Маман даярлаудағы кластерлік жүйе жетістігі
24.09.2026
62
0

Ел ертеңінің басты тұлғасы – бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан бүгінде мектепте берілетін білім мен тәрбие, кәсіби бағдар жұмыстарының маңызы зор. Жалпы білім беру саласы баланың өзіндік жалпы дамуын, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз етумен қатар оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау мақсатын көздейді. Қоғамдық даму күрделене түскен қазіргі күні баланы жастай кәсіпке бағыттау басты назарда болар мәселеге айналып отыр. Бұл дегеніміз – өскелең ұрпақты мектеп қабырғасынан өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа бағыттай білу. Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында атап көрсеткендей, «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс».

2025 жыл Президент жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылатынын айта келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс.
Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауап­кершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда еліміздегі ауыр индустрия кәсіпорындары шоғырланған өндірісті өңірдің бірі – Қарағанды облысында жалпы орта және арнаулы білім беру саласында сан салалы өнеркәсіптің сұранысын ескере отырып, жеткіншектерді мектеп жасынан белгілі бір мамандықтарға бағыттап, даярлауға баса назар аударылып отыр.
Кәсіпке баулу – бұл жастарды халық шаруа­шылығына, жекелеген салаларға қажетті мамандықтарға деген сұранысты ескере отырып, әрбір жеке тұлғаның өзіндік қабілет-қарымы мен қызығушылығына қарай мамандық таңдауға дайындаудың ғылыми негізделген жүйесі. Осы тұрғыда Қарағанды облысының орта арнаулы білім беру саласы кадр даярлаудың кластерлік үлгісі негізінде жұмыс істеуде. Бұл саладағы колледждерде білім беру үдерісі нақты салалар мен жұмыс берушілер үшін қажетті мамандықтарға деген сұраныс ескеріле отырып ұйымдастырылады. Қазіргі таңда өңірде құрылыс кластері мен IT-альянс құрылған. Бұл туралы жаңа оқу жылы қарсаңында өткен облыстық білім саласы қызметкерлерінің «Жаңа халықтық Конституция нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды. 2026–2027 оқу жылында жаңа жүйеге колледждер, кәсіпорындар, бейінді ұйымдар мен құзыреттілік орталықтары қатысады. Мұндай кластерлік тәсіл мамандарды тікелей түрлі шаруашылық салалары мен өндіріс атаулының нақты талаптарына сай даярлауға үлкен мүмкіндік береді.
Тамыз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев келтірген мәліметке қарағанда, бүгінгі күні облыста дуальды оқыту жүйесімен 37 колледж, 464 кәсіпорын және 8 мыңға жуық студент қамтылған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша экономиканың қажеттіліктері мен жұмысшы кадрларға деген сұраныс ескеріле отырып қайта қаралуда.
Қарағанды мен Теміртау колледждерінің базасында бейінді құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Мұнда білім беру үдерісі заманауи өндіріс талаптарына барынша жақындатылған.
– Кластерлік тәсіл кадр даярлау мәселесіне кеңірек қарауға мүмкіндік береді. Біз осы аса жауапты міндеттің айналасына колледждерді, жұмыс берушілер мен салалық ұйымдарды біріктіреміз. Осының арқасында әрбір білім алушы жас оқу үдерісі кезінде-ақ болашақта қай жерде және қандай стандарттар бойынша жұмыс істейтінін жақсы түсінетін болады. Біз үшін басты нәтиже – дипломды маман даярлап шығару ғана емес, түлектеріміздің кепілді түрде жұмысқа орналасуы, маманның еңбек нарығында сұранысқа ие болуы және жұмыс орнында орнығуы, – деді Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Басқарма басшысы атап өткендей, мамандарды даярлау сапасы халықаралық және ұлттық бағалау нәтижелері бойынша да сараланады. Облыстың жеті колледжі халықаралық аккредиттеуден өткен. WorldSkills Kazakhstan 2025 ұлттық чемпионатында өңір құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орын алып, бес алтын және жеті күміс медаль, сондай-ақ кәсіби шеберлік үшін берілетін 14 медальонды жеңіп алған.
Қарағанды облысының екі студенті WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енді.
Жаңа оқу жылында өңірде жұмыс берушілермен бірлескен жұмысты жалғастырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту, сондай-ақ техникалық және жұмысшы мамандықтар даярлау бағытындағы жұмыстың сапасын арттыру шаралары бірінші кезекте қолға алынбақ. Сонымен қатар халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және кластерлік модель аясын кеңейту көзделіп отыр.
Өндірісті өңірдегі маман даярлау саласында қолға алынған жаңа жүйенің аясында жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде осы үдеріске тартылған жеткіншектер жақсы жетістіктерімен қуантуда. Сондай атап айтарлық жаңалықтың бірі – қарағандылық оқушылардың жерасты шахталарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жобасы. Қарағандыдағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының төрт оқушысы өздері әзірлеген бұл жобаны Technovation Girls халықаралық IT-жобалар байқауында таныстырады. Asian Sharks атты бұл команда SAMRUQ.AI жобасымен жоғары санат – Senior Division бойынша финалға жолдама алған Қазақстанның жалғыз өкілі атанды.
Жерасты шахталарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында оқушы қыздар тау-кен өндірісіндегі нақты қауіп-қатерлерді ескере отырып әзірлеген SAMRUQ.AI жобасы – шахталардағы жағдайды бақылауға арналған оқу-инженерлік прототип. Жүйе датчиктерді, сымсыз байланысты, цифрлық платформаны және жасанды интеллектіні бір арнаға біріктіреді. Ол шахтадағы микроклиматты, түтін мен түтінденуді, дірілді бақылап, қауіп деңгейін бағалауға мүмкіндік береді және жер астындағы жағдай туралы ақпаратты диспетчерге жедел жеткізеді. Жүйенің жеке модулі шахтаға кірген және одан шыққан адамдарды автоматты түрде санайды. Бұл төтенше жағдай кезінде жер астында қанша адамның қалғанын қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, прототип 350-ден астам сынақ пен калибрлеуден өткен. Сонымен қатар команда жүйені Қарағандыдағы жерасты оқу шахталарында екі рет сынақтан өткізген.
– Қолданыстағы қауіпсіздік жүйелерін зерт­тей келе, бірнеше мәселенің бар екенін анықтадық. Олардың көпшілігі апат болғаннан кейін ғана әрекет етеді, сондай-ақ опырылу немесе жарылыс кезінде зақымдалуы мүмкін кабельдік байланысқа тәуелді. Бұған қоса, мұндай жүйелердің құны 2 миллион долларға дейін жетуі мүмкін. Ал адамдарды қолмен түгендеуге 45 минутқа дейін уақыт кетеді және дабылдардың бір бөлігі жалған болып шығады. Біз қауіп-қатерді алдын ала бағалауды, деректерді сымсыз беруді, адамдарды автоматты түрде санауды және жалған сигналдарды сүзгіден өткізуді бір жүйеге біріктіргіміз келді. SAMRUQ.AI осылай пайда болды, – дейді команда капитаны Адия Шамелова.
Биылғы маусымда Technovation Girls байқауына 130 елден 12 мыңнан астам қыз бала қатысты. Үндістанның Бенгалуру қаласында өтетін әлемдік финалға 15 команда жолдама алды.
Asian Sharks – соңғы сегіз жылда жоғары санаттағы финалға шыққан Қазақстанның алғашқы командасы.
– Команда үшін бұл тек әлемдік финалға шығу ғана емес, нақты мәселені зерттеп, оның нәтижесіне қатысты өз шешімін әзірлеп, оны сынақтан өткізуге дейінгі аралықта жасалған ауқымды еңбектің мойындалуы. Әсіресе қыздардың біздің өндірісті өңірдегі адам қауіпсіздігімен тікелей байланысты тақырыпты таңдауы маңызды. SAMRUQ.AI-дің әлемдік финалға жолдама алуы жергілікті мәселені шешуден басталған мектеп жобасының халық­аралық деңгейге шығуға болатынын көрсетеді, – дейді KINERGY қоғамдық қорының директоры Динара Әлімова.
Айта кетейік, Қазақстанда Technovation Girls бағдарламасы 2016 жылдан бері KINERGY қоғамдық қорының, сондай-ақ еріктілер мен менторлар қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде қазақстандық оқушы қыздар өздерінің технологиялық жобаларын әзірлеуге, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және өз идеяларын халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алды.

                                                                                                                                                                                                                                                                                             Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір