ҒАСЫРЛАР КУӘСІ
ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі» атты көрме өтті. Көрмені Орталық музей Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының шешімімен Алматы қаласының 1000 жылдығы 2016 жылдағы мерейтойлық күндер тізіміне енгізілгені белгілі.
Алматы және Алматы өңірінің (Жетісу) Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Алматының мыңжылдық тарихы жайлы сөз қозғағанда археологтар ғылыми ортада қалыптасқан қала деген түсінікке сай әкімшілік билік, қолөнер мен сауда орталығы қалыптасқан кезеңді алға тартады.
Көрменің мақсаты – Алматының ежелден, сонау – қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғ. (Верный қ.) кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму, өркендеу жолын көрсету, яғни өткенді және бүгінгіні саралап, көрерменнің болашақты бағамдауына ықпал ету.