Жұманазар АСАН. Тоқтамыс хан ТАРИХЫ
31.08.2026
51
0

Жошы хан негізін қалаған, кезінде бүкіл Еуразия кеңістігін қамтыған алып та қуатты империя – Алтын Орданың азулы хандарының бірі Тоқтамыс екені түркітектес халықтарға тегіс мәлім. Атақ-даңқы дүниежүзі тарихшыларына белгілі болғандықтан, оны қылышынан қан тамып тұрған кеңес өкіметі де амалсыз мойындады. Мойындағанының белгісі, «Қазақ совет энциклопедиясында» Тоқтамыс хақында: «Тоқтамыс таққа отырысымен Ордадағы Шыңғыс хан тұқымының тақ үшін 25 жылғы қырқысуларын жойды. Сонымен қатар Көк Орда, Хорезм, Хажы Черкес, Астрахань игіліктері мен Мамай Ордаларының басын қосып, қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіруге күш салды» деп жазды (Тоқтамыс // ҚСЭ. 11 т. – Алматы, 1977, 86-б). Сондықтан Тоқтамыс ханның тарихын айтудан қазіргі таңда қорғалақтанудың мүлде реті жоқ.

Ханды бұқара халыққа кеңінен танытуда үлкен рөл ойнайтын факторлардың бірі – ол туралы ел арасына кең тараған жырлар. Осы жырлар арқылы Тоқтамыс Алтын Орданың даңқты хандарының бірі ретінде көптің санасынан берік орын алды. Қазіргі түркітектес халықтар арасында Тоқтамыс хан даңқының өшпей келе жатуының негізгі себептерінің бірі де осы. Бүгінгі ноғайлардың Едігеге таңып жүрген тарихи-қаһармандық эпостарын П.М.Мелиоранский «Сказание об Едиге и Токтамыше» десе, Алексей Белослюдов жариялаған нұсқа «Едиге би и Токтамыш» деп аталады. Ал Дағыстаннан шыққан оқымысты Мұхаммед Османовтың «Ноғай уә Құмық шиғырлары» (СПб, 1883) жинағында бұл эпостың нұсқасы тура «Тоқтамыс ханның хикаяты» деп аталады. Профессор И.Березин өзінің «Турецкая хрестоматиясында» мұны «Рассказ о Тохтамыше» дейді. Көріп отырғанымыздай, «Едіге батыр» жыры деп жүрген жырымыз кейде «Тоқтамыс» жыры атанып кетеді екен. Түркі жұрты шегінен асып, неміс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылып, дүниежүзі фольклорының алтын қорына кірген атақты тарихи-қаһармандық эпостың басты екі кейіп­керінің бірі – Тоқтамыс бейнесін зерттеу бүгінгі таңда әрі қызықты, әрі өзекті мәселе екені сөзсіз. Кеңес үкіметі тұсында Тоқтамыс образы «жағымсыз образға» жатқызылып, үнемі қараланып келді. Тарихи-қаһармандық эпостың ұлттық нұсқаларында тарихи оқиғалар сәулеленетіндіктен, яғни Тоқтамыс туралы жырдың генезисінде нақтылы тарихи оқиғалар жатқандықтан, Тоқтамыстың ел аузындағы көркем бейнесі мен тарихи бейнесін салыстыра зерттемей, Тоқтамыс хан тарихы түсініксіз күйде қала бермек.
Эпостың татар нұсқасында Тоқтамыс хан туралы:
Борын үткән заманда
Бұрынғы өткен заманда
Болгар белән Сарайда,
Болгар менен Сарайда,
Жаек белән Иделдә,
Жайық пенен Еділде,
Алтын Урда, Ак Урда –
Алтын Орда, Ақ Орда –
Данлы кыпчак жирендә,
Даңқты қыпшақ жерінде,
Татардан туган Нугай илендә
Татардан туған Ноғай елінде
Туктамыш дигән хан булды;
Тоқтамыс деген хан болды;
Ил булганга – ил булды,
Ел болғанға – ел болды,
Яу булганга – яу булды.
Жау болғанға – жау болды.
Биләгәне кол булды,
Билегені құл болды,
Әйдәгәне мал булды.
Айдағаны мал болды.
Сарай дигән каласы,
Сарай деген қаласы,
Сиксән күчә арасы,
Сексен көше арасы,
Сары мәрмәр Алтын Таш
Сары мәрмәр Алтын Тас
Сигез йортка дан булды,
Сегіз жұртқа дан болды, – деп таңбаланған (Идәгә. – Казан: 1988,11–12-б]).
Шынында да, Тоқтамыс Алтын Орданың босай бастаған іргесін қайта бекіткен айбынды хандарының бірі еді. Муин ад-дин Натанзидің «Ескендір анонимі» деп аталатын еңбегінде Тоқтамыс ханның шығу тегі былайша сипатталған: Шыңғыс ханнан Жошы, одан Сасы Бұқа, одан Ерзен, одан Шымтай, одан Тайқожа, одан Тоқтамыс (Прошлое Казахстана в письменных источниках V в. до н.э. – ХV в. – Алматы: Өлке. 1997, с.129–130). Ал Қадырғали би Қосымұлының шежіресіндегі «Тоқтамыс хан дастаны» бөлімінде: «Бұ Тоқтамыс хан Еділ бойында өтті. Тайқожа ұланның ұлы еді. Оның хикаялары әртүрлі (сипатта) мәлім және белгілі» дейді (Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991, 252-б). Осы деректерден анықтайтынымыз, Тоқтамыс – Жошы ханның ұрпағы, әкесінің аты – Тайқожа.
Тоқтамыстың Алтын Орда тағына отыру тарихы төмендегідей. Көк Орданы билеп отырған Орыс хан Ақ Орда мен Көк Орданы біріктіру үшін қарамағындағыларды жинап, құрылтай өткізеді. Ханның бұл пікірімен Тайқожа келіспейді. Орыс хан Ақ Ордаға қарсы аттанған кезде ол жорыққа қатыспайды. Осы қылығы үшін хан Тайқожаны өлтіреді. Оның жас баласы Тоқтамыстың өміріне де әлденеше рет қауіп-қатер төнеді. Ол жөнінде Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыс-наме» атты еңбегінде былай дейді: «Бұл Орыс хан да ұлы патша болды, бүкіл Түркістан уәлаят­тарына билік жүргізді. Тоқтамыс хан мен Темір-Құтылы ханға ол кезде хандық тимеді. Бұлар аталмыш ханның қызметінде жүрді, Алланың рахымымен Тоқтамыс оғланның бойында патшалық фәрр байқалды да, аталмыш оғланның нөкерлері мен басқа адамдар оған ықтиярмен тағзым етті. Осы себепті аталмыш хан Тоқтамыс оғланды жек көріп кетті де, оның көзін құртуды ойластырды» дейді (Прошлое Казахстана. 1997, с.190). Бұдан әрі ақыр соңында Тоқтамыстың басын қорғап Мауереннаһрдағы Ақсақ Темірге қашқаны, суық күні мұз басып жатқан Сырды кешіп өткені, қуғыншылардың Тоқтамысты аяғынан атып, ауыр жарақаттағаны, оны Ұрық Темірдің тауып алғаны жазылған.
Низам ад-дин Шамидің «Зафар-наме» кітабында қашқан Тоқтамыстың Темірмен жолығуы сипатталған. Низам ад-дин Шами өз заманының сауатты адамдарының бірі болған. Ақсақ Темірдің 1392–1393 жылдардағы Иранға жасаған жорығы кезінде қолға түсіп, оған қызмет еткен. 1400 жылдың басында Низам ад-динге Ақсақ Темір өзінің жорықтарын, ел басқаруын жазуды тапсырған. Ол үшін қасындағы жылнамашыларының жазған деректерін, күнделіктерін берген. Ғалымның тайға таңба басқандай етіп тұжырымдап жазған жазуы Ақсақ Темірге ұнап, разылығын білдіріп, құптаған. Бұл кітапты тарихшы Темір өлместен бұрын 1404 жылы бітірген. Ақсақ Темір дәуіріндегі тарихты тануда бұл еңбектің алар орны өте зор. «Зафар-намеде» «Тоқтамыс оғлан келген кезде әмірлер араға жүріп, оны Темірге таныстырды. Оның ұлылығы, оған құрмет пен сый-сияпат көрсетуі де мүмкін болғанның бәрін жасауға күш салды. Ол онымен бірге Самарқанға келді, патшаға лайық тартулармен той өткізді, оған (Тоқтамысқа) және оның серіктеріне ақылға сыймайтын сансыз көп алтын, қымбат әшекей бұйымдарды, малдар мен маталарды, аттар мен өгіздерді, шатырлар мен қостарды, барабандар мен жалауларды, жасақтар мен әскерлерді бөліп берді. Ол (Темір) Отырар мен Сауран аймақтарын бөліп берді және оны сол жерлерге жөнелт­ті» деп жазылған (Из глубины столетий. 2-е издание. – Казань: Татарское книжное издательство, 2004, с.370). Тоқтамыстың осылайша Көк Ордамен іргелес жерге қоныстануы Орыс хан үшін онша қолайлы болмаған. Бұл туралы «Шыңғыс-намеде» «Хан жайлауға бара жатқанда оның еліне (Тоқтамыс оғлан) қуып-жетіп, жылқыларын айдап кетті. Қуғыншылар орта жолда оларға жетіп, талқанын шығарды. Ол қайтып (Темір-бекке) келді. Әлқисса, Тоқтамыс оғлан қазақылап (Орыс хан) еліне шауып және жылқыларды айдап кетіп жүрді» делінген (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. І т. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005, 192-б). Орыс хан бұл кезде Еділ бойында жорықта жүргендіктен, оның баласы Құтылық-Бұға Тоқтамыс оғланға қарсы әскер алып шығып, көп шайқасқан (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. І т. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005, 298-б). Соғыс кезінде Құтылық-Бұғаға оқ тиіп, содан өледі. Соғыста жеңілген Тоқтамыс қашып тағы да Ақсақ Темірге келеді. Ақсақ Темір Тоқтамысқа одан әрі құрмет көрсетіп, көп әскермен Көк Ордаға қарсы қайта аттандырады. Мұның себебін түсіну қиын емес. Іргесіндегі Көк Орданың Орыс хан басшылығымен күшейіп, Ақ Ордаға қосылып, ірі мемлекет болып кету қаупі Әмір Темірге ұнамайтын еді. Темір Тоқтамысты жақсы көріп жарылқамаған, керісінше, оғланды өз саясатын жүзеге асыру үшін пайдаланған. Бұл жолғы шайқасты Орыс ханның екінші ұлы Тоқтақия басқарды. Тоқтамыс Тоқтақиядан жеңіліс тапты. Бас сауғалап қашып, көлденең жатқан өзеннен жүзіп өтеді. Қолынан жарақат алады. Қалың қорысқа кіріп, жан сақтайды. Мұны естіген Темір оны таптыртып алып, жағда­йын жасап, ер жүрек әрі батыл деп мақтайды.
Низам ад-диннің жазуынша, Ордаға оралған Орыс хан Ақсақ Темірге елші жіберіп: «Тоқтамыс менің баламды өлтірді және сенің аймағыңа кетті. Менің жауымды маған ұстап бер, егер де көнбесең, онда соғысатын жеріңді айт», – деп хабарлайды (Прошлое Казахстана.1997, с.289). Оған келіспеген Темір қарсы соғысқа дайындалады. Екі жақ бір-біріне таяу келген тұста ауа райы бұзылып, әуелі жаңбыр жауады, соңы қарға ұласады. Оның аяғы қатты аяз болады. Суық өткен қарсыластар аздаған қақтығыспен тарқасады.
Тарихшының айтуынша, Ақсақ Темірдің қолдауымен ақыры Тоқтамыс жеңіске жетеді. 1379 жылы Көк Орданың тағына отырады. Кеңестік тарихшылар Көк Ордада Тоқтамысты қолдаушылардың көп болғанын, олардың Темір Мәліктен түңіліп, хан тағына Тоқтамысты шақырғанын ескере бермейді. Бұдан соң Темірдің Тоқтамысқа ерген әмірлері оны Сығанақта хан тағына отырғызады, ғұрып-дәстүрді сақтап, «оның құрметіне нисар жасайды» (шашуға ақша шашу).
Бұл уақиғалардың барлығы хижраның 780 жылы (1378 – 1379) болып еді. Осыдан кейін қажырлы Тоқтамыс хан Көк Орда мен Ақ Орданы біріктіру қажеттігіне айналасындағыларды сендіреді. Көктемде Тоқтамыс Еділ бойына жорыққа аттанып, Сарай Беркені басып алады. Ол тұста Алтын Орданың көп бөлігін Мамай билеп отыр еді. Мамай мен екеуі 1380 жылы Қалка өзенінің жағасында кездеседі. Академик Б.Грековтің жазуынша, қанды шайқас өтеді. Мамайды жеңген Тоқтамыс аз уақыттың ішінде Алтын Ордаға қарасты елдер мен жерлерді қайта біріктіреді. Орданың әл-қуатын арттыруға күш салады. Муни ад-дин Натанзи Тоқтамыс туралы: «Ол қабілетті, ер жүрек, кең пейілді әдемі патша болды. Оның әділеттілігі мен жақсы мінез-құлқы жалпыға мәлім» деп жазды (Прошлое Казахстана.1997, с.303). Мұны халық эпосы да жоққа шығармайды. Эпостың ұлттық нұсқаларының басында Тоқтамыс әділ болып көрінеді. Оның әділдігі қойшы баланың төрт рет дұрыс шешім жасағанын естіп, ордасына шақырып, үстіндегі ескі-құсқы киімдерін тастатып, асыл тон кигізіп, тұлпар ат мінгізіп, халықтың билігін қолына беруінен байқалады. Халық эпосы Тоқтамысты түпкілікті қаралай бермейді. Оның адамға тән адамгершілік сипаттарын көрсетіп отырады (Едиге. Қияс варианты // Едиге. – Нөкис: Қарақалпақстан, 1990, 145-б). Ол орынды жерде қолы кең, мырза. Мәселен, Едігенің ұлы Нұраддин жеті жасында алдына арыз айтып келгенде Тоқтамыс жөн сөзге тұрып, оған бабасы Шыңғыстан қалған бір ләген ділдә сый береді.
Әлқиса, Мамайды жеңген Тоқтамыс Мәскеу княздігін тұқыртып қоюды да естен шығарған жоқ. Бұл жөнінде Карамзин: «(1381 г.) В следующее лето Хан послал к Дмитрию Царевича Акхозю и с ним 700 воинов требовать, чтобы все князья наши, как древние подданные Моголов, немедленно явились в Орде» деп жазады (Карамзин Н.М. История государства российского. – Москва: «Олма-Пресс образование», 2004, с.230). Бірақ Куликово шайқасы арқылы даңққа бөленген ұлы князь Дмитрий хан сөзіне құлақ аспайды. Тарихы көпке мәлім атақты Куликово шайқасында орыс әскерінің үштен екісінен астамы қырылғаны тарихтан белгілі. Бұл майданда орыстар көп қырғынға ұшырағанымен, Алтын Ордаға қарсы бас көтеруге болатынын түсінді. Өздерінің қолбасшысы князь Дмитрийді бүкіл Русьтің ұлы князі деп ұлттық мақтанышына айналдырды.
Айтқанға мойын ұсынбаған соң Алтын Орда ханы үнсіз қалады. Орданың ішкі тірлігін қалыпқа келтіру жұмысымен шындап айналысқан Тоқтамыс Мәскеуге жорық жасауды да есінен шығармайды. 1382 жылы хан әскері қалаға жақын келді. Мәскеудің ұлы князі Дмитрий ІV адам жинау үшін Костромаға баруым керек деп отбасын өзімен бірге алып, қасына негізгі қолбасшы Владимир Андреевич Серпуховты ертіп, қашып кетті. Мәскеу ұлы князьсыз, әскербасысыз қалды. Қалада үрей орнады. Митрополит Киприан да шаһарды тастап қашты.
Тоқтамыстың Кремльді алуын орыс тарихшылары орыс адамдарының ақ көңілділігінен, аңқаулығынан болды дейді. Мәселен, Карамзин «В четвертый день осады неприятель изъявил желание вступить в мирные переговоры. Знаменитые чиновники Тохтамышевы, подъехав к стенам, сказали Москвитянам, что Хан любит их как своих добрых подданых и не хочет воевать с ними, будучи только личным врагом Великого Князя; что он немедлено удалится от Москвы, буде жители выйдут к нему с дарами и впустят его в сию столицу осмотреть ее достопамятности» дей келіп, сенгендіктен қақпаны ашқанын айтса (Карамзин Н.М. 2004, с.231), қазіргі орыс тарихшысы Ю.В.Мизун: «Он только хотел бы осмотреть его изнутри. Доверчивая русская душа! Ворота (Спасские) отворили и поплатились за это жизнью», – деп жазады (Мизун Ю.В., Мизун Ю.Г. Ханы и князья. – Москва: Вега, 2005, с.158). Әрине, бұл адам сенерлік нәрсе емес. Ал Лев Гумилев трагедияны арақтан көреді: «Чего хотел посадский люд? Выпить и погулять. Поэтому население Москвы, простые московские люди, сев в осаду, прежде всего направились к боярским погребам, сбили замки, вытащили оттуда бочки с медом, пивом, винами и основательно напились. …Через некоторое время, когда был выпит весь запас спиртного, москвичи решили договориться с татарами: татарам было предложено изложить свои условия мира, для чего осажденные собрались впустить в город посольство. Но, когда открывали ворота, никому из представителей «народных масс» не пришло в голову выставить надежную охрану, дабы пропустить только послов. Посадские просто открыли ворота, татары ворвались в город и устроили резню», – дейді (Гумилев Л. Н. От Руси к России. – Москва: АСТ, 2004, с.211–212). Әлбетте, бәрі де баланың сөзі.
Тоқтамыстың Мәскеуге жорығынан соң Куликово шайқасы ұмытылды. Орыс князьдіктерінің Алтын Ордаға бұрынғыдай салық төлеп тұруына тура келді, ал атақты Дмитрий Донской болса 1384 жылы өзінің ізбасары, баласы князь ІІ Василийді Тоқтамысқа кепілдікке берді. Мұнымен ғана шектелмей, Алтын Орда ханы 8 мың сом алтын ақша алып, оны да кепілдік ретінде ұстап отырды. Саясатқа жетік Тоқтамыс хан Мәскеуге қарсы оны теңгеріп тұра алатын антисимметриялы күш ұйымдастыра білді, Мәскеу княздігімен Тверь, Рязань, Суздал княздіктері жаулық қарым-қатынаста болды. Алтын Орда күшейіп, орыстар бұрынғы қалпына толық келтірілді. Осылайша ұзақ кете беруі әбден мүмкін еді, Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға қарсы жүргізген жорықтары бұған бөгет болды. Бұл жөнінде Ю.В.Мизун: «Казалось, что русские обречены на вечное рабство. Но им помог Бог руками (мечами) Тамерлана. Тамерлан разгромил Орду, и Россия получила передышку, поскольку Орда была занята своими внутренними проблемами. В такой ситуации московский князь в 1405 г. отказался платить дань Орде», – деп жазады (Мизун Ю.В., Мизун Ю.Г. 2005, с.160).
Тоқтамыс тұсында Алтын Орданың көтерілуі жалғыз Дмитрий князьға ғана емес, Ақсақ Темірге де ұнамады. Бұл мәселе туралы А.Якубовский айтқан мына пікір шындыққа саяды: «Тимур был доволен таким оборотом дела, он думал сделать Тохтамыша своим верным вассалом и проводником своей политики в Улусе Джучи. Тохтамыш, однако, не оправдал надежд Тимура и, став акордынским ханом, пошел по стопам политики Урус-хана, т.е. начал внутри Улуса Джучи борьбу за объединение и создание сильной Золотой Орды. Восполь­зовавшись полным ослаблением Мамая, которого Дмитрий Донской разбил на Куликовом поле в 1380 г., Тохтамыш в том же году двинулся на Мамая и на р. Калке нанес быстрое и сокрушительное поражение.
Хорезм бұрын Алтын Орда қарауындағы жер болатын. Онда Ақсақ Темірдің де билігі орныққан жоқ еді. Сондықтан Тоқтамыс 1380 жылы Хорезмді Алтын Ордаға қаратты. Бұл оқиға кейбір орыс тарихшылары айтып жүргендей, Тоқтамыстың Әмір Темірге күш көрсетуі немесе оның беделіне нұқсан келтіруі мақсатында істелген жоқ еді. Ханның мақсаты жоғарыда А.Якубовский айтқандай, Алтын Орданы бұрынғы қалпына келтіру болатын. Орыс тарихшылары Тоқтамыстың Әзірбайжан жеріне жорығын да Әмір Темірге қарсы жасалған іс деп есептейді. Ал оның астарын ноғай тарихшысы М.Г.Сафар­ғалиев өзінің «Алтын Орданың құлауы» дейтін еңбегінде былайша ашып көрсетеді: «С тех пор, как торговые пути, связывающие Запад с Востоком, переместились с севера на юг, овладение Азербайджаном и Ираном для обоих государств приобрело особо важное значение. Тимур ранее Тохтамыша начал борьбу за захват Ирана. Его первый поход на Иран, закончившийся овладением важнейшими стратегическими пунктами восточного Ирана, относится еще к 1380 году. В 1385 году войска Тимура вторглись в Исфаган и Азербайджан. С захватом этих районов Тимур наносил большой удар золотоордынской торговле», – дейді (Сафарғалиев М.Г. 1960, с.146). А.Якубовский де, М.Г.Сафарғалиев те – совет тарихшылары және бұл деректерді сол совет өкіметі тұсында жазып отыр. Қазір мұны қайталап айтуға именудің реті жоқ.
Екеуінің арасындағы Әзірбайжан жеріндегі қақтығыс осы жағдайға байланысты болатын. Тоқтамыс мұнда Темірдің ұлы Мираншах бастаған қалың қолмен кездесіп, кейін шегінді.1386 жылы Темір Грузияны басып алып, Алтын Орданың Иранға өтер жолын біржолата кесіп тастады. Темір өзінің Кавказдағы ықпалын күшейтумен айналысып жатқанда, Тоқтамыс Оңтүстіктегі шекарасын кеңейтуге ұмтылды. Алайда Хорезмді қолда ұстап тұруға Темірдің мүмкіндік бермейтінін түсінген соң, 1388 жылы оны тастап шығуына тура келді.
1387 жылы Әзірбайжаннан шегінген Тоқтамыстың біраз адамы Темірге тұтқынға түскен еді. Тұтқынға түскендерге Ақсақ Темір: «Біздің арамызда әке мен баланың құқы бар. Бірнеше ақымақтың кесірінен осыншама адам неге өлуі керек? Біздер арадағы келісулерді сақтауымыз керек және ұйқыдағы тәртіпсіздікті оятып алмайық», – деп, тұтқындарға барлық жағдайды жасап, шығарып салады. Шын мәнісінде, мұны Ақсақ Темір жанашырлықпен істемеген еді. Оның ойы уақыт ұту, Алтын Ордаға қарсы қалың әскер ұйымдастыру болатын. Себебі сол тұрғанда қолында Алтын Орданы басып алатындай күш жоқ еді. Низам ад-дин Шамидің «Жеңістер кітабында» Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорығы 1391 жылы 22 қаңтарда басталғаны айтылады. Ол өз жорығының мақсатын жасырып, Яссы, Сау­ран, Қарашұқ арқылы жүріп, Сарысу өзенін жағалап, Тобыл өзеніне дейін барады. Содан күрт бұрылып, Тоқтамыс сарайына қарата тіке тартады. Темірдің тосын әрекетін болжай алмаған Алтын Орда аяқ астынан әбігерге түседі. Бұл жөнінде М.Сафаргалиев былай деп жазады: «Оно началось еще в феврале 1391 г., в Сарае о нем узнали только 6 апреля» (Сафарғалиев М.Г. 1960, с.152). Бұның үстіне жығылғанға жұдырық, біраз оғыландар мен бектер аласапыран кезеңде елін сатып кетеді. Аталған жағдайға қатысты Тоқтамыстың Ягайлоға жазған хатында нақты деректер сақталған. «Мы узнали об этом только тогда, когда он дошел до пределов (нашего) города, собрались и в то время, когда мы хотели вступить в сражение, те злые люди с самого начала пошатнулись и вследствие этого в народе произошло смятение. Все это дело случилось таким образом. Но бог милостив и наказал враждебных нам огланов и беков, во главе которых стояли Бекбулат, Ходжа-Медин, Бекиш, Турдучак-Берди и Давуд», – деп жазады хан (Греков Б.Д., Якубовский А. Золотая Орда и ее падение. – М.–Л: Наука, 1950, с.366).
Бұдан бұрын қаңтарда Тоқтамыс Ақсақ Темірге өз елшілерін жіберген еді. Елшілер Темірге Алтын Орда ханының атынан көп сый-сияпат ұсынады. Сәйгүлік жылқылар, қыран құстар сыйлайды. Тоқтамыс Әмір Темірден үлкен кешірім өтініп, арада орын алған келеңсіздіктердің себебін түсіндіруге тырысқан. Жолдаған хатында Темірдің әке орнына «әке» болғанын, көп «жақсылықтар» жасағанын жаза келіп, арам ниетті адамдардың сөзіне еріп, арандатуларына ұшырап, қателіктер жіберіп алғанына тағы да көптен-көп кешірім сұрайды. Өткен әрекеті үшін ұялатынын және шын ниетімен қапаланатынын айтып, енді өзіне ұсынылған шекарада тұруға ризалық білдірген.
Сол кездегі қалыптасқан еларалық заңға қарағанда, бұл Тоқтамыс тарапынан жасалған көп төмендеу еді. Себебі ол замандағы Қыпшақ даласын билеушілер Шыңғыс ханнан қалған заңдылықты басшылыққа алған. Ал Тоқтамыс болса, Шыңғыс хан тұқымы, тақтың заңды мұрагері. Ақсақ Темір қарадан шыққан. Тоқтамыс бұл жағдайды жақсы білді. Білгендігі халық эпосында:
Сәмәркандта утырган
Самарқанда отырған
Аягы чонтык Шаһ Тимер
Аяғы шонтық Шаһ Темір
Ел біткенге жау болды,
Ел біткенге жау болды,
Мен де оған жау болдым.
Мен де оған жау болдым.
Асылсыздан туган Тимер би
Асылсыздан туған Темір би
Сәмәркандта шаһ булса,
Самарқанда шаһ болса,
Унике йортка баш булса,
Он екі жұртқа бас болса,
Яны мин шаһ дип белмимен,
Оны мен шаһ деп білмеймін,–
деп ханның өз аузынан беріледі (Идәгә. – Казан: 1988, 115-б).
Темір қалыптасқан низамды бұзып отыр. Соған қарамастан, хан Темірдің қойған шарттарына келісемін деп ризалық білдірді. Тоқтамыстың мұндай шарасыз күйге түсуінің басты себептерінің бірі – арадағы азғырушылардың сөзіне еріп қасындағы Едігені өлтірмек болғаны, оның басын сау­ғалап Ақсақ Темірдің қарамағына қашып баруы еді.
Ал Темір болса, «мен оны өзімнің балаларымның деңгейіне дейін көтердім, мені тыңдамады» деген сияқты тайғақ дәлелдер айтып, өз райынан қайтпайды. Тоқтамыс Ақсақ Темірмен мүмкін болғанынша соғыспауға тырысты. Темір төніп келгенде қолын кейін шегіндіріп, жүріп-тұруға қиын жерлерге қарай кетті. Бұл оқиғалардың сілемі де халық эпосынан көрініс тапқан. Едіге баласы Нұраддинді ертіп, жаулық мақсатпен келгенде, ел дүрлігеді. Қорқыныш туады. Бұл жөнінде «Ел қорқып бүлді. Тоқтамыс ханға хабар етті. «Едіге екі бөлек келді», – деп. Хан айтты: «Әй, жұртым! Қойыңызды сойыңдар, қол қусырып алдына барыңдар. Сізге тимес, менің үшін бүлмеңдер», – деді» делінген (Мағауин Е. Едіге. 1993, 71-б). Ханның осы лепесінен елді бүліншіліктен сақтап қалайын деген адамгершілікке толы көзқарасы көрінеді. Эпоста бұдан әрмен қарата Тоқтамыс қол астындағы өз ел-жұртының тыныштығы мен болашағын ойлаған трагедиялық бейне есебінде көрінеді. Мұның өзі тарихи шындықтан онша жырақ кетпейді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Тоқтамыс 1391 жылы майдан алдында Ақсақ Темірге елші жіберіп, келісімге келуге ұмтылады. Қанқұмар Темір қисапсыз қолмен ел шегіне баса көктеп кіргенде де Тоқтамыс соғыспау­ға тырысып, кейін шегінеді. Бұл оқиғаны жырды шығарушы эпостың талабына орай өзінше әрлеп көрсеткен. Едігені мақтап басталған эпостың шешімі Тоқтамыс ханның баласы Қадірбердінің қайта таққа отыруымен аяқталады. Шоқан нұсқасында:
Қалған-құтқан ел болып,
Қадірберді сұлтан хан болып…
…Қадірберді сұлтан садағын сала
байланды,
Жұртқа құрбан боламын деп,
Жұртын үш мәртебе айналды, –
делінген (Мағауин Е. Едіге. 1993, 62-б). Бұған қарап халықтың елді би емес, хан басқарғанын хош көретіні аңдалады. Былайша айтқанда, эпосты тудырушылар Едігеге іш тартқанымен, одан бастау алатын билер өктемдігіне үзілді-кесілді қарсы. Хан тағында Шыңғыс хан ұрпағы отырған жағдайда ғана мемлекет дұрыс болады деген сарын байқалады. Едігенің ел шекарасын бекітудегі, қолбасылықтағы, мемлекеттің экономикасын көтеріп, әл-ауқатын арттырудағы рөлін, Ақсақ Темірмен ұтымды саясат ұстанып, Мәскеу, Литва жеріне жасаған жеңісті жорықтары туралы біле тұра халық эпосы төре тұқымынан шыққан басшыны жөн санайды. Халық қателеспейді, шынында да кейін билер басқарған алып Ноғай Ордасы аяғында азып-тозып көрінгенге жем болды.
Соғысқа құмартқан Ақсақ Темір Тоқтамыстың соңынан қалмады. 1391 жылы 6 маусымда Жайық өзенінен өтіп, Тоқтамыстың әскерін қуып жетті. 18 маусымда басталған қырғын ұрыс үш күнге созылды. Екі жақтың күші бір-бірінен кем емес еді. Ақсақ Темір Тоқтамысты айламен түсірді. Бұл жөнінде өзі қағазға былайша таңбалатты: «Я подкупил неприятельского знаменосца; он обещал мне повергнуть свое знамя, когда обе армии вступят в бой. …В авангард я поместил внука своего Мирзу-Абубекра с 8000 всадниками, и в самом разгаре схватки приказал им раскинуть палатки и приняться за приготовление еды. В ту же минуту знамя Тохтамыша было повергнуто, этот князь, растерянный, обратился в бегство» (Властелин Евразии. – Алматы: Кочевники, 2003, с.74–75). Соғыста бас тудың құлауы – жеңілгендіктің белгісі. Тудың құлағанын көрген Тоқтамыс әскерлерінің арасында үлкен үрей туып, шептері бұзылып, бейберекет қашу басталған. Соған қарамастан, мұндағы ұрыс шешуші шайқас болған жоқ. Екі жақтан да біраз адам қырылды. Осыған байланысты Ақсақ Темір өзінің жеңісін соңына дейін жеткізбей, кейін шегінді (Гумилев Л.Н., 2007, с.441–442).
Ақсақ Темірдің арам пиғылын сезген Тоқтамыс өз қуатын арттырудың жаңа жолдарын іздестіруге мәжбүр болды. Ол ыждағаттап Египет сұлтаны мен Литва князіне елші жіберіп, одақ құруға ұмтылды. Сонымен бірге Әзірбайжандағы өз ықпалын ұстап тұруға да тырысты. Айтқандай-ақ, Ақсақ Темір 1395 жылы ақпан айында Алтын Ордаға қарсы 400 мың қолмен жаңа жорыққа аттанды. Өзінің қисынсыз жорығын ақтау үшін Темір Тоқтамысқа хат жазып, онда сен менің алдымда борыштарсың, сол борышты ұмыттың, бойыңды жын билеген дей келіп, «сен бейбітшілікті қалаймысың, жоқ әлде соғысты қалаймысың? Таңда. Мен қайсысына болсын дайынмын. Бірақ есіңде болсын, бұл жолы сені аяу деген болмайды» дейді (Гумилев Л.Н. 2007, с.613). Жоғарыда айт­қанымыздай, Ақсақ Темірдің Тоқтамысты аяп, істеген жақсылығы жоқ еді. Әуелгі баста-ақ Тоқтамысты пайдаланып, Көк Ордаға билік жүргізу ойында болғанын Ақсақ Темір ғұмырбаянын зерттеуші-ғалымдардың бәрі атап өтеді. Бұл хат – Темірдің өзін ақтау үшін жазған дүниесі.
Бұл айтылған жағдайлардан эпосты шығарушылар мен айтушылардың, оны тыңдаушылардың Шыңғыс ұрпағы, заңды хан әрі Алтын Орда мемлекетін қайта қалпына келтіруге өлшеусіз еңбек сіңірген, он сегіз жыл билік құрған Тоқтамысқа бей-жай қарай алмайтыны анық аңғарылады.
Тоқтамыс ханның есімі Қарашай-Шеркеш республикасында жер атауы арқылы сақталып қалған. Черкесск қаласының солтүстік-шығысында, қаладан 20 шақырымдай жерде «Тоқтамыс аулы» деген елді мекен бар. Кубань өзенінің Черкесск қаласының солтүстік-шығысына құлайтын тармағын «Тоқтамыс суы» деп атайды. «Тоқтамыс суының» жоғары жағын «Тоқтамыс тамағы» деп атайды. Осы республикадағы Қарашай ауданының Жоғарғы Мара аулының Оңтүстігіндегі тау «Тоқтамыс тауы» деп аталады. Черкесскімен екі аралық 60 шақырым шамасында. Ал Кіші Қарашай ауданындағы Бичесин үстіртінің солтүстігіндегі қырат «Тоқтамыс сырты» деп аталады. Осы үстірт­тегі жайлау «Тоқтамыс жайлауы» деп аталады. Бұл жайлау Черкесскіден гөрі, атақты Кисловодск қаласына жақын. Кисловодскімен екі орта 40 шақырым шамасында. Қарақалпақстанда «Тоқтамыстың көз жасы» деген жер бар, одан үнемі су шығып, жылға боп ағып жатады. Осылардың өзі-ақ Тоқтамыс есімінің халық жадында берік сақталып қалғанына нақты айғақ болса керек. Бұдан мынадай қорытынды шығады, әртүрлі қоғамдық жағдай, қиғаш саясат халық қадірлеген тұлғаны оның жадынан өшіруге қаншалық тырысқанымен, оған толық қол жеткізе алмайды. Ол халық қаһарманының тарихы күндердің күнінде қайыра зерттеліп, қайта жаңғырға береді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір