КІТАП ОҚУ ДАҒДЫСЫ
26.08.2016
2018
1

МаралҚойылған сауалдың мәнісі – бүгінгі жастардың кітап оқымайтын, қажетті деректерді интернеттен іздейтін және соған орай олардың көркемдік және эстетика дейтін мәселелерден алыстап кетуінің себебі неде дегенге саяды. Жауап осы сауалдың өзінде тұрған сияқты. Бірінен-бірі туындап жатқан жәйттер ғой бұлар. Егер жастар кітап оқымаса, көр­кемдік дейтін ұғым қалай қалыптаспақ? Көркем­дік туралы түсінігі жоқ адам эстетиканы не қылсын! Енді осындай хәлге қалай жеттік десең, оның біраз себебі бар дер едім.


Марал ЫСҚАҚБАЙ,
жазушы

Біріншіден, кітап оқу деген – еңбек­тену деген сөз. Ал енді бұл – бала күннен бойға сіңетін қасиет. Кітап оқи бастаса ұйықтап кететін балалар барын көргем. Ауылдағы баланы малды қарауға, қора таза­лауға, есік алдын күреуге, тағы бас­­қа осы секілді үй тіршілігіне үй­­рету – еңбекке баулудың басы ғой. Өзіміз солай өскенбіз. Сол сияқты, әкем мені екінші сыныптан бастап-ақ кітап оқуға баулыды,  үйретті, дағдыма айналдырды. Сондықтан жасым сексенге таяға­нына қарамастан, кітап оқымай отыра алмаймын. Демек, жастарды кітап оқуға бала күннен дағдылан­дыру керек. Кітап оқуға үйренген бала сабақ оқуға да бейім келеді. Сабақ оқыса– білім алады деген сөз. Білімді бала ізденуге бейім болатыны түсінікті. Әрине, «кітап оқымайды» дегенде, сендер көркем әдебиетті айтып отырғандарыңды білем. Осы орайда айтарым, көркем әдебиет оқу дегенге баулу – ата-анамен қатар, мектептегі пән мұ­ғалі­мінің негізгі шаруасының бірі болу керек. Эстетикалық тәрбие солардан «жұғу» керек. Әйтсе де, ол «тәрбиеге» көнетіндер болады, көнбейтіндер болады. Интернет «ақтарып» жүргендердің көбісі – солар. Білім іздеп парақтаса – жақсы, әрине, ал әшейін дайын де­рек­терді, мәтіндерді көшіріп алып, мұғалімнің «құрығынан» құтылудың қамын жасап жүрсе – ол басқа нәрсе.

Біздің жастық шағымыз өткен кезеңмен, бүгінгі жастардың заманын салыстыруға келмейді. На­ғыз білімпаз жастар өсіп шыға­тын заман ғой бұл: тек жалықпай еңбек­тене білсең, іздене білсең бол­ды!  Біз іздеп таба алмаған, қо­лы­мызға түсіре алмаған небір жау­һар­ларды қазір үйіңде отырып-ақ, сүзіп шығу мүмкіндігі туды. Ол, сөз жоқ, осы интернеттің арқасы. Бірақ соны бүгінгі жастар дұрыс пайдаланып жүр ме? Мәселе сонда. Интернеттен де көркем туындыларды оқуға болады. Көркем әде­биет­ті интернеттен оқисың ба, элек­трондық кітаптан оқисың ба, қағазға басылған түрінен оқисың ба – бәрі бір, көркемдік қуаты, эстетикалық әсері бірдей болмақ. Мәселе – оқудағы мақсатта. Және жас­тардың эстетикалық талғамы мен рухани ішкі даярлығының деңгейінде.

Әрине, шығарманың дәмін түй­сініп, бойға сіңіріп оқу үшін – қағаз кітап қолайлырақ деп білем. Жазушының қияли әлеміне бір «сүңгіп» кеткен соң, өзіңді-өзің ұмытып, алаңсыз отырғанға не жетсін. Ондай мүмкіндікті тек қа­ғаз кітап қана тудыра алса керек-ті.Бұл әрі денсаулық үшін де өте пайдалы.

Меніңше, бүгін материалдық  мүдде рухани құндылықтардың ал­дына шығып кетті. Байлық, мансап дейтіндер басты мақсатқа айналды. Атақ-абыройды өнер мен ғылымнан тапқан адамдардан гөрі «алып-сатарлықпен-ақ» айналысып, тұрмысын мығымдап алған пысық оқымағандардың беделі көбірек жүретін болғасын, білім­ділік­тің қадіры кетті. Осы күнгі ай­ты­латын әңгіме тек  ақша жөнін­де, яки карьера жөнінде. Оны айту ұят саналмайтын заман келді.Кітап тек көкірегіне Құдай сөз сал­ған жекелеген адамдардың сыба­ға­сына айналды. Бірақ ол жақта дәу­лет жоқ. Түбінде жан-жақты да­му­дың, тіпті айта беретін эко­но­микалық  дамудың да  тетігі білімге барып тірелерін парықтайтын билік болмай тұр. Бар кілтипан, айналып келгенде, шынайы ұлттық идеологияның қалыптаспауында жатқан сияқты.

Ол жоқ болғасын, бос кеңістікті толтыруға тырысу – заңды құ­бы­лыс. Сондықтан сен іздеген көр­кем­дік пен эстетиканың орнына тобырлық мәдениет келеді. Эротика келеді. Қазақшаласаң, бетіңнен отың шы­ғатындай анайы терминдер кіреді айналысқа. Оған сен айтқан интернет үлкен үлес қосып жүргені жақсы мәлім. Демек, жоға­рыда мен атаған тамаша мүмкіндік­терімен қатар, оның  үлкен «кемшілі­гі» де бар. Жас адамды еліктіріп әкететін, тіпті қа­лыптасып үлгір­меген адамға залалы тиетін «қы­зық­ты» мағлұматтар өріп жүр. Тіпті, танымдық маңызы жоқ нәр­селер жетіп-артылады. Мінезі ау­ыр, ұстамды жас болмаса, ол «қы­зықтардың» торына шырмалып қал­уы оп-оңай. Өйтсе, көр­кем­дік, эстетика  дейтіндерің, әрине,  далада қалады.

Тағы бір айтарым – жұрттың бәрі шетінен эстет болуы шарт ем­ес, ал жаппай білімді болуы және мүмкін емес. Ең бастысы – ұлттық дәстүрді бойына мейлінше мол сіңірген,  тәрбиелі, адал азамат болса екен. Сондықтан балаларымызды кісілікке тәрбиелейік, ең­бекке тәрбиелейік,  кітап оқуға дағдыландырайық. Сонда өнерде де, өмірде де ұлттық «эстеттер» мол боларына сенем.

ПІКІРЛЕР1
Алия Мусина 30.08.2016 | 03:43

Дұрыс!

ПІКІР ҚОСУ