ШӘМШІ ӘНІ АУЫЛЫНДА ӘУЕЛЕДІ
21.08.2016
1313
0

основной 2Тұтас бір ұрпақты әнімен әлдилеген, әуенімен тәрбиелеген Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әніне биыл 60 жыл толып, еліміздің Әнұранына айналғанына 10 жыл толып отыр. Композитордың туған күніне орай өткізілген мереке осындай мерейлі даталармен тұспа-тұс келді.

Шара Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы орталығындағы Мәде­ниет сарайында суретші Әділхан Мә­лік пен бір топ шәкірттерінің «Са­ғы­ныш сазын самғатқан – Шәмші» атты су­рет көрмесімен ашылды. Көрмеге Шәм­ші Қалдаяқов әндерін бейнелеген 20 картина қойылды. Табылхан Рена, Еді­ге Бақытжамал, Төлеген Бақытгүл, Ораз­бай Наурызбай сынды өңірлік су­ретшілерге жетекшілік жасап, жіті қа­дағалаған Әділхан Мәлік бұл жұмыс­тар­ды салуға бір ай уақыт кеткенін айтады. Көркемсурет көрмесінде со­ны­мен қатар, ежелгі Отырар тарихын қам­тыған жаңа туынды картиналар да ха­лық назарына ұсынылды. Бұрын ежел­гі Отырарды бейнелеушілер тек сырт­қы көрінісін суреттесе, бұл жаңа туын­дыларда суретшілер қаланың ішкі тіршілігін де бейнелеген.

Отырардағы Мәдениет сарайында «Менің Қазақстаным» ән байқауының ақтық сайысы өтті. Салтанатты кешке ар­найы келген ҚР Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаты Мұхтар Ерманов, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібе­ков, Отырар ауданының әкімі Ерлан Ай­тахановтар байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, барша отырарлықтарды қуанышымен құттықтады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атам­құловтың құттықтауын Ұласбек Сәдібекұлы жеткізді.

Композитор мұрасын болашақ ұр­паққа жеткізу, әсем әндерін насихат­тау мақсатында өткізіліп келе жатқан дәс­түрлі «Менің Қазақстаным» ән фес­ти­ва­лінің гала-концерті Ш.Қалдаяқов ауы­лындағы «Алпамыс батыр» спорт ке­шенінде жалғасты. Кешке арнайы қа­тысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов барша оңтүстік жұртшылығын өнер мерекесімен құттықтап:

«Шәмшінің киелі Отырар жерінде дү­ниеге келуі заңдылық. Себебі, бұл жер­де – ұлы ойшылымыз Әбу Насыр Әл-Фарабидің кіндік қаны тамып, бабтардың бабы Арыстанбаб бабамыз­дың рухы тыншып жатқан киелі мекен.

Шәмші ағамызды осы бабалары­мыз­дың рухы жебеген шығар. Осындай шағын ауылдан бүкіл әлемге танымал азаматтарымыз шыққан. Бұл дегеніңіз – біздің әрбір жеріміз, әрбір ауылымыз­дың қасиетті де киелі екендігін біл­ді­реді.

Ал бүгінгі күні Шәмші Қалдаяқов­ты біз ел тағдырымен, Отан тарихымен біртұтас бейне ретінде танып отырмыз. Өйт­кені, композитордың «Менің Қа­зақстаным» әні еліміздің Мемлекеттік Гим­ніне айналып, мемлекеттік рәміз­дердің қатарынан орын алды. Егер ұлы композитордың еліне, туған халқына махаббаты болмаса, осындай ән тумас еді. Осындай әнді өмірге алып келген Шәмші ағамыздың ұлтжанды, рухы мықты екендігін білдіреді.

Әнұранымыз Елбасымыз шет мемлекеттерге жұмыс сапарымен барғанда, спортшылармыздың Олимпиадаларда, әлемдік жарыстарда жеңіске жеткен кез­дерінде орындалады. Бұл әннің құ­діреттілігін көрсетпей ме, ағайын! Сон­дықтан да Шәмші есімі, оның даң­қы бүгінгі таңда тек біздің өңірдің мақ­танышы ғана емес, кең байтақ Қа­зақ­станның мәртебесіне айналып отыр.

Шәмші әндерінің мерекесін бүгін өзінің туған ауылында, ұлылардың ме­кені – Отырар топырағында өткізіп отырмыз.

Біз Шәмші әндерімен есейіп, оның ма­хаббат вальсімен тербеліп өскен ұр­пақ – Қалдаяқов  ғасырында туға­нымыз үшін бақыттымыз», – деді.

Сондай-ақ, облыс басшысы Елор­да­мыз Астана қаласында дара талант иесіне Оңтүстіктің атынан еңселі ес­керт­кіш орнатылатынын, Шәмшінің туған ауылында да ескерткішін қою және музыка мектебін ашу керегін атап өтті.

Құттықтау сөзден соң өңір басшысы жүзден жүйрік шыққан байқау жеңімпаздарын марапаттады. Үшінші орынға Түркістан қаласынан келген «Асу» дуэті лайықты деп танылды. Облыс әкімінің арнайы жүлдесі арыс­тық Жұлдыз  Әділбековаға бұйырды. Жүлделі ІІ орынды созақтық Гүлбану Шалабаева иеленсе, байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғын­бек Бекзат І орын төрінен көрінді. Ал байқаудың бас жүлдесіне компо­зитордың жерлесі, Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков ие болды. Байқауға қатысушыларға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталып, ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына орай өт­­кізілген мәдени шара Оңтүстік өнер жұл­дыздарының концерттік бағдар­ла­масымен жалғасын тапты.

Алмас АҚЫЛБЕК.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір