Қуаныш ЖИЕНБАЙ. ҚАРЫЗ (Әңгіме)

Егер әкесі «жасым жетпіске келді, секектеп жүре беретін шайтан емеспін, сабырлылық пен ұстамдылықты мұрат тұтып, әдемілеп сақал өсірейін, сосын кім көрінген барып-келіп жатқан қажылық сапарға дайындалайын» десе, Самұрат дереу қымбат жолдаманы қолына ұстатып, керек пе, керек емес пе, онысына қарамай, қалтасын «көк қағазға» толтырып және Мекке-Мединеге жайлы ұшақпен шығарып салмас па?! Аман-есен келген бетте «әкеміз тура жолын енді тапты» деп, алыс-жақын ағайын-туманы шақырып, ақар-шақар той жасап жібермес пе?! Сол тойдың төрінде таудай болып әкесі отырса қандай жарасымды!Әкесі Жалмұрат – осы өңірде кімің бар дегенде, алдымен ауызға ілігетін қадірменді кісі. Талай-талай айтулы қызметтердің құлағын ұстады. Теңіз жағалауындағы бірнеше балық зауытының директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы, ақсақалдар ұйымының көшбасшысы… Кіндігінен тараған ұл-қыздарын қолында мүмкіндік тұрғанда оқытты, жауапты қызметтерге орналастырды. Кемпірі өткен жылдың соңына таман жүрек талмасынан қайтыс болған. Бұл – өкініш, алдымен, Жалмұраттың, қалды артындағы ұрпақтарының жүректеріне батпандай зіл түсірді. Бұдан арашалап алатын жалғыз демеу – шүкіршілік, осы шүкіршілік қана еңсе түсіруге бөгесін. Аналарының жарқын бейнесін көз алдарына келтіреді де, жігерленіп, тіршіліктеріне қайта кіріседі. Әкесі мен шешесін үлде мен бүлдеге орап, астарына елде жоқ әдемі көлік мінгізіп, атап өткелі жүргенде, осындай қайғы-қасіретке душар болды.
Балалары мына шаруа туралы да әкелерімен ақылдасуды жөн көрмеді. Тіпті не бітіріп, не істеп жатқандарын да айтпады. Көкейлерінде бір күдік кептеліп тұра қалған, кешегі аты өшкір партияның атақ-абыройы әлдеқашан ұмытылса да, со пәленің шет-пұшпағы осындайда кенеттен бас көтеріп, әкесінің «шешелеріңе мавзолей тұрғызсаңдар да қарсылығым жоқ, бірақ бұл араға мені қыстырмаңдар» деп, аяқ астынан бас білмеген тайлақтай, тулап шыға келмесіне кім кепіл?! Екі адамның мүрдесі еркін сыятындай әрі күншілік жерден көрінетіндей, Маңғыстаудың ақ тасынан келістіріп күмбез тұрғызды. Әкесінің іші сезді, сезсе де тіс жарып үндемеді. Бәлкім, топырақтың қайдан бұйырары әлі белгісіз ғой деп, ішінен мырс етіп күлсе де өзі біледі.
Оу, Жалмұраттың жетпіс жылдығын ат шаптырып, балуан күрестіріп тойласа, «бұл не тыраштану, бұл не қылған шектен шыққандық» дейтін біреу бар ма, керісінше, өзіне қарасты ағайын-туманы шақырып, ың-шыңсыз, дабыра-дамайсыз, шап-шағын дастарқан жайып құтылса: «Басына көрінгір, Жалмұратқа не жетпей жатыр, осынша тарылғаны несі?!» деп, екінің бірі еріккеннен емес, кәдімгідей ұртын толтырып, әжептәуір әңгіменің өзегіне айналдырмас па?! Мұны Жалмұраттың ұл-қыздары естісе «е, ел не демейді, аузы барлар айта береді-дағы» деп, түк білмегендей тымырайып жүре бере ме? Міне, мәселе қайда?!
Жалмұраттың үлкені – Әлмұрат, одан кейін – Құлмұрат, Самұрат – ұлдың кенжесі. Апа-қарындастары үйлі-баранды боп, өз жөндерін тауып, тұс-тұсқа тарап кеткелі қай заман. Осы шаңырақтан өсіп-өніп, әке-шешенің арқасында ел қатарына қосылғандарын ұмытпай, ара-тұра бауырларының амандығын біліп тұрса, соның өзі әжептәуір олжа. Оларға «әкелеріңнің жетпіс жылдығын тойлағалы жатырмыз, не көмектерің бар?» деп бірнәрсе дәметкендей, емеурін танытса, бәрінен бұрын ұяты ұлдарына келмей ме?! Келгенде қандай! Оның бер жағында, Жалмұраттан тараған ұлдарының дымы құрып, жерге қарап отырған бірі жоқ. Алды шаруашылық басшысы, кейінгілері – елді ауыздарына қаратқан бизнесмендер. Ішкендері – алдында, ішпегендері – артында. Өз қаражаттарына салып алған коттеждері бірінен-бірі өтеді.
Үш ұл қала сыртындағы елеусіз мейрамханада бас қосып, жетпіс жылдықты қалай өткізу жайында кеңінен отырып пікірлескен. Алғашқы сөзді Әлмұрат алды: – Әкеміз күнде жетпіске келіп жатқан жоқ, екі әкеміз және жоқ. Бір әкеміздің ел алдындағы абырой-беделін көтеру үшін астына әйдіңгірдей көлік мінгізейік. Оны өзі жүргізе ме немесе бір немересіне сыйлай ма, о жағын өзі шешсін. Сосын әкеміздің өмір жолы өнеге, қолынан іс келетін, сөзі түзу бір жігітке қаламақысын төлеп, кітап жаздыруды мойныма алайын. Ақындар айтысын ұйымдастырса да артық болмас еді…
Құлмұрат жартылай шегілген темекісін табанымен езгіледі де, мойнын бір жағына бұрып, оң иығын қиқаң еткізді:
– Кітап жаздыру да, ақындар айтысын ұйымтастыру да әбден ақжемі шығып, ескірген тәсіл. Әсіресе ақындар айтысы модадан шығып барады. Жеңіл ұйқас: «болады, толады, солады» дейтін жаттанды тіркестер жұртты жалықтырып бітті. Әкеміз де орынсыз мақтанға соншылықты құмар емес-ті. Екі ұсынысқа да қарсымын. Ел «Ах, мынау бір керемет болды ғой» дейтіндей, тосын бірнәрсені ойлап табайық.
– Әзірлеп келген ойыңыз болса, ашық айтсаңызшы!
– Айтайын, бірақ сендер оны күлкіге айналдырмаңдар, – Құлмұрат мұрнын бір сипап, екі жағындағы ағасы мен інісіне қуақылана көзін қысты.
– Оу, адамның шыдамын тауыспай, тезірек айтсаңызшы! – Самұрат орнынан бір тұрып, бір отырды.
– Жетпіс жылдығында әкемізді үйлендірейік… Не ғып бастарың салбырап, үндемей қалдыңдар?! Әкеміздің әлі бір қызды қартайтатындай шамасы бар.
– Әкеңе әйел болатындай, көздеп жүрген біреуің бар ма? – Әлмұрат Құлмұраттың пікіріне не қосыларын, не қарсы боларын білмеді.
– Табамыз, табылады. Отырып қалған кәрі қыздар бұл ұсынысқа қос қолдарын көтеріп құптар.
– Сіз, сірә, бұл тақырып жайлы әкеммен сырласып жүрген болдыңыз ғой, – Самұрат қызыққа енді кенелгендей, алға қарай имене түсіп, миығынан күлді. – Табылары табылар-ау, алдымен әкеміздің келісімін алуымыз керек шығар.
– Шай-суын әзірлеп, дәрі-дәрмегін уақытылы беріп отыратын нәзік жандылардан ат-тонын ала қашатын еркекті көрсең, кәне?!
– Әкеміздің еркектік қабылеті атан түйедей атылып тұр десеңші.
– О жағына бас ауыртып қайтеміз. Оны отырып қалған кәрі қыздың өзі-ақ реттеп алар.
– Сөйтіп, әкемізді мезгілінен бұрын өлтіріп алмайық, – қорытындыны Самұрат шегелеуге тырысты.
* * *
Үйдің кенжесінің қай кезде де сөзі өтімді. Шаңырақтың биік беделін аласартпай, әке-шешені бағып-қағуға келгенде де оның рөлі өзгеше. Бұл – ежелден елге белгілі ереже. Ақыл-есі бүтін адам қос уыс тірлікте бұл ережені естен шығармайды. Отау құрып, бөлек шыққандардың өзі қашан көрсең де, кенже баланың алдында тікелерінен тік тұрады. Соңғы шешімді сол айтсын дейді де, іштерінен тынып, бір шетке ығысып шыға келеді. Жауапкершіліктен құтылайық демейді, әке-шешені әлпештеп отырған ұлдың алдында кішірейу – үлкендер үшін де өнеге, кәдімгідей сыйластықтың, құрметтің белгісі.
Оу, мұны түсінбейтін Самұрат ақымақ па?! Тірі жанның материалдық жәрдемін күтпестен, әкесінің жетпіс жылдығына байланысты кезек күттірмес шараларды жалғыз өзі-ақ атқарып шығуды міндетіне алды және елмен араласып, жақсы-жаманның ара жігін ажыратарлықтай азды-кем өмірлік тәжірибе жинақтағандықтан, бұған келгенде де ұятқа қалмайтынына сенімді-тін. Қаражаттан қысылмайды. Бизнестегі жолы ашық. Біреуді алдап-арбап, болмашы тиын-тебенді көрер көзге қараулықпен бөксесіне басып қалған кезі болса, маңайындағы бір-біріне жарамсақтана жымиғанымен, алдымен өзіме болсын дейтін жора-жолдастары Самұраттың баттитып бетіне айтпаса да, былайғы жұрттың құлағына ептеп қоңырау қағар. Сондықтан бұл кедергілерден де адал ниетпен аттап өтеді. Бір тиын тапсаң да, әділдікпен тапқанға не жетсін. Әкесінің жетпіс жылдығын атап өтуге өзінің ерік-жігерінің арқасында жинаған дүниесі молынан жететін болған соң ғой, ағаларының алдында желпініп сөйлегені.
Ағалары інісінің ірілігіне ізет көрсетті. Екеуі де қосарланып, құр алғыстан басқа батырып, ешнәрсе айта алмады. «Керексінсең бір қажетіңе жарармыз» деп бір-біріне қарап, жылы жымиды. Самұрат реті келгенде республикадан, облыстан, аудан көлемінен кімдердің шақырылатынын, шақыру билетіне әкесінің айшықты қолы қойылатынын – қағазға түскен макет жүзіндегі сызбасын көрсетті. Шақырылған шөпке тышарларға ауыз ұшымен ғана рақмет айтып, үлкен бастарын кіші етіп, сонау ит өлген жерден ат арылтып келгендері үшін арқаларынан қағып, өтірік-расы белгісіз, иіліп-бүгіліп құрқол шығарып салмайсың ғой. Сый-сияпат, сыйлық – күн сайын өтіп жатқан той-томалақтағы көз үйренген «шапан жарыстың» біріне ұқсамауы тиіс, сондықтан Түркия не Араб елдеріндегі дүкендерге осы бастан тапсырыс беріп қойғаннан ұтылмайды. О жағын Самұраттың келіншегі Қанағат жүзеге асырмақшы.
– Айналайын, Самұратжан-ау, бәрін реттеп қойсаң, саған не дейік. Бір бастан екі бастың не зияны бар. Біздің үйдегі жеңгең де сауда-саттыққа келгенде желдей еседі. Келіннің анау-мынау шаруасына жәрдемдессе несі кетеді, – бірнәрсе айтқысы келген Құлмұраттың көмегі осы болды.
– Оның да бір ыңғайы табылар. Тек сіздерден сұрайтыным, той қарсаңындағы қарбаласта жақын-жуық ағайындардың бірде-бірі ұмыт қалмасын, – Самұрат ағаларының қолдарынан келетін шаруа жайына ойысты.
Уақыт шіркінді бір орнынан тапжылтпай кім ұстап тұра алған. Таңның атуы мен күннің батуына көз ілеспейді. Құм үстімен жүйткіп өткен ақ сағым секілді бұл өмірдің өткіншілігін былай қойғанда, пенде байғұсты айлар мен жылдардың қартайтуға бейім тұратындығын қайтерсің?! Құдайға шүкір, Құлмұрат ағасы айтпақшы, әкесі әлі бір қызды қартайтуға шамасы жетеді дегенмен, той алдында көди-сөди ойлардан бой-сойын аулақ ұстап, бірер апта демалғанға не жетсін! Сарыағаштың суы асқазанына майдай жағатын болған соң, анау аспанмен тілдескен шипажайларға сауын айтпастан, арнайы көлікпен Сарыағашқа аттандырған. Жай аттандырған жоқ, сондағы ескі таныстарына әкесі қандай ем-домның түрін қаласа, тілге келмей түгел жасаңдар, мен де сендердің алдарыңда борышкер болып қалмаспын дегенді де шегелеп ескертті. Ол жайсаңдар да Самұраттың қолына әлдеқашан «қарға тышқанын», екі сөйлемейтінін, берген уәдесін тап-тұйнақтай орындайтынын жақсы білетін. Осындайда ақы-пұлсыз қалжыңы құрығырдың тіл ұшына алдымен іліге кететіні-ай!
– Әкеңіздің басы мен аяғына дейін сұлу бикештің нәп-нәзік саусағымен массаж жасатсақ, қарсы емеспісің?
– О жағын әкеммен ақылдасыңдар. Әйтеуір, құр аттай құлшынып келетін болсын. Сұраған қаражатарыңды сол мәментінде салып жіберемін.
Самұрат әлден ел құлағын шулатпайын, мезгілінде айтармын деп, әкесінің жетпіс жылдығына дайындалып жатқанын ішіне бүгіп қалды.
* * *
Шипажайдан оралған Жалмұрат ақсақалдың (ақсақал дегенді құп көрмейтін) көл-көсір қуанышында шек жоқ-ты. Көзінің алдындағы әжім іздерін нарттай қызарған бет пішініндегі толықтық жұтып қойған тәрізді. Жанарында бұрын-соңды байқалмаған толағай толғаныс; өткен өмірінде әлдекімдердің қысастығынан ба, әлде бойдағы бұрқ-сарқ еткен бұла күштің әсерінен бе, болар-болмас өкінішті жайларды бастан кешсе, ендігі қалған ғұмырда солардың орнын толтырып, қалқарази тірлік кешуге бекінгендіктің атойлаған «желі» бар. Ілгеріде жаурын тұсы енгіш тартқан секілді еді, жүріс-тұрысы шабандау, отырып-тұруы тіпті баяу-тын. Бөлмесіне кіріп алып, асқа шақырсаң ғана орнынан әзер түрегеліп, ал былайғы уақытта кітап оқи ма, бірнәрселерді қағазға түрте ме, өзімен-өзі болатын кісінің күрт өзгергені соншалық, немерелерімен асыр салып ойнауға да қарсы емес-ті. Бекер жатпайын деп, Сарыағаштың жанындағы Тәшкен базарына барып, келіндеріне алған базарлығы да бір төбе және онысын өз қолымен табыстады.
Самұрат аң-таң, шынымен шипажайдағылар әкесінің қол-аяғына сұлу бикештің нәп-нәзік саусақтарымен массаж жасатып, он жылға жасартып жібергеннен сау ма?! Келген бетте осы өңірдегі ағайын-туманың амандығын білейін деп, жаяу-жалпылап шапқылады да жүрді. Бір үйден түстеніп, бір үйден кештетіп оралды. Шаршағандығы сезілмейді. Жекжат-жұрағаттың да Жалмұратқа деген алғыс-тілектері ұшан-теңіз.
Мә, безгелдек?! Өз ауанымен ұршықтай үйіріліп, біртіндеп іске аса бастаған асау арманның аяқ астынан күл-талқаны шыққаны! Тіпті адам айтса нанғысыз апатқа ұшырап, теңіздегі кеменің тұмсығы жартасқа соғылып, быт-шыты шыққандай күйге түскені! Түннің бір уағында Самұрат жұмыстан шаршаңқырап келіп, жастыққа жантая бергенде үлкен қызының «атам шақырады» деп жетіп келгені. Атасы шақырса ізін суытпай барғаны абзал. Әкесі ұлын жаңа көргендей, Самұраттың жүзіне тесіле қарады, сосын немкеттілеу езу тартты.
– Бәрінен хабардармын. Маған сый-құрмет жасамақ болған ниетіңді де түсінемін.
– Қайдан естідіңіз?
– Ел құлағы – елу.
– Тірі жанға сыр ашпаған едік…
– Бәли, әрбір ілгері басқан қадамыңды ағайынның қалт жібермей, есептеп отыратынын білмеуші ме ең? Той жасау да, әкеңнің туған күнін атап өту де орынды. Бәрі орынды. Оған менде алып-қосар не бар? Бірақ осы жолы оны қоя тұрасыңдар-ау деген шешімге келдім. Тұғырдан тайып отырғаным жоқ, сексеннен де, тоқсаннан да үміттімін. Құдай маған келгенде қолтарлық жасамас. Сұраған жасымды берер.
– Құдаймен сөйлесіп тұрасыз ба?
– Сөйлеспесем де, көрген түстерім жаман емес. Саған ризамын. Бала күніңде шатақ, алған беттен қайтпайтын шақар едің. Түбі осынымнан бір нәрсе шығады деуші едім. Айтқаным айдай келді. «Тойды өзім атқарамын, бар шығынды өзім көтеремін» дегеніңе де бір марқайып қалдым.
– Екі әкеміз жоқ, бір әкемізден немізді аяймыз?!
– Адалдығыңа көзім жетті.
– Ендеше тойды кейінге шегеруге не себеп?
– Оның бүге-шүгесін түсіндіруге шамам жетсе!..
– Немене, Байқоңырдан космосқа ұшқалы жүргеннен саумысыз?
– Оны бізге кім берсін…
– Тойға керекті дүниенің біразына тапсырыс беріп қойғанда…
– Ол күннің ыстығында бұзылып кететін жаңа сойылған түйенің еті емес шығар. Тұра берсін, түбі керек болар.
– Ал тойды тоқтатқандағы ойыңыз не? Бүге-шүгесін қалдырмай айтыңызшы!
– Алдымен бұйымтайымды орындауға уәде беремісің?!
– Қолдан келсе, аспандағы айды әпер демейтін шығарсыз.
– Әп, бәрекелді, келісіп алғанымыз мұндай жақсы болар ма! – әкесі еркелетіп, Самұратты арқадан қақты. – Ол сен үшін түкке тұрмайтын әрі ойнап жүріп бітіретін бірнәрсе.
– Түкке тұрмаса оны да, тойды да бір-біріне жалғап, жасай бермейміз бе?
– Қадалып қоймадың ғой, бар болғыр! Той деген немене, бір-бірінен аумайтын жылтырақ тілектерден жалықпайтындарың-ай осы сендердің?! Дені жүректен емес, бергі жақтан, бір есептен құтылу үшін тілге оңай оралады да, қиналыссыз айтыла салады. Сөздің қадыр-қасиетін түсінетін жібі түзу адам қалды ма бүгінде?! Дүрлігуге бейім тұрады көпшілігі. Сосын сенің жиған-тергеніңді оңды-солды рәсуә етеді де, ылдым-жылдым тайып тұрады. Есі ауысқан адам құсап, еш нәрсені түсінбей, аңтарылып сен қаласың. Сондай шашетек тойларға куә болып жүргеніміз жаңа ма?
– Жұрт «Жалмұраттың ұл-қыздары дүниені тіреп тұрғанда, әкелеріне бір той жасап беруге жарамады-ау» деп, кейін күңкілдеп жүрмей ме?!
– Айта берсін, кімнің аузына қақпақ
қоясың?
– Тоқетері, бізге не дейсіз?
– Асықпай тыңдап ал, ауыл сыртында, Тұщыкөлдің маңайында тоғанға сұранып тұрған бір ойпат бар. Көз мөлшермен бәрін өлшеп-пішіп қойғам. Көлден су құлатып, төңірегін цементпен бекітсең, мынау деген балық өсіретін тоған болады да шығады.
– Тоған?! – жайсыз хабар естігендей, Самұрат орнынан ұшып түрегелді де, терезе алдына барып, талтайып тұрды. – Балық өсірмекшімісіз?
– Өсірсе несі бар. Балық шаруашылығы оқуын тауысқанымды білемісің? Оның бер жағында, бірнеше балық зауытына директор болдым. Кіші теңізден бүгінде қаязтекті балықтың тұқымын емге таппайсың. Ол тек Аралда ғана өсетін балық еді ғой жарықтық?! Шамам келгенше осы олқылықтың орнын толтырайын. Келер күзде тоғандағы балықты теңізге жіберем.
Әкем шын айтып тұр ма, әлде миы шайқалғаннан сау ма дегендей, көзінің астымен әжімсіз толыса бастаған томпақ бетке ұрлана қарады.
– Қаязды кейін теңізге жібересіз бе, әлде… дүкен ашып, балық сатып, табысқа қарық боласыз ба?
– Олай жасауға да болар еді, бірақ болмашы тиын-тебенге алданып қайтем. Сендер барда қаржыдан таршылық көрмеспін. Теңізге жіберем, теңізге!..
– Сізді бірнәрсе айналдыра бастағаннан сау ма? – Самұрат жүзінен көз айырмаған күйі әкесіне қарай бір табан жақындады. – Қарт адамда ондай ауытқулар