ТАҒДЫР СЫЙЫ
02.09.2016
1994
0

tolymbek-bdirajymТолымбек  ӘБДІРАЙЫМ

Әңгіме

Бақ келді деп таспа,
Сор келді деп саспа.
(Қазақ мәтелі).

 

Қамшының сабындай қысқа болғанымен өрі мен еңісі, бұ­ра­ла­ңы мен бұлтарысы көп фәни жалғанда жайбарақат ғұмыр кешу мүмкін емес-ау!.. Маңдайына жа­зыл­ғаны мұң мен ой болса, қолдан келер қайраны бар ма?! Тағдыр сыйы кермек пе, ащы ма, кім бол­жап білген?! Кішкентай күнінде «көресіңді көрмей, көрге кірмей­сің» деген сөзді әжесінен естіген­де ертекке балайтын. Сол сөздің ақиқатына енді көзі жеткендей. Неше жерден ойламайын, есіне алмайын, ұмытайын дегенмен анадағы әңгіме құлақ түбінде тағы да шың-ң ете қалғаны.

– Сырқатыңыздың сырын ай­тайын ба, әлде емін айтайын ба? – Дәрігер әйел аясы кең, бота көз сұлу қызға таңырқай қарады.

– Емін айтқаныңыз жөн шы­ғар.

– Тұрмысқа шығуыңыз керек.

– Өзім де жалғыздықтан жа­лық­тым… Ауруымның шипасы сол ғой, демек?!

– Дәл солай, күйеуге ти­юі­ңіз керек.

Емхана ауласынан шыға бере көз жасына ерік берді, ұстай алмады өз-өзін…

***

Жоғары оқу орнындағы жылдар жылдам өте шықты. Мінез-құлқын, адамшылық болмысын бір кісідей білдім деген Ж. есімді жігітпен әне-міне, отау құрамыз деп жүргенде, оның аяқ астынан нілдей бұзылып, жалт бұрылғаны жан дүниесін астаң-кестең етті. Үйден үш күн шықпай, жылап жа­тып алды. Сезіміне селкеу түс­пепті, алданғанын білмепті. Азамат атаулының бәрі сол сияқты көрініп, одан кейін соңынан жү­гір­ген, танысқан жігіттердің бір­де-біреуін маңына жолатқан жоқ. Орынсыз өкпе, тасыр тәкаппар­лық жарға жыға жаздады… Сөй­тіп жүргенде мемлекеттік қызмет­ке ауысты. Мұндағы жағдай бел­гілі, ерте кетіп кеш келеді. Сен­бі күндері де жұмысқа шығу қалыпты жағдайға айналды. Екі тілді еркін меңгерген, тапсырманы мүлтіксіз орындайтын білікті маманды басшылар да байқап, лауазымы биіктей берді. Қазір қалалық әкімшілікте басқарма бас­шысы. Қызмет, мансап әйел затына қуаныш сыйламайтын­ды­ғын бағамдады.

Көптен бері көрші басқарма­дағы Бекең жерлесім, қарындасым деп жақын тартып жүретін. Орта бойлы, қыр мұрын, қара торы жі­гіт ағасына бұның да бүйрегі бұ­рып тұрады. Жұмысқа тақау жер­­дегі асханадан түскі ас ішуге күн­де бірге баратын. Жұптары жазылмай бұлайша жүрулері келе-келе дағдыға айналды. Осы мен не істеп жүрмін, бұлай жал­ғас­тыра берсем, бірдеңе бүлдіріп алмаймын ба, ұятқа қалмаймын ба деп бір күні түскі асқа бармай қалды. Көп ұзамай қалта телефо­ны шырылдай жөнелді. Қараса, Бе­кең. Сөйлескісі келмеді. Ара­мыз­ды өстіп суытайын деп ойла­ға­ны­мен, жеме-жемге келгенде, аға­сына деген сезімі үдей түскен­дей ме, қалай?! Араларында дә­не­ңе болмаса да, жиі еске алатын болды. Қазір де көргісі келіп, са­ғы­­нып отыр. Бұл не жұмбақ, япыр-ау?! Алтынай кенет алтын тап­­қандай қуанды. Бекең алғаш­қы жігітіне керемет ұқсайды екен…

***

Қыз қолымен ұқыпты салын­ған жұмсақ төсек жамбасына батқандай ары-бері аунақшыды. Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз деп бөлмесіне енген Алтынайды құшақтап бетінен сүйгенде оның ұялып, үндемей қалғаны кетәрі емес екендігін білдіргендей денесі бір ысып, бір суыды. Жапсарлас бөлмеде бөлек жатып таң атыра ма сонда? Не деген әділетсіздік? Еркек атым бар емес пе? Қарсы­лық білдіріп, қолымды қақса қақ­сын. Бұл әрекетім оғаш екен­дігін мойындаймын. Амал қанша! Қай­дағы-жайдағы әңгімелер айтып түн ортасына дейін отырудағы мақсатым не? Ойымдағы арам ниетті жүзеге асыру үшін бе? Жан сырын жайып салғаны үшін жазықты ма қыз жазған?!

Көрші бөлмеге барғысы келіп, өзі де түсінбейтін бір күш желкелей жетелеп, кереуетке аяғын салбыратып отырды. Жүрегі дү­рс-дүрс соғады, қол созым жер­де толған айдай толықсып қыз жатса қалай шыдасын…

Жайшылықта көзі жылдам ілінетін қыздың да ұйқысы шайдай ашылған. Кірпігіне ине тіре­ген­дей. Ағасының жай-күйі қалай екен? Қасына келіп жантайса қайтпек?! Отбасы, бала-шағасы бар адамның ондай ожар қылыққа баруы ақылға сия қоймас. Екеуі­нің арасы он тоғыз жас екен. Бы­лай­ша алшақ та емес…

Алтынай бұрын өзін сабырға шақырып, лықсыған ыстық сезі­мін барынша ауыздықтайтын. Берікқан ағасымен жолыққалы қара жыландай арбаған нәпсі сәт сайын мазасын алады, салқын ақылды тыңдар емес.

Қыздың қасына Әзәзіл келіп жантайды. Оны Алтынай сезген жоқ.

– Мәселе жас алшақтығында емес, мәселе менің жеңілтек міне­зімде болып тұр-ау! – деді Алтынай өзін-өзі сөге жамандап. – «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дегендей, алдап кеткен ана жігітке ренжіп, осы кезге шейін жападан-жалғыз жүруім қыңыр кісінің қылығы емес пе?! Кімді мұқаттым?! «Жал­ғыздық Аллаға ғана жарас­қан» деуші еді әжем. Дені-қарны сау, аяқ-қолы балғадай әйел затына тізесін құшақтап жалғыз жатқан күнә емес пе?!

– Сонда қалай? – деді Әзәзіл дау айтып. – Күйеуге тиюдің жөні сол екен деп, көлденең көк аттыға шыға саласың ба?!

– Не істеуім керек?!

– Жақсы көретін ер кісіден жүк­ті бол!..

– Аулақ!.. Күнәһар болар жайым жоқ!..

– Ат-тоныңды неге ала қаша­сың?! Сен ғана ма жер бетіндегі жалғыз адал жан?! Кәрі қыздар­дың көпшілігі солай істейді. Олардан қай жерің артық? Балалы болу – бақыт! Алданыш! Ер кісіні көп іздемейсің содан соң!.. Балаңа көң­іл бөлесің!.. Ойлан, Алтынай!..

Әзәзіл ойдың бастырмалап бара жатқанын сезген қыз кенет серпілді.

– Жоқ! – деді ширығып. – Не­кесіз бала тауып, бақытты бол­май-ақ қойдым?! Жолама маған қарау ой!.. Азғырма албасты!..

– Жарайды, келістім, – деді Әзәзіл аз үнсіздіктен соң. – Үйің­де қонып жатқан ағаңды қайда қоясың? Нендей уәжің бар айтар?!

– Ағаттық жасадым!.. Опынудамын өзім де!.. Бұдан былай жаныма жолатпаймын…

– Шын айтасың ба?! Қойшы-ей?! Сенбеймін!..

– Өтірік айтып, не күн туды ба­сыма?!

– Өйтіп көлгірсіме!.. Айтшы, қай қылығы ұнайды ағаңның?

– Орнықты мінезін, адалды­ғын бағалаймын.

– Ха-ха, – деді қос қолын ша­палақтап мәз болған Әзәзіл шек-сілесі қата күліп. – Мақтама ағаңды!.. Мақтануға ерте!.. Әне-е, өзі де кіріп келе жатыр бөлмеңе… Қарсыласпа!.. Ырқына көне бер!.. – Ха-ха, хи-хи…

 

***

Кейінгі кезде күйеуі жұмыстан кеш оралатын болды. Бұл әдеті жиі­леп бара жатқан сияқты. Бір күні кешкілік шәй үстінде себебін сұраған.

– Жұмыстың көп екені рас,– деді сөзін күмілжіп бастаған Бе­рік­қан. – Бір жағдайды айта алмай жүр едім.

– Әкесі өлгенді де естіртеді ғой…

Тартынудың реті жоқ.

– Сезіп едім… – Ақшабақтың жүрегі алабөтен соқты. Сезімге берілгіш ғадетімен көзіне келген жасты да ірікпеді.

– Бүлінген дәнеңе жоқ… Бір қызға ғашықпын мен…

Әйелі шәй ішіп отырған кесе­сін қолынан түсіріп алды.

– Не деп отырсың?! Ғашығы не?!

– Қыздың менен аяғы ауыр…

– Солай де-е!..

– Болары болды, бояуы сің­ді!

– Тоқ етерін айт.

– Оған үйленем!

– Ар жағын өзің біл,– деді күйеуі орнынан тұрып жатып.

– Сенімен тұрмаймын, ажырасам, – деді Ақшабақ.

– Бүлінген ештеңе жоқ, – деді Берікқан.

– Бүлінді, неге бүлінбесін?! Сен мені қайдағы бір шөпжелкеге айырбастадың!.. Жек көрем сені!..

Әйелі көз жасын көлдетті.

– Есімі кім?

– Алтынай.

– Әлгі… ешкімді менсінбейтін кәрі қыз ба?!

– Сол-л…

– Сендермен көрші басқар­ма­дағы…

– Мен ол қыз туралы саған та­лай рет айтқанмын… Адам­гершілігін, кішіпейілділігін…

– Өйткен оның кісілігін…

– Ғайбат сөйлеме?!

– Жерлесің емес пе?

– Иә…

Ертеңінде отағасы он күнге іссапарға аттанды.

 

***

Ақшабақтың ішкені ірің, же­гені желім. Біреуден ілгері, біреу­ден кейін, ың-шыңсыз тұрып жат­қан­дарына шүкіршілік ететін. Біртоға мінезді, орнықты отаға­сы­нан оғаш қылық шығарын кім білген?! Он ойланса да миы жетер емес. Екі қызының әкесі елуден асқанда аяқ асты өзгереді деп кім ойлаған? Бәрінен бұрын «оның аяғы ауыр, үйленем» дегені жынын қоздырды. Еркектерге сеніп көр!.. Тағы біреуі алимент даулап жүр­месін!.. Ой, Алла-ай?! Өзіңе де сол керек, ашық ауыз Ақша­бақ!..

Биылғы еңбек демалысының шырғалаңға дөп келгенін қара­шы. Жұмыста жүрсе басы артық әңгі­мені ұмытар еді. Шер тар­қатар, мұң бөлісер құрбылардың жоқ­ты­ғы қиын екен. Араласып жүр­ген ана Сырым, Қайырбек, Аман­ғали, Мұқыш, Сәкендердің әй­­е­л­­деріне айтсаңыз бітті, қып-қызыл өсек-өрттің ортасына түс­тім дей бер! Алаулатып-жалау­ла­тып, естігендерін дабырайтып, үстемелей қосып, жалпақ елге жайып тынсын! Шаңырақтары бөлек, өздерімен өздері тіршілік етіп жатқан қыздарына мұңын шаға ма?! Ұят қой, ұят!..

Ә-ә, курстасы Күлтай бар ек­ен-ау! Күйеуі алдыңғы жылы қай­­тыс болғаннан бері жалғыз тұ­рып жатыр. Көп нәрседен хабары бар, көп оқитын, көп білетін эрудит әйел. Қақ-соғы жоқ еш­кім­мен. Тік мінезінен тік­сінетін. Бастыққан шығар. Жаралы жанын бір түсінсе, сол түсінер.

Күлтаймен телефон арқылы сөйлескен соң солай тартты. Қос құрбы бірін-бірі қатты сағынған екен. Баппен пісірілген Күлтай­дың дәмді палауын жеп, шәй іше отырып ұзақ сырласты.

Ақшабақ келесі бір сәтте күй­еуі­нің қылығын жеткізді. Өт­кен­дегідей емес, көңілі сәл боса­ғанымен, бұл жолы көзіне жас алған жоқ.

– Е-е, солай де!.. – Күлтай ән­шейін әңгіме естігендей беймарал, бей-жай. Ақшабаққа ішіп-жей тесіле қарады да сөйлеп жө­­нелді:

...Мұң басқанда,

Не жетсін сырды ашқанға,

Келейінші бір барып сырлас жанға.

Көзім алды – көк тұман, жанарда – жас,

Көлеңкелеп көңілді кір басқан ба?

Келейінші бір барып сырлас жанға, – дейді ақын Мұқағали.

Қалай-қалай дөп басқан ұй­қы-тұйқы көңілді!.. Жүрегім кір­леп, мұңайған, кейіген сәтте Абай мен Мұқағалиды оқимын. Оқи­мын да жұбанам!.. Мен қазір еш­нәр­сеге таң қалмаймын!.. Сайтан билік құрған аласапыран заманда не деп болады?! Берікқаннан бәрі шығады…

– А, что он, повод тебе давал? – деді орысша сөйлегенін аңдамай қалған Ақшабақ.

– Өзі сері болса, өзі қыздар қа­райтындай симпатичный болса, конечно!..

– Күлтай-ау!.. Сен… сонда, Бекеңнің әрекетін жақтап отыр­сың ба?

– Жақтамаймын! Былайша қарасаң, бүлінген ештеңе жоқ сияқты…

– Берікқан екеуің келісіп ал­ған­нан саусыңдар ма, өзі? Ол да екі сөзінің бірінде «бүлінген дә­неңе жоқ» дейді.

– Сөкпе мені! – деді Күлтай. – «Айтылмаған сөздің атасы өле­ді» деген мәтел бар ғой…

Ақшабақтың іші қылп ете түс­­ті: «Бекер келдім-ау?! Баяғы жын­ды мінезінен биттей өзгерсе­ші?!».

Ұялған тек тұрмастың мезіре­ті­­мен Ақшабақ:

– Кім біледі, мәймөңке тілден ақиқат жөн шығар, – деді қандай сөз болса да тыңдауға пейіл танытып.

– Ұшқары ойлайсың,– деді Күлтай тура қарап. Өткір жанары өңменінен өтіп барады. – «Әйел­дің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп, дана қазақ баяғыда шегелеп айтқан. Күйеуің неге сенің ғана мен­шігің болуы тиіс. Ондай қи­тұрқы ойды ойлап тапқан кім өзі? Не деген іштарлық?! Сонда ана бейшара қыз тізесін құ­шақ­тап, өмірден байсыз өтуі тиіс пе?! Ол сенің күйеуіңнің перзентін жа­рық дүниеге әкелмей ме?! Ұрпақ өрбітпей ме?! Ана болу ба­қытына ие болуға оның да мора­льдық құқығы бар шығар. Әйел үшін балалы болу, сәби сүю ба­қыт емес пе?! Әйелдердің әңгіме­сін ес­тісең, төбе шашың тік тұ­ра­ды. Етегіне намаз оқыған, жалғыз әйелмен шектелген еркек аз сияқ­ты. Көрші подьездегі қа­сы-көзін керген тәкаппар Кен­жегүлді қарашы. Көңілдесінен екінші бала сүйіп отыр. Келін­шек­ті айтам, төрт құбыласы тү­гел жандай мәз. Құдай-ау, несіне жетіседі десейші?! Ана жігіттің некелі әйе­лі бұны білмейді. Бұдан өзге мысалдар пішен-пішен!..

Берікқан болған жағдайды жасырмай айтыпты. Бүгежекте­мепті. Мен оған риза болып отырмын… Тусаң ту!.. Асыл азамат екен!..

