СТУДЕНТ  ҚОНАЕВТЫҢ ЕРЛІГІ
26.08.2016
2050
0

КонаевПоезд жүйткіп келеді. Паравоздың арқыра­ған дауысы әлсін-әлі естіледі.

Қаладан шыққанда сәске түс болып қалған еді.

Ал қазір қай кез, ең бастысы, қайда бара жатыр, дәлірек айтқанда, қайда алып бара жатыр, бәр-бәрі өзіне беймәлім. Шеткі купе алдында соқталдай конвоир көз алмай қарап отыр. Есік алдынан әрлі-берлі өтуші­лер таңырқай қарап өтеді. Көрші купедегі екі жас жігіт, шамасы, студенттер болса керек. Қайта-қайта көріне берді.

«О, Тоба, өзің жар бола гөр… Иа аману, иа аману, иа сабуру, иа сабуру…» деп, іштей күбірлеп, «иа, Алла, иа Алла, тек сабы­рың­ды бере гөр» деп, жалбарынды. «Ең болмаса, әйеліме де хабар бере алмадым-ау» деп уайымдады.

Жұмысқа келгені сол еді, іңківідінің екі қызметкері есіктен сау етіп кіріп келді де, аты-жөнімді атап, «Сіз прокурордың санкциясымен тұтқындалдыңыз» деп, қолыма кісен салды да, әй-шайға қарат­пай, ала жөнелді. Бар болған жай осы деп, есіне алды.

«Енді мына хатты әйеліме қалай жет­кіз­сем екен» деп ойлады.

Біраздан соң, конвоирдың орнынан көтеріліп, тамбурға кеткенін байқады. Сол сәтте көрші купедегі студенттердің есігінен қарап: «Жігіттер, мені жаламен ұстап бара жатыр, мына адрес бойынша хатты әйеліме салып жіберіңізші», – деп өтінді. «Мақұл» деп екеуі де, бірдей тіл қатты. Хатты берген соң, тез орнына келіп отыра қалды.

Конвоир қайтадан өз орнына оралды.

Паравоздың дауысы алыстан талып естілді.

Содан бері қаншама  көк  бітіп, қаншама су ақты десеңізші, ол ұлтшыл, «контрреволюцияшыл», «халық жауы» аталып, үш рет сотталып, үш рет түрмеге жабылды, бір түрмеден екінші түрмеге ауыстырылып, Сібірге жер аударылып, талай құқай­дан өтіп, көресінді көргені тек бір өзіне ғана аян.

Елдегі қариялар «Құдай сүйген құлын үнемі сынақтан өткізеді» деуші еді. Сол рас болды. Бақандай он жыл түрмеде отырып, тағы он жылдай ГУЛАГ-тің ең шалғайдағы бөлімшесі Воркутада айдауда жүрсе-дағы тағдыр талқысына қасқайып қарсы тұра білді. Жеңілмеді, иілмеді, ақылы мен жігер- қайратының арқасында, ақыры тірі қалды.

Оның жігер-қайратының бастауында досы әрі сыныптасы, ақын Сұлтанмахмұт тұратындай көрінетін. Оның «Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып, күн болам, Қараң­ғылықтың кегіне күн болмағанда, кім болам… Мұздаған елдің жүрегін Жылытуға мен кіремін!..» деген жалынды жырлары көкейінен кетпейтін.

Ес білгеннен бері ел үшін, жер үшін еңбек етуді, ғылымның шыңына шығуды алдына мақсат етіп қояды. «Алаш» партиясын құруға атсалушылардың бірі болуы да сол себепті. Қазақ өлкесін басқару бойынша әскери төңкерісшіл комитетінің мүшесі әрі коллегия төрағасы болғанда да соны ойлаған еді.

Қазақ автономиясының шекарасын межелеуде арыстанша атылып, ел мүддесін қорғағанын Алты алаш біледі.

Шекара мәселесі бойынша құрылған комиссиясы құрамында бес рет айтысқа түсіп, өз көзқарасын Ленин алдында дәлел­деп шықты.

Сол айтулы жылдары Орынбордағы ақсақалдар «Апырмай, біздің Әлекеңмен айтысатын орыстардан да ұлан шығыпты» деген сөздері ел жадында қалған.

Қаншама ұзақ болғанмен, жолдың да жетер жері бар. Көрген қорлық пен бастан кешкен азаптың да шеті мен шегі болады екен. Жұртқа белгілі 1953 жылдан кейінгі «жылымықтан» соң, кеңестің сеңі бұзыла бастады.

Әлекең өзінің халық жауы емес екенін дәлелдеп, талай рет арызданып, бас бостан­дығы үшін күресе береді. Ақырында 1955 жылы 7 наурызда КСРО Бас прокуро­рының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылады.Толық ақталып шығу үшін әлі екі жыл қалғанын өзі де біл­мейтін.

Елге оралысымен, бірден сол кездегі ҚазССР Министрлер Кеңесі Төрағасының қабылдауын өтінеді. Оның көмекшісі «Кім келіп тұр деп айтайын?», – деп сұрайды. «Математика профессоры Әлім­хан Ермеков десеңіз болады», – дейді.

Үлкен әрі кең бөлменің төріндегі орнынан ұшып тұра келіп, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А.Қонаев құдды бір ескі танысындай қуана қарсы алады.

«Шырағым, мені танымайтын боларсыз» деп бастайды Әлімхан Әбеуұлы ұзақ әңгімесін.

«Әлеке, о не дегеніңіз, Сізді білмейтін қазақ баласы жоқ, – дейді Дінмұхамед Ахметұлы, – бала кезімізден қадіріңізді біліп өстік емес пе. «Ұлы математика курсы» атты кітабыңызды оқыдық, оның үстіне баяғыда вагонда кездескенімізде, жеңгемізге жол­даған хатыңызды табыста­ған студент мен едім» дегенінде, Әлекең қатты толқиды.

«Енді Сіздің мәселеңізді шешейік. Әлеке, толық ақталғанша, мұнда қалуыңыздың  реті болмайды. Сондықтан Қарағандыдағы тау-кен институтының математика профессоры болып барсаңыз, үй де беріледі» деп, ұсыныс жасайды.

Ә.Ермеков бұл ұсынысты ризашылық­пен қабылдайды. Сол институтта өмірінің соңы­на дейін ұзақ жыл абыройлы еңбек етеді. Ұстаздық етумен бірге, ғылыми зерттеу жұ­мыстарымен де шұғылданады. Ықти­малдық теориясы, математикалық статистика, қазақ тіліндегі математикалық терминология салалары бойынша елеулі ғылыми еңбектер жазды.

Халқымыздың ардақты екі ұлының екі кездесуі осылай аяқталған еді.

Тәжібай ЖАНАЕВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір