қайдам, тесіліп қарағаны өңменімнен өтіп барады. Аты қандай? – деп сұрады бірінші хатшы.
– Арыстан.
Ұзақбай атам:
– Арыстан, жат. Мына балаларды қауып алма, – деп оны бұқтырып, бізді он екі қанат ақ үйіне бастап жүрді.
– Жиен қыз келді, – деп көршілері бір-бірінен сүйінші сұрап, қуанып жатыр. Бұдан алты ай бұрын бұл ауылда Тоғысбай екеуміз ән салып, Төребике деген нағашы әжемнің көңілін көтергенбіз. Ол кісі аса қуанып, ақ батасын берген еді. Енді еркін сөйлесіп, ән салу орнына жылап отырмын. Менің жылағанымды көрген нағашы атам Ұзақбай іргелес үйге еніп, екі әйеліне, келіндеріне:
– Егер Күлшара бірінші хатшының айтқанына көнбесе, ол бізді кәмпескелейді. Онда біз анық сорлаймыз, – дегенін, ол кісіге жеңгелерімнің: «Жиен қызыңыз көнбейтін тәрізді», – деп айтқан сөздерін естіп қалдым.
Ет желініп, қымыз ішілді. Мезгіл түн ортасынан ауды. Жеңгемнің біреуінен арқан сұрап алып, есікті ешкім кіре алмастай етіп, мықтап байлап, бекіттім.
– Ең құрығанда, кейін көрерміз, асықпаңыз деп үміттендірген сыңай танытып қойсаңшы. Енді біздің күніміз не болар екен? – деді үлкен жеңгем ауыр күрсініп.
Бір кезде біреу есік алдына келді. Сол кезде Арыстан екі-үш жұлқынып, мойнынан байлаған қайыс бауын үзіп, «жаманды Құдай табады» дегендей, бірінші хатшының көмекшісін талай бастайды. Бірінші хатшы сасқанынан не істерін білмей, состиып тұрып қалады. Оны қоримын деп көмекшісі байғұс иттің астына түседі. Арыстан жас жігітті аяғынан тістеп, жұлқып-жұлқып, лақтырып жібереді. Қарауылда тұрған байғұс жеңгелерім:
– Ойбай, мына Арыстан жас жігітті өлтірді-ау, – деп арашалай бастайды. Ашулы ит оларға бой бермей, шыңғырып жатқан көмекшінің аяғын шайнап тастайды. Менің денсаулығымды қараған дәрігер жаралы жігітті тездетіп ауруханаға алып кетеді. Бірінші хатшы Арыстанның аузына түсіп, жараланбағанына шүкір етіп, өз басымен әуре боп, белдеуге сүйеніп, ұзақ уақыт үнсіз тұрып қалады.
Мен үйде, төсектің үстінде жағымды ұстап, дір-дір етіп қорқып отырмын. Ұйқы жоқ. Әлден уақытта:
– Қарындас, «кел демек бар, кет демек жоқ». Есікті ашқын, – деп бірінші хатшы жалынғандай тіл қатты. Бұған дейінгі өктем дауысы келмеске кеткендей.
Таң сыз бере бастады. Енді батылданайын дедім.
– Жеңгелеріме сөз келтірмейін. Есікті өзім байлап едім, өзім ашайын, – деп арқанды ұзақ шеше алмағансыдым. Таң аппақ боп атты. Бірінші хатшы ішке енді. Жеңгелерім төрге көрпе төсеп, шынтағына жастық қойды. Түнімен ұйықтамаған бірінші хатшы жастыққа жантайып, менімен сәл сөйлескеннен кейін қалғып кетті.
– Дәретханаға барамын, – деп жеңгелеріме ым қағып, тысқа шықтым. Теміржол стансасы қол созым жерде еді. Кіші жеңгем соңымнан ілеспек еді:
– Қазір қайтып келем. Ізімнен ергеніңіз ұят емес пе? – деп үйге қалдырып кетіп, стансаға қарай жан ұшыра жүгірдім. Паравоздың машинисі мені танып, тұсыма келгенде сүйреп келе жатқан жүк пойызын тоқтатып:
– Күлшара, қолыңды соз! – деді айқайлап. Қолымды созып едім, өзіне тартып алып:
– Жолаушы пойызын күтпей-ақ қой. Осы жүк пойызымен жүре бер.
Маған Тоғысбай: «Менің Күлшарамды көріп қалсаң, ала кел», – деп тапсырған еді, – деді.
Бар сәнді киімімді киіп алғам. Кимесіме Тоғысбайым ерік берді ме? Неге екенін білмедім, пойыз Еспе стансасына тоқтамады. Мен секірмекші боп ыңғайландым.
– Қолымызбен қағып аламыз, секір! – деп орысы, қазағы бар жүз қаралы адам пойызбен қапталдаса жүгіріп келеді. Көзімді жұмып, ұштым. Көйлегім шегеге ілініп қалып, пойыз мені біраз жерге дейін сүйреп барды. Көйлегім жыртылғаннан кейін ғана шегеден босады. Үсті-басым қан-қан боп жатқан мені бір топ ит кеп талай жаздады. Теміржолшылар:
– Кет! Кет! – деп жүгіріп жетіп, арашалап алды. Пойыздан құлап, жаралы болғаным, иттердің талай жаздағаны ойымда жоқ, бірінші хатшыдан аман-есен құтылғаныма қуанып, көзімді біресе ашып, біресе жұмып жатырмын.
– Бір мал құдайы, ақсарбас! – деп Тоғысбайым жылап жүр. Біреу «үлкен қазанға суды ысытып, жуындыр», – десе, біреу: «Жуындырма, қаны тиылсын», – деп жатыр. Ақыры шешіндіріп, осымен кетсін бәлекет деп, дос-жарандарым киімдерімді өртеп жіберді. Отар стансасынан «Жедел жәрдем» дәрігері кеп, ауруханаға алып кетті. Үш күннен соң, есімді жинадым.
– Құрыдың ғой сорлы. Енді Күлшараңнан айырылдың. Бармаймын десе де, қоймай киіндіріп, машинаға салып жібергенің қай сасқаның?» – деп құрдастары әзіл аралас шамына тигенде, Тоғысбайымның әлгілерге:
– Осыдан көріңдер де тұрыңдар, менің Күлшарам ешкімнің арбауына көнбейді. Оған өзіме сенгендей сенем, – деп дес бермегенін естігенде, жүрегім жарыла қуандым.
– Машинист пойызды сіз түсетін стансада неге тоқтатпады? – деп едік:
– Ол ойға батып, ұмытып кетіпті, – деді Күлшара. Мен пойызға мініп кеткен соң, жеңгелерім өлдік, өлдік деп сұңқылдап жылапты. Үлкен жеңгем соңымнан жүгіре бергенде аяғына ыстық шай төгіліп, ауыр күй кешіпті. Бірінші хатшы оянып:
– Сендердің бостығың, – деп жеңгелерімді кінәлапты. Намыстанғаны сондай, ашу-ызадан көздері қанталап кетіпті.
Бірер аптадан кейін жұмыс бабымен ол Еспеге келді. Келгенімен күйеуімді сүйетініме көзі жетті білем, маған қайтып сөз айтпады.