Тынымбай ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ. Мен қайдамын? (Әңгіме)

Ол жардағы қызының суреттегі ажарына қарауға да шамасы келмей, аңырып, мелшиген күйі тұрып қалды.
Әлі де сенерін не сенбесін білмей: «Бұнысы несі? Өз баламнан тірідей айрылғаным ба?» деуге ғана шамасы келді. Түкке түсінбеді, ойы быт-шыт. Әп-сәтте дәліздің самаладай жарқыраған жарық сәулесі күңгірт тартқандай көз алды қарауытты. Сол мезетте құлағы бітіп, басы айналды. Сонда да тұрған орнынан қаққан қазықтай мелшиіп қозғалмады.
Оның жан дүниесін ұйпа-тұйпа сезім билеп алған. Әл берер емес. Белгісіз, бойынан тыс тылсым күш мұны әлдеқайда сүйрелеп бара жатқандай. Өзіне-өзі сыймай, қамығып, булығып кетті. Тұңғиықтан шыға келгендей: «Жасаған ием, сақтай гөр! Не жаздым?! Осы ма еді, менің күткенім? Кешір, кешір… Менен білместік болған. «Не ексең, соны орасың» демей ме. Ендеше, кінәлі менмін. Балаға қояр кінә жоқ. Имандай шыным, сенші». Ішінен шыққан лебізін енді аңғарғанда, буыны босап отыра кетті.
Кішкене көзінің сұры қашып, боталап тұр. Мөлдір моншақтар жарыса ақты. Көз алды бұлдырайды.
Жаңағы булыққаны жас екен. Көзден шыққан жастан денесі жеңілдегендей. Басын көтерді. Жарық сәулені біртіндеп барып ажыратты. Ұзын дәлізде бір өзі. Тып-тыныш. Шыбынның ызыңы білінетін ұйыған тыныштық. Тынымсыз соққан өз жүрегінің дүрсілі ғана естіледі.
Ол орнынан еркін тұрды. Түк болмағандай бір сәт бей-жай күй кешті.
Жардағы суреттерге көзі түсіп кеткенде, жүрегі зырқ етті. Тағы да нілдей бұзылып, тұла бойы борша езілді.
Жалған дүниеге налығандай аянышты күй кешті. Баласын жамандыққа қимайды. Әлі де сенбей тұр. Ішкі сезім тітіркеніп, шошып кетті. Бүкіл денесі түршігіп, қалтырады.
– Сұмдық! – айтылмайтын сөз еді, байқаусызда шықты.
Келеңсіз көрініске қалай түсінерін білмей жан азабына түсті. Қуыс кеуде солқылдақ, не болса соған жарыса шабады. «Әйтпесе өзім әлдилеп, жел тигізбей, күн қақтырмай өсірген балам емес пе?!» – деп өзін жұбатты. Сөйтсе де «кінәлі кім?» деген күдік көкейінде ұрлық сезімдей тұрып алды.
Бар дүние жат боп кеткендей, аяздай қарып тұр. Қарсы алдындағы мына сурет қана жылы шыраймен сезім құшағына бөлейтін сияқты…
…Онда күз еді. Күн салқындап, топырақ суынып, қоңыр күз күшіне кіре бастаған. Ағаш жапырақтары сиреп, сарғайып, бұтақ бүрлері жан сірнедей қатып, қой таптаған жусанның қураған қу сүйектей саудыраған түбірлері қалған. Аспанда шудалана созылып будақ-будақ сұр бұлт қалықтап, қайта тұтасып қалыңдап, күн қабағы күнде түнеретін.
Тереңсайдың теріскей жағынан жел тұрса, шаң көтеріліп, айнала түк көрінбей кетеді. Ала жаздай жаумаған жауын соңғы екі жұма күнара жауып, күн ашылмай қойды.
…Бұл күні Мүтәліп қойды ойдағы Бөгетсайға қарай беттете жайған еді. Үйдің іші алакөлеңке тартып қалған мезет болатын. Ойламаған жерден жүрелеп отырған Ұмсынайдың белі сына ауырып, екі жамбасы үзіліп бара жатты. Әуелі толғақ деп өзі де ойлаған жоқ-ты. Кіндік түбін тепкілегендей болып түйіліп қалғанда, ышқына дем алды. Маңдайдан шып-шып шыққан суық тер бет-аузын жуып өтіп, қойнына құйылды. Ақтық демі үзілердей тынысы тарылып, көзі қарауытып, ақыл-есі бұлдыр тартты. Көз алдын қорқынышты үрей жайлады. Сәл саябырсыған сәтте «шынымен толғақ па?» деген ой келді. Сүйектерін сықырлатып, жанын суырып бара жатқан ащы зардапқа шыдай алмаған жас келіншек жан даусы шыға шыңғырған күйі, ошақ басындағы жуып жатқан ыдыстарды тастай сала жүрелеп жылжып, ат байлайтын тіреу ағашқа қос қолдап жармаса кетті.
– Мүтәліп… – деген жан даусы шықты.
Жаңбыр сіркіреп тұр. Жас нәрестенің іңгәлаған пәк үнімен бірге Ұмсынай ес-түстен айрылып сұлқ түсті.
Бұл кезде үсті су болған Мүтәліп киімін ауыстырып алуға астындағы теңбіл көк атын аямай қамшылап келе жатқан. Дер кезінде жетіпті. Ұмсынай есін жиып, нәрестені қолына алып жатыр екен. Көрген көзіне сенер-сенбесін де білмей, аңырып тұрып қалды. Сол кезде қуанышы қойнына сыймай кеткені соншалық, Ұмсынайдың қарсыласуына мұршасын келтіртпей, екеуін бірдей көтеріп үйге кіргізді. Сол күні қойды үйретілген иттеріне тапсырып, артынан бармады. Обалы не керек, Мүтәліп аянған жоқ. Үш күн тойлады. Үш күн бойы қой баққан жоқ, екі итіне тапсырды.

Нәресте сүю Мүтәліптің зарыға күткен қуанышы еді. Екеуінің қосылғандарына алты жыл болған. Содан бері жас иіске зәру-ді. Әсіресе қойдың соңынан күн ұзақты жүріп, шаршағанда бала сүюді аңсайтынын айтсаңшы. «Осындайда көңілім жадырар еді, бір ауық баламды иіскеп мауқымды басар едім» дейтін. «Балалы үй – базар» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой деп қиялдайтын. Ойы құлазып даладан келгенде, үйдің іші жым-жырт тыныштыққа бөленіп тұрғаны бір жағынан жанына қатты бататын. Ұмсынайға айта алмай, ішінен күпті болып жүрген. Есесіне Ұмсынай бірде: «Жұрт құсап қашан бала сүйер екенбіз?» – деп төсекте жатып ауыр күрсінгені бар-ды. Сонда еркек болып бір ауыз тіл қатпастан, ішінен түйілген де қойған. «Сабыр түбі сары алтын» деген міне оған да жетті. Мүтәліп бүгін-ертең босана қояды деп ойламаған. Келіншегінің мінезі ауыр еді. Ішінен тынып жүрсе де «қалай босанар екенмін» деп, сары уайымға түскен жоқ. Сол да себеп болса керек. Соңғы кездері күніге екі рет, таңертеңгісін және кешкісін Ұмсынайдың ішін алақанымен сипап ұстайтын. Сол сәтте бүлк-бүлк ететін. Соған ол мәз болатын. Сосын қарап тұрмай:
– Маған тартқан пысық болады, – деп мақтанады.
Оған Ұмсынай:
– Сені кім айтты пысық деп, – деп қайрайды.
Пысық болмасам, бір көргеннен сені алып қашам ба?
– Мүмкін басқа біреумен шатастырып алған шығарсың, қайдан білейін?! – деп келеке етеді.
Сөзден жеңілген Мүтәліп:
– Олай ойлайтын болсаң, жүр үйіңе апарып тастайын.
– Барғанда не деп айтасың? – деп ол да қалыспайды. Содан екеуі жағаласып тынады. Ұмсынайға сылтау керек, Мүтәліптің қолы батып кетсе, ойын арты дау-жанжалға ұласқандай бұртия қалады.
Мүтәліп Ұмсынайдан өзін жас көретін. Бәрі бір көріп ұнатқанның кесірі еді. Оған қыздың елден ерекше сұлулығы себеп болды. Көшеде бір көргеннен есінен айрылды. Сөйлескенде емес. Екінші қайтып көрген жоқ. Үш күн соңынан аңдып жүрді де алып қашты. Соның кесірінен бүгінге дейін опық жеп жүр. Өзінен үш жас үлкен екенін кейін білген. Әлі күнге дейін оның алдында бала болып жүргендей сезінеді өзін. Әлі күнге дейін үйрене алмай жүр. Содан шығар келіншегінің іші біліне бастағанда да әке болам дегенге сене қоймады. Әкесі атадан жалғыз болғасын ба, бала көрсе, есі кетеді.
Алғашқы күні қызылшақа нәрестеге қарауға жүрегі дауаламады. Алайын десе, алақанынан түсіріп алатындай қорықты. Сонда да екеуінің қасынан шыға алмай, үйге бір кіріп, бір шығып жүрді де қойды. Бар болғаны өзімен мектепте бірге оқыған құрдасының шығарған төрт жол өлеңін күбірлеп айтумен болды. Қойдың соңында жүргенде ыңылдап айтатын өлеңі еді. Қазіргі үні тіптен бөлек, өз ішінен жарып шығып жатқандай тебіренеді. Қанағат тұтпай қайта-қайта айта беретіні де содан.
Құрдасы ағасының үйіне барса, жеңгесі оны менсінбей сөйлеспей қойыпты. Сонда:
«Жоқтатпа, жеңге, байыңды,
Тездетіп қайнат шайыңды.
Жүгіріп барып алып кел,
Дүкендегі дайынды», – депті.
Сол кезде жеңгесі: – О, жетпегір! Біліп едім өститініңді, – деп қуырдағын қуырып, арағын беріп шығарып салыпты.
«Кімді айтса, сол келеді» деген, келесі күні он бес шақырым жерде баспақ бағатын құрдасы Жайлы Сарин таң атпай жетті. Оған Мүтәліп көктен түскендей қуанды.
– Кешеден бері сенің жеңгеңе шығарған өлеңіңді қоймай айтып жүр едім. Сенің келетініңді білген екенмін, – деп мәз болды.
Ол да салған жерден:
– Қуаныштарың құтты болсын! – деді.
– Сен қайдан білдің?! – деп, мұны күтпеген Мүтәліп таңданып қалды.
– Іші шәртиіп жүрген келіншегіңді жалғыз мен бе білетін, осы жұрттың бәрі білмей ме. Ендеше, әйелің әйтәуір бір күндері босанатыны айдан анық қой.
– Жайлы, қалай білдің? Шыныңды айтшы.
– Сен мені шаршаттың. Енді қалай түсіндіруім керек.
– Саған дауа жоқ екен, – деп, Мүтәліп күлген болып қолын бір сілтеді.
Сол кезде Жайлы бір көзімен (бір көзінің ақауы бар соқыр) Мүтәліпке тесіле қарады.
Осы арада белін байлап алған Ұмсынай шымылдықтың ішінен шығып:
– Екеуің босқа даурыққанша, нәрестенің атын қоймайсыңдар ма? – деді.
– Нәрестеміздің атын Жайлы қояды, – деді Мүтәліп.
– Айтсаңдар болды, мен дайын. Алдымен, дастарқан жайылсын, сосын айтам, –деді.
Әп-сәтте дастарқанның үсті неше түрлі тағаммен жайнап шыға келді. Құрт-ірімшік, кәмпит, бәліш, май мен бауырақ, соңынан қуырдақ қойды. Бәрін әкеліп болғанда Ұмсынай да тізе бүкті.
Бір кезде біреу шымшып алғандай Жайлының даусы саңқ ете қалды.
– Көңіл ашарың қайда? Мына дастарқанға бүгін қоймағанда қай уақытта қоясыңдар, – деді көңілі толмай.
– Оны маған емес, мына құрдасыңа айт. Мен өз жұмысымды тындырып болғанда отырдым, – деп күлген Ұмсынай өзін бірден арашалап алды.
– Әй, бәсе… Бірдеңе жетпей тұрған сияқты еді, – деп, Мүтәліп орнынан ұшып тұрды.
Алдын ойлап, ертерек алып қойғандары болатын. Үш жұлдызды қызыл күреңді әкеліп дастарқанға қойғанда, Жайлы көңілденіп мырс етті:
– Бәсе, қимай отырғанындай бар екен.
– Сенде қайдағы жоқты айтпашы. Маңдайыма біткен жалғыз құрдасымнан аяп мені жын ұрып кетті деймісің?! Ұмытып кеттім. Әйтпесе сенен аяғанды ит жесін. Біле-білсең, сен менің құрдасым да досымдасың. Екеуміздің әкеміз, бірі – басқарма, екіншісі – ауыл совет болып үш жыл бірге жұмыс істеген жоқ па әрі өздері құрдас болатын. Қалай тату болғаны есіңде шығар. Ойлап қарасам, бізде солардың жолын қуып келе жатқан сияқтымыз. Ал енді менде бір ұсыныс бар. Алдымыздағыны қолға алмай тұрып нәрестенің атын қой. Сосын соғыстырып алып қояйық.
– Менің айтқаныма келіссеңдер, аты Жаңылыш болсын. Ұнай ма?
– Ұнағанда қандай! – ерлі-зайыптылардың даусы бірден жарыса шықты.
– Жаңылыш! Жаңылыш! Жаңылыш! – деп нәрестенің құлағына үш рет айқайлады Жайлы.
– Нәрестенің аты құтты болсын! Денсаулығы жақсы болсын! Сол үшін алып қоялық! ؘ– деп рюмкені түйістірген бойында Жайлы қағып салды. Онымен жарыса Мүтәліп ішті.
– Мына тостты сенің айтқаның келсін деп алып қоялық. – Екеуі екінші рюмкені көтеріп, ыстық қуырдақтан алды.
Бір кезде Мүтәліп:
– Менің не сұрағым келіп отырғанын білесің бе? – деді Жайлыға қарап, одан жауабын күтпестен, – Жайлы келгеннен бері ұл ма, қыз ба деп сұраған жоқсың. Қалай білдің? Соны айтшы.
– Оның еш қиындығы жоқ. Өткенде білгенмін, қыз туатынын. Қалай білгенімді де айт дейсің ғой. Ұмсынайдың іші шошақ екен. Содан білдім.
– «Жаңылыш» деп қалай тауып айттың? Оған қалай жауап бересің?
– Сен ер бала болғанын қаладың. Олай болмай шықты. Рас па?
– Ғажап! Саған қалай таңғалып тұрғанымды білсең ғой. Шынымды айтсам, сөзім жетпейді. Сені жаңа танып отырғандаймын. Сенесің бе?
Осы арада Ұмсынай сөзге араласып:
– Оның несіне таңғаласың? Ол ақын емес пе?! Ақындар сезімтал келеді. Сөзге жүйрік болатыны содан. Әрине ол жағынан келіңкіремейді. Бірақ шығарған өлеңдері қарапайым тілмен айтса да үйіріп тұр. Менің байқауымша, Жайлының сезім байлығы мол.
– Ұмсынай, мені тым шарықтатып, шектен тыс мақтап жіберген жоқсың ба? Маған ақындық қайда?! Рас, кейде ойламаған жерде келе қалады. Онда да біреулер сөзбен тиісіп ұрынғанда пайда болады. Бір қызығы, сол кезде мен емес, басқа адам айтып тұрғандай, құбылысқа кезіккендей әсер алам. Әйтпесе, осындай отырған қуанышта болмаса, таңертеңнен кешке дейін мал соңында жүргенде өлең шығарсам қандай жақсы болар еді!
– Шығарған өлеңің ойыңда сақтала ма?
– Есімде қалады. Сен мені бүгін көргендей көп әурелеп кеттің ғой.
– Е, енді қайтем?! Өзіңді жаңа көргендей болып отырсам. Әлі де естіген құлағым сенбейтін сияқты. Құмарым қанар емес.
– Мені жаңа көргендей жабыса бермей, өзің де сөйлесейші.
– Менің сөзімнен сенікі дәмдірек қой. Ауыз тұщытатындай не айтамын. Біреу бірнәрсе деп мазақтап, кекете бастаса, «аш құлақтан – тыныш құлақ» деп, естімеген болып жүре беремін. Сен құсап қасқия қалып, өлең шығаратын қабілет жоқ. Ал енді жазатайым ішіп алғандар күш көрсетпекші болса, қашып құтыламын. Алып ұрып жыға салатын сендей күш маған бітпеген. Сендердің тұқымдарың денелі, ірі болған ғой. Мен көрген әкең де тұлғалы болатын.
– Иә. Менің әкемнің әкесі де қарулы болған екен. Асау аттарды ұстағанда тырп еткізбейтін көрінеді. Оның әкесі қандай болғанын айтсам, сенбейсің. Көрмеген соң мен де шындыққа жанаспайтындай көріп иланбаймын. Бірақ илануға да болады. Ол уақыттағы адамдар ірі болған ғой. Ұсақталып бара жатқан біз. Айтайын деп отырған бабамыздың малдан, бар болғаны, бір түйесі болған. Ол кезде тұзақ құрып, құс пен қоян ұстайтын болса керек. Иесі ауылда жоқта түйе құдыққа түсіп кетіпті. Оны ауыл боп құдықтан шығара алмайды. Бабамыз дала кезіп қайтып келе жатса керек, құдықтың айналасынан үзілген арқандарды көріп, құдыққа үңіледі (ол кездегі құдықтың ішін таспен өреді. Аузы үлкен боп келеді). Түйені көргенде, беліне ораған қыл арқанды алып, жалғыз өзі түйені шығарып алады. Алдынан әжеміз (домаланған кішкентай әйел екен) шығып: «Маңдайымызға біткен жалғыз түйе құдыққа түсіп кетті. Ауыл болып шығара алмай қойдық», – депті. Сонда күйеуінің артында келе жатқан түйені көрмепті. Содан біле бер бабамыздың бойы қандай ұзын болғанын, – деді Жайлы.
– Мүтәліп, алдыңдағыны алдыртқызып қойсайшы. Оны бүгін ішпегенде қай уақытта ішеді. Жайлының шығарған өлеңі маған қатты ұнайды. Әңгіменің арасында соны айтсын да, – үнсіз тыңдап отырған Ұмсынай шыдай алмай тілегін білдірді.
Әншейінде көп сөйлемейтін, мінезі ауыр Жайлы Ұмсынайдың сөзіне әжептәуір көтеріліп қалды. Кеудесін көтере түсіп, езуіне күлкі үйірілді. Тершіген қоңқақ мұрнының үстін алақанымен сипады. Тесірейген көзі жыпылық қағып, тұнжырыңқы үні ашыла шыққандай болды.
Былтыр ауданға жол түскенде күйеуге шықпай отырып қалған Балқаштың үйіне бардым. Төрде отырған қыз мен кіргенде менсінбей, орнынан қозғалмады. Сонда шешесі қызына: «Бұл жай келген жоқ. Айтпады деме, бірдеңе бүлдіреді. Тамақ істеп, дастарқан жайып, құрмет жасайық», – дейді. Сыбырлап айтса да маған естілді. Оған да қыз көнбей отыра берді. Қыздың менсінбей, мелшиіп отырғаны жыныма тиіп кетті. Осындайда кеудем толып, сыймай кететін әдеті, арқам дуылдағандай мен түсінбейтін әсер пайда болады. Сол мезетте көмейіме өзінен-өзі құйылып, аузымнан шыққан сөзді де байқамай қалам. Артынан тұла бойым жеңілденгендей күйге түсем. Мына өлеңді сол үйде шығардым.
«Әуеден ұшып жүрген қаз болғай-ды,
Қаздың да қонар жері сай болғай-ды.
Балқашжан мен келгенде шегінесің,
Күйеуің мен сияқты таз болғай-ды.
Қара нар қышыма боп қотыр болғай,
Балқашжан, мен келгенде шегінесің,
Күйеуің мен сияқты соқыр болғай», –
деп орнымнан тұрғанымда қыз елге жайылып кетпесін деп жалынып, арағын берді.
– Өткенде осында соятын қой сұрап Жомарт келді. Сол айтты «Жайлы мал дәрігер Елеусінге қатырып өлең шығарып берген» деп. Соны айтшы, қалай болды?
– Өзі нағыз оңбаған, сараң екен. Үйдің көлеңкесінде жалғыз өзі спирт ішіп отыр. Менен ішіп отырған спиртін қызғанып: «Баспақтарды қарап келші» дегенде күйіп кеттім. Сонда:
«Баспақтар кескендерді боқтап тұр,
Бір қатары жайылып,
Бір қатары оттап тұр.
Екі тасты алды деп,
Ветврачты боқтап тұр», – деп едім, «Осы қышыма сөзіңді қашан қоясың?» – деп қабағын кіржитіп, ішіп отырған спиртінен құйып берді.
– Бұлай менің жайбарақат отырғаным келіспес. Бүгін-ертең екеуміз бірге оңаша отырып тойлайық. Қасымда батырдың ұрпағы отырса, маған басқа адамның керегі шамалы. Қой сойып, тойдың рәсімін жасайын. Әзірге жұртты шақырып, қапылмай қоя тұралық. Тойды қырқынан шығарғанда жасармыз. Қалай дейсің, жөн бе осы сөзім?
– Менен несін сұрайсың? Ұмсынай не дейді, содан сұра. Еңбек сонікі емес пе?
***
Мүтәліп балажан болып шықты. Жаңылышты тәй-тәй басып жүре бастағаннан-ақ өзімен бірге атқа мінгізіп алып жүрді. Далада емін-еркін ойнағаннан ширақ өсті. Екі жасқа толғанда ер балаша киіндірді. Үшке келгенде маңдайына кекіл қойды. Төбет екі иті де жуас еді. Жатқанда үстіне шығып ойнап жүріп, итке мініп қой қайырып, елде жоқ жаңалық ашты. Оны Ұмсынай естігенде шошып кетті.
– Иттің аты – ит емес пе, қауып алса, не болады? – деп зар қағып жүріп, иттің үстіне сиырдың жапасын жағып, қорқытып қойдырып еді. Одан қойға ауысты. Қойға шығып отырған иттен де қызық болды оған. Өзінен-өзі үріккен қойда ес қалмай шауып, көп қойдың ішіне кіріп атыла қарғығанда, Жаңылыш сол жағына ұшып түсіп, үріккен қойлардың ішінде тапалып қала жаздады. Дер кезінде Мүтәліп келіп аман қалды.
Тереңсайдың бойындағы қойшының бес қанатты боз үйінде осымен екінші рет отырыс өтті. Екеуінде де күміс күлкіге толды. Мүтәліптің тұңғышы қырқынан шыққанда таң атқанша көз ілмей думандатқан. Жолдас-жоралары шашуларын әкелді. Келгендер де екеуіне дән риза болып, әбден сілелері қатып үйлеріне қайтқан еді.
Содан кейінгі үлкен думан Жаңылыш жетіге толып, мектепке баратын кезде болды. Тамыз айының іші еді. Ауданда тұратын Ұмсынайдың ағасы Қойшығұлға да хабар берген. Ол да келді. Тіккен палатканың өнбойымен дәл ортадан жалғастырған үстелді жағалай келгендер иінтіресіп отырды. Үстелге жайылған дастарқанда ине шаншар жер жоқ, толған тағам. Неше түрлі ұзынды-қысқалы арақ-шарап шөлмегі. Жып-жылы жұпар буы танауды қытықтаған табақ-табақ қуырдақ та әкелінді.
Бір құшақ гүлді құшақтап Жаңылыш далада ойнап жүрді. Үстінде қара костюм-шалбар, ақ көйлек, аяғында оймақтай, жылтыраған қара аяқ киім. Маңдайындағы кекілі қабағына сәл жетпейді. Көзі дөңгеленіп, қыр мұрнына дейін шешесінің аузынан түсіп қалғандай. Гүл шоғын әлсін-әлсін құшырлана иіскейді. Қасында жүрген балалар да гүлді кезек-кезек иіскеп мәз. Даланың ең әтірлі деген аңқыған хош иісті жұпары танау жарады.
Қара торы сұлу өңді келіншектің дене бітіміне шақ тігілген қысқа жеңді, көгілдір түсті көйлегі етпен ет болып, келбетті мүсін үстінде үйлесім тауып, аса бір ерекше сән бергендей қызықтыра көз тартады. Мүтәліп әйелін жаңа көргендей одан көзін алар емес. Ол да өзіне елжірей қараған күйеуіне көзінің астымен күлімдей қарайды да, тезірек тайдырып әкетеді.
Тойды жас жағынан Мүтәліптен үш-төрт жас үлкен автоклуб меңгерушісі Оспанәлі басқарды. Жаңылыштың болашағына бағыттап небір әдемі сөздер айтылып кеп, тостар сыңғырлай шылдырлады. Жағалай жамырап, күле сөйлеген жұрт жаппай орындарынан тұрып, рюмкаларды бір-бірімен түйістірді. Бұлармен жарыса желөкпе бір музыка ойнай жөнелді. Дабырлаған дауысқа жел бергендей рюмкадағыларын жұтар-жұтпастан музыка шарықтаған жаққа қарай жастар жағы лықси берді.
Билеп болған біразы дабырлап келіп отырғышқа отырды.
– Ұмсынай, тұңғышыңның тойы емес пе, бір ауық арамызда жүрсең қайтеді? Қасымызға кел. Жеке ән айтайықшы, – деді Елеусіннің әйелі Әйкен.
– Жаңылыштың тойында әнді алдымен, Ұмсынай мен Мүтәліп айтсын, – деді біреулері.
Бұл сөзді хош көргендер тұс-тұсынан дабырлап кетті.
– Мүтәліп құдалардың қасында оны қозғамаңдар. Ұмсынайдың әдемі назды даусын тыңдағанның өзі не тұрады, – деді тағы да Әйкен.
Ұмсынай Әйкеннің қасына келген бойында іркілмей, бірден бастап кетті. Үні сәл дірілдей, тербетіле биіктей берген әсем әнді жұрт ықылас қоя тыңдады.
Жайлының қасында Жамалбек пен Мұрат отыр. Қызып қалған екеуі оның жуастығын пайдаланып, бірінің сөзін бірі қостап, оған тыныштық беретін емес. Болмаған соң Жайлы орнынан тұрып кетті. Оның соңынан бұлар да арақтарын ішіп, ере шықты. Мұраттың қызуы басым, Жайлы үндемеген сайын басынып барады.
– Ақсақ болса да жүйрік. Көрдің бе? Ілесе алатын емеспіз, – деген Мұрат оны мінеп жатыр.
– Денесі бар емес пе, оның бір басқанын екі басамыз, – деп Жамалбек те оған жете алмай келеді.
Осы кезде:
– Дәрет алуға мұрша беріңдерші, – деп Жайлы жалынғандай сөйледі.
– Басыңдағы тебетейіңді неге тастамайсың? Әлде таз екеніңді жасырасың ба? –қасына тақалып қалған Жамалбек шиқылдап күлді.
Оң жағынан Мұрат та:
– Өкпелеп қалдың ба? Маған неге қарамайсың? – деп, соқыр көзін келеке етіп Жамалбекпен жарыса сөйледі.
Жайлы сөйлегісі келмесе, үндемейтін әдеті. Олар одан сайын құтырды. Ауызына келгенін айтып мазасын алды. Бір уақытта екеуі жынына тигенде шыдай алмай кетті. Екеуін екі қолымен желкесінен қыса ұстап бастарын бір-біріне соғыстырып алды да, алдыға қарай желкелерінен түйіп жібергенде, екеуі етпетінен жерге құлады.
– Обалдарың өздеріңе, – деді бар болғаны Жайлы.
Жамалбек – экономист, Мұрат тракторист болып істейтін. Ызадан жарылып, еңкілдеп жылады. Мұны көргендер ішек-сілесі қата күлді.
Ертесіне ашу қызуымен ауылдың милициясы Қомытқа барып, «Жайлы кеше арақ ішіп, екеумізді ұрды» деп арыз етті. Жайлыны бірден ауданның милициясына алып барған Қомыт үстінен арыз түскен соң елеусіз қалдырмай, «ескерту берсек қайтеді» деп еді, оған майор Орынбасар көнбей, жатқызатын болды. Қомыт қайтып кеткеннен кейін қарсы есіктен шығып келе жатқан полковник Есмұқановқа кездесіп қалды. Оның қыстағы соғымын бағып жүрген жақсы танысы. Болған жағдайды түсінген соң Есмұқанов оған: «Бір өлең осы арада шығарсаң, сені он бес күнге жатқызбай, ауылыңа апаратын машина берем», – деді. Осы сәтте қуанып кеткен Жайлы:
«Ескерту береміз деп еді, Қомыт жаным,
Тыңдамады Орынбасар антұрғаным.
Сонымен он бес күнді жатып шықтым,
Бұйырған тағамдарын татып шықтым.
Едәуір қоңданып та келіп едім,
Төрт өрмек қамшыдай боп, қатып шықтым.
Болмайды заң орнына бармасыңа,
Келмейді осындайда жан қасыма.
Батады қу тақтайың жамбасыңа,
Өтпейді он бес күн де жылдай болып.
Отырмын темір торда қылдай болып,
Көргем жоқ бұрын-соңды мұндай болып».
Есмұқанов берген уәдесінде тұрып, машинасымен сол күні Жайлыны үйіне қайтарып жіберді.
Таңертең апарған адамы түс қайта үйінде жүргенін көріп таңданған Қомыт:
– Жәке, нағып жүрсің? – дейді.
Сонда Жәкең:
– Менің орнымда Орынбасар жатыр, – депті саспастан.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген, Мүтәліп жасаған той-думан да көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
Жаңылышты мектепке жіберетіннен бұрын Мүтәліп көп ойланып-толғанды. Совхоздағы мектепке оқытайын десе, жатқызатын үй таппады. Бір жағынан, қазақша оқытқысы келмеді. Ақыры ауданға оқытатын болып, үйіне қайтайын деп жатқан Қойшығұлға ойын білдірді.
– Өз тілінде оқығаны жөн емес пе, орысша оқытып не керек?! – деп ол қарсы шықты.
– Өз тілін менсініп жатқан қазақты көрмедім. Қазағым орыс болып кеткен жоқ па? Ертең бітіргенде де институтқа түссе, орысша оқиды. Жүр әне, қазақша оқыған Завферманың баласы Сәлімгерей, әкесі барын беріп оқуға түсіргені не керек, орысшаға басы жетпей түскен институты шығарып жіберген көрінеді. Енді көшеге сыймай жүр. Жұмыс істемейді, ішкені – арақ.
Мүтәліптің дегені болып, Жаңылышты орысша мектепке беретін болды. Ағасының үйіне Жаңылышпен жолға дайындалып жатқан Ұмсынайдың мінезі ойламаған жерде күрт өзгерді. Сол сәтте ойындағысын күйеуіне қалай жеткізерін білмей қиналды (оның қай жағынан шығамын дегені еді). Ақыры Жаңылышты қыз балаша киіндіру керек екенін түсіндірді. Осы арада Мүтәліптің жаны қалай ауырғанын сөзге шешен дегендер де жеткізе айта алмас еді. Сол мезетте денесін мұз қарығандай қабағы қарс айрылып түнерді. Бұлай морт кетеді деп ойламаған келіншегі оның түрін көріп шошыды.
Мүтәліп өмірінде бүйтіп күйінбеген шығар, өмірінде налымаған шығар, өмірінде жер соғып қалмаған шығар. Алданғанын енді түсінді. Өмірдің алдамшы екенін енді білді. Ұл деп мәпелеп өсіргені қыз екеніне енді анық көзі жетті. Түбінде осылай боларын біле тұра істегеніне іші жылап күйінді.
Қысқы демалыста үйіне келген Жаңылышты әкесі іші мұздай боп қарсы алды. Бірақ сыртынан дымын білдіртпей қызының бетінен сүйіп, мәз-мәйрам болған. Сонда ол сәл ғана өткен уақыт ішінде қызының көп өзгергенін аңғарған-ды.
Осыдан кейін Мүтәліп Жаңылыштың кішкентай кезін іштей сағынып жүрді. Келе-келе оны да ұмытып, қой соңында да, үйге келгенде де жеті сайын келетін газет-журналдарды оқумен уақыт өткізді.
Арада жылжып жылдар өтті. Жаңылыш өскенде Ұмсынайдан айнымай қалды. Шешесіндей орта бойлы, мінезі ашық, қыздың көріктісі болып өсті. Үйіне жадырап келіп, жадырап кетіп жүргенде мектепті бітіріп, институтқа түсті. Сонау Мәскеуде оқыды. Шын мәнінде, қызының оқуға түскені оған қуаныш әкеле қойған жоқ еді.
Жаңылыш институтты бітіргеннен кейін Мәскеуде қалып жұмыс істеді. Бір қалыпты күйбеңмен өтіп жатқан күнге еті үйреніп кеткен Мүтәліп қыркүйек айының ішінде қызының тойға шақырған телеграммасын алды. Шын өксікті сонда сезді. Ұмсынай інісі Сабыр екеуі қойда қалатын болып, жолға дайындалды. Әйелінің берген оны-мұнысын қолына ұстаған сөмкесіне салып, қалтасын ақшаға толтырып, артынып-тартынып Қойшығұлдың үйіне келді.
Қойшығұл оны ұшаққа барар есікке дейін шығарып салды. Ұшақ шырқау биікке шығып алысымен құстай самғап, қас-қағымда жер қашықтап төменде қалды. Сонау қаланың көшелері қанат астынан жай жылжып қалып барады. Мүтәліптің жерге қарауы мұң екен, тұла бойына бұрын-соңды болмаған құштарлық бітіп, жаңа бір сезімге бөленгендей айқайлап ән салғысы келіп кетті.
Ұшақ әлі зулап келеді. Салон іші тып-тыныш. Моторлар бір қалыпты ырғақпен ән шырқайды. Төбеде күн жарқырап тұр. Аспан көкпеңбек. Төменде ақ мақтадай аппақ бұлттарды бірде өзі баққан қойларының артынан ұшқан шаңға ұқсатады. Түйдек-түйдек бұлттардың арасынан түсінде кезіп келе жатқандай, көрген көзіне сенер емес. Мынау таңғажайып құбылыс кішкентай кезінде естіген ертегісінен айнымай қалғандай әсерге бөленіп, ерекше көз тартады.
Әрі-беріден соң ұшақ бір қанатына қарай жантайып қонуға беттеді. Қызын көруге асыққан Мүтәліптің жүрегі дүрсілдей бастады.
Әуежай басында Жаңылыш үстінде қара костюм-шалбар, ақ көйлек киген, қара мұртты, қыр мұрынды әкесін көргенде бұлай қуанбас. «Қойшы дегенге кім сенеді» деп ойлады ішінен. Қайта-қайта шешесін сұрап сағынғанын білдіртіп жатыр. Мүтәліп қызының бетінен сүйіп, біреуді іздегендей айналасына жалтақ-жалтақ қарады. Оны Жаңылыш бірден сезіп:
– Саратовтағы үйіне кетіп еді, келген жоқ, – деді үні демде өзгеріп.
Мүтәліп болса, оған көңіл бөлген жоқ. Ұмсынайдан айнымай қалған қызын енді байқағандай, қас-қағым сәтте сонау өткен күндері көз алдына еріксіз оралды.
…Мүтәліп жанарынан нұр төгілген қызды көшеде көргенде, алдынан күн сәулесі ұялағандай жүре алмай қалған-ды. Қапталдан өте берген аруды танып алайын дегендей артынан асыға көз жүгіртті. Талшыбықтай нәзік жанға басы айналғандай, сүйсіне қарап көзімен ұзатып салды. Содан делебесі қозып ұйқы қашты. Не істегеніне есеп беруден қалып, жігіт біткен қызды машинамен алып қашса, бұл түн қараңғысында қыздың шыңғырған даусын да елең қылмай, ат арбаға отырғызып, Жайлының қарулы қолына тапсырды. Енді қараса, думанды жастық шағы көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты.
Екеуі қара волганың артына отырды. Мәскеу қандай тамаша! Аспанмен таласқан зәулім үйлердің арасымен көше бойлап көліктер ағылып жатыр. Бұлар да ұзын көшеге түсіп зулап келеді. Жаңылыштың көңілі көкке жеткендей әкесін қаламен таныстырып, жағы тыным табар емес.
– Анау көрініп тұрған Кремль, – деп көзге көрінер-көрінбес боп мұнартқан оң жақ тұсын қолымен көрсетіп үлгермей сол жағына бұрылып, – мына жерден метроға отыруға болады, – деп әр жерді бір көрсетіп, жол бойы әлек болды. Мүтәліп қызының айтқан жағына қарағанша болмай, астындағы көлігі зу етіп өте шығады. Айнала көкпен таласқан зәулім үйлердің бәрі бір-біріне ұқсас. Арасымен жүргенде үйлерін қалай адаспай табады деп таңданады. Көше толы адамдар, көше бойы – қаптаған көліктер. Ленин ескерткіші тұрған биік үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады.
Ұшы-қиыры жоқ жазық даланың көк бұйра жусанын басып үйреніп қалған Мүтәліпке бәрі қызық, бәрі таңсық. Лифтіге кіріп еді, кіруінен шығуы жылдам болды. Ұзын дәлізге шықты.
Алдындағы шоғырланған адамдарды көргенде Жаңылыш:
– Көке, жиналыс басталайын деп жатыр екен. Мына тақтадағы суреттерге қарай тұр, ішінде мен де бармын. Қарап болған соң… – қолымен қарсысындағы есікті көрсетіп, – осында күт, – деп жүре сөйлеп, қайырылмай кете берді.
Біраз уақыт өтті. Мүтәліпте өң-сөл жоқ. Күздікүнгі шөптей бозарып, әп-сәтте құп-қу боп кеткен. Жаны күйзеліп қатқан қайыстай әлі тұр. Шырмалған ойға қайта оралды. Өткен күндерінің өлшемі жоқ екен. Көрген кинодай есіне түсті.
…Мүтәліпті мектеп бітірген жылдың күзінде армияға алды. Адам аяғы баспаған қалың орманның ішінде екі жыл жүрді. Сондағы жұмыстары түрмеде отырғандарды күзетеді. Кезек-кезек сапқа тұрып, орындарын алмастырады. Қасында бір өзбек пен қырғыз жатты. «Қазақ болсаң, орыс бол», – деп сөз арасында өзбек келемеждеп ойнаса да, ойындағысын айтатын, одан қалмай қырғыз да: «Бұрын қазақты қырғыз деп айтқан, қазақ қырғыздан шыққан», – деп екеуі талай ызасын келтіргені бар-ды.
Ол уақытта олардың сөздеріне онша мән бермеген. Енді ойласа, сол екеуінің сөздерінде шындық бар сияқты. Байқап қараса, қазақтың жаратылысына біткен арамдығы жоқ, аңқаулығымен бірге ақкөңілдігінен пайда көріп жүргені шамалы екен. Оған енді анық көзі жетіп тұрғандай болды. Әйтпесе қазақтың ең құнарлы деген жерлерін орыстардың алып қойғаны тарихтан белгілі. Беріректе өзбекте де жер қалғанын естіген. Нағашы жұрты Өзбекстанға өткен, сол ауданда тұрып жатыр. «Жүре берсең, көре бересің» деген рас екен. Енді, міне, өз тілімізді менсінуден қалып барамыз. Былайша айтқанда, қазақ өзін-өзі қадірлеу дегенді білмейді. Ұлттық намысы жоқ. Мүтәліптің газет-журналдарды оқығандағы түсінгі осылай. Осы жайында газет-журналдар көп жазғанмен нәтижесі көрінбейді. Ал ендігісі не?..
Қазір ол өзіне айтар сөзі жоқ, күйініп тұр. «О баста орысша оқытып нең бар еді? Бәріне өзің кінәлісің. Одан да өзіңе айтар сөзің бар ма, соны айт» деп біреу оны табалап тұрғандай.
Жаңылыш бір нәрсенің болғанын іші сезіп, үнсіз әкесінің қасына жақындады. Көзі жардағы суретке түсті. Сол кезде тұла бойы мұз қарығандай түршікті.
Мүтәліп те Жаңылыштың келгенін
сезгендей:
– Мен қайдамын? – деп тарыққан үні күмілжіп барып зорға шықты.
Мүтәліптің өңі күл боп кеткен, бұрылып қызына қараған жоқ. Әл үстінде жатқан адамның үніне ұқсап суреттен көзін алмай, ерні жыбырлап, күбірлейді.
– Балам-ау, не істегеніңді білесің бе? Мені бұлай масқаралайтындай не жаздым, айтшы?
Қасында тапжылмай тұрған Жаңылыш әкесінің айтқанын ішкі түйсігімен қабылдап, жүрегі жылады. Сөйлегісі келеді, үні шықпайды. Құрдымға кеткендей, дәрменсіз хал кешіп тұр.
«Мүтәліп, кәне айтшы», – деді өзіне-өзі тағы да. Сол мезетте Жаңылыштың тұла бойын бір нәрсе қарып өткендей дір етті. Біршама уақыт өткенде:
– Мұндағылар менің аты-жөніме тілдері келмей, «Жанна Михаилова» деп, өздеріне оңай болғанын қалап айтқан соң келісе қойып едім. Енді ауылға барған соң өзгертемін, – деп ақталды. Сөйтсе де көңіліне кетпес күдік, өміріне өшпес дақ қалдырғанын іштей сезіп, опық жеген Жаңылыш істеген ісін кеш түсінді.
Ертесіне ұшаққа қайта отырған Мүтәліп «орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын» деп орыс көрмеген бұрынғы ата-бабаларымыздың сөзін есіне түсірді. «Алдымен, жерімізді алды, онымен қоймай тілімізді алды. Енді не болар екен?!» деп ішінен күңіреніп мүжілді. Енді бірде өзіміз қашан ел болар екенбіз деп аңсады. Бәрібір біздің жаратылысымызға біткен аңқаулығымыз бен ақкөңіл, сенгіштігіміз қалмайтын шығар деп налыды. Қалай болғанда да, қойшы Мүтәліптің осы жолғы уайымы қатты еді.