«Кітап керуені» акциясы басталды
29.06.2026
83
0

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығындағы тапсырмасына орай біздің облыста тың жоба «Кітап кер­уені» акциясы басталды. Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында облыстық мәдениет, архивтер және қүжаттама басқармасы мен облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен керемет іс-шара өтті. Бұл кітап керуені барлық аудандарда өтеді. Аудан әкімі қатысып, белсенді оқырмандар мен кітапханашылар марапатталды. Ауыл тұрғындары «Тарихтан жеткен аманат», «Кітап – тарих, кітап – қазына» атты кең көлемді кітап көрмесімен танысты. Көрмеге облыстық кітапхана қорындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар, жаңа әде­биеттер, жергілікті ақын-жазу­шы­лар­дың шығармалары, балалар әдебиеті, көлемі шағын кітаптар мен авторлық қолтаңбасы бар кітаптар қойылды. Маңызды шара «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты кездесу кешіне ұласты. Кеште ақын, журналист Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, белгілі жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай, әдебиеттанушы, пррфессор Айман Айтбаева қатысып, шығармашылық жайлы, кітаптың қоғамды қалыптастыру, тарихты та­ра­зылау тұрғысындағы өскелең ұр­паққа берер ұлағаты жайлы ой-тұжырым­дарымен бөлісті.
Жастар арасында «Кітап. Білім. Цифр­лық технология» шеберлік сағаты өтті. «Кітап құрттары» клубы­ның мү­ше­лері кітапты талқылау ұйымдас­тыр­ды. Ауыл жастары арасында оқуды сәнге айналдыру мақсатында «Жастар оқиды» атты оқу эстафетасы бастау алды. Шара «Кітапханаға кітап сыйла» акциясымен жалғасты. Ауыл тұрғындары кітапхананың дәстүрлі және элкетронды қызметімен танысып кітап оқуды насихаттау және оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысты. Бұл Сырдария ауданынан бастау алған шара облыстың барлық аудандарында жалғасын табатын болады.

Айгүл ЖАНҒАБЫЛОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір