БАСТЫ БІЛІМ – МАМАНДЫҚ
1 қыркүйек – еліміздегі мектеп жасындағы бүкіл бала білім ордасына ағылатын күн. Олардың армандары – асқақ, бәрі де өмірден өз орындарын тауып, мықты азамат, керемет маман болып шыққысы келеді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Барлық ата-аналардың да тілегі сол, өздері әлпештеп өсірген ұл-қыздары биік белестен көрініп, жақсы мамандыққа қол жеткізіп, қатар құрбыларының ортасынан жарқырап көрінсе екен дейді.
Біздің де тілегіміз осы – мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін болашақта оқуын ойдағыдай бітіріп, ойлаған арман-мақсаттарына жетулері керек.
Дегенмен, осыған орай бір сұрақ ойға оралады: ал сонда жақсы мамандық деген не, өмірден өз орнын табу дегенді қалай түсінуге болады? Бұған біздің халқымыздың жауабы, негізінен, дайын және оның жауабы біреу-ақ – қалайда институтқа, не университетке түсіп, жоғары білім алу керек!
Ал бірақ бұл мәселенің екінші жағының да бар екендігі, яғни жоғары білім алған жас сол мамандығы бойынша жұмыс таба ала ма, егер тапса, ол жұмыс қолынан келе ме, жоқ па – бұл мәселе ешкімді де онша ойландырмайтыны жиі байқалады. Яғни бізде әйтеуір жоғары білімнің дипломын алсақ болды, аржағын көре жатармыз деген түсінік барынша кең тараған.
Бұл – өте алаңдататын жағдай.Өйткені, мамандықты дұрыс таңдамаудың салдарынан қазір бізде тегін немесе ақылы түрде оқып, жоғары білім алған, бірақ кейін бұл мамандығы бойынша жұмыс істей алмай, амалдың жоғынан басқа кәсіппен айналысып кеткен жастар барынша көбейген. Мұндай жағдайда адамның өмірден өз орнын табуы қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Не ауылдан, не қаладан дұрыс жұмыс таба алмай, бос жүретіндердің де басым көпшілігі осындай кісілер екендігі анық.
Осыған орай, мына мәселені атап айтқымыз келеді – өркениетті елдердің бәрі де жастарға жоғары білім беру барысында ең алдымен өздеріне болашақта қанша мөлшерде, қандай мамандар керек екендігін үнемі есептеп, ескеріп отырады. Соған орай, Жапония сияқты елдерде орта мектепті бітіргендердің отыз пайыздайы ғана жоғары оқу орындарына түседі. Ал қалғандары орта кәсіптік мамандықты меңгеріп, сол мамандық бойынша жұмыс істейді.
Еуропа елдерінде де әрбір жас мектепті оқып жүріп-ақ, белгілі бір кәсіпті меңгеріп, кейін осы мамандығын жетілдіріп, өмірден өз орнын сол мамандық арқылы табады.
Біздің елімізде білім саласында жыл сайын бірі бірінен өтетін керемет реформалар қолға алынуда; бірақ соған қарамастан өзге өркениетті мемлекеттердің бәрінде әлдеқашан жүзеге асқан орта кәсіптік білім беру мәселесі Қазақстанда барынша кенже қалып тұр. Әрине, Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру мәселесін анда-санда айтып қояды, бірақ оны нақты бір жүйемен, айқын бағыт-бағдарламамен қолға алу жүзеге аспай келеді. Бұл ретте, басқаны былай қойғанда жұрттың бәрі жоғары білім алса, кәсіптік мамандық иегерлері атқаратын егін егу, мал өсіру, құрылыс салу, ең аяғы киім тігіп, тамақ істеу сияқты қарапайым жұмыстарды кім істейді деген мәселе ешкімнің де қаперіне кірмейтін сыңайлы. Осының салдарынан бүгінгі таңда Қазақстанда жұмыс табу қиын, әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыздық етек алған деген әңгімені жиі естиміз. Көріп те жүрміз. Бірақ соған қарамастан, Қазақстанға көрші елдерден сан мыңдаған гастербайтерлер келіп, неше түрлі кәсіппен айналысып, күнін көріп жүр.
Яғни бүгінгі таңда Қазақстанда ең жетіспейтіні – орта білімді арнаулы кәсіптік мамандық иелері болып тұр. Және оларға деген сұраныс уақыт өткен сайын арта түспек. Соған орай, орта кәсіптік мамандықты жетік меңгерген жастар ешқашан жұмыссыз қалмайды; өскенде алдыңғы қатарлы азамат болады.
Әрине, үш тілде білім алған жақсы, ағылшын тілін білген де дұрыс, бірақ әрбір адам жас кезінен өзінің бейімі бар, қолынан келетін кәсіптік мамандықты дәл таңдап, жетік игеріп алмаса кейін өмірден өз орнын табуы өте қиын болады.
Бүгінгі таңда баласы мектепке баратын әрбір ата-ана бұл мәселеге айрықша назар аударса екен дейміз.