Өндірісті өңірде жаңа кітапхана ашылды
28.08.2026
44
0

Елдің тұрақты дамуы, өркениетті қоғам құру жолында басты маңыз берілуі тиіс міндеттің бірі – оқырман ұлт қалыптастыру. Бұл қоғамда кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін жетілдіру арқылы жүзеге асады. Ал бұл, әрине, өз кезегінде әр азаматтың кітапқа деген сүйіспеншілігін балалық шақтан бастап оятуға байланысты болмағы сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастамасын қолдап, оқуға деген құштарлық – қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өткен болатын. Осы Құрылтайдағы Президент тапсырмасына орай 2024 жылғы 29 маусымдағы үкімет қаулысының негізінде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Биыл елімізде екінші рет аталып өткен осынау айтулы мереке халық арасында кітап оқуды, рухани қазынамызды насихаттауға, отандық баспа саласының дамуына серпін беріп, ғылыми, мәдени кеңістігіміздің көкжиегін кеңейтіп, негіздерін нығайтуға үлкен ықпал етуде. Бұл – қоғамның, соның ішінде ел дамуын алға апарар жастардың мәдени, рухани тұрғыда жетілуін көздеген маңызды қадам. 
Өйткені балалардың тәрбиесіне әлеуметтік желілер мен түрлі видеоплатформалардың әсері күшейіп отырған қазіргі уақытта ұрпақ тәрбиесін толықтай цифрлық кеңістікке тапсырып қоюға болмайтыны дау тудырмасы анық. Осы ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, «балаларды кітап оқуға баулу – тәрбиенің негізгі тетіктерінің бірі, ал кітап – білімнің қайнар көзі әрі рухани тәлімгер. Кітап оқу адамның таным көкжиегін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытады, сондай-ақ өз-өзіне деген сенімді арттырады». Осыған орай ұлттық жады мен мәдениетті сақтау орталығы ретінде кітапханаларға ерекше назар аудару қажеттігі, заманауи форматта тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды құрудың маңыздылығы атап көрсетілді.
Осылайша, кітап оқу мәдениетінің маңыздылығына баса назар аударылып отырған бүгінгі күні мемлекет кітапхана саласын жаңғыртуға айрықша көңіл бөлуде. Мәселен, елімізде 800-ге жуық мектеп кітапханасы жаңартылып, 280 мың оқушы ерекше мүмкіндіктерге қол жеткізді. Ұлттық құрылтайда кітап оқитын ұлтқа айналу міндеті алға шыққан 2024 жылы мектеп кітапханалары 1,6 миллион жаңа кітаппен толықтырылған. Еліміздің рухани қазына қорымен тікелей жұмыс істейтін кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 1 775 маман арнайы курстардан өткен.
Бүгінгі күні елімізде төрт мыңға тарта кітапхана болса, жыл сайын оның қатары жаңа орталықтармен толыға түсуде. Республикамыздағы тарихы бай, кітап қоры мол кітапханаларымен тартымды өңірлердің бірі – Қарағанды облысы. Қарағанды Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің тарихы «Қарағанды қаласы Сталин ауданының қалалық кітапханасынан» басталады. Бұған 33 инвентарлық нөмірімен 1938 жылы басылып шыққан Үлкен совет энциклопедиясының 36 томының бірінші бетіндегі мөрі куә. 1977 жылға дейін кеншілер астанасында 30 қалалық көпшілік кітапхана, 1 жасөспірімдер кітапханасы және балаларға қызмет көрсететін 15 кітапхана ашылған. Қазіргі уақытта Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің  құрамына 5 балалар, 2 жасөспірімдер кітапханасы, 13 кітапхана филиалдары, сондай-ақ ­М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана кіреді. Бүгінде М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасы – қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметін әдістемелік қамтамасыз ету және басқаруды ұйымдастыратын маңызды біліктілік және оңтайлы қызмет көрсету орталығы. Кітап қоры 690 646 тіркеу бірлігін құрайды, сондай-ақ қазақ тілінде – 127 975, мерзімді басылымдар 134 335, аудио-визуалдық материалдар – 65, СD – 1012 дананы құрайды. Кітапханада 1917 жылға дейін басып шығарылған сирек кездесетін кітаптардың шағын қоры бар. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі түпнұсқаларды сақтау орны ғана емес, сонымен бірге барлық сала бойынша заманауи ақпараттық өнімдердің пайдаланушыларына қызмет көрсететін нақты ақпараттық орталық болып саналады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі жыл сайын 79 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіп, 2 031 930 мың кітап бетінен әрбір іздену­шінің өзіне керегін алуына мүмкіндік береді.
Биылғы жыл Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрамы жаңа кітап ордасымен толықты. Атап айтсақ, 10 тамызда Қарағанды қаласында аталып өткен халқымыздың ұлы ойшылы Абай күніне орай Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа кітапхана салтанат­ты жағдайда өз оқырмандарына есігін айқара ашты. Кітапхананың ашылу рәсімі барысында қонақтарға кітап көрмелері, әдеби-танымдық бағдарлама, өлкетану әдебиеттерінің экспозициясы және түрлі мәдени іс-шаралар ұсынылды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптар, өлкетану материалдары, балалар мен ересектерге арналған әдебиеттер – осынау рухани мол қазына енді өндірісті өңір орталығында ашылған Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа кітапхана оқырмандарына қолжетімді болмақ. Кітапхананың ашылуында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының шығармашылығына арналған кітап көрмелері мен арнайы әзірленген әдеби топтамалар келушілер назарына ұсынылды.
– Ұзақ уақыттан бері алғаш рет жаңа кітапхана ашылып отыр. Бұл – рухани және ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудағы маңызды қадам. Жаңа мәдени ошақ оқырмандарға сапалы кітап қорын ұсынумен қатар, жастардың білімге, әдебиетке және тарихқа деген қызығушылығын оятып, сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді, – дейді Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Қызғалдақ Құрмашева.
Халқымыздың хас батыры атындағы кітапхана қоры жаңа басылымдардан және жүйенің басқа филиалдарынан берілген кітаптардан жасақталған. Көркем, тарихи және танымдық әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар, сондай-ақ мектеп оқушыларына қажетті тақырыптарды қамтитын басылымдар жинақталған кітапхана қоры әрбір оқырманның рухани қажетін қамтамасыз етерлік деңгейде деп айтуға болады. Мұндағы кітаптар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.
Орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары атап өткендей, қордың бір бөлігі Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған. Сонымен қатар оқырмандарға туған өлке туралы көбірек білуге мүмкіндік беретін тарихи және өлкетану басылымдары жинақталған.
Кітапхана тек кітап оқитын орын ретінде ғана жұмыс істемейді. Мұнда кітап көрмелері, әдеби кештер, елімізге белгілі тұлғалар, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлерімен кездесулер, тақырыптық сағаттар, дөңгелек үстелдер, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Жаңа кітапхана шағын аудан тұрғындары үшін кітап оқу, өздігінен білім алу және тартымды мәдени орталыққа айналады.
Айта кетейік, кітапхананың мекенжайы: Қарағанды қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 28.

Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір