АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫН, ЖАҚЫНДАҒЫ ЖАМАҒАТ
05.08.2016
2366
0

кур 043Шұғайып Сезімхан деген айтыскер ақын жігіт бар. Жігіт деп нығыздап жат­қаным – есіміне қарап біреулер қыз бала екен деп шамалайды. Былтыр Астанада өткен айтысты басқарып тұрған бір бейбақ, айтыскерлерді жыға танымайтын болса керек:

– Енді сахнаға Әселхан апасының жолын қуып, ізін басып келе жатқан сіңлісі Шұғайып Сезімхан шақырылады! – деп хабарлап, ортаға серең етіп Шұғайып шыға келгенде, қыран-топан болғанымыз бар. Моңғолиядан келіп, Түркістандағы қазақ-түрік университетін тауысқан Шұ­ғайыпты маған әуелі Бекарыс Шойбеков аманаттап тапсырып, соңыма тіркеп жібер­ді. Одан соң Баян-Өлгейдегі өз әкесі Сезімхан Жардыханұлы:

– Осы баламның сүйегі менікі, еті сенікі. Ақын етіп шығар. Ақыретте қолың­нан аламын, – деп телефонмен тапсырма бергені және бар. Біреу өз баласынан өзі безгендей болып, қосақтап жатса, қайда қашып құтыласың?

Содан бері Шұғайып менің төңірегімде. Мен жұмысқа кірген жерге оның да басы сұғылады. Мен қайбір қызметке сыйымды адаммын, мені орнымнан тайдырғандар есебін тауып Шұғайыпты да жылжытып жібереді. Айтыскерлер Одағындағы көмек­шім тәрізді Шұғайып біздің «Айтыскер.соm» деген сайтымызды жүргізеді. Одақ­тың хат-хабар жұмысы да соның мойнында. Айтысқа шығуға да жаны құмар. Келесі айтысқа кімдер қатысатынын ірікте деп тапсырма берсең, әуелі өзін қосып қоятыны тағы бар.

– Ақындарды тізбеле десең, Аманжол өз інісі Өміржаннан бастайды, Шұғайып өзінен бастайды, – деген қалжың сөз осыдан шыққан.

Сол Шұғайып үйленетін болды. Қалың­дығы Еркегүл де Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан. Баламыздай болып жүрген Шұғайып қиылып тұрған соң, құдалыққа бармасқа шара қалмады. Алдында бір қолтаңба ретінде өлең жазып бергенім бар еді:

Ақынсың албырт, Шұғайып балам,
Берілмей жүрме лайық бағаң?!
Жүлдесіз қалсаң жыр додаларында
Мен сенен әрмен мұңайып қалам, –

деп біраз толғап келіп:

Түйенің ұзақ толғағы сынды
Ұғарсың осы толғанысымды.
Өліп қалмасам – Өлгейге барам
Қон­дыру үшін қолға құсыңды, – деп қалыппын.

Осы сөзімнен ұсталдым да, жалтаратын жер қалмады. Біз Бақытжамал екеу­міз, Еркебұлан Қайназар келіншегімен, Қалижан Білдаш көлеңкесімен бірге жолға шықтық. Аспанбек Шұғатаев жолдан қосылмақшы.

Өскеменге ұшақпен жетіп алғанымыз ақыл болды. Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі тас жол бүйрегіңді түсіреді деп кеңес беріп, ұшаққа мінгізіп шығыста қар­сы алған Имаржан мен Дәулет, Марат іні­лерімізге әлі күнге мың алғыс айтып жүр­міз. Өйткені, Талды­қорғаннан жермен жеткен Еркебұлан бүйрегін қолына ұстап келді.

Өскеменнен Ресейге қарай екі атта­сы­мен-ақ орыстың жеріне кіргендей болдық. Ең шұрайлы жердің бәрі аттары қазақша жазылды демесең, бізге жат секілді. Шемонайхада шекарадан өтіп алған соң, еңсені бір зілмауыр баса бастады. Көршілес елдің адамының бәрі салқын қабақ танытып, шырай бермейді. Моңғолиямен шекаралас Қосағаш ауданын Әлеухан деген қазақ басқарып, өңкей наймандар мен алтайлықтар мекендесе де, мұнда қанда­сым келді деп құрақ ұшып тұрған ешкім жоқ. «Заря» деген қонақ үйге түнделетіп жетіп едік, найман келіншек біраз рублімізді қағып алған соң:

– Ас-суларың өздеріңде бар болса, шәйнекті табасыңдар ғой, – деп сыртын берді.

Шатақтың үлкені шекарада екен. Бір кедендік одақтың мүшесіміз ғой деп мүсіркеп жатқан ешкім байқалмайды. Өзі бір нұқып, иті бір иіскеп, бір түн, жарты күн Ресей шекарашылары рәсуамызды шығар­ды. Бұларға қарағанда, Моңғол шекарашылары имантаразы екен. Ерболат, Заңғар деген өз қандастарымыз да, Шың­ғыс­­ханның ұрпақтары да бізді күтіп жүр­ген­дей кейіп танытып, темір шарбақтан тез өткізіп алды. Алды-артыма қаратпай мойнымды сілекейімен сулай бастаған өзім қатарлы бір мосқалды шырамыттым ба десем, өмірі көрмеген Сезімхан құр­да­сым сол екен. Қызу ма деп қалдым. Сүйт­сем, аш қарынға екі-үш кесе қымыз сіміріп алған көрінеді. Қымыздың желігі осынша­лық болатынын кім білген. Моңғолия жеріндегі қымызмасы көп қазақ осы Сезімханның о жақ, бұ жағында желігіп жүреді екен.

Өзім бұрыннан танып-білетін, үміт күтіп жүретін Серік Қуанған, Ерлан Дәу­лет­ұлы секілді өлгейлік айтыскер бауырларымыз дәл осы шекарада күтіп алды. Шұғайыптың тойына Қазақстаннан келе жатқан туған ағалары Аманбек пен Аманжол да осы жерден жолықты. Сезімханның он бір баласының біразы елге әлдеқашан қоныс аударып алған екен. Бірі – Қоста­найдан, бірі – Астанадан, оралып келеді.

Бір баласы үйленіп, қалған баласы соның қызығына бас қосып жатқан Сезім­ханның есі кіресілі-шығасылы. Бақыттан басы айналып жүріп, өзі мекендеген Сағсай сұмынына қарай жол бастады. Жолдың екі аңғарында тауды бөктерлей өңшең қазақ ауылдары қаздай тізіле қалған екен. Ақшаңқан үйлердің арасы жиі. Наурыз тойы болып жатыр ма дерсің. Осыдан екі жүз жылдай бұрын Алтайдан келіп қоныс тепкен керейлердің XXI ға­сырда онша шаруасы жоқ тәрізді. Киіз үйін тігіп, малын жайлап, айранын ұрттап, құрт-майын талғажау еткен көңілді қа­зақ­тар той тойлап жүр. Көп жыл кәсіподақ басқарып, ел ағасы атанған, ақындықтан да қаражаяу емес Сезімханда да мал жағы бар секілді. Сағсайдағы екі қабат үйінің кең ауласына тігіп қойған сегіз қанатты екі ақбоз үйдің іргесіне біраз қой баласын көгендеп тастапты.

– Он бес еді. Біреуі жайлаудан әкеле жатқанда буынып өліпті. Ал біреуіне батаңды беріп жібер, – дейді.

Біреуіне емес, Өлгейде болған 4-5 күнде осының оншақтысы менің батамды алып, қазанға қарай аттанды-ау деймін. Бірақ ет жеп қарық болғанымыз шамалы. Себебін таратып айтайық. Әйтпесе, біздің жазбамыз керейлердің көзіне шалынса, қыруар малымызды жеп кетіп, енді не деп отыр деп шамданып жүрер.

Баян-Өлгей теңіз деңгейінен үш шақырымдай биікте екен. Жерді белуардан қазсаң, мәңгілік мұзға тірелесің. Тоңжерге ағаш өспейтіні де содан екен. Соншама биікте су да сексен градуста қайнап кетеді. Шайдың да аса ыстық болмай, жылымшылау болатыны түсінікті. Сол шайды қалың-қалың сапар кесеге ернеулете құйып, тұз салып бергенде, не ішіп отырғаныңды ұмытып қаласың. Ысыт дейін десең, дайын шай термоспен алдыңа келіп тұр. Не самаурын, не шәйнек ызыңдамайды. Ғажап!

Еттің жайы да сол. Сексен градустан аспайтын суда екі-үш сағатта ет пісе ме. Қатты-ақ. Қолыңа кездік беріп қойғанмен, ет жеп шекең шылқымайды. Тағы екі-үш сағат қайнатса, бабына келер еді. Үйме табақ жілік-жамбас, қысқы сүрдің қыртыс­тары көзіңді қызықтырып, мұрты бұзыл­маған қалпы қайтып бара жатады. Іле-шала тағы бір тоқтыға бата беріп, қолыңды көкке жаясың.

Айтпақшы, үйтілген қой басының тісін қағып алу мұндағы дәстүрде жоқ екен. Біздің арқа жағында тісі қағылмаған басты табаққа салмайды. Соны жұқалап айтып, тіксініп қалғанымды сездірсем, Сезімхан құрдас:

– Бұл қойдың тісін әлгінде «Колгейтпен» әбден тазаладық қой, – деп ақта­лады.

– Қойдың тісін тірі кезінде тазаладың ба, әлде, бауыздалғаннан кейін ысқы­ла­дыңдар ма?

Кім білсін.

Адамдардың есімдері де оғаштау. Өнерлі бір жігіт:

– Менің атым Иорый Гагарин, – деп танысты. Алпыс бірінші жылы он екінші сәуірде туғаны күмәнсіз.

Сұмынның әкімі, Шұғайыптың туған нағашысы – Қонайып. Қасымызда күндіз- түні бірге жүрген кісінің атын айтуға жүрексініп жүрдік. Үйренісе келе:

– Ей, Қонайып! – дейтін болдық. Еті үйреніп кеткен Қонайып «Әу» дейді.

Осындай бір сәл-пәл иірім-қайы­рым­дар болмаса, шекараның екі бетіндегі қазақ – бір қазақ. Таулы Алтайдан өтіп алып, қайта қайырылғанда, көліктің тере­зесінен оң жақ иығыңа телміресің де отырасың. Қатонқарағайдың арғы сырты болған соң, Мұзтау көрініп қала ма деп дәмеленесің. Көрінбейді. Көрінбесе де жақын екенін сезесің. Баян-Өлгей мен Қатонқарағайды бөліп тұрған арадағы 25-30 шақырым жер бөлісу кезінде Ресейге қарап кеткен. Үстінен өткізбейді. Ертеде тау арасынан көшіп-қонып, араласып жатқан қазақтар енді бір-біріне қатынау үшін алабас айналуға мәжбүр. Күндердің күнінде әділ шешімін табар мәселе осы.

Өлгейдегі той да біздің Шымкенттегі тойлар сияқты мал жайлап болған соң басталады екен. Шақырылған 600 қонақ ағып-тамып жиналғанша екі-үш сағат өтіп кетті. Аспанбек, Еркебұлан мен Қалижан қатар тұра қалып, кезек-кезек Еркегүлдің беташар рәсімін жасады. Жас келінге келген жерінің үлкенді-кішілі адамдарын таныстырып, сәлем салғызды. Бірінен-бірі асырып айтып жатқан ақындардың тойтабағына жалп-жалп етіп «Түгіріктер» жауады. Моңғолдың ақшасында онша құн жоқ секілді, өнер үшін, өлең үшін беріліп жатқан болмашы байғазы ғой.

Өлгейдегі ағайындар аса бауырмал. Бізді бәрі бауырына басқысы келеді. Ұстап көргісі келеді. Тойдың соңы сол туыс­тар­дың тілегіне орай айтысқа ұласып кетті. Ағайынның ықыласын анық сезінген ақындар да көсіліп шауып, алдарынан арқан керіп әзер тоқтаттық. Өлгейдегі тойдың бәрін тура сағат 12-де полиция келіп тарқатып жібереді екен. Соған әбден үйренген халық та күні бұрын мөлшерлі сағатта тарап кетуге даярлана бастайтын көрінеді. Біздің тойымызға ешкім тоқтау салмады. Ел құмары қанғанша ән, жыр тыңдап, бір жырғап қалды.

Тауды бөктерлей отырған айтыскер Серік Қуанғанның ақ боз үйінде бір топ ақынмен сұхбат құрып, елмен дидарластық. Мұнда да аяқ астынан айтыс басталып кетіп, жергілікті жас бөрілер жездесі
Е.Қайназаровқа жабылып бақты. Серік, Ерлан, Сәтжан бастаған өлгейлік айтыс­керлер атамекенде әлі талай топ жаратыны күмәнсіз. Ширығып жүр екен. Осы ауылды өзіме мінгізген ақбоз аттың тізгінін сұмын әкіміне ұстатып:

– Осы ақын інілеріңді айтысқа шақыр­ғанда, жол кіресін көтеріп тұру саған аманат, – дедім. Шын көңілім еді.

Біз барардан апта бұрын селдетіп нөсер жауып, таудан құлаған тасқын Баян- Өлгейдегі 70-80 үйді шайып кеткен екен. Барып көрдік. Ескі саман үйлердің орнында салынды ғана жатыр. Абырой болғанда, іле- шала осы аймаққа Премьер-Министр К.Мәсімовтың жолы түсіп, апат орнын өз көзімен көріп, көмек ретінде 200 мың доллар атапты. Алыстағы ағайын азыр­қан­ғаны байқалады. Расында да, жердің түбіндегі бір беймәлім елдер көмекке зәру болып қалғанда, кірелеп жүк аттандырып, қайырымдылық танытатын Қазақстан өз бауырларымыз баспанасыз қалып, қасірет шегіп жатқанда, үйіп-төгіп жәрдем беріп, шығынның орнын толтырып жіберсе де болатын еді ғой.

Баян-Өлгейден қайтып келе жатып, Таулы Алтайды біраз шарладық. Бийскінің маңында орыс оғланы Василий Шукшин­нің мұражайы жол үстінде тұр екен. Қандай ғанибет! Қазақ өнерпаздарының мұражайларын да Астана мен Алматыға тықпалай бермей, туған жерлерінде ашып тастаса, қандай өнегелі іс болар еді деп ойладық. Онсыз да ештеңеге үлгермей жататын Мәдениет министрлігінің біраз шаруасын жергілікті билік атқарып отырса, рухани қазына түгенделе түсер еді- ау!

Өскемен арқылы Тарбағатай ауданына келдік. Алматыда тұратын кәсіпкер жігіт Дулат Тастекеев Ақсуаттағы ауылдастарына мешіт салып беріп, соның құрметіне ақындар айтысын өткізуге қолқа салып еді. Біраз жыл бұрын көрген Ақсуатты таны­май қалдық. Көшелері тазарып, жағалай гүлзар орнап, үйлер еңсесін көтеріп, көркейіп қалыпты. Аудан әкімі Ділдабек Оразбаев:

– Жергілікті халық мал бағуға бейім­делген, бейнеткер болғанмен, жер өңдеуге онша құлықты емес. Әрі ойлап, бері ойлап, Өзбекстаннан қандастарымыздың жүз отбасын көшіріп әкелдік. Жер бердік. Жағдай туғыздық. Нәтижесін көзбен көріп отырсыздар. Биыл сол көш тоқтап тұр. Жерді Қазақстан азаматтарына жалға беру заңдастырылса, алыстағы ағайынның осында қоныстануы одан әрі жалғасын табар еді, – дейді.

500 мың қойды, 145 мың ірі қараны жайылымда бағып отырған аудан жұртшы­лығы жер шаруасына да бет бұрып, 12 мың гектар жерге көкөніс өсіріп, өздерінің картобы мен қызанағына, қарбызы мен қауынына қарық болып отыр. Әр ауылына балабақша салып берген осындай берекелі ауданды бірінші көруім. Ауылда да жайлы өмір сүруге боларына көздері жеткен жас жанұялар керегелерін кеңейтіп, гендерлік саясатты ұстана бастапты.

Осының бәрін көзімен көрген айтыс­керлер ешкімнің қамшылауынсыз-ақ бұлбұлдай сайрап қоя берді. Ел мен жердің арғы-бергі тарихы, дәстүрі мен салты, аяулы адамдары көз алдымызда жыр кейіпкерлеріне айналып, құшағымызға сыйып, көңілімізге орнығып жатты. Сауапты істің салтанаты да жарасымды болады екен. Ақсуаттың өзінен шыққан бес ақын – Серік Қалиев, Сара Тоқтамысова, Рүс­тем Қайыртайұлы, Серікзат Дүйсен­ғазин, Қазыбек Байжұма – алыстан келген Қалижан Білдашов, Аспанбек Шұғатаев, Мұхтар Ниязов, Мақсат Аханов, Дидар Қамиев секілді көкжалдармен табан тіре­сіп айтысып, туған жердің мерейін асқақтатты. Мешітті салдырушы Дулаттың атасы Құлбай бір заманда елдің басшысына хат жазып:

– Арыз жаздым, Қонаев,
Ақсуат пен Ждановқа
Екі мешіт салайық, – дегені үшін біраз қысымға ұшыраған екен. Сол Құлбай ақсақалдың өз ұлы Тұрсын Ждановқа (қа­зіргі Екпіндіге), немересі Дулат Ақсуатқа еңселі мешіт тұрғызып, жамағаттың алғысын алып отыр. Ауданда жыл сайын қазақ күресінен «Әлем барысы» деген үлкен турнир өтеді екен. Әкім Д.Оразбаев осының бәрін мерейлене айта келіп:

– Енді жыл сайын Ақсуатта ақындар айтысын өткізуді дәстүрге айналдырамыз. Келесі жылы айтыс халықаралық деңгейде өтеді! – деп аудан жұртшылығына жар салды.

Жолға шығар алдында Ділдабек қолымызға хат ұстатты.

– Жер комиссиясының мүшесі ретінде осы тілегімізді Астанаға жеткізуді сізге аманаттаймыз, – деп тапсырды.

Мұндағы негізгі мәселе – оңтүстіктен 100 отбасы әкеліп, ауданға береке кіргізген, құтты көштің тоқтап қалуынан туындап отырған жерді жалға беру ісі екен. Ауданның М.Сахариев, А.Сәметов, С.Таушаев, М.Көшкінов, Ж.Мұхамадиева секілді белгілі азаматтары бастаған 200 адам қол қойған осы екі тілекті газет арқылы елге жеткізген жөн деп білемін.

  1. Комиссияның өткен жеті отырысында жер қазақстандықтарға жалға бе­рілсін деген басым пікірді қолдап, қуат­таймыз. Жерді шетелдіктерге мүлде сатуға да, жалға беруге де болмайды. Бұл бола­шағымызда ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі әбден мүмкін.
  2. Шекараға таяу жерлерді Қазақстан азаматтарына өзіндік бір жеңілдікпен жалға беруді дұрыс деп есептейміз. Себебі, шекаралық аймақтарды халықпен толтыру, халықпен қорғау керек. Оңтүстіктен және шетелдерден көшіп келетін қандас­тарымызға жерді уақытша жалға беруіміз және оларды бес жылға салықтан босатуымыз керек.

Зерделеген кісі осы екі ұсыныстан жер тағдырына алаңдап отырған тарбағатай­лық азаматтардың мемлекетшіл адал ниетін жазбай таниды.

Алматыға оралсам, дәл осы мазмұндас тағы бір хат Ұлытау өңірінен де келіп жатыр екен. Ауданда кеңшар басқарған Т.Шамбұлов, А.Асансейітов, А.Өмірбаев, Қ.Үңгітаев секілді біраз азаматтар ұлытау­лықтардың кезінде жекешелендіру саясатын дұрыс түсінбегенін, сол себепті көп меншіктің аз адамдарға қолды болғанын баяндайды. Енді жеке адамдарға жалға берілген ұсақ жер үлестерін ірі бірлес­тіктерге және кооперативтерге ұйыстыру ісіне мемлекеттің өзі қолғабыс жасап, кепілдік жәрдем бермесе, аз-мұз субси­дия­лық қаржының қатты қимылдауға жібермей, шаруашылық қожайындарына ұсақ-түйек жыртығын жамаудан аспай отырғанын ашына жазыпты.

Ауылдағы өндірісті өркендету үшін шаруаның жалға алған жерін, алдындағы малын, үй-мүлкін кепілге қойып, банктен несие алуына мүмкіндік бермесе, істің өрге басуы екіталай. Ал қалада отырып, ауылдағы жерді жалға алған майлы мұрт­тар ауылды көркейту үшін шөп басын да сындырмайды. Олардың бар мақсаты – бірін екіге айналдырып, қалтаны қампайту ғана. Ауылдың өз адамы ғана жерге жана­шырлықпен қарап, туған жерге тіккен туын биікке көтермек. Ұлытау­лықтар осылай дейді.

Шалғай жатқан екі аудан жұртшы­лығының өзекжарды сөздері үндес, қарайлас. Бұл пікірлерді комиссия мәжілі­сінде де айтармыз, аманатты орындармыз. Әзірге өз газетіміз арқылы жалғанға жар салып отырмыз. Он күнге созылған ұзақ сапарды оймен шолсам, шекараның екі жағында жүрсе де, елдің бірлігін, жердің тұтастығын ойлап, ұлт қамы үшін көк байрақтың астында ұйысуды мақсат еткен қалың қазақ көзге елестейді.

Сенің мұратың асыл болса екен, ағайын!

Жүрсін ЕРМАН,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір