Абайдан альфа ұрпаққа дейінгі ғибратнама

Бүгінгі ақпараты көп алашапқын заманда адамды адам ретінде қалыптастыратын құндылықтың қайнар көзі – Абай мұрасы. Абайды оқып-тану – тек әдеби шығарманы оқу ғана емес, ол – өзіңді тануға, ойыңды, санаңды тәрбиелеуге, мінезіңді қалыптастыруға жетелейтін бағдаршам. 10 тамыз – Абай күніне орай өткен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты әдеби-танымдық кеш осы мақсатпен ұйымдастырылды. Талғар аудандық жастар ресурстық орталығында өткен іс-шараны Кеңдала ауылдық кітапхана ұжымы мен жастар ұйымдастырды.

Кешті ашып, мән-мағынасын жеткізген Кеңдала ауылдық кітапхана меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева жан-жақты жабдықталған кітап көрмесіне шолу жасап өтті. Артынан «Құнанбай» фильмінен үзінді көрсетіліп, қатысушылармен ой-пікір алмасты.
Іс-шараның негізгі спикерінің бірі болған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы атаулы күнге орай Бірлестікте «Абай онкүндігі» бастау алғанын, оның негізгі мақсаты өткеннің ғана емес, бүгінгі қоғамның да рухани темірқазығына айналған Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде айтылған адамгершілік, әділет, ар-ождан, азаматтық көзқарас туралы ойлары мен тұжырымдарынан ой түю, бүгінгі уақытпен сабақтастыра жеткізу екендігін алға тартты. Бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асановтың демеушілігімен профессор С.Негимов жазған «Абай ғибратнамасы» кітабы негізінде ой қозғады. Кітаптағы «Мінез – сауыт», «Сөз келісі» «Ар ойла», «Шын ақыл» секілді тағылымды ұғымдарының мәніне терең үңіліп, олардың бүгінгі қоғамдағы маңызы жөнінде ақпаратпен бөлісті. Абай шығармаларындағы адамның өзін-өзі жетілдіруі, білімге ұмтылуы, мінез тәрбиесі және азаматтық жауапкершілік мәселелері қазіргі жастар тәрбиесімен сабақтастырылып талданды.

Кейіннен сөз алған ақын, сазгер, Алматы облысының бас биі, бірлестік эксперт-жанашыры Камнұр Тәлімұлы, Талғар аудандық кітапханасының директоры Махамбет Хармысов, «Адам.Қоғам.Құқық» кешенінің серіктес авторы, тарихшы Гүлтанат Алтынбайқызы, Талғар аудандық мәдениет үйінің «Ұлттық құндылықтар» орталығының ұстазы Гүлғайша Құрманбай, Қызылқайрат модельді ауыл кітапханасының кітапханашысы Ажар Игілікқызы мен аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ақпараттың шексіз ағыны, жасанды интеллект пен әлеуметтік желілер үстемдік құрған кезеңде Абайдың ғибратты ойлары бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті. Кеш барысында Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері мен қара сөздері нақышына келтіре орындалды.

Білімді болу жеткіліксіз, ең бастысы – оны дұрыс мақсатқа пайдалана білу, ар мен ақылдың, білім мен жауапкершіліктің үйлесімін сақтау қажеттігі жайлы түйін жасалды. Абай мұрасы – тек әдеби мұра емес, ол жаһандану заманындағы өмір сүру мәдениеті мен азаматтық ұстанымның мектебі екенін түйіп тарқасты.
М.Маулина