МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІҢ ӨЗЕГІ
28.08.2026
73
0

Мемлекеттік тіл – елдігіміздің негізі, ұлттық бірегейлігіміздің басты тірегі. Бүгінде Қазақстанда тіл саясатын жетілдіру, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және патриоттық сананы нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Атырау облысында атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекеттік тілдің ғылым мен цифрлық кеңістіктегі орны, көрнекі ақпараттардың сапасы және алдағы жоспарлар жөнінде Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тіл саясаты және ономастикалық жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы Айгүл ҚУАНЫШПЕН сұхбаттасқан едік.

– Айгүл Базарбайқызы, мемлекет бас­шысы қоғамдағы патриоттық құндылықтарды нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Атырау облысында қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында, сондай-ақ Ұлт­тық құрылтайдың отырыстарында әділетті Қазақстанды құрудың басты негізі – қоғамдағы бірлік, патриотизм, заңға құрмет және ұлттық құндылықтарды сақтау екенін үнемі атап көрсетіп келеді. Президент мемлекеттік тілді дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту және мемлекеттік рәміздерді қадірлеу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін нақты айқындады. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Атырау облысында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өңірде мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге арналған патриоттық акциялар, жастар форумдары, танымдық кездесулер, пікірталас алаңдары, мәдени-көпшілік іс-шаралар және ашық сабақтар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік әнұранды орындау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру аясында облыста «Кітап оқитын ұлт» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл жоба кітап оқу мәдениетін қалыптастырумен қатар, жастардың рухани дүниесін байытуға, ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттыруға және тарихи сананы нығайтуға бағытталған. Өйткені патриотизм, ең алдымен, туған жердің тарихын танудан, ана тілін құрметтеуден және ұлттық мәдениетті қастерлеуден басталады.
– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміз­дің басты белгілері. Әсіресе жастар арасында оларға деген құрметті арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңына сәйкес мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың конституциялық міндеті. Осы талаптарды қоғам санасына орнықтыру мақсатында облыста түрлі ақпараттық және тәрбиелік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жастар акциялары, патриоттық сабақтар, танымдық кездесулер, флешмобтар, интеллектуалдық ойындар, викториналар мен арнайы форумдар өткізіліп келеді. Мұндай шаралардың басты мақсаты – жастардың мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын терең түсінуіне ықпал ету. Сонымен бірге халықаралық тәжірибені де зерделеп келеміз. Мәселен, Түркия Республикасында мемлекеттік ту тек ресми мерекелерде ғана емес, тұрғын үйлерде, кәсіпкерлік нысандарында және қоғамдық орындарда кеңінен пайдаланылады. Бұл – мемлекетке деген құрметтің қоғамдық мәдениетке айналғанының айқын көрінісі.
Осындай оң тәжірибелерді Қазақстан жағдайына бейімдеу мәселелері де назардан тыс қалып отырған жоқ. Өйткені мемлекеттік рәміздерге деген құрмет тек заң талабымен ғана емес, әр азаматтың ішкі мәдениетімен және азаматтық ұстанымымен қалыптасуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде жұмыс күні басталар алдында мемлекеттік гимнді орындау дәстүрін қалыптастыру тәжірибесін енгізу де патриоттық тәрбиені күшейтудің тиімді тетіктерінің бірі болар еді деп есептеймін. Мұндай бастама мемлекеттік қызметшілердің елге деген құрметін арттырып, ұлттық рухты нығайтуға оң ықпал етері сөзсіз.
– Соңғы уақытта көшелердегі жарнамаларда, дүкен атауларында және басқа да көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тіл нормаларының сақталмауы жиі айтылып жүр. Өңірдегі ахуал қандай?
– Бұл – қоғам назарындағы өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21-бабына және «Жарнама туралы» заң талаптарына сәйкес барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тіл нормаларына сай рәсімделуі тиіс. Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысында тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Биыл 99 мемлекеттік және кәсіпкерлік нысанда орналасқан 117 көрнекі ақпаратқа зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде олардың 67-сіндегі кемшіліктер толық түзетілсе, қалған 50 нысан бойынша түзету жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл бағыттағы басты ұстанымымыз – жазалау емес, түсіндіру. Кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетіліп, кәсіби тіл мамандары кеңес береді. Соның нәтижесінде көптеген кәсіпкер анықталған кемшіліктерді өз еркімен түзетуде. Өйткені басты мақсат – әкімшілік шара қолдану емес, қоғамда тіл мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік тілдің қолданылу сапасын арттыру.
– Көрнекі ақпараттардағы заң талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі өкілет­тіктердің кеңеюі тіл мәдениетін жақсартуға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Бұл өзгеріс заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін маңызды әрі уақытылы қабылданған шешім деп есептеймін. Бүгінде уәкілетті органдар заң талаптарына сәйкес келмейтін көрнекі ақпараттарды түзету жөнінде ресми талап қою құқығына ие болды. Бұл, ең алдымен, қоғамдағы жауапкершілікті арттырып, алдын алу жұмыстарының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер мен мекеме басшыларына айтарымыз – жарнама, маңдайша немесе басқа да көрнекі ақпарат әзірлемес бұрын оның мәтінін кәсіби тіл мамандарына тексертіп, жергілікті атқарушы органдардың тіл саясатына жауапты бөлімдерімен келісіп алған жөн. Бұл кейіннен қайта өзгертуге кететін уақыт пен қосымша шығынның алдын алады. Мемлекеттік тілдің сауатты әрі талапқа сай қолданылуы – кез келген ұйымның кәсіби мәдениетінің, қоғам алдындағы жауапкершілігінің және елге деген құрметінің айқын көрсеткіші.
– Мемлекет басшысы қазақ тілін ғылым­ның, бизнестің және технологияның тіліне айналдыру міндетін қойған болатын. Осы бағытта өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қоғамдық қатынас тілі ғана емес, ғылымның, өндірістің, бизнестің және жаңа технологиялардың да тіліне айналуы қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл – мемлекеттік тілдің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне бағытталған маңызды міндет. Осы бағытта Атырау облысында жоғары оқу орындарымен, кітапханалармен, ғылыми қауымдастықтармен және салалық мекемелермен бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік әдебиеттерді насихат­тау, ғылыми еңбектердің қолжетімділігін арттыру, кітап қорларын толықтыру және салалық терминологияны жүйелеу мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді.
Атырау облысы – еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібі жетекші орын алатын өңірлердің бірі. Сондықтан өндірістік терминдерді мемлекеттік тілде біріздендіру жұмысының маңызы ерекше. Осы мақсатта облыс әкімдігінің бастамасымен Республикалық терминология комиссиясына мұнай-газ саласына қатысты 4 мыңнан астам қазақша термин ұсынылып, олардың 2 мыңнан астамы бекітілді. Қазіргі таңда бұл терминдер өндірістік құжаттарда, іс жүргізуде және ғылыми еңбектерде кеңінен қолданылып келеді. Бұл – мемлекеттік тілдің өндіріс пен ғылым саласындағы қолданысын кеңейтудегі маңызды жетістік деп санаймыз. Сонымен қатар Атырау өңірінің тағы бір ерекшелігі – балық шаруашылығы мен ихтиология ғылымының дамуы. Осыған байланысты ихтиология саласына қатысты 2 мыңға жуық термин Республикалық терминология комиссиясының қарауына ұсынылып, қазіргі уақытта сараптамадан өтуде. Бұл жұмыс та қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады.
– Қазіргі цифрлық дәуірде қазақ тілінің интернет кеңістігіндегі үлесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Соның ішінде қазақ тіліндегі Уикипедияны дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бүгінде кез келген тілдің өміршеңдігі оның цифрлық кеңістіктегі қолданысымен де өлшенеді. Сондықтан қазақ тілінің интернеттегі сапалы контентін көбейту – уақыт талабы. Осы мақсатта Атырау облысында алғаш рет «Қазақ Уикипедиясын дамыту: тіл және цифрлық қоғам» атты өңірлік семинар ұйымдастырылды. Бұл шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, кітапханашылар, мемлекеттік қызметшілер және белсенді жастар қатысты. Семинар қорытындысында қазақ тіліндегі Уикипедия қорына 300-ге жуық жаңа энциклопедиялық мақала енгізілді. Бұл – қазақ тіліндегі ашық білім кеңістігін толықтыруға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан өңірлік Уики-клуб құрылып, бүгінде ерікті жастардың басын қосқан шығармашылық алаңға айналып келеді. Алдағы уақытта бұл бастама аясын кеңейтіп, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын, студенттерді, мемлекеттік қызметшілерді, кітапханашыларды және өңірдегі еріктілерді осы жұмысқа кеңінен тартуды жоспарлап отырмыз. Өйткені сапалы энциклопедиялық контенттің көбеюі – қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарттарының бірі.
– Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейту – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сіздің ойыңызша, әрбір азамат бұл іске қандай үлес қоса алады?
– Мемлекеттік тілдің болашағы, ең алдымен, әр азаматтың күнделікті өмірдегі таңдауы мен ұстанымына байланысты. Тілді дамыту, ең алдымен, отбасынан басталады. Егер ата-ана баласымен қазақ тілінде сөйлесіп, ұлттық құндылықтарды дәріптесе, бұл келешек ұрпақтың тілге деген құрметін қалыптастырады. Сол сияқты кәсіпкерлердің мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетуі, бұқаралық ақпарат құралдарының, шығармашылық қауымның және әлеуметтік желі қолданушыларының қазақ тіліндегі мазмұнды контентті көбейтуі де мемлекеттік тілдің табиғи дамуына үлкен ықпал етеді. Бүгінде жастардың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Сондықтан сапалы, сауатты әрі қызықты қазақтілді контенттің көбеюі – заман талабы. Мемлекеттік тілді дамыту – белгілі бір мекеменің немесе мемлекеттік органның ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ана тіліне деген құрмет әр адамның күнделікті өмірінен көрінуі тиіс.
– Алдағы уақытта Атырау облысында тіл саясаты саласында қандай жаңа жобалар жүзеге асырылады? Өңір тұрғындарына айтар тілегіңіз?
– Алдағы кезеңде мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін күшейтуге бағытталған бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Ең алдымен, «Кітап оқитын ұлт» жобасының аясын кеңейтіп, кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық әдебиетті насихаттау және жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі цифрлық контентті дамыту, өңірлік Уики-қозғалысты нығайту және энциклопедиялық мақалалардың санын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады. Көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тіл нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету, цифрлық мониторингті жетілдіру және кәсіпкерлерге әдістемелік қолдау көрсету де алдағы уақыттағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.
Біз үшін маңызды бағыттардың тағы бірі – тілдік инклюзияны дамыту. Мемлекет басшысы әрдайым инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызын айтып келеді. Біз де мемлекеттік тілдің мүмкіндігі қоғамның барлық мүшесіне бірдей қолжетімді болуы қажет деп есептейміз. Осыған байланысты биыл Атырау облысында алғаш рет көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған «Алтын қауырсын» облыстық шығармашылық байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бүгінде өңірімізде 700-ге жуық зағип және нашар көретін азамат тұрады. Байқау­дың басты мақсаты – ерекше жандардың шығармашылық қабілетін қолдау, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру, әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету және өмірге деген құлшынысы мен қайсар рухын көпшілікке үлгі ету. «Алтын қауырсын» – ерекше жандардың шығармашылығын танытумен қатар, қоғамда адамгершілік, тең мүмкіндік және әлеуметтік жауапкершілік қағидат­тарын насихаттайтын маңызды әлеуметтік жоба болады деп сенеміз. Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді дәріптеудің жаңа форматтары енгізіліп, жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған заманауи жобалар да өз жалғасын табады.
Ең бастысы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара серіктестігі ерекше маңызға ие. Қорытындылай айт­қанда, мемлекеттік тіл – ұлттық бірегейлігіміздің алтын арқауы. Ана тіліне деген құрмет – Отанға деген құрметтің айқын көрінісі. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту – барша қоғамның ортақ міндеті әрі азаматтық парызы. Әрқайсымыз өз ісімізбен, сөзімізбен және күнделікті өмірдегі таңдауымызбен қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлес қоссақ, Президент айқындаған әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру жолындағы маңызды мақсаттардың бірі орындалары сөзсіз.

                                                                                                                                                                                                                                                               Сұхбаттасқан Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір