ҚЫРҒЫЗ КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ ЖАҢА ТАРИХ
Қырғызстандағы қоғамдық комиссия 1916 жылы патшалық Ресейдің қырғыздар көтерілісін жаппай басып-жаншуын геноцид деп атады.
Орталық Азия жаңалықтары қызметінің хабарлауынша, Қырғызстандағы қоғамдық Комиссия басшысы Әзімбек Бекназаров, ресейлік және қытайлық билік берген мұрағат мәліметтері негізінде осындай қорытынды шығарылғанын айтады.
Бұл деректер негізінде «Көптеген этникалық қазақтар мен қырғыздар тылдағы ауыр жұмысқа шақыртуға қарсы шықты. Жазалау батальоны 100 мыңнан 270 мыңға дейін қырғызды өлтірді деген болжам бар, ал қуғын-сүргіннен қашқан мыңдаған адам Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиясына өтіп кеткен».
Сондай-ақ, Қырғызстан аумағындағы 1916 жылғы оқиғалар кеңестік тарих оқулықтарына да енбеді. Ал Қазақстандағы бұл көтеріліс патшалық Ресей мен байларға қарсы әрекет ретінде баяндалып, оның соңы 1917 жылы социалистік төңкеріске ұласты деп сипатталып келген еді.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдың сәуір айында Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин геноцидке қатысты айыптауларды жоққа шығарып, «жүз жыл бұрын барлық халықтар зардап шекті» деп мәлімдеген еді.