– Осы да жетер Күлтай?!. Үн­де­меген сайын үдетіп барасың…

– Соңына дейін тыңда!

– Айт, айтып қал!.. – Ашу-ызасын тежеген Ақшабақ зорға отыр. «Сол керек өзіңе!.. Шоқ-шоқ!..».

Күлтай айылын жияр емес. Әңгімесін жаңа леппен сабақ­тады:

– Заманды, қоғамды кінәлау­дың түк қажеті жоқ! Ақиқатында, бір-біріне қиянат жасайтын адам­­дардың өздері. Бәріне топы­рақ шашудан аулақпын, сандарын жарқырата көрсетіп, омырау­ларын ашық-шашық ұс­­­­­тай­­тын, ұшқалақ қыз-келін­шек­­тер емей кім? Бүлдіршін кө­зін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді… Ұмытпасам, атақты Лев Толстойдың «Крейцер сонатасы» повесінен оқыдым-ау деймін…Қалай еді?! Ә-ә, есіме түсті. «…Әйелдер сезімге ықпал жасайтын құдіретті қаруға айналып алған. Еркектер әйел көрсе, бар сабырынан айрылады да қалады. Әйел­дің маңайына жолап кетсе болды, еркек оның еліртпесіне елтіп, есінен адасады да қалады. Мен той көйлек киіп сәнденген әйелді көргенде, бұрын да қолай­сызданып үрке қарайтынмын, ал қазір тұп-тура өлердей қорқам, жұртқа аса қауіпті және заңнан тыс бірдеме көргендей болып, айқай сап полиция шақырғым, мынау қауіп-қатерден құтқара көр деп жалынғым, қауіпті нәр­сені жолдан алып, көзін жою керек деп талап еткім келеді… Ұтыс ойындарға неге тыйым салады, ал жезөкшелерше сезімге шабатын сән-салтанатпен жүрген әйелдерге неге тыйым салмайды? Олар анадан гөрі мың есе қауіп­тірек емес пе?!».

Қалай суреттеген қағынған қа­тындар қылығын. Так что, кі­нә­нің көбі әйелдерде! Түсіндің бе?!

– Лев Толстой өмір сүрген қай заман? Артта қалған, мешеу ХІХ ғасыр еді ғой. Ашынасымен жат­қан жерінде  үстінен түсіп, әйелін өлтіргені үшін сотталып, абақ­ты­дан  босап, үйіне қайтып келе жат­қан көпестің әңгімесі ғой.

– Болса ше?! Сен өйтіп дә­лелің­ді көлденең тартпа! «Адам­ның мінез-құлқы, түсінігі, се­ні­мі, сезімі – бәрі заманына қа­р­ай өзгеріп тұрады» деген бір даныш­пан-сымақтың уәжін айтып отыр­сың ба? Мен оған келіс­пей­мін! Бұл – менің жеке пікірім!

Ойлап қалма, Бекеңнен жүкті болған қызды айтып отырғам жоқ. Мәселе басқада!.. Мәселе, ұятсыз, нәпсіқұмар әйелдерде! Оларға тыйым салатын ай дер ажа, қой дер қожа бар ма?!

– Әйелдің бәріне қара күйе жақпа өйтіп?!

– Бәрі емес!.. Жақсы әйелдер болмаса, ардақты аналар қайдан шықсын?! Кейбір жеңілтек қыз-келіншектерді айтамын… Жә, тіл буынсыз, ой түпсіз… Осымен доғарайық, бұл әңгімені…

– Мен де сондай ойдамын…

Ақшабақ курстасын жақсы білмейді екен. Мұң-шерін бөлі­сіп, Берікқанды сөге ме десе, лағып барады дөйдала.

– Қызық болды-ау, өзі?!– деді құрбысының уәжіне жауап қайтара алмаған Ақшабақ.

– Қорғансыз ба едің соншама?! Есіңде болсын. Бір нәрсенің басы ашық. Берікқан сені тастап кет­пейді! Меселін қайтарма кү­йеуің­нің. Екі отбасын ұстауға ақылы жетеді… Ауылда шаруа­шы­лықтарың, қалада бірнеше пәтерлерің бар…

– Ибай-ау, көп отырып қал­дым, үйге қайтайын…

Ақшабақ апыл-ғұпыл жинала бастады.

 

***

Алтынайдың мінезі күрт өз­герді. Оның бойындағы көл-көсір қуанышты әріптестері де байқа­ды. Қатал басшының мінезі қа­зір жібектей. Қабағы ашылмай, тұнжырап жүретін қыз құл­пыр­ды. Гүл-гүл жайнады! Жанарында жарқылдаған от! Өткендегі Наурыз тойында әуелете ән салды. Дауысы қандай әдемі!

– Нағыз әншілерден қай жері кем Алтынайдың?! – десті қыз-жігіттер.

Бірде ол өзімен сырлас құр­бы­сы, екі баланың анасы Қалам­қасқа тосыннан сұрақ қойды.

– Ұшқалақ болып бара жатқан жоқпын ба осы мен? – деді Алтынай екеуі оңаша қалған кезде.

– Неге олай дейсің?! Ондай ештеңе байқағам жоқ!.. Бұрын қабағың көп ашылмайтын… Ұзын-сонар ой теңізіне сүңгитін­сің… Ашық-жарқын жүргенің дұ­рыс, – деді біртоға мінезді құр­бысы шынын айтып.

– Рахмет саған,– деді Алтынай балаша қуанып.

Кейінгі кезде адамдардың бәрі ерекше мейірімді, аяулы көрінетін Алтынайға. «Өмір қан­дай тамаша, қандай ыстық!..», – деп жиі толғанатын.

Қыздың хош иісті гүлдерге есі кетті. Үйінің қасындағы гүл сататын дүкеннен бірнеше талын сатып әкеліп, күн шуағы себездеген терезе жақтауына, шыны вазаға су құйып салып қойды.

***

Шуақты көктем. Тұсау бойы көтерілген күміс күн шуағын ша­ша түскен. Ағаштар гүлдеп, адамдар өздеріне ыңғайлы, жеңіл киінген. Тоғыз қабатты үйдің ау­ла­сы ұсақ балалардың күлкісіне көмілген. Ақсары әйел төрт-бес аялдама жердегі мешітке жаяу тартты. Шариғат шартына жүгін­бек. Одан соң Алтынаймен сөй­лес­кісі келеді. Берікқанның айт­қаны өтірік болса игі еді?! Есік көрмеген қыздың ағасындай адамға күйеуге тиюі ақылға сия ма?! Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады демекші, райынан қайтар ұяты болса… Не көрінді соншама?!

Апырым-ай, жанашыр деген Күлтайдың сөзі анау!.. Қайдағы жоқ әңгімелерді айтып басын қатырды. Күйеуі ше?! Күйеуі шынымен үйленбекші ме ана қызға?! Солай болған күнде қо­лы­нан не келеді?! Еркектің көңі­лі аумасын, ындыны құрымасын деңіз…

Ақшабақ Алтынай жұмыс істейтін басқарма, әкімшілік ғимараттың қай кіре берісінде, қай қабатында, нешінші кабинетте екендігін анықтаған. Үйіне барса үркіп жүрер. Жұмыс бабымен жүрмін десе кіргізер…

Әрі-сәрі ойлармен мешітке жыл­дам жеткенін де аңдаған жоқ.

– Шариғат бойынша төрт әйел алуға рұқсат. Бірақ төртеуін де алаламай, кемсітпей тең ұстау керек,– деді кезекші молда.

– Жағдайы келмесе қайтеді? – деді Ақшабақ сабырсызданып.

– Онда бір әйелмен шектелген ләзім.

– Е-е, бәсе-е!..

– Ретімен айтайын, рұқсат болса.

– Құлағым сізде.

– Көп әйел алу – нәзік жыныс өкілдерін қорлау емес, керісінше олардың мүдделерін қорғау. Жалпы, көңілдес, ашына дегеннің өзі ар-ұятты қорлайтын абыройсыз атақ. Және мұндай әйелдің өзімен көңіл көтеріп жүрген азаматтың тұрақты болатынына, жан-жақты қамқорлық жасайтынына кепілдігі жоқ. Мұн­дай әйелдің болашағы бұл­дыр, көкірегі күдікті, сарыуа­йымға толы, әрі қай күні ұрлығым ашылып қалады деп қылпыл­дау­мен жүреді. Ал заңды түрде некесі қиылғанда, нешінші әйелі болға­нына қарамастан, оның және ба­ла­ларының бар тіршілік-тауқыметі тұтастай күйеуінің мой­нына көшеді. Ер адам өзі жақ­сы көрген қыз-келіншек үшін, оның ар-абыройын, өмірін қорғау үшін ғана мұндай тәуе­кел­ге бара алады. Сондықтан да біздің аналарымыз екінші, үшінші, төртінші әйел болуды ар санамаған. Текті тұқымнан, бе­дел­ді, дәулетті ортадан шыққан, түр-тұлғасына ақыл-парасаты сай келген, ерекше, абзал қасиет­терімен әулие атанып, тарихта қалған Домалақ ана неге бай-бағландардың өзімен қатар әрі ақылды, сымбатты балаларына тұрмысқа шықпай, Бәйдібек ба­бамыздың үшінші әйелі болуды қалады?!

Тарихқа жүгінсек, бір рулы елді аузына қаратқан небір атақ­ты, ақсүйек әжелеріміз екінші, үшінші, төртінші әйел болып-ақ ұрпақ көбейткен емес пе? Қазіргі қазақтың бәрі тек бәйбішелердің үрім-бұтағы деп кім айта алады? Ендеше, ата-бабаларымыз бас иген, аялап, құрметтеген, соның арқасында өсіп-өнген шариғат заңын әрбір иманды, есті қазақ қадірлей білгені жөн.

 

***

Жолаушылар пойызы зулап келеді. Екі кісілік купедегі серік­тесі – студент жігіт, кірген бетте төсегін салып жатып қалған. Қа­зір тәтті ұйқы құшағында, түс көрді ме екен, бір-екі ауыз тіл қа­тып, оң қырына аунап түсті.

Қараторы жігіт ағасының қо­ңыр көздері қараңғы түннен әл­дене іздегендей терезеге үңіле қарайды. Бұлай отырғанына бір­шама уақыт өтсе де қозғалар емес.

– Қалай шапшаң, он күн он мүйнет сияқты болмады,– деді дау­сы шығып кеткенін өзі де аңдамай қалып.

Сапары сәтті болғанымен, отбасындағы кикілжің көңілін бұз­ды. Асау аттай ерін бауырына алған әйелі не істер екен?! Алтынай ше?! Алтынай айнымаса бол­ғаны!.. «Ой, Алла-ай!– деді Берікқан күрсініп. – Тағдыр талқысы ғой?! Не болса да, бара көрермін…».

Берікқан Аллаға сенетін. Қазір де қасиетті Құрандағы беташар сүрені оқып отырған. Кенет радиодан естілген диктор даусына құлағы елең етті.

– Ендігі кезекте концерт тың­дауға шақырамыз. Композитор Мэлс Өзбековтің «Тағдыр сыйы» әні. Сөзін жазған Төлеген Мұқаев.

Бір тұман көңілден,

Жүргенде тарқамай,

Сәуле боп көрінген,

Сымбатты қалқам-ай…

Әсем ән жүрегін ұйытты. Нет­кен әуез! Неткен сағыныш! Сөз­дері қандай! Тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің.

Өзің боп оралды,

Арманым бір алыс.

Өзің боп жаралды,

Кеудемде қуаныш.

Тасытты жыр селін,

Көкейім күй тұнған.

Құпия бір сезім,

Оятты ұйқымнан…

Шалқысын жыр-арман,

Алаңсыз сүй, күнім,

Тағдырдан бір алған,

Ғажайып сыйлығым…

***

Берікқан үйіне кіргенде сос­тиып тұрып қалды. Аң-таң… Әйелі айрықша көңілді. Өзіне сондай жарасатын гүлді халатын киіп, дастархан мәзірін жасап жүгіріп жүр. Жапсарлас бөлмеден Алтынай шықты. Ол да әдемі киін­ген. Бекеңді көргенде қос бе­ті албырап, қызарып кетті.

– Хош келдің, жоғары шық! – деді Ақшабақ сезімін ірке алмай. Қуанғаны ақсары өңінен анық білінеді. – Жоғары шық!.. Сені күтіп отырмыз…

Астана қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір