«ТҮРКІ РОМАНТИЗМІ» КӨРМЕСІ
2016 жылы 1 шілдеде Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында жеке коллекциядан «Түркі романтизмі» атты көрме ашылып, онда отыздан аса жұмыс қойылды.
Осы жылдың наурыз айында музей «Кеңес елінің өнері» атты социалистік реализм көрмесін көпшілікке ұсынған болатын. Ал бұл экспозиция – Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мектептерінің социалистік реализм өнерінің көрмелері циклынан екінші жоба.
Социалистік реализм өнері өмірдің әділетті көрінуі негізінде өмірдің қайта құрылуына, жаңа қоғамның қалыптасуына, бейбітшілік күреске, демократия мен социализмге, жаңа адамның қалыптасуына бел шеше атсалысады. Кеңес дәуірі жыл өткен сайын алыстап бара жатса да, уақыты келгенде сол дәуірді бейнелеген көркем туындыларға ғана емес, сол процестің қатысушылары – социалистік идеалдарға шын жүрегімен сеніп, соны шығармашылығында көрсете білген авторларға деген ықылас күшейе түседі. Оған көркемдік форманың мүлтіксіздігін қажет ететін образдық ақиқат пен идеялық тереңдік тән. Социалистік реализм әдісі басқа бір ресми таңбалармен сәйкеспейды, ол өнердің идеялық-эстетикалық негіздерін бағамдайды, алайда, мұнда даралықтың, жанрлардың, стильдердің, көркемдік формалар мен ұлттық ерекшеліктердің сан алуандығын айқындайды.
Социалистік реализм туындысына өмірмен, заманмен тығыз байланыстылық, қайталанбас, жекелеген адамдардың образы мен оқиғалар арқылы заңға сәйкестілік пен озаттықтың бейнеленуі тән болды. Өмірдің реалистік көрінісі осы өнерде өмір шындығын тереңірек және кеңірек қамтуына, жеке тұлға мен қоғамның сан қырлы байланысын ашуына, ең бастысы, өмірдің өткені мен қазіргісінің ғана емес, болашаққа ұмтылысында оның дамуындағы озық тенденциялардың бой көрсетуіне байланысты жаңа сипат алды. Социалистік реализмнің революциялық романтикасы, оның тарихи өміршеңдік оптимизмі де, міне, осында.
Социалистік реализм өнеріне қоғамдық өмірді жетілдіру үшін белсене күресетін жасампаздың – жағымды кейіпкердің жаңа типі тән болды. Социалистік реализм өнері бұнымен бірге кемшіліктерді, теріс тенденцияларды, әрекет қайшылықтарын көрсете отырып, жаңа қоғамның нығайып, дамуы үшін, бейбітшілік пен халықтар арасындағы ынтымақ үшін күресте халыққа көмектеседі. Жаңаны, әдеміні берік орнықтыруда, ескіні мойындамай, теріске шығаруда суретшінің идеялық-эстетикалық кесімділігінде оның азаматтық шабыты көрініс табады. Өнертанушы К.В.Ли өз мақаласында: «Социалистік реализм өнері әлеуметтік тапсырыстарды ғана орындап қойған жоқ. Ол адамның еңбек қуанышы, туыстық, мемлекет билігіне толық сенім, ел мен жерге деген махаббат бар жердегі «дұрыс» өмір туралы адамның ойын шындығында жүзеге асырды. Осы постулаттарды бағыт-бағдар етіп, адамзаттықтың негізін символдайтын суретшілер де беріліп, шабыттана жұмыс істеді. Бұл туындылар расында тұрмыс қуанышына бөленіп, олардың позитивті екпіні барған сайын айқындала береді», – деп жазды.
Кеңес Одағының тарағанына да отыз жыл өтті. Біз сол кездің авторларына жаңаша көзбен қараймыз. Зерттеушілер сөзсіз сол кездегі суретшілердің жоғары кәсібилігін бағалайды. Шеберлік мықты академиялық мектептен нәр алады. Бүгінгі экспозицияның авторлары өте белгілі шеберлер. Өзбек мектебінің өкілдері: Абдулхақ Ақсақалұлы Абдуллаев – Өзбек КСР халық суретшісі. Елінің адал ұлы, өз заманының адамы, орыс көркемсурет мектебінен тәлім алған кескіндемеші А.Абдуллаев – шығармашылығында өз халқының жаңа өмірінің қырларын ашып көрсеткен нағыз ұлттық өзбек суретшісі. Ахмедов Рахим – зор кескіндемелік темперамент шебері. Суретші өзінің ең үздік шығармаларында уақыттың басты да маңызды нышандарын, ұлттық ерекшелік қырларын көркем әрі ешкімге ұқсатпай көрсетті. Рахим Ахмедов жасаған замандастарының, нағыз халықтық бейнелер галереясы 50-70 жылдардағы Кеңестік Өзбекстан бейнелеу өнерінде алдыңғы қатардан орын алды. Брынских Борис Александрович – Өзбек КСР еңбек сіңірген суретшісі. Оның сүйікті тақырыбы – ескі Ташкент қаласы, оның көшелері. Суретші салған шет жақтағы бау-бақшалар мен мешіттер, саз балшық көшелер, алып шынарлар, күмістей жайқалған жапырақтар – картиналарға ұлттық ерекшелік бітіреді. Суретшінің туындылары Өзбекстанның заманауи кескіндемесінің алтын қорына кірген.Юрий Иванович Зорькин – айқын шығамашылық қолтаңбасы бар кескіндемеші, романтик әрі философ. Оның жұмыстарының көпшілігі Өзбекстанға – оның қалалары мен қыстақтарының өміріне, қарапайым еңбекшілерге, халық өнерінің тарихына арналған. Суретші өзбек жерін жаны сүйгендіктен, оның жүрек қылын шертетін картиналары ешкімді бейжай қалдырмайды. Рузы Чарыұлы Чарыев – Өзбек КСР халық суретшісі, Өзбекстан Көркемсурет академиясының академигі, кескіндеме шебері, тамаша колорист. Жеке көрмелері шет елдерде табыспен өткен санаулы кеңес суретшілерінің бірі.
Көрмеге Қазақстан суретшілерінің атынан шығатын суретшілер: Нұрмұхаммедов Нағымбек Жалаладдинұлы – Қазақ КСР халық суретшісі.
Н.Нұрмұхаммедов кескіндеменің түрлі жанрына қалам тартты: тұрмыстық картиналары басым болғанымен, портреттері мен пейзаждары да, тарихи тақырыпқа салған суреттері де аз емес. Кәрібжанов Табонияз Кәрібжанұлы – КСРО СО мүшесі – көрмеге автордың ауыл еңбеккерлеріне арналған «Жүзім жинау» атты кенептік жұмысы қойылған. Ақанаев Амандос – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО СО мүшесі. Адами кемелділік пен дәстүрлерге жүгіну өнерде ғана емес, сана-сезімде де болуы керек, бұл – А.Ақанаевтың шығармашылық ұстанымы. Оның картиналарының әлемі – көшпелі Азия мәдениетінің ауқымды көркем шежіресі іспетті. Құлсейітова Нұрсилә Мұқанқызы – КСРО СО мүшесі.
Көрмеде қырғыз мектебін таныстыратын суретшілер: Тюрин Виктор Степанович – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Суретші шығармашылығының басты тақырыбы – колхозшылар мен шопандар өмірі. Оның кейіпкерлерінің өмірі сонысымен Қырғызстан табиғатынан ажырағысыз: тамаша тау пейзажының немесе аңғарлар мен алқаптар пейзажының аясында өтіп жатыр. Тюриннің озық жұмыстары – қырғыз мектебінің дамуына қосылған зор үлес.
«Түркі романтизмі» экспозициясының негізін құрайтын озық суретшілердің таңбалы туындылары социалистік реализмнің терең мәдени қабатын көрсете келе, шеберлердің, кей арада бір елдің шеберлігі мен дара тұлғалылығын паш етеді.
Анжелика АҚЫЛБЕКОВА,
көрменің жетекшісі.