ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Астанада 2026 жылдың 29 қарашасы күні қалалық мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.

Елорда тұрғындары дауыс беретін сайлау учаскесін қазірден бастап біле алады. Осы мақсатта онлайн сервистер мен iKomek бірыңғай байланыс орталығының қызметі қолжетімді.
Сайлау күні қиындық туындамас үшін тұрғындар сайлаушылар тізімінде өз мәліметтерінің бар-жоғын алдын ала тексеріп, дауыс беретін учаскесінің мекен жайын нақтылай алады.
Өз сайлау учаскеңізді келесі тәсілдермен білуге болады:
* sailau.astana.kz ресми сайты арқылы;
* Telegram желісіндегі «Сайлау Астана» чат-боты арқылы;
* 109 нөміріне хабарласып, iKomek бірыңғай байланыс орталығы арқылы.
Сайлау күні учаскеңізге жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды алып баруыңыз қажет.
ЗАҢСЫЗ НЫСАНДАРҒА ЖОЛ ЖОҚ
Елордада сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заң талаптарын бұза отырып салынған заңсыз тұрғын емес нысандар бұзылады.
Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (МСҚБ) жоспардан тыс тексеру жүргізгеннен кейін нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Алайда нұсқама орындалмағандықтан, заңсыз салынған нысанды бұзу туралы сотқа талап-арыз жолданды. Іс қаралғаннан кейін сот шешімін орындау жұмысы басталды. Қазір басқарма Әділет департаментімен бірлесіп, сот шешімін орындау шараларын жүргізіп жатыр.
Жыл басынан бері басқарма 497 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды жою туралы 243 нұсқама берген. Сондай-ақ жалпы сомасы 343 миллион теңгеден асатын 860 әкімшілік айыппұл салынған.
Елорда тұрғындарына сәулет, қала құрылысы және құрылыс талаптарын сақтау мәселесі ескертіледі. Заңсыз құрылыс жүргізіп, белгіленген нормаларды бұзғандар заң бойынша жауапқа тартылады.
ОҚУШЫ 1 000-НАН АСТАМ КІТАП ОҚЫҒАН
Астанадағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның бесінші сынып оқушысы Кәусар Байсқақова бірнеше жыл ішінде ағылшын және орыс тілдерінде жазылған 1 000 кітап оқыған.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен «Мың кітап – бір оқырман» кездесуінде оқушы кітап оқудың сабақ үлгеріміне, оқуға деген ынтасына және өміріне қалай әсер еткені жайлы ой бөлісті.
Кездесу Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның кітапханасында өтті.
«Мектебімізде оқушылармен қатар ересектер де қатысатын кітап клубы бар. Сонымен бірге оқушылар өз бастамасымен кітап бұрышын ашты. Бұл бастама балалардың сауатын арттырып, кітап оқуға деген қызығушылығын оятуды көздейді.
Қазір оқушылар уақытының көп бөлігін ұялы телефон мен интернетке арнайды. Сондықтан олардың назарын кітапқа аударып, ұлы ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың еңбектерімен таныстыру, сауатты ұрпақ тәрбиелеу аса маңызды. Біздің мақсатымыз – балалардың кітап оқуды күнделікті дағдысына айналдыру», – деді №78 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Омашева.
«ТАЗАБЕК» РОБОТ
Астана қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында №33 жалпы орта мектепте арнайы коворкинг алаңы ашылды. Бұл кеңістік оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Коворкинг алаңының безендірілуіне мектеп педагогтері мен оқушылары бірлесе атсалысқан. Ұстаздар кеңістіктің қабырғасына Қазақстан картасы мен «Таза Қазақстан» жазуын бейнелеп, ұлттық нақыш пен экологиялық идеяны үйлестірген.
Ал оқушылар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату арқылы түрлі бұйымдар мен шығармашылық жобалар әзірлеген. Осылайша, олар қажетсіз заттарды жарамды етіп, қоршаған ортаны қорғаудың қарапайым әрі тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде көрсетіп отыр.
Жаңа алаң тек шығармашылық жұмыстарға ғана емес, оқушылардың өзара пікір алмасуына да мүмкіндік береді. Бос уақытында мұнда дебаттар, кездесулер мен түрлі танымдық жиындар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар кеңістіктің ерекше қонағы – «Тазабек» атты робот. Ол оқушыларға тазалықты сақтаудың, қоршаған ортаны аялаудың маңызын үнемі насихаттап, экологиялық тәрбие беруге үлес қосады.
Айта кетейік, мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалықты сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені таза әрі жайлы орта қалыптастыру әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.