Әсел ОСПАН. Ақын және кітапханашы
04.08.2026
37
0

Осыдан он жыл бұрын жұмыс іздеп, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің С.Қаниев атындағы ғылыми кітапханасына келген едім. Білім ордасының іргетасы 1944 жылы 15 тамызда қаланып, ғасырға жуық уақыт аралығында ғылым мен білімнің қара шаңырағына айналған.

Кеңес дәуірінің сәулетімен салынған  қос қабатты ғимарат көзіме бірден жылы ұшырады. Ішімді шарпыған үміт пен толқу мені алға жетелеп, алғаш рет осы кітапхананың есігін баяу ашып, ішке енгенім есімде. Сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның қабырғаларынан тарихтың тынысы сезіледі. Институттың алғашқы директоры – Құрманғали Оспановтың 1944 жылғы 6 қыркүйектегі бұйрығымен кітапхана ресми түрде ашылған. Кітапхананың тұңғыш меңгерушісі болып Қалила Исмағұлова тағайындалған.
Мұнда уақыт баяу өтетіндей, ал адамдар күйбең тіршіліктен алыстап, рухани тыныштыққа бөленетіндей әсер қалдырды. Көкірегімде қылаулаған арман оты лаулап, болашаққа деген сенімім арта түсті. Бәлкім, дәл осы табалдырықтан аттаған сәт менің өмірімдегі жаңа кезеңнің бастамасы болған шығар. Мен бұл жерде жұмыс істей жүріп, шығармашылық ізденістерім де оң нәтиже берді. Кітаптың иісі сіңген бұл ғажап мекеннің ерекше аурасы жан дүниемді бірден баурап алды.
Бала кезімнен кітапты жан серігіме айналдырып өстім. Отбасымызда кітап оқу – ерекше дәстүр десем, артық айтпаған болар едім. Сол жылдар бүгінде жылы естелікке айналды. Кітап біз үшін рухани тәрбие мен адамдық құндылықтарды бойға сіңіретін қазына болды.
Студенттік жылдары бұл қызығушылығым одан әрі тереңдей түсті. Маған дәріс берген ұстаздарым – қазақ әдебиеті мен ғылымының көрнекті өкілдері, сөз өнерінің асқақ майталмандары еді. Академик Серік Қирабаевтың парасатты пайымы, Нығмет Ғабдуллин мен Жұмағали Ысмағұловтың терең білімі, Немат Келімбетовтің тағылымды ойлары, Серік Мақпыров пен Тұрсын Жұртбаев сынды ғалымдардың өнегесі менің дүниетанымымның қалыптасуына зор ықпал етті. Олар тек дәріс оқып қана қойған жоқ, әдебиетті сүюді, кітапты құрметтеуді үйретті. Сондықтан кітапханаға келу мен үшін кездейсоқ таңдау емес, бала күнгі арман мен студенттік шақта қалыптасқан сүйіспеншіліктің заңды жалғасы еді. Кітапханада жұмыс істеу өзімді сарқылмас рухани қазынаның ортасында жүргендей сезіндірді.
Жылдар өте келе кітапхана мен үшін тек қызмет орны ғана емес, өмір мектебіне айналды. Осы ортада талай зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен, ізденімпаз жастармен жүздестім. Әр күн сайын жаңа кітаптармен танысып, жаңа ойлармен сусындадым. Бұл жер мені сабырлылыққа, ізденіске, ұқыптылыққа және адам жанының рухани қажеттілігін түсінуге тәрбиеледі. Бүгінде өткенге көз жүгіртсем, кітапханамен тағдырымның тоғысуын өмірімдегі ең маңызды әрі сәтті шешімдердің бірі деп бағалаймын.
Кейде адамдар менен «Сіз ақынсыз ба, әлде кітапханашысыз ба?» деп сұрайды. Сондайда бірден жауап бере алмай қаламын. Қоғамның рухани дамуына үлес қосатын екі ерекше бағдаршы бар: бірі – ақын, екіншісі – кітапханашы. Бірі жүректегі сезімді өлеңмен өрнектесе, екіншісі сол өлеңді, ойды оқырманға жеткізетін алтын көпір іспетті. Мен өзімді әрі ақын, әрі кітапханашы ретінде осы екі әлемнің тоғысқан тұсында сезінемін. Бұл екі қызметтің табиғаты бөлек болғанымен, түпкі мақсаты ортақ – адам жанына білім мен рухани азық беру. Өйткені мен үшін бұл екеуі екі түрлі жол емес, бір-бірімен астасып жатқан бір тағдырдың қос арнасы секілді.
Аргентинаның әйгілі жазушысы, ақыны, кітапханашысы Хорке Луис Борхес: «Мен жұмақты әрқашан кітапхана түрінде елестетемін» деген екен. Ол сол кеңістікті қалыптастырып, оның өміршеңдігін қамтамасыз етіп отырған кітапханашылардың еңбегі деп ойлаймын.
Әрі шығармашылық адамы ретінде қоғамда болып жатқан түрлі көзқарастар мен сыни пікірлер мені де теріс айналып өтпейді. Іштей тұншығып, көңіл шерге айналып кетпес үшін кейде күнделікті жұмыс арасында жүрек түкпірінде қордаланған, піскен ойлар өлең болып өріледі. Ақындық – қызмет емес. Ол дипломмен берілмейді, сатылмайды, бұйрықпен тағайындалмайды, еңбек кітапшасына жазылмайды, жас, жыныс талғамайды, зейнетке шықпайды. Керісінше, өлеңді аялаған сайын жасарады. Ақын өлсе де Өлең – өміршең!
Кейде үнсіз ғана сөредегі кітаптардың арасымен жүріп, өзіңді мазалаған сұрақтардың жауабын іздейсің. Кітапхана – ғасырлар үнін жеткізген сырлас дос, сан буынның тәжірибесін сақтаған үнсіз ұстаз. Осы салада 10 жылдан бері жұмыс істеп жүргендіктен оның қыр-сырына, сырттан қарағанда көпшілік байқай бермейтін қайнап жатқан ішкі тірлігіне жақсы қанықпын.
«Жұмыстарың қандай жақсы! Күні бойы кітап оқып отыратын шығарсыңдар?» деген пікірді жиі естиміз. Мұндай пікір шын мәнінде кітапханашы еңбегінің мәнін толық аша алмайды. Иә, кітапханашы үшін кітап оқу – кәсіби міндеттің ажырамас бөлігі. Себебі оқырманға дұрыс бағыт-бағдар беру, қажетті әдебиетті ұсыну, ғылыми ақпаратпен жұмыс істеу үшін үнемі ізденіп, білім көкжиегін кеңейтіп отыру қажет.
Алайда кітапханадағы жұмыс тек кітап оқумен ғана шектеледі деген түсінік жаңсақ. Бұл – ақпараттық ресурстарды жүйелеу, электронды қорды толықтыру, сирек кездесетін басылымдарды сақтау, ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, оқырмандарға қызмет көрсету, мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру сияқты сан қырлы әрі жауапкершілігі мол еңбекті талап ететін сала. Сондықтан кітапханашының қызметін сырттай ғана бағаламай, оның қоғамдағы білім мен ғылымды жалғап тұрған маңызды миссиясын тереңірек түсіне білген жөн.


Алаш ардақтысы Сұлтанбек Қожанұлы: «Қазақ жастарының оқу жайына келсек, мектеп жағына келсек: талапкер бар да – оқу жоқ, балалар бар да – кітап жоқ, шәкірттер бар да – молда жоқ» деген еді. Осы бір қысқа ғана сөйлемнен тұтас дәуірдің ащы шындығы көрінеді. Бұл – білімге құштар халықтың мүмкіндігі шектеулі, бірақ үміті сөнбеген кезеңінің көрінісі.
Кітап пен баспа ісі кенже дамыған, газет-журнал тапшы заманда Алаш зиялылары халықтың сауатын ашуды – ұлтты сақтап қалудың басты жолы деп білді. Олар үшін кітап – жай ғана қағазға түскен мәтін емес, ұлттың болашағына бастар шамшырақ еді.
Сол шамшырақты жаққандардың алдыңғы қатарында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Ол тек ұлт ұстазы ғана емес, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы, оқулық жазған ғалым, баспагер әрі қайраткер болды. Қазақ баласының ана тілінде білім алуы үшін әліппе жазды, оқулықтар құрастырды, қазақ тілінің емлесін жүйеледі. Оның «Әліппесі» талай ұрпақтың сауатын ашып, білімге деген алғашқы қадамын бастады. Ахметтің қаламынан туған әрбір еңбек – қазақ руханиятының алтын қорына қосылған баға жетпес мұра.
Алаш зиялылары кітаптың құнын өзгелерден артық түсінді. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды қайраткерлер өз шығармалары арқылы ұлттың санасын оятуға күш салды. Олар кітаптың халықты қараңғылықтан алып шығатын ең қуатты құрал екенін жақсы білді. Сондықтан қаламдарын қару етіп, сөз арқылы елге қызмет етті.
Қазақ даласында алғашқы кітапханалардың қалыптасуы да ағартушылық қозғалыспен тығыз байланысты. Бұрын ауыл арасындағы медреселер мен мектептерде азын-аулақ кітап қоры болса, уақыт өте келе қоғамдық кітапханалар ашыла бастады. Олар халықтың білімге деген сұранысын өтеп қана қоймай, ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етті.
Кітап – ұлттың жады. Кітапхана – сол жадының мәңгілік мекені. Ал кітапханашы – сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттап жеткізетін руханияттың үнсіз күзетшісі. Егер бүгін біз Алаш арыстары аңсаған білімді қоғам туралы айта алсақ, онда оның негізінде кітапқа деген құрмет пен кітапханашының өлшеусіз еңбегі жатқанын ұмытпауымыз керек.
Кейде кітап сөрелерінің арасымен үнсіз жүріп келе жатып, уақыттың өзі осы жерде тоқтап қалғандай әсер аласың. Бір сөреде – ұлы ойшыл әл-Фарабидің даналығы тұр. Осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын Отырардан шыққан ғұлама адамзатқа білім мен парасаттың шамшырағын жақты. Егер оның еңбектері сақталмағанда, көшірілмегенде, ұрпақтан ұрпаққа жетпегенде біз бүгін оны «Екінші ұстаз» деп таныр ма едік? Демек, өркениеттің жалғасуына тек ойшылдар ғана емес, сол мұраны сақтаған кітапханалар мен кітап сақтаушылары да қызмет етті.
Келесі сөрені аралағанда бір сәтте Қорқыт дәуіріне сапар шеккендей боласың. Мәңгілік өмірдің мәнін іздеген Қорқыттың қоңыр қобызының сарыны ғасырларды жарып өтіп, бүгінгі оқырманның қолына кітап болып тиеді. Уақыт өзгереді, мемлекеттер ауысады. Бірақ адамзаттың мәңгілік сұрақтары өзгермейді. Ал сол сұрақтарға берілген жауаптарды жоғалтпай жеткізетін орын – кітапхана.
Кейде әлемдік тарихтың күрделі кезеңдеріне куә боласың. Ұлы Жібек жолының гүлденуі, ғылым мен мәдениеттің өркендеуі, түрлі империялардың құрылуы мен құлауы, дүниежүзілік соғыстар, адамзат бастан кешкен дағдарыстар – бәрі кітап беттерінде сақтаулы тұр.
Әрі қарай жылжып, тағы бір кітапты ашқанда Абаймен сырласқандай боласың. Оның «Толық адам» туралы ойлары бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін аңғарасың. Одан кейінгі сөреден Мағжанның мұңын оқисың. Ұлтының болашағын ойлап тебіренген ақынның жүрек сөзі арада жүз жыл өтсе де құнын жоғалтпаған.
Осындай алыптардың ортасында жүріп, ойыңның биіктемеуі, танымыңның кеңеймеуі, қаламыңның қуаттанбауы мүмкін емес. Ал ақын болсаң, осыншама қазыналы дүниенің ішінде отырып, шабытыңның шалқымауы мүмкін емес. Ақынға да білім мен ізденіс керек.
Кітап сөрелерінің арасындағы тыныштықтың өзінде бір тылсым үн бар. Ғасырлар қойнауынан жеткен даналық, сарғайған парақтардың жұпары, ұлы тұлғалардың аманатқа айналған ойлары ақын жүрегіне үнсіз әсер етеді. Кейде бір ғана сөйлем тұтас бір өлеңнің өзегіне айналады. Кейде бір кітаптан оқыған бір ғана ой жаңа жырдың дүниеге келуіне себеп болады.
Кітапхана – ақын үшін таусылмас шабыттың бұлағы. Мұнда әр кітап – бір тағдыр, әр қолжазба – бір дәуірдің куәсі, әр автор – өз заманының жүрек соғысы. Сол жүрек соғысын тыңдай алған жан ғана уақытпен сырласа алады. Ақынның жыры да дәл осындай үнсіз сырласудан, кітаппен тілдесуден, ұлы ойлармен үндесуден де туады.
Ақын бола тұра кітапханашы болғанымның өзіндік артықшылығы бар екенін де сеземін. Поэзия мен кітапхана – бір-бірінен алыс ұғымдар емес, керісінше, руханияттың қос қанаты секілді.
Кейде мені арнайы іздеп үлкенді-кішілі оқырмандарым, әдебиеттегі аға-апаларым, бауырларым келеді. Олармен кездесу бір ғана қолтаңба берумен немесе авторлық кітабымды сыйлаумен шектелмейді. Мен оларды өзім қызмет ететін кітапханамен де таныстыруды парыз санаймын. Өзім де басқа елге барсам міндетті түрде кітапханаларымен танысқым келіп тұрады. Сексен жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақтың әр бұрышын аралатып, кітап сақтау қорын көрсетіп, кітаптың оқырман қолына жеткенге дейінгі жолын әңгімелеп берем. Заманауи үлгіде жаңғыртылған кітапхананың ішкі келбетін, сирек қорларын, тыныш оқу залдарын, кішкентай балаларға арналған арнайы бөлмелерді көргенде келушілердің таңданысын жасыра алмайтынын байқаймын.
Көпшілігі кітапхананы бұрынғы түсініктегідей тек кітап алатын орын деп елестетіп келеді. Ал мұнда келген соң оның рухани мәдениеттің, білім мен шығармашылықтың ордасы екенін сезінеді.
Мен үшін әрбір экскурсия – жай ғана таныстыру емес, рухани сұхбат. Әдебиет туралы әңгіме айтамыз, кітаптың тағдыры жайлы ой бөлісеміз, ақындықтың жауапкершілігі туралы сөз қозғаймыз. Жаңадан түскен кітаптарға да шолу жасаймыз. Кейде өз шығармаларымның жазылу тарихы туралы сұрақтарға жауап беремін. Осындай сәттерде ақын мен кітапханашының бір тұлғада тоғысуының мәнін тереңірек ұғынасың. Ақынның кітапханашы болуы – кездейсоқтық емес, сөзге қызмет етудің заңды жалғасы. Ақынның қиялы табиғаттан нәр алса, оның дүниетанымы кітаптан тереңдейді. Сондықтан кітапхана мен поэзия – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Кітапхана ақынды тәрбиелейді, шыңдайды, сабырға үйретеді. Ол ақынға тек білім ғана емес, сөздің салмағын, ойдың жауапкершілігін, уақыттың қадірін де ұқтырады.
Сондықтан мен үшін кітапханашы болу – тек мамандық емес, ал ақын болу – тек шығармашылық емес. Екеуі бір-бірін толықтырып, бір арнада тоғысқан өмірлік миссияға айналды. Әр жазылған өлеңдерімнің түп-тамырында кітапханадағы үнсіз өткен сағаттардың, көз алдымда тізіліп жүріп өткен тарихи кадрлардың, ұлы қаламгерлермен іштей құрған сұхбаттардың, сарғайған парақтардан сезілген рухтардың ізі жатады. Ақын мен кітапханашыны тоғыстырған ортақ құндылық – кітапқа деген құрмет пен адам жанына сәуле сыйлау мұраты…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір