МЫҢ ЖЫЛДЫҚҚА ТАРТУ
Алматыда суретшілердің «Ұлы Дала бояулары» атты халықаралық симпозиумының жұмысы қорытындыланды.
Симпозиум барысында суретшілер мен фотосуретшілер «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Шарын шатқалында, «Таңбалы тас» қорығында, Үшқоңырда, Алатау бөктерінде және т.б. Алматы және Алматы облысының көрікті жерлерінде болды.
Көрменің ашылуында аталмыш шараның ұйымдастырушысы, ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Нөкетаева: «Қазақстанның қай өңірін алсақ та, тұнып тұрған інжу-маржан. Табиғаты әр алуан елімізде жазық дала да, орман да, тау да, өзен де, көл де, шөлді аймақтар да бар. Көздің жауын алар әсем табиғатымыз кез келген адамды, кез келген саяхатшыны таң қалдырмай, таңдай қақтырмай қоймайды. Мұнда көк аспанмен таласқан әсем таулар, тап-таза бұлақтар мен өзендер, ну ормандар, сан алуан өсімдіктер мен аң-құстар бар. Қанша жылдар өтсе де, дәуірлер дәуренінен сыр шертетін игіліктер жалғасы үзілген емес. Бүгінгі көрмеде шетелдік суретшілермен қатар, қазақстандық суретшілердің де тың туындылары қойылып отыр. Қазақ даласының әсем бейнесін, көркемдігі мен кереметтілігін кенепке түсірген нағыз таланттар – қылқалам шеберлерінің суреттері тарихымызға қосқан үлкен үлес пен Алматы қаласының 1000 жылдығына үлкен тарту болмақ. Сіздерге мол шығармашылық табыс тілей отырып, шексіз алғысымызды білдіреміз!», – деген еді.
Шара соңында симпозиумға қатысқан суретшілер сертификаттармен және арнайы дипломдармен марапатталды.