МЕН ШЫҚПАҒАН ТАУЛАР НЕТКЕН ҒАЖАЙЫП!
26.08.2016
1046
0

photo_57997Баянғали ӘЛІМЖАНОВ

 

МЕН БАРМАҒАН АРАЛДАР…

Адамзатта таусылған ба армандар,

Арманда да орындалмай қалған бар,

Әлі күнге шақырады түсімде,

Мен адасып кете алмаған ормандар!

                                                                               

Күннен-күнге кетпес арман азайып,

Қартайғанша қиял – қанат жазайық,

Мен баспаған жерлер тұнған жұмбақ сыр,

Мен шықпаған таулар неткен ғажайып!

                                                                               

Көк теңізді кешіп қанша адамдар,

Көкжиектен бақыт іздеп амалдар.

Мен жүзбеген мұхит қандай тұңғиық,

Жасыл жұмақ мен бармаған аралдар!

 

Оңай болып көрінгенмен ойдағы,

Қол жетпейді құба сайға айдағы.

Ыстық неге көңіліме ерекше,

Мен кезбеген Мұзды мұхит аймағы!

 

Көкшіл мұздың көлбеңдеген сұлбасы,

Аппақ әлем –жердің шеті, жыр басы.

Керемет боп көрінеді неліктен,

Оппа қарда ақ аюдың тұлғасы!

 

Сұрғылт көкті тымық қоңыр күздегі,

Суылдатып қайтқан құстар тізбегі…

Араласқан жапырақпен сарала

Тайгадағы жолбарыстың іздері…

Табиғатқа үнсіз іштей ілесіп

Менің жаным сонда нені іздеді?!

 

ӨЛЕҢНІҢ ӨКПЕСІ

Өлең бізге өкпелеулі сыңайлы,

Өзек қылған кең дүние, Күн, Айды.

Жетесіздік желіккенде желбіреп,

Жетімсіреп жертөледе жылайды.

Өлеңге обал, өшіп қалған оқылмай,

Обырлықты айтпағанда былайғы,

Ауық-ауық ақылымды аунатып

Тумай кеткен құмай өлең тулайды.

Елдігіңді, бәлкім, уақыт құйыны

Өлеңіңді тұншықтырып сынайды,

Өлеңсіз ел – ел бола ма, келер күн

Әлі бізден жырдың құнын сұрайды.

Әулиені көлегейлеп әуейі

Ескі сөз де, есті сөз де мұңайды.

Әлі менің жазылмаған жырым көп

Сөзбен сурет салсам деймін шырайлы…

Өлең бірақ, өкпелеулі сыңайлы!             

           

АЛҒЫС

Өттік біз де біраз өмір өткелін,

Көрдік қыс пен жазиралы көктемін,

Базынам да бар шығар-ау бірталай,

Адамдарға алғысым да көп менің!

 

Қиналғанда,

Жүдеп, жадап жүрегім, 

Сүйеу болды мейіріммен ұлы елім.

Ей, адамдар!

Мен сіздерге ішімнен,

Алғыс айтып,

Тілеулес боп жүремін!

 

ЕСКІ БІР СУРЕТ…

Ақ боз үйлер қалғығанда майсада,

Саумал иісін аңқытады тай саба,

Сар даланы сағынышпен тербетіп,

Алтыбақан айналғанда ән сала,

Ақсүйекті қойынына жасырып

Үнсіз ғана жымияды сай-сала.

Кеудесіне көрген сырды тұндырып

Көкте қалқып бара жатыр ай сара,

Айға ілесіп кете алмайды қыз, жігіт,

Қолын созып, қанаттарын жайса да,

Табиғаттың тылсымына таңғалып,

Түнмен бірге тына қалған ой, сана!

  

КЕШКІ АУЫЛ

Болсам егер сурет жайын білетін,

Салар едім кешкі ауылдың суретін.

Күннің қызыл арайына малынып

Қырдың жасыл  шырайы бір кіретін.

Табын күткен топ ішінде қауқылдап,

Таяқ ұстап, кемпір-шалдар жүретін,

Сағым шағын сағынышпен еске алып,

Басты шайқап, кеңкілдесіп күлетін,

Топтан шеттеп, үнсіз ғана жымыңдап,

Бір бозбала, бір бойжеткен жүретін!

 

Өткен күнді еске алысып аз ғана,

Мәжіліске мәре-сәре мәз бола,

Табын келіп, таяқ сермеп кемпір-шал,

Жөнелгенде, жөткірініп қозғала,

Ең соңында бөгеледі елеусіз

Балбұл жанған бойжеткен мен бозбала!

 

Сиыр біткен ыңыранып, мөңіреп,

Жер көшкендей у-шу болып төңірек,

Мал қорада бал бармақты жеңгейдің

Шелегіне сүт толғанда мөлдіреп,

Бұзау іздеп бозбала мен бойжеткен,

Қырда жүрер көйлектері желбіреп!

          

ӘСІРЕ МАДАҚ

Кісіні күнге теңеу күнә болар,

Әулиеге теңеу де шүбә болар,

Ай деп айтсақ, асылық, айкезбелік,

Адастырып әкетер дуа болар!

 

Тыраштанып, жарыса мақтаймыз кеп,

Біз қалайша басқадан аспаймыз деп,

Ешкім әлі аузынан шығармаған

Жаңа теңеу неліктен таппаймыз деп,

Не бітіріп, не қойды халық үшін

Ол арасын саралап жатпаймыз көп!

 

ТАЛАС

Қара өлеңге таласы бар кімнің де…

Өлең бірақ  таласатын жер ме екен?

Өмір – күрес деген сырды білдің бе…

Күрескеннің бәрі бірдей ер ме екен?

Өз күні үшін өзгелерді өшіріп,

Күрес түбі – бірін-бірі жеу ме екен?!

 

ЖАРЫС

Өмір деген бәсеке, жарыс дейді,

Жарыста қалып қою намыс дейді,

Қайтсем асып түсем деп басқалардан

Жанталасып арпалыс, алыс дейді.

 

Қай мұратқа жетті екен жарысқандар

Бірін-бірі жығам деп алысқандар?

Басқада жарыссаң да, ей, адамзат,

Басқыншылық соғысты бәсеке ғып

Қырып-жою жолында  жарыспаңдар,

Атыңа адам деген жараспай ма

Жақсылықтың жолында жарыссаңдар!

 

ӨМІР, НЕГЕ БҰЛАЙСЫҢ!?

Күліп жүріп жылайсың,

Жылап жүріп күлесің,

Көңілге ыстық көп жанның

Көшкендігін білесің.

 

Қимағасын жылайсың,

Қиналсаң да шыдайсың,

Күлдіріп тұрып жылатқан

Өмір, неге бұлайсың!?

 

ӨРІМ ӨМІР

Опындырып

Өркен жаяр өрімді,

Күрсіндіріп

Күн шуақты көңілді,

Көріп, біліп,

Бұл дәуреннің қызығын,

Жалған деуге,

Хақың бар ма өмірді!?

 

Жеткізгенше

Тағдыр, уақыт сызығын,

Бұзбай сөйле

Ата сөздің түзігін,

Алдамшы деп қақсай бермей,

Рұқсат бер,

Көрсін жастар

Бұл пәнидің қызығын!

ӨТКЕННІҢ ЕЛЕСІ              

Саясат

Сара жолды салмақтар дөп:

«Құдай жоқ,

Пайғамбар жоқ,

Аруақ та жоқ,

Мәңгілік материя

Кеңістікті,

Кезеді

Жел айдаған қаңбақтай боп!

 

Әлемнің

Етек-жеңін жыйғызамыз,

Тентекті

Тәртіпке сап тыйғызамыз,

Тарыдай қауыздағы,

Дүниені,

Партия

Қаулысына сыйғызамыз!».

 

Жақсыны жер аударды,

Қудалады,

Белсенді

Шолтаңдаған уралады.

Сарабдал саналыны

Торға қамап,

Саясат

Семсерімен туралады…

 

Сыймады,

Қаулыға өмір,

Сия алмады,

Тамырын

Тіршіліктің қия алмады,

Туралып кетті өздері,

Торда қалды,

Құдайсып,

Ұмытқандар бір Алланы!

 

ПРЕЗИДИУМ

– Бекітіп ірге,

Келтіріп бірге күре, қиюын,

Түгендеп тірлік,

Күнбе-күн тізіп кіре құюын,

Ұйғарған  ұйым

Қиын  істерге мойныңды бұрып,

Мығымдап мимен,

Иығың тосып, тіре, диюым! –

Пәрменнен  мұндай

Дәрменін аяр дегендей кімің,

Төбеден төніп,

Тұнжырап отыр президиум!

 

ОРДА МЕН ЛАШЫҚ

Бәйтерегің бұлт оранса,

Айбат қой,

Ғимараттар…

Бой түзеткен қайратты ой,

Төр – тамаша,

Өрлесең де таласа,

Босағада кімдер отыр,

Ойлап қой!

 

Құлашыңды

Сермесең де қашыққа,

Асқақтауға

Зәулім үйде асықпа.

Еске алып тұр

Тірлік кешкен жандарды,

Сыз қабырға,

Мұз еденді лашықта!

ПІКІР ҚОСУ