ШЫМКЕНТТІК ЖАС МАМАН КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІМЕН МАПАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ
03.11.2026
40
0

Қытайдың Шанхай қаласында өткен WorldSkills Shanghai – 2026 халықаралық чемпионатында Қазақстанның намысын қорғаған Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің түлегі Нодирбек Рустамханов кәсіби шеберлігі үшін медаліне ие болды.

Ол «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша бақ сынап, әлемнің әр елінен келген жас мамандар арасында өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті.
Жалпы, Қазақстан құрамасы WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында сегіз марапат иеленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмысшы мамандықтарын дамытуға және білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, жастардың сапалы кәсіби білім алуына жаңа мүмкіндіктер жасалып жатыр.
Шанхайдағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сегіз марапатқа ие болды: бір қола медаль, кәсіби шеберлігі үшін алты медаль және «Best of Nation» марапаты. Бұл нәтиженің артында студенттердің табанды дайындығы, тәлімгерлерінің еңбегі және мемлекеттің кәсіби білім беруге көрсетіп отырған жүйелі қолдауы тұр.
«Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша Руслан Нестеренко қола жүлдегер атанды. Бұл бағыт әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Қазақстандық жас маман алғашқы жарыстың өзінде жүлделі орын алып, жаңа технологияларды меңгерудегі әлеуетін көрсетті.
Кәсіби шеберлігі үшін медальдарды Ағыбай Мұхаметжан («Веб-технологиялар»), Нодирбек Рустамханов («Сантехника және жылыту»), Вадим Витковский («Дәнекерлеу технологиялары»), Дарья Мельник («Өнеркәсіптік дизайн»), Бағыжан Қойшыбаев («Графикалық дизайн»), сондай-ақ «Мехатроника» бойынша команда болып қатысқан Рамазан Нұрлан мен Денис Панин иеленді.


«Цифрлық интерактивті медиа дизайны» құзыреттілігі бойынша бақ сынаған Камила Алиева «Best of Nation» марапатына ие болды.
48-мәрте әлем чемпионатында Қазақстан атынан 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студенті қатысты. Олардың жетістігі қазақстандық жастардың жұмысшы мамандықтарында да, инженерлік, цифрлық және шығармашылық бағыттарда да әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Шымкент қаласының білім басқармасы мен Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен чемпионатта Қазақстан Республикасының намысын қорғаған Ұлттық құраманы арнайы қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты қарсы алу рәсіміне «TALAP» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Президенті Галия Ногаевна Дәулетова қатысып, Қазақстан құрамасын жылы лебізбен қарсы алды.
Бұл – отандық техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін айқындайтын маңызды жетістік. Байқауда ел намысын абыроймен қорғаған маман. Шымкент қаласының халықаралық аренадағы беделін көтеріп, шаһар мерейін үстем етті.
Шымкент қаласының білім басқармасы, қазақ елі жеңімпаздарды осы айтулы жетістігімен құттықтап, алдағы кәсіби жолына толағай табыс тілейді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір