Жанғара ДӘДЕБАЙҰЛЫ. АЛТЫННАН АРДАҚТЫ
19.11.2026
41
0

Елдің өсер өркеніне игілікті білім беріп, ұстаздық ету – ең бір ардақты, аяулы жұмыс. Жас өркенге игілікті білім беруші ұстаз – ең бір ардақты, аяулы адам. Оның мәнісі байырғы әңгімелерде мына мазмұнда баяндалады: аспандағы құстар, жер бетіндегі жан-жануарлар, судағы балықтар мен індегі құмырсқаларға дейін ұстаздың шәкірттеріне бермек үшін ізгі ниетпен іздеген ілімі мен білімін адаспай табуын тілейді.

Сонда періштелер аспанның төменгі бір жіптің бойына тізілгендей болып, аспандағы құстар мен қырдағы аңдардың, жан-жануарлар мен жәндіктердің, судағы балықтар мен індегі құмырсқалардың осы тілегі Жаратқанға жетсе екен деп қанат­тарын тынымсыз қағып тұрады. Ел игілігі үшін ілім, білім іздеген білімпаз қапелімде қателесіп қалса, көк пен жердегі жан иелері білімпаздың осы қателігін кешіруді жаратушысынан жалбарынып сұрайды деседі.
Ғұлама ұстаз бен білім алушы шәкірт, білім туралы осы ұғым біздің халқымыздың дәстүрлі дүниетанымында жарқын үлгіде көрініс тапқан. Мәселе халық танымындағы осы қағиданың өзегіндегі мазмұн мен мағынаның, тілек пен ниеттің сүттен ақ, судан таза қасиетінде. Ұлы ұстаз, ғұлама ғалым тұлғаның шәкірттеріне берер ұлағатында, жұртқа ұсынар ғибратында осындай қасиеттің нұры тасып тұрады. Бірақ мұндай ұлық ұстаз өмірде өте сирек, бірен-саран ғана болатынға ұқсайды. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан жоғары мектебінде шәкірттеріне берген ұлағаты, жұртқа ұсынған ғибраты қасиет нұрымен толып-толықсып, шоқ жұлдыздай болып шалқып тұрған жарқын да жайсаң тұлғалардың бірі ұстынды ұстаз, ғұлама ғалым Темірбек Қожакеұлы болатын. Ол – заманының ұлық ұстазы, ғибратты ғұламасы, оқу ісінің озат ұйымдастырушысы болумен бірге әрі журналист, әрі жазушы, тамаша шығармашылық тұлға, қайырымды да мейірімді, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған асыл адам еді.
Темірбек Қожакеұлының ұстаздық өмірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде өтті. Осы факультетте оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан болып жарты ғасыр бойы қызмет етті. Білімін, тәжірибесін, үлгі-өнегесін журналист болуды армандаған жастарға берді. Филология факультетінің студенттеріне 1973 жылы «Қазақ сатирасы» атты арнаулы курс оқыды. Менің білуімше, бұл Темірбек ағамыздың филология факультетінің студенттеріне оқыған айрықша ажарлы курсы болды. Темкеңнің күш-қуатының қайнап тұрған кезі. Жүріс-тұрысынан, үнінен, лекция оқу мәнерінен ғана емес, лекциясының мазмұнынан да ерекше серпін, шиыршық атқан күшті ерік-жігер лебі сезілетін. Алғашқы бірер лекциядан кейін-ақ лектордың сөзі тау суындай арындап жүре берген. Бірде сатира туралы ойын алыстан сермеп, мысалдап жеткізеді. Бірде турасын бір-ақ айтады. Ұстаздың сондағы дәрісінен көңілімде жатталып қалған бір үзік ойды осы күнге дейін ұмытпадым. Ол мынадай:
«Сатираның қос қанаты бар: бірі– ақыл, екіншісі – сын. Ақыл жоқ жерде сын болмайды. Сын болмаған жерде ақыл да тұрмайды. Ал сынның атасы – сатира. Сатира – қос ауыз мылтық: бір аузында – ақыл, бір аузында – сын…»
Осылай буырқанып ағады. Сөздерінің бірі – сын, бірі – ақыл, ойларының бірі – от, бірі – шоқ. Сонда айтып тұрған қос ауызы мылтық та емес, сатира да емес, ұстаздың өзі секілді көрінетін.
Біз, осылайша, Темағаның арнаулы курсын бір семестр оқыдық. Қазақ сатирасының тарихы, сатиралық жанр, оның теориясы, сатиралық сарын, сатиралық бейнелеу құралдарының көркемдік-эстетикалық қызметі туралы дәріс тыңдап, әде­биет жайында жинаған білімімізді байыттық. Абайдың сатирасының тереңдегі мәнін түсіндік. Заманауи қазақ сатирасының даму бағыттарымен таныстық. Содан кейін ол кісі біздің аудиторияға келмеді. Келесі семестрде басқа пәндерді оқып, басқа лекторларды тыңдадық. Аты алты алашқа белгілі ғұламалар, жазушы-ғалымдар, академиктер де дәріс берді. Әрқайсысының өз ғылыми бағыты, өз мінезі бар, лекция оқу мәнері де ерекшеленіп тұрады. Сол алып тұлғалардың қатарында Темкеңнің өзі де, дәрісі де әдептен озбай, тереңнен қозғаған сазымен ойымызда қалып қойды.
Ұстаз азаматтық ғұмырын университет аудиториясында шәкірттеріне дәріс берумен өткізді. Шәкірттеріне терең білім беріп қана қоймай, олардың алған білімін ел игілігіне, қоғам қажетіне жұмсай білу құзыреттілігін қалыптастыруға қол жеткізді. Шәкірттің игілікті білім алуы және алған білімін ел игілігіне, қоғам қажетіне жұмсай білу құзыреттілігінің қалыптасуы ұстаз үшін екі түрлі мақсат емес, екі қырлы, бір сырлы бірбүтін және ұлы мақсат болды. Темкең – ұстаз ретінде осындай ұлы мақсатына жеткен жан.
Ұлттық университет аудиториясында дәріс оқу абыройлы, бірақ оңай жұмыс емес, ал тіл өнері туралы Т. Қожакеұлынша дәріс оқу қиын ғана емес, қиынның қиыны десек болады. Сөз өнері туралы болашақ сөз мамандарына білім беру, ол білімді болашақ маманның ел игілігіне пайдалану құзыреттілігін қалыптастыру үшін телегей-теңіз ілім, күн көзіндей ішкі жарық пен қуат керек. Мұның бәрі ұстаздың пешенесіне жазылған ғұмыр-уақытын, таңның атысынан күннің батысына дейінгі жарық пен жылуды түгел жұтып қоятын толассыз еңбекті, бейнетті талап етеді. Өйткені сөз өнері – адам өмірінің жарығы мен қызуы, адамгершілік негізінің асыл сәулесі: жанның шындығы, жүректің сыры. Жанның шындығы мен жүректің сырынан ұшқан сәуледе шек те, шет те жоқ. Оның ұшын ұстау, ұштығына жету мүмкін емес. Сөз өнері профессорының бір лекциясының бір ғасырдың жүгін көтеріп тұрғандай болатынының, бір күнінің бір ғасырдан ұзаққа созылатындай болатынының мәнісі осында.
Сөз өнерінің профессорына өз пәнін жете білу жеткіліксіз, оны жанмен түйсініп, жүрекпен сезіну қажет, жанын жалау етіп, шын жүректен сөйлеуі шарт. Ол үшін профессорға ет-жүрек емес, жан-жүрек керек. Профессор Темірбек Қожакеұлының көкірегінде жан-жағына жарық пен шуақ таратып тұрған жүрек те, ет-жүрек емес, жан-жүрек еді.
Темірбек Қожакеұлының жан-жүрегімен сүйіп, ардақ тұтып, шәкірттеріне, айналасына, ел-жұртына ұсынған ұлы насихаты биік мағынадағы адам болу, елдің рухани байлығы, асқақ рухы туралы еді. Өркениетті елдермен иық теңестіру дәрежесіне жету үшін зор рухани байлық, асқақ рух керектігін ескертетін. «Халық рухының асқақтығы – алдырмас қамал, тәуелсіздіктің тапжылмас тас тұғыры» деп ақыл беретін. «Биік мағынадағы адам болудың басты көрінісі елдің елдігін ойлау, жұрттың жоғын жоқтау, халық үшін қызмет ету» деп жол көрсететін. Өз күшіне сенген адам ғана арлы, намысты, әділетсіздікке қарсы бітіспес күрескер бола алатыны туралы ғибратын айта келіп, білім алушы жастардың алдында: «Көп оқып, көп тоқыған, білгені мол адам ғана өзіне өзі сенеді» деп тұжырым жасайтын.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қуғын-сүргіннің суығына бой алдырмады. Одақ тарап, еліміз егеменді, мемлекетіміз тәуелсіз даму жолында елеу­лі жетістіктерге жеткен ХХІ ғасырдың басында, өмірінің соңғы жылдарының ызғарына қарамастан, Темірбек Қожакеұлы көп көріп, көп білген көсем кісі қалпында қалды. «Әркім өзіне ие болуға, жалтақтық, жағымпаздық жасамай, өз ары, өз намысы алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс, – деп тура сөзін айтты. – Өз қадір-қасиетін, өз құнын, басқаның да ар-ожданын қастерлеуі қажет, – деп тура сөзін толықтыра түсті. – Өмірден адам боп, азамат боп өту парыз екенін еш уақытта ұмытпағаны абзал», – деп және ескертті.
Ұлағатты ұстаздың өзінде де, сөзінде де, ісінде де халық рухын ардақтаудың, ел абыройын аялаудың, азаматтың ар-ожданын қастерлеудің асқан үлгісі бар еді.
Темағамыздың ғылыми ізденістерінің кеңістігіне тән басты қасиет – тереңдік. Мәдени-әлеуметтік маңызы мен мәні зор іргелі ғылыми мәселелерді зерттеп, нәтижесінде тұтас бір бағыт, ерекше әлем ашқан ғұламаның өмірі мен шығармашылығында тереңдік те, биіктік те бар. Мұндай тереңге бойлау үшін, Темкеңе тән талант керек. Сол биікке қол жеткізу үшін, Темкеңе тән қанат қажет. Ондай талантты, ондай қанат­ты тұлға алдағы күндер көгінен табылмаса, біздің көз алдымызда тұрған бүгінгі бойлық пен ендіктен енді қайта көріне қоймайтынға ұқсайды. Темкең кісі ретінде, ұстаз ретінде қандай дара тұлға, бірегей, бүтін болмыс болса, ғылымда да сол ерекшелігімен дара болып қалды.
Ұстаздың ғылыми-зерттеу еңбектерінде, көрнекті көсемсөздерінде, оқулықтары мен оқу құралдарында, аудиторияда оқыған дәрістерінде баяндалған ойлар мен толғаныстарды, ғылыми тұжырымдар мен пікірлерді бойына сіңіріп, ойына қондырып, игілігіне жаратып, қазақ журналистикасының, қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің сан лек мамандары, шығармашылық тұлғалар, ғалымдар мен ұстаздар, қоғам және мемлекет қайраткерлері өсіп, жетілді.
Темірбек Қожакеұлы – Қазақстан жоғары мектебі мен ғылымының дамуына аса үлкен еңбек сіңірген, қоғамдық сананың жаңғыруы мен жаңаруына зор үлес қосқан көрнекті білім және ғылым қайраткері. Ол ғылыми-шығармашылық, ұстаздық өмірінің ұзына бойында Қазақстан журналистикасының талантты да дарынды шығармашылық қайраткерлерін тәрбиелеуге, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге, қоғамдық сананың жаңаруына, ұлттың тарихи есінің сақталуы мен жаңғыруына қызмет етті.
Темірбек Қожакеұлы жоғары білімді журналистер даярлау саласындағы басқару және ұйымдастыру, білім және тәлім беру ісіндегі айрықша қызметімен Қазақстан жоғары мектебінің мәртебесін биіктетті, жоғары білімді мамандар даярлау сапасын бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерді. Бұл – үлкен жетістік, елдің жетістігі. Бұл – баға жетпес интеллектуалдық байлық, ұлттың байлығы. Мұндай жетістік пен мұндай байлықты алтынға айырбастап алу мүмкін емес, күміске сатып алуға болмайды. Темкеңнің қазақ журналистикасының, қазақ мәдениетінің, Қазақстан жоғары мектебінің, Қазақстанның ғылымы мен білімінің дамуына, қоғамдық санасының жаңаруына қосқан үлесі, сіңірген еңбегі алтыннан ардақты.
Жоғары білімді мамандар даярлаудың сан түрлі қиындықтары бар. Нағыз журналист-мамандарды даярлау – қиынның қиыны. Өйткені ұлттық университет аудиториясында отырған әрбір жас – қоғамның, елдің, мемлекеттің әлеуметтік, саяси қызметінің болашақтағы қолдаушы, қозғаушы, бастаушы тұлғасы. Оларға білім беруші ұстаздың ұлағаты Прометей отындай лаулап жануы шарт. Профессор Темірбек Қожакеевтің шәкірттеріне берген ұлағаты осындай от болып лаулап, қараңғыны жарып, жол көрсетіп тұрды. Профессордың өзі өтті, ол жаққан ілім оты өшкен жоқ, Қазақстанның жоғары білім беру ісінің, әдеби, мәдени, саяси қызметінің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген шәкірттерінің жүрегінде күнсіздерге күн болғандай, жер жүзіне нұр болғандай лаулап жанып тұр.
Мемлекет тарихында, ел өмірінде ғылым мен білімнің дамуына, қоғамдық сананың жаңаруына үлгілі үлес қосудан артық ардақты еңбек болмайды. Өйткені мұндай еңбектің жарығы мен қызуы тұтас елге тарайды, оның игілігін халықтың бір буын ұрпағы ғана емес, осы шағы мен болашағы бірдей көреді. Темірбек Қожакеұлының өнегесі, Темірбек Қожакеұлының ұлағаты еліміздің бүгіні үшін де, ертеңі үшін де игілікті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір