АБАЙҒА АБАЙ БОЛАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН…
05.08.2016
3152
0

838976_1812209410_144487Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

 

Ес кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме.

 

І. Орынсыз түзетулер Абай жас жігіт ке­зінде үлкендердің мәжілісінде отырып, ол кісілердің дін жөніндегі пікір-та­­ластарын үнсіз тыңдап отырады. Араб, парсы, шағатай харпімен жазылған кітаптарды еркін оқып және медреседен білім алған Абай дін жағынан аса сауатты болатын. Әдеп сақтағысы келіп үнде­мей отырса да, әрі-беріден кейін ақ­­­са­қал­­дардың ауа жайылғанын көріп, ерік­сіз сөзге араласады. Сонда ақсақал­дар:

– Уай, бала, сен не деп отырсың өзі? Әрі-беріден соң біз сенен гөрі Пайғамбар за­манына ілкім жақынырақпыз. Біздің дініміз де Пайғамбар дініне жақынырақ, сон­дықтан таза хәтта шын, – дейді. Сон­­­да Абай:

– Алатаудың басы күнге жақын. Бі­рақ басында ызғар шашып мәңгі мұз жа­тады. Ал етегінде алуан гүл шешек ат­ып, түрлі миуа жеміс береді, – деген ек­ен. Сол секілді біз Абай заманына іл­кім жақынырақпыз. Абайдың өзін көр­месек те, кешегі Мұхаңның көзі тірі­сін­де, Абайдың көзін көрген кейбір тірі куә­лардың, немере-шөбере ұрпақ­та­рының, кей шәкірттерінің көзі тірі­сін­дегі айтқан сөзін естіп, сол кезде басыл­ған кітаптарын оқып, жаттап өстік.

Еш өзгеріске түспеген Қытайда ба­сыл­­ған нұсқасын оқыдық. Менің қо­лым­­да 1945 жылы басылған нұсқа бар. Бұл нұсқа 1909, 1910, 1933 ж. нұсқалар бойын­ша басылған. 1909 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 5-ақ жыл. Ендеше он­ың сөзі соншалықты өзгеріске түсе қой­­маған, өйткені көзі тірі куәлар көп кез.

Енді келіп арада ғасыр өткенде, әл­де­бір ғалымның не доктордың, тіпті қа­ра­пайым доценттердің «Абай сөзі ол­ай емес, былай болу керек» деп өзгерте салуға хақысы бар ма? Өзгерту үшін дә­лелді себеп керек емес пе?Қалай қарасақ та неғұрлым көне басылым соғұрлым түпнұсқаға таяу. Ал жаңаланып басыл­ған сайын өзгеріске ұшырай берген екен. Сонау 1909 жылдан бері қарай, менің есебімше, 12-13 рет (мүмкін одан да көп болу) толықтырылып, «өңделіп» қайта басылған екен. Толықтырғаны жөн дейік, өйткені кейіннен де жаңа өлеңдер табылып жатты. Ал «өңделгенін» қалай түсінуге болады? Абайдың өлеңін кім «өңдейді»? Текстологияның ғылым еке­нін де, текстологтың ғалым екенін де білеміз. Бірақ кез келген ғылым нақты дәлелге сүйенбеуші ме еді, ғылымда ги­по­тезаға жол жоқ емес пе еді? Кейбір «өңдеушінің» пікірі мынау: «Мына сөз көркем емес, сондықтан ол сөздің орнына мына сөз болу керек».

Біріншіден, осыдан ғасыр жарым бұрынғы қазақ үшін қай сөз көркем, қай сөз көркем емесін сіз зерттеп пе едіңіз?

Екіншіден, Абай да жас ақын болды. Оның да ақындығының алғашқы албырт кезеңі болды. Ендеше Абайда бірде-бір көріксіз сөз жоқ деп кім айтты? Сонан соң мейлі қандай болса да ол Абайдікі ғой. Абайдың саман кірпіштен салынған үйін «көріксіз, Абайға лайық емес» деп бұзып тастап, орнына коттедж салып қойсақ, не саптамасының орнына кроссовка апарып қойсақ бола ма? Қара кірпіш болса да ол үй Абайдікі болғаны үшін, Абайдың табаны тигені үшін қым­бат емес пе. Кей сөздерге талас туғанда қазіргі 40-50 жас шамасындағы ақын-жазушылар, әдебиет мамандары­ның жалғыз дәлелі – «Қайым ағаның өзі солай деген» дейді. Қайым ағаның шәкірті болу бақыты бұйырып, оның алдын көріп, дәрісін тыңдап, өсиетіне адал болып, әруағын сыйлап жүрген азамат-азаматшалар көп. Мен де соның бірімін. Және бойымда қандай да бір білім, қа­сиет, талант, дарын болса, сол кісіге қарыздармын. Мен Қайым Мұха­мед­хан­ұлы, Қуандық Мәшһүр Жүсіпұлы, Ғари­фолла Есім, Шаяхметов, Қантаева, т.б. ұстаздардан сабақ алғанымды мақтан етемін. Әсіресе, Қайым ағадан Абайдың ақындық айналасы, Абай ұрпақтары мен шәкірттері, «Абай жолындағы» кейіпкерлер, Мұхтар Әуезовке қатысты «солақай сындар», Төлеу Көбдіков, Қуандық қыз, Тұржан, Жүзтайлақ, Әсет, Әріп, Сара ақындар, Шах-Керім, (Шә­кәрім) Алашорда және оның мүшелері жөнінде ешбір кітапта жоқ деректерді естіп өстік. Алашордашылар және Әуезовке, «Абай жолына» қатысты қазір жарияланып жатқан көп шындықты біз сол кезде (1969–1973) білдік. Тіпті бірде талай жылдар қырғиқабақ болып жүр­ген Сәбеңнің Семейге келген сапарында Қайымды іздеп келіп, кешу сұрағандай болғанын, сонан соң Қайым аға да шын ниетімен ақ жарылып үйіне шақырып қонақ еткенін де айтып еді. Абай тілінің текстологиясын да ең ұзақ және ең терең зерттеп өткен де сол кісі еді. Міне, менің алдымда осыдан 45 жыл бұрынғы үл­діреп сарғайған конспект дәптерім жатыр. «Абай тілі текстологиясы» курсынан. Қайым аға лекциясы.

…Әлі есімде. Орта бойлы, ақсары, кең маңдайы жарқырап, шаралы қоңыр көздері ақыл мен сабырға тұнған ұстаз кіріп келе жататын. Кірген бетте тү­ген­деу, тексерумен шаруасы да жоқ, лекциясын жалғастыра беретін. «Неге жаз­байсың, неғып отырсың» деген ескерту де естіген емеспіз, өйткені сту­де­нт­терді бақылап, қадағалап қарамайтын да. Бірақ оның қажеті де шамалы еді. Не ғажап екенін кім білсін – бір студент ол кісінің лекциясынан қалмайтын. Әрі-беріден соң қолтығы терлеп қыза шабар тұлпардай көсіліп, өзін де, айналасын да ұмытатын. Сол бір өзіне қымбат елес­тер мен естеліктер әлеміне сүңгіп кете баратын. Мұндайдағы бір әдеті танауы­ның оң жақ желбезегін екі-үш рет жебей сауып жіберетін. Кейін білдім, бұл әдет Мұхаңда болған екен.

Қайран ұстаз! Бүкіл болмысында бір түрлі ірілік, тумысында бекзаттық бар еді-ау. Кейіннен сол ұстаздан сабақ алға­нымыз біздің өмірлік мақтанышымызға айналды. «Қайымы бар Семейге басқа бақыт не керек» немесе «Қайымның дәрі­сін тыңдаған студенттің өзі бес минутсыз кандидат» деген мақтауларды да естідік.

Білімді көрінуге тырысу, сөз, пікір та­ластыруға құмарлық – студенттік шақтың «синдромы» емес пе. «Абайдың мына сөзі олай емес, былай» деп жаздырып жатады. Кейбіріне іштей келіспей­мін. Келіспегендерімнің астын сызып отырам. (Сол сөздер әлі асты сызулы тұр). Айтуға батылым жетпейді. Бірде батылсыздау ғана:

– Аға, ол олай емес сияқты, – деп ед­ім, маған төңкеріле, атырыла қарап, ештеңеге түсіне алмай:

– Не дейді мынау, не деп отыр өзі? – деп, қатты шамданып қалды. Мен жым болдым.

Бірде:

– Аға, Абай өлеңдерінің көбі қате болса, осы өзіңіз айтқандай ғып неге бастырмайсыз? – деп сұрадық.

– Алматы көнбей отыр ғой. Дәлел жоқ, гипотеза дейді, – деді. Содан біз көпке дейін сол «Алматыны» себепсіз ұнатпай жүрдік. Алматы дегені – Ал­ма­тыдағы ғалымдар шығар, тегі. Кейіннен сол «Алматы жібіп», 1977 жылы басы­лым­ға Қайым ағаның бірнеше түзетуле­рін (бәрін емес) кіргізіпті. Редколлегияда: З.Ахметов, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Дер­­­­­­бісәлин, М.Жармұхамедов, Қ.Сы­ды­қов, М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, М.Ма­ғауин. Жауапты редактор – Ы.Дүй­сенбаев. Ылғи мүйізі қарағайдай ғалым-академиктер. Алғысөзде 2 түрлі мақ­сатпен қайта басылды дейді:

  1. Ақын шығармаларының жаңа нұсқаларын табу, бұрыннан мәлім қорды толықтыру, канондық тексін жасау.
  2. Абай сөзіне, сөйлеміне, шумағына түзету, өзгерту енгізу, – дейді. Ғалым ағалар Абайды «түзететінін» ашық айтады. Әлде, «айтып істеген қылмыстың айыбы жоқ» деген рас па? Өзгертудің басы – қазірге дейін күллі қазаққа (әде­би әлемде ғана емес) дау болып жүр­ген.

– Махаббатсыз – дүние бостан – бас­талады. Осыған дейінгі барлық нұсқада осылай болып келген бос – досқа өзгер­тіледі (Бұл да Қайым аға пікірі).

Яғни:

– Махаббатсыз – дүние дос – болып өз­гертіледі.

Бұл өзгертуді жақтаушылардың дә­лелі:

  1. Бұл жердегі махаббат әйелге, қызға деген махаббат емес, Аллаға деген махаббат.
  2. Бос сөзін бір шумақта 2 рет қай­талай­тын Абайды кім дейсіңдер?
  3. «Қайым аға, Төкен аға солай деген»…

Біздің дәлел:

Біріншіден, Абайдың Аллаға махаббатты жыр еткен өлеңдері бары рас. Жал­пы Абайдың Жаратушыны тануы, мойындауы, Хаққа берілуі сол кездегі замандас молда – хазіреттерден, дін­ба­сылардан әлдеқайда жоғары, сауатты еді. Абай дінді ғылыми-философиялық негізде таныған. Мұсылман дінін ғана емес, басқа да діндерге өзінше талдау жасап, дін туралы Сократ, Аристотель, Софы Аллаяр ілімдерін оқып, имам-хазіреттермен тіпті орыс дінбасысымен пікір таластырған. Абайдың Аллаға сыйынуы – құр мүлгу не жаттанды сөзді зуылдату емес. Абай Алланың құдіретін, хикметін, хақтық шындықтың сәулесін, мәңгілігін сезінген адам. Сонан соң Абай ешуақытта дінге қарсы шықпаған. Ол тек дінді бұрмалаған шала сауатты қожа-молданың надандығына, қараңғы жұртты алдап соғып, аунатып жегеніне қарсы болды, соны сынады.

– Құранды молда теріс оқыр,

Дағарадай болып сәлдесі.

Көңілі надан бек соқыр

Бүркіттен кем бе жем жесі, –

немесе намазды бұзып теріс оқыған Абы­ралыға:

– Осы оқумен намазда

Қаншалықты сауап бар.

Тегін ойлап байқасаң,

Мұнда ми жоқ, құлақ бар, –

дейді. Сол секілді кезінде Қайым аға айтқан (кітапта жоқ) бір шумақ өлең бар еді. Ұмыттым. Тек «Көт жуғанға мәз болған байғұс молда» дегені есімде қа­лыпты. Ал бірақ Абай тек Аллаға махаббатты жазды деп, «махаббат» сөзі келген жердің бәрін Аллаға қатысты деп қа­расақ, масқара қателесеміз. Сонда Абай сезім – махаббатты, әйелге, қызға деген ынтызар, ғашықтықты жазбады ма? Ендеше ғасырдан-ғасыр өтсе де, әлі де не сәнін, не мәнін, не әрін жоғалт­пай, махаббат гимніне айналған «Көзім­нің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Жарқ етпес қара көңілім» неден туды? Қазір біз қазақ поэзиясына «Есениндік интимді» енгізген Мағжан десек те, Абайдан басталып тұр емес пе. «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі» соның дәлелі. Махаббатты сонша қастерлеген, өзі де махаббат зарын бір кісідей тартқан Абай, әйел затына құрметпен қарап, өзі төбе би болып тұрғанда «әйел ерге ризашылы­ғымен барсын, ері өлсе, мал-мүліктің үштен біріне ие болсын» деп заң шығар­ған Абай, тіпті өз баласы Мағауияға айттырылған қыздың басына бостандық берген Абай.

– Махаббатсыз – дүние бос, – демеуі мүм­кін бе? Екіншіден, өлеңді тұтас оқиық:

– Кейде есер көңіл құрғырың,

Махаббат іздеп талпынар.

Ішем деп бейнет сусынын

Асау жүрек алқынар.

Егер есер көңіл, алқынған жүрек кей­де ғана іздесе, ол Алланы іздеу ме? Тіпті осы сөздің сұрқының өзі иманға жат емес пе. Сезімге қатысты сөздер ғой. Аллаға қатысты айтқан жерінде тура осы жүрек, көңіл сөзін Абай қалай айтады? Оқы, салыстыр:

(Басқа өлең)

– Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі Хаққа қол емес.

Сонда сіздер, дауласушылар, есер көңіл мен алқынған жүректі Алла туралы айтылған деуге қалай ауыздарыңыз ба­рады? Оқырманды адастыруға ұял­май­сыздар ма? Сол секілді Аллаға қа­тыс­ты:

– Жүректің ақыл суаты

Махаббат қылса Тәңір үшін –

деп айтылған.

Енді «Махаббатсыз – дүние бостың» 2-шумағын оқиық:

Тартқан бейнет, аққан жас

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат – өмір көркі рас

Өлген соң ол да үндемес.

Осы жерде жүректің оты Аллаға қа­тысты сөз бе? Егер олай болса Аллаға деген махаббат өмірдің көркі ғана ма? Ол бүкіл өмірдің мәні болмай ма. Сонан соң «Өлген соң ол да үндемес» дейді. Аллаға деген махаббатқа өлім бар ма? Ол мәң­гілік емес пе. Ал адами махаббатта сату, сатылу да, өлу де, өшу де бар. Өйтпесе Абай:

– Қазымыр қатын сорлы екі арада

Екі өмірдің лайлап суын тұнық, –

демес еді. Ары қарай:

– Махаббатсыз – дүние бос,

Айуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос –

Қатының, балаң, досың бар.

Егер Аллаға махаббатты айтса, қа­тын мен баланың қатысы қанша? Бұл жерде Абай тіпті түгің болмаса, жарың, ба­лаң, досың бар, бақыт деген сол. Ал махаббатсыз дүние – қаңыраған бос тұлдыр дүние деген махаббатсыз адам – дүниеқұмар болады дегеннен әлде­қайда терең мағыналы емес пе. Оның үстіне махаббатсыз жұптасуды хайуани жұптасуға теңеуі Абайда басқа да жерде бар.

– Арасында бұлардың махаббат жоқ,

Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен, –

дейді.

Үшіншіден, «Бір шумақта бос сөзін 2 рет қайталайтын Абайды кім деп едіңіз?». Сонда бос сөзін екі рет қайтала­маса, дос сөзін неге екі рет қайталау керек? Тыңдаңыз: бос сөзі екі жерде келгенімен екеуі екі басқа мағына. Бірінші бос – сын есім, екінші бос – етістік. Тұлғасы бір, беретін мағынасы басқа – омоним сөз. Омонимдер екі сөйлем түгілі бір сөйлемнің ішінде де екі рет келе береді. Мысалы, Атты аңшы қоян атты. Бұл ешбір шеберлікке мін емес. Академияны оқымаса да, Абай қазақ сөзінің сөлі мен заңдылығын ішкі түйсігімен, тектілік генімен-ақ меңгер­ген ғой. Сондықтан еш жерінде тіл заң­ды­лығы дөрекі бұ­зылмай, «теп-тегіс жұмыр» келіп тұрады. Керісінше, дос екі рет қайталану – тіл заңына қайшы. Өйткені екі жерде де атау тұлғадағы зат есім.

Төртіншіден, Сіз оқыған Қайым да, Төкен де менің де ұстазым. Ұстазды сыйлау – көзсіз мүлгу емес. (Ескерту: бұдан былай осы сөз төңірегінде дауласушылар болса, тап бастырмайтын басқа ұрған дәлелмен келсін. Болмаса «Ақсақал айтты, бай айтты, кім болса мейлі сол айтты» деген дәлел емес).

Қайым ағаның мен келіспейтін келесі түзетулері:

Сіз – қырғауыл жез қанат

Аш бетіңді, бері қарат –

дегенді

Ұш, бетіңді бері қарат –

деп алуы.

Жоғарыдағы топ мұны қабылда­мап­ты. Қабылдамағаны дұрыс деп ойлаймын. Бірақ былай дейді:

– Т.Әлімқұловтың айтуы бойынша, семейлік Қасиманов Садық деген қария «Аш бетіңді емес, ұш бетіңді» болу керек. «Қырғауыл пәрәнжілі келіншек емес бетін ашатын депті» дейді. Сонда семейлік болса болды, көрінген шал Абай өлеңін түзете бере ала ма? Бірақ тура осы сөзді өз лекциясында бізге Қа­йым аға айтқан, лекция дәптерімде жаз­улы. Сонда бұл Қасиманов қариянікі ме әлде Қайым ағанікі ме. Кімдікі болса да дұрыс емес деген дауымыз бар. Себебі: өлең қырғауыл жайында емес, қыз жайында. Қызды қырғауылға теңеу – көр­кем образ. Абай заманында қыздар пәренже кимесе де, бөтен адамдар арасында басына шапан бүркенген. Дәлел: «Абай жолы» романында Абаймен оңаша ауыл сыртында жолығуға келген Тоғжан қара шапан бүркеніп келуші еді ғой. Ділдәнің ұзату тойында «қара жібек шапан бүркенген» қалыңдық жүзін Абай көпке дейін көре алмаушы еді ғой. Абайдың сүйікті ұлы, оқыған жас жігіт Әбіш Ноғай Махмұт ауылына күйеу­шілеп ұрын келіп жатқан шағындағы жастардың кешкі бір серуені былай суреттелуші еді: «Жеңіл, әсем қара жібек шапан бүркенген Мағыш сұңғақ бойы өзіне тең келген Мәкенді шапанының астына тартты». «Бетіңді аш» деген сөзді әйелге айтпаса, Абай:

– Ақ тамақ, қызыл жүз

Қарағым, бетіңді аш

– Аш бетіңді, бері қарат,

Тамағыңнан айқайлат, –

дегенді қалай жазды? Келесі:

– Майданға түспей, бәйгі алманы –

– Майданға түс, – бәйгі алма, –

деп түзетеді.

– Аға-ау, майданға түсіп жеңіп, сонан соң ғана бәйге алмай ма, – десек:

– Е, жеңсе, кім бәйге алмайды. На­ғыз ер болсаң, майданға түс, жең, бірақ бәйгі алма. Еңбегіңді бұлдама деген сөз, – дейді ұстаз. Мен сонда келіспегем, әлі келіспеймін. Себебі қазақ салтында бәй­гені алмай кету жоқ. Тіпті жомарт болса, алып, басқа біреуге сыйлайды. Со­нан соң Абайдың:

– Өнімсіз іске шеп-шебер

Майданға түспей несі өнер, –

деген де өлеңі бар. Осыны «Майданға түс, несі өнер» десек өлең болмай қалады ғой. Келесі:

– Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

Осыны Қайым аға:

– Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ, деп өзгерткен. Көңіл ашу – ән, өлең, жыр, күймен не әзіл әңгімемен топтың көңілін көтеру. Көзді ашудың мағынасы әл­деқайда терең. Ол надандықтан, сауатсыздықтан, құлдықтан құтқару, білім беру, хат таныту деген сөз. Ендеше тағы да Абайдікі дұрыс.

Абайдікі:

– Байда – мейір, кедейде – бейіл де жоқ.

Аңдыстырған екеуін құдайым-ай.

Қайым аға:

– Байда – бейіл, кедейде – мейір де жоқ.

Бай мейірімсіз болған соң, оның жұмысын кедей пейілсіз (ынтасыз) істеуі ақылға сияды. Ал бай кедейден мейірім күтуші ме еді? Тағы да Абайдікі дұрыс.

Абайдікі:

– Көре тұра қалады қашқан түлкі;

Құтылмасын білген соң құр қаш­қанға.

Қайым аға:

– Кере тұра қалады қашқан түлкі, –

деп түзетеді. Неге десек:

– Е, қыран сорғалап құйылып келе жатқанда, түлкі екі аяғын керіп тұра қалады, – дейді. Егер ұстаз тірі болғанда, мен былай дер едім:

– Аға-ау, өзін бүргелі қыран төніп келе жатса, түлкі керіліп тұрушы ма еді? Ол подиумда тұрған қыз ба керіліп тұратын. Менің дәптерімде қалған Қайым аға түзетулері осылар екен. Ал мына түзетулер сол кісінікі ме, басқанікі ме – білмеймін. Бірақ бұлар да келісуге болмайтын түзеулер:

– Кемпір-шалы бар болса қандай қиын

Бір жағынан қысқанда о дағы азнап,–

деген жол.

– Бір жағынан қысқанда жел де азынап, деп түзетіпті. Мұны түзеткен адам «Кем­­пір-шал азынаушы ма еді, жел ғой азы­найтын» деп топшылаған болу керек.

Ең әуелі өлеңнің жазылу тарихына үңілейік. Абай бұл өлеңді Тәкежан мен жатақтардың дауы тұсында, Тәкежан ауылына барғанда жазған. Күздің қара дауылында қараша үйден пана таппай, басына қап жамылып, екі немересін етегінің астына паналатып отырған Иіс кемпірдің күйін көріп жазған. Сорлы кедейдің үйіндегі көзі іріңдеген аш бала, аурулы кәрінің жайын нақ өмірден алып жазған. Болмаса жел соқса болды, кемпір-шал қиналады деп тұрған шақ. Қаңтардың ақ бораны соқса да, бай үйіндегі кемпір-шалдың несі кетеді? Келесі:

– Тотықұс түсті көбелек,

Жаз болса сайда гулемек, –

дегенді:

– Жаз сайларда гулемек, –

деп өзгертеді. Абай сайды сайлар де­мей­ді. Ондай әдеті болса неге «ауыл­дың жаны – терең сайлар» демейді. Осы жер­де қазіргі қаламгерлер, әсіресе, ақындар үшін ескерте кететін бір жай бар. Қазақ тілінде саны белгісіз және санап білу мүм­кін емес зат есімге көптік жалғау жалғанбайды.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір