МӘСКЕУ МҰРАҒАТТАРЫНДАҒЫ ӘНШІ ӘМІРЕ ДЕРЕКТЕРІ
Өткен жылы сәті түсіп, Халықаралық Бизнес университетінің қаржылай қолдауымен Мәскеу қаласындағы бірнеше тарихи мұрағаттарда жұмыс істеуге тура келді. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Мемлекеттік архиві (ГАРФ), Орталық ежелгі құжаттар Мемлекеттік архиві (ЦГАДА), Подольск қаласындағы әскери архив және тағы басқалар. Негізгі мақсатым – өзім зерттеп жүрген Ресейдегі қазақ диаспорасының тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинау болғанымен, қазақ халқына қатысты тарихи құжаттарды көргеннен кейін қиып кете алмай кейбір деректерді жазып алуға тура келді. Сол мәліметтерді зерттеуші әріптестерім мен жалпы құлағы түрік оқырмандар назарына ұсынбақпын. Бәлкім, жол түсіп бара қалған осы сала мамандары болса, бір әжетке жарап қалар.
МҰРАҒАТТА САҚТАЛЫНҒАН САРЫНДАР
Мәскеу қаласының орта тұсындағы Бауман даңғылы бойында орналасқан, кезінде Петр патшаның жақын серіктерінің бірі болған фелъдмаршал Меньшиковтың иелігіндегі аумағы бір гектардай болатын жердегі сарайлардың бірінде Ресей мемлекеттік фонодокументтер мұрағаты (РГАФД) орналасқан. Мұнда 1936 кезеңге дейінгі құжаттармен қатар, әскери мұрағат та дәл осында сақта-
лынған.
Осы фонодокументтер сақталынған мұрағат қорларынан мына құжаттарды кездестірдім:
1.Центральный архив звукозаписей (1932–1934).
- Центральный фотофонокино архив СССР – фоноотдел (ЦФФКА СССР). (1934-1941).
- Центральный гос. архив кинофотофонодокументов СССР – фоноотдел (ЦГАФФД СССР).
- Центральный гос. архив звукозаписей СССР (ЦГАЗ СССР). (1967-VI.1992).
В 1992 г. ЦГАЗ СССР переименован в Российский гос.архив фонодокументов – РГАФД.В фондах РГАФД хранятся документальные и художественные звукозаписи за период с конца ХІХ в. по настоящее время. Здесь сосредоточены все виды звукозаписей…
Мұрағаттың ғылыми ақпараттық бөлімін басқаратын Лазарева Марина Геннадьевна деген ғылыми қызметкер өте ілтипатты, қамқор көңілді, ақ жүректі жан екен. Менің арнайы рұқсатым болмаса да, мұрағат құжаттарымен танысып шығуға мүмкіндік жасады. Оған қоса, менің айтуыммен біраз картотекалардағы қазақ әндерінің үстіне белгіленген «киргизский» деген анықтаманы (біздің бақытымызға қарай олар қарындашпен толтырылған екен) «казахский» деп, көзімізше түзетіп берді.
Жалпы, мұнда музыкалық қорлармен қоса, өткен ғасырлардағы музыкалық жазба құралдар да біршама жинақталынып, сақталыныпты. Мәселен, 1877 жылы Эдисон ойлап тапқан «фонографтан» бастап ХХ ғасырдың бас кезіндегі «граммафон», «фоновалик», «патефондар», тіпті, даңқты Шаляпин тұтынған граммафондарға дейін осында қойылған. Қазақ әнін бірінші болып бүкіл Еуропаға танытқан дүлдүл әнші Әміре Қашаубаевтың жеті-сегіз әні де осы «фоноваликке» жазылынып алынған екен (МГ № 6. фоновалик), Центральный гос. архив звукозаписей СССР. Фонд 165, 170, 172, 174-185. Скорость 38 см. /сек.). Фольклорные фонографические записи (запись произведена ГИМН). Вариант магнитная с фоновалика).Міне, бар мәлімет осы. Әміре әндерін мен Марина қыздың көмегімен екі қайтара тыңдап шықтым. Картотекада «киргиз» деп белгіленген және аты-жөні «Омре Нашаубаев» (Әміре Қашаубаев – Д.Е.) деп жазылып, ал әндерінің тұсында Омре Кашаубаев деп көрсетілген. Және де әндердің толық нұсқасы жоқ, сөздері де анық емес, әр ән қысқаша екі шумақтан ғана жазылған сияқты.
Әрине, маған бұл мағлұматтар музыка зерттеушілері үшін біршама белгілі екендігі мәлім. Дегенмен де жалпы тарих үшін және болашақ зерттеушілерге көмек ретінде мен өзім жазып алған деректердің кейбірін бір нүктесін бұзбастан,кесте-сурет негізінде оқырман назарына ұсынбақпын.
Өздеріңіз байқап отырғандай, тізімде де қарама-қайшылықтар немесе емле қателер көптеп кездеседі. Осының өзіне де шүкіршілік ете, қандай жағдайда болса да құндылықтарымыздың сақталғандығына тәуба дей отырсақ та, орын алған кейбір кемшіліктерді атап өтуді парыз санадық.
Біріншіден, қазақ әндерінің көпшілігі «киргизский» деп жазылып кетуі «қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген Сәкен сияқты ұлт жанашырларының үні әлі де Қызыл империя билігінен аса алмай жатқан тұс болса керек. Екіншіден, авторы С.Сейфуллин деп берілген екі әннің бірі «Сарыарқа» әні қазіргі кезде «Біздің жақта» деп аталынып, ел арасына кең тараған Сәкен әні екендігі даусыз. Ал «Әупілдек» әні көп жерлерде халық әні деп аталынып жүрсе де кейбір зерттеушілер бұл әннің авторы белгілі, ән ХIХ ғасырдың аяқ кезінде туған, Сәкен тек ол әнді жазып алып көпшілікке таратқан деген пікірде. Ендігі әңгіме бұл музыкалық мұралар Мәскеу мұрағатына қандай жолдармен жеткендігі. Кезінде қазақтың 1000 әнін жинақтап шығарған А.Затаевич арқылы ма, әлде басқа жолдары болды ма екен? Олай десек, Затаевич жазып алған «Әупілдек» әнінің бірінші нұсқасын Қайып Айнабеков, ал екінші нұсқасын Жүсіпбек Аймауытов жаздырғаны белгілі. Жалпы сөз реті келгенде айта кетейік, Қ.Айнабеков Затаевичке он алты ән жаздырса (онын біреуі сыбызғыда орындалған «Ақ жұмсақ» күйі), ал Ж.Аймауытов отыздан аса ән жаздырған. Сәкеннің бергені алтау: төрт ән және екі күй («Тоқа» және Абылай ханның атты әскерінің шеруі «Терісқақпай»). Бұл туралы Затаевичтің өзі «Мелодия №11 записана от выдающегося поэта, прозаика и драматурга Сакена (Садвокаса) Сейфуллина (1894-1939). О нем см. «1000 / 189-194» деп атап өткен (2, 18). Сәкен кейіннен «Қара торғай» және «Шәкірт», т.б. әндерін қосқан. Негізінде С.Сейфуллин өнерпаздардың басын қосып, ұйымдастыру жұмыстарының негізін салып кетсе, көп әншілерді тауып беруге себеп болған Әлікей Өтекин және Затаевичтің қасында болып түсінік беріп, көмекші ролін атқарған Қ.Айнабеков болғандығын да атап өту керек. Бұл туралы зерттеушілер «известный акын Каиб Айнабеков (1885-1955) был корреспондентом А.В.Затаевича во время II-го съезда Советов Казахстана (4-10 октября, 1921 года)» деп жазса, ал Ә.Өтекин туралы Затаевичтің өзі «в то же время предсовнаркома тов(арищ) Сейфуллин обратил мое мнение но только что приехавшего из Акмолинской губернии … молодого человека Аликея Утекина, оказавшегося самым лучшим певцом-исполнителем и вообще знатоком акмолинских песен из числа всех тех акмолинцев, которых я до сих пор записывал… » деп еске алады.
Енді Әміренің әндеріне келейік. Төменде «фоно» қорда Әміренің орындауындағы сақталынған әндер:
1 «Перуайым».
2 «Ей литос» (три друга). (Үш дос – Д.Е.)
3 «Балхадиша» (медовая хозяйка), киргизские песни. Исп. Омре Кашаубаев /с домбры.
- «Джальгиз – арша» (одинокий можжевельник).
- «Дударай» (муж.Имя). Исп. То же.
- «Агаш-Ояк» (деревянная нога), наигрыш киргизской домбры, исп. То же.
- «Смет» (имя).
- «Бес карагер» (пять карих лошадей), исп. То же.
Салыстырма үшін Әміренің Затаевичке жаздырған әндерінің тізбесін келтіре кетейік: «из репертуа Амре Кашаубаев А.В.Затаевич записал одиннадцать песен, опубликованных им в «500 песен» (№№ 227-237), среди которых такие превосходные образцы казахской классической народной песенной поэзии, как «Жалгыз арша» («Одинокий можжевельник», №227), «Ағашаяк» (буквально – «Деревянная нога», а вообще прозвище автора песни, № 230), «Сімет» (мужское имя, № 232), «Бал – Қадиша» («Прекрасная Хадиша», № 234), «Дударай» («О Дудар!», №235).
Әміренің әншілігі мен талантына тәнті болған Затаевич өз естелігінде «Амре Кашаубаев, выдающийся каркаралинский певец, до весны 1925 года состоящий в труппе Казахского государственного театра. Кашаубаев – пока единственный из казахских певцов, которому довелось выступать за границей, а именно: летом 1925 года – в Париже, а годом позже – во Франкфурте-на Майне, причем в обоих случаях – в этнографических группах, организованных Росфилом (Париж) и Боксом (Франкфурт-на Майне), …дей келе, «Кашаубаев обладает красивым, сильным и сочным голосом (тенор), при большом запасливом дыхании. Чтобы охаректизировать его, как певца и музыканта, лучше всего сопоставить его с двумя другими выдающимися Каркаралинскими певцами, «поэтом» Габбасом Айтпаевым (прим. 83) и бытовиком» Кали Байжановым (прим. 109). В этом случае Кашаубаев занял бы первое место между ними обоими …Чисто же в голосовом отношении Кашаубаев превосходит обоих яркостью своих данных» деп еске ала отырып, өнерін жоғары бағалаған.
Бізге белгілісі, Сәкеннің мұрындық болуымен А.Затаевичтің қазақтың 1000 әнін жинауға белсене кірісуі. Бұл тарихи уақиға туралы сәкентанушылар зерттеулерінде мынадай деректер бар: «В условиях финансового кризиса республики Сакен Сейфуллин находит средства для Александра Затаевича на сбор подготовку и издание 1000 песен казахского народа. Прямо в кабинете Председателя Совнаркома Затаевич записывает в нотах исполненный Сакеном конный марш хана Аблая. Помощник и друг Сакена Алькей Утекин исполняет марш хана Кенесары. Любовь к народному творчеству подвигает его к поиску, сбору и изданию многотомного собрания казахского фольклора. Он – первый руководитель республики, кто дал высокую оценку творчеству Жамбыла Жабаева, как исполнителю тюркского эпоса «Кер-оглы», – деп баға береді. (3,145 б.). Қиын-қыстау заманға, аумалы — төкпелі кезеңге қарамастан Сәкен қазақтың фольклорлық мұрасын жинақтауға білек сыбана кіріседі. Әрине, бұған қазақтың бетке ұстар алаш қайраткерлері де атсалысқаны белгілі. Ал Сәкендей тұлғаны ерекше атап өтуіміз ерлігін насихаттау былай тұрсын, атын атаудың өзі бас кетіретін уақытта Ер Сәкеннің қазақтың ұлы хандарын еске алып Совнарком қабырғасында жырға қосуы көзсіз батырлық.
Бұдан әрі уақиға былайша өрбиді: «22 августа 1923 года на заседании Совнаркома рассматривался вопрос «Об отпуске 1000 рублей золотом премии народному артисту Кирреспублики тов. Затаевичу и 1480 рублей золотом на издание киргизских песен». Впервые в истории казахов были собраны, систематизированы и записаны на ноты образцы народной музыки. С большой речью о музыкальной культуре казахского народа выступил Ахмет Байтурсынов. Но, часть ораторов заседания требовала средства из без того скудного бюджета республики направить на восстановление мастерских Оренбурга и финансирование красноармейских частей. Мнения разделились. Последнее решающее слова было за Председателем Совнаркома. В постановлении заседания Сакен Сейфуллин накладывает резолюцию: «Предложить Наркомпросу отпустить Александру Викторовичу Затаевичу 2280 рублей золотом и на редактирование его сочинении 200 рублей золотом, а всего – 2480 рублей золотом из средств Наркомпроса с условием погошения означенной выдачи из краевого фонда по мере поступления денежных средств в краевой фонд». Осылайша қаржылық дағдарыс, қиыншылықтарға қарамастан жоқтан бар жасап өзінің бабалар мұрасына адалдығы мен ұлтжандылығын өз іс-әрекетімен дәлелдей білген Сәкен ақыры «Қазақтың 1000 әнін» жинақтап шығару үшін қаражат көзін таба білді. Сәкен игілікті істі үкімет мүшелерінен бастап, өзі үлгі болып А.В.Затаевич екі күй, төрт ән орындап береді және халық ән-күйлерін жетік білетін шебер орындаушылар: Ахмет Байтұрсынов, Қайып, Салық Айнабековтер, Бейімбет Майлин, Әліби Жангелдин, Сәбит Мұқанов, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақов, Әлікей Өтекин, тағы басқа да сол кездегі танымал өнерге жақын азаматтар есімдерін беруі оның қазақ ән-күйлерін жинақтауға деген жанашырлық үлкен қамқорлығын аңғартса керек». Ал Наркомпрос Ахан болса өзіне тапсырылған бұл жауапкершілікті өте ыждағаттылықпен іс жүзіне асырып қана қоймай, өз орындауында 24 ән бергендігіне тарих куә. Осынау бір игілікті істі музыка зерттеушісі Борис Ерзакович: «Исследователь казахских песен и кюев, народный артист Казахской ССР А.В.Затаевич в своей книге «1000 песен казахского народа» рассказывает, как Сейфуллин помогал ему находить народных певцов», – деп бағалаған.
Ал кейінгі нәтижесі бәрімізге аян, алдымен « Қазақтың 1000 әні», соңынан «Қазақтың 500 әні» жарық көрді. Қазақ музыкасын зерттеудегі ерең еңбегі жоғары бағаланып және Сәкеннің табандылығы мен қайтпас-қайсарлығы арқасында А.В.Затаевич тұңғыш рет Республика Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен 1923 жылы 28 тамыз айында «Республика халық артисі» атағына ие болады.
Зерттеушілердің тағы бір назар аударатын мәселесі – күйлер тарихы. Жалпы, күйлер тарихын кеңінен алып қарасақ, олар бірнеше түрге бөлініп, оның ішінде шертпе күйлер кең байтақ Қазақстанның шығысы Алтай, Тарбағатай, орталығы Ұлытау, Шыңғыстау (Наймантау – Д.Е.) өңірінен бастап Жетісу, Қаратау, Сыр бойына дейін қоныстанған ел арасына кеңінен таралған. Ал Арқада шертпе күйлер мектебін қалыптастырған екі тұлға болса, соның бірі – Тәттімбет, екіншісі – ел арасында Сайдалы Сары Тоқа атанған Тотаң. Екеуі де қоса ел арасында билігімен, елге жайлы әділ ел басқарушылығымен танылған дәулескер күйшілер. Екеуінің де өмір сүрген ортасы бір географиялық белдеуде орналасқан қазіргі Қарағанды қаласының батысы мен шығысы. Екеуі де ондаған жылдар бойы өз елдерінің болысы, яғни Тәттімбет Қаракесек – Шаншар рулары мекен еткен Қу болысын басқарса, ал Сайдалы Сары Тоқа Ақмола округі Сайдалы – Алтай болысын басқарған. Бірақ екеуінің қазіргі жағдайлары екі басқа: Тәттімбеттің атымен облыс деңгейінде бірнеше мектептер, көшелер, елді мекендер аталынса, ал Тотаңның атында Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кенті мен Қаражал қаласынан бір-бір көше аты ғана берілген. Қаражалдың Кеңес заманынан қалған қала деген аты болмаса Жаңаарқаның жартысына да жетпейді. Бір кездері 1967-68 жылдары аудан орталығында Сайдалы Сары Тоқа атындағы балалар музыка мектебі ашылған екен, бірақ 90 жылдары белгісіз себептермен жабылып қалған.
Бір назар салатын жағдай, төменде тізбесі беріліп отырған музыкалық мұраларымыздың көпшілігінің екі-үштен орындаушысы бар. Шамасы, мұның себебі әр орындаушының өзіндік мәнері мен орындаушылық шеберлігін салыстыру және толықтыру мақсатынан туындаған болса керек. Осы бір себептен де болар, арқа күйлерін де бірнеше күйшілер Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Жаппас Қаламбаев және Үрістембек Омаровтар сияқты көпшілікке танымал дәулескер күйшілер орындаған. «Бір кем дүние» осында Тәттімбеттің аты бар да Тотаң жоқ (тізімге назар салыңыз). Ал күй өнерінен хабары бар, құлағы түрік жұртшылық мұндағы біраз күйлердің атап айтқанда: «Қосбасар» (үш нұсқасы: «Бастау қосбасар», «Сән қосбасар», «Шер қосбасар»), «Саржайлау» күйлерінің Тәттімбетте де, Тоқада да бар екенінен хабардар. Белгілі күйші, өнер зерттеушісі Уәли Бекенов өз зерттеуінде: «Тоқа бозбала шағынан бастап-ақ Тәттімбеттің жолын қуып, күйлерін үйреніп, дәстүрін ұстаған. Ол Тәттімбеттің күйлері аттас келетін «Саржайлау», «Қосбасар» атты күйлердің бірнеше түрін шығарған. Осыны айыра білмегендіктен, кезінде Тәттімбеттің «Саржайлау» күйін Тоқаның күйі екен деген жаңсақ, шалағай пікір қозғаушылар болды. Ал анығына келгенде, «Саржайлау» мен «Қосбасар» күйлері Тәттімбет пен Тоқаның екеуінде де бар екені күйлердің түпнұсқасы арқылы дәлелденіп отыр. Бұл күйлер аталымы жағынан аттас болғанмен, табиғаты бөлек, құрылысы, ішкі мазмұны ерекшеленіп келетін тұлғалы шығармалар», – деп орынды атап өткен.
Осы бір зерттеуді одан әрі сабақтай түссек, атақты өнер зерттеушісі, композитор А.Жұбановтың мына бір пікірімен келісуге тура келер: «Бір айта кететін жай – «Қосбасар» Тәттімбеттікі емес, басқа кісінікі деген әңгімелер осы кезде жиі айтылып жүр. Біздіңше, ол әңгімелердің негізінде құжаттық шыңдық жатқан жоқ. Ал қазақ халқының күй қорында аты бір болғанымен, бірнеше адамның қолынан шыққан туындылар аз емес. Мысалы, Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерейдің, Түркештің «Байжұма» атты күйлері бар. Музыкалық жағынан олар бір-біріне үйлеспейді. «Балбырауын» аттас күй Қазақстанның әр жерлерінде кездеседі. Оның үстіне, осы кезде біз білетін «Қосбасардың оннан астам нұсқасы бар. Оның қайсысын кім шығарды деген сұрауға» күні бүгін ешкім де жауап бере алмайды. «Қосбасар» Тәттімбетте де, Тоқада да, Саймақта да, тағы басқаларда да болуы мүмкін», – деп нақтылай түседі.
Орны толмас өкініштердің бірі Арқа еліне мәлім, дау тудырмайтын Тотаңның төл күйлері «Азамат», «Боз айғыр» (жаздырған Ә.Хасенов), «Аққу» (жаздырған Ж.Қаламбаев), т.б. туындылар да тегі белгісіз күйлер ретінде «қазақтың халықтық сарындары» деп (мелодия, наигрыш) берілген. Шіркін-ай, әсіресе бір ғана «Аққу» күйін түпнұсқадан тыңдаса талай-талай жұмбақ-сырлардың беті ашылар еді-ау. Әрине, мұрағаттық құжаттарда Тотаң аты аталмауы саяси себептермен де байланысты. Ел арасында Тотаң Кенесары бастаған азаттық күресті қолдап, әсіресе Кенесары ханның Ақтау бекінісіне шабуылдау кезінде демеу болғандығы туралы деректер бар. Бір жағынан бұл да бір себеп болса, екінші жағынан «Тотаң Ақмола оязымен өте араз болып, ояз оның үстінен шағым жасап, Тоқаны бірнеше рет Омбының губернаторына шақыртқаны мәлім. Бұған Тоқаның екі жылдай Семей жағына жер аударылып, айдауда жүріп қайтқандығы дәлел. Қараңыз: (Дело о ходатайству Акмолинского губернатора об админстративной высылке из Акмолинского уезда киргиза Актавской волости Токи Чонманова с его сыновьями за противодействие властям при раскладке по датей. №13119. 29 сентября, 1893 г. (8). Бұл жөнінде Сәбит Мұқанов өзінің «Аққан жұлдыз» романында баяндап, Тоқаның Шоқан Уәлихановпен кездескендігі жәйлі былайша баядаған екен: «Талай күйшілермен кездескен Шоқанның есінде – жас та болса ел ішінде «Сайдалының Сары Тоқасы» атағына ие болған, жас мөлшері өзінен аз-ақ қалыңқы, томпақ көз, жирен түкті жігіт.
Тоқа өсе келе сотқар болып, өкімет оны жуық арада Семей жаққа жер аударған екен де, домбырашы сол айдауда жүріп, «Саржайлау» деген күй шығарған екен. Жерін сағыну тақырыбына шығарған бұл күй тыңдаушының тұла бойын ерітіп әкетеді. Шоқан да сөйтіп көзіне жас алды.
Тоқаның одан басқа: «Қосбасар», «Терісқақпай» деген екі күйі де ғажап екен. Бұл күйлерді тартқанда, домбыраның екі шегінің, сегіз пернесінің асты-үстін түгел сөйлетіп, нелер әдемі үндер шығарады. Сол үндерден Еуропаның ең көп дауысты аспабы – фортепьяноның барлық дыбысын естуге болады» деп тамсана жазады. Одан әрі Шоқанның шамалауынша… Мәселен, жау айдаған жылқыдан мекеніне қашқан боз айғырды жолда бес қасқыр қамап, солармен алысқан жылқының орқырай тістесіп, тепкілей тулап, арқырай кісінегенін баяндайтын «Бозайғыр» күйі сөз жоқ, Тотаңдыкі екендігі дау тудырмас (9, 171 б.). Себебі, Затаевич Қарқаралы ауданы, Мендеш болыстығының №3 ауылының қазағы Рақмет Аманбаевтан жазылынып алған «Бозайғыр» күйі «спокойно и мечтательно» деп сипатталған (10, 20 б.). Ал ашығына келсек, Тотаң белгілі қаламгер, дара ой-пікірімен қоғамнан оқшау күй кешкен Асқар Сүлейменовтің сөзімен айтсақ, «стандартты заманда стандартқа сыймай қалған адам». Тоқаның бір бет, тік мінезділігі, ешкімнің бет жүзіне қарамай іреп салатын уытты тілі бір жағынан дұшпандарын көбейтсе, екінші жағынан ел арасындағы беделін жоғарылатып, шоқтығын биікке көтерген. Мұның дәлелі ретінде ел арасына тарап кеткен мына бір шумақ өлеңдерден де байқауға болады:
«Бақтыбай Берден шықты төменгі елден,
Шоң шықты Дәулетбике деген елден.
Баласы бас Мейрамның бас қосқанда,
Ақылға Сары Тоқа Сізге келген».
Осы сөздің өзі-ақ бір ауыз сөзге тоқтап, сөз қадірін түйсіне біліп, тұшына сезінген бабалар ұрпағына айтпаса да, түсінікті шығар.
Осы ойымызды қорытындылай айтсақ, «соқтықпалы-соқпалы» дәуірде өмір сүрген Тотаң тағдыры Тоқатануға түрен салуға сұранып-ақ тұр. Бұған ол туралы жазылған бірен-саран мақалалар мен зерттеу еңбектер болмаса жүйелі түрде зерттелінген іргелі монографиялық еңбектердің жоқтығы дәлел (11, 173-181.). Сөз орайы келгенде айта кететін бір мәселе, жоғарыда аталынған «қорда» белгілі суырыпсалма ақын, сырнайшы, кезінде Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне (1936 жыл) қатысып, беташар арнау өлеңімен онкүндіктің шымылдығын ашқан Тайжан Қалмағанбетұлының (1879-1938) да бірде-бір әні кездеспеді. Бұл да болса саясаттың салқыны болар. Десе де, осы қазына-байлығымызды жат жерде қалдырмай қажет болса көшірмесі болса да алдырып, өз игілігімізге жарата алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Дәурен ЕСКЕКБАЕВ,
Алматы менеджмент университетінің
ғылыми қызметкері, т.ғ.к.
ПІКІРЛЕР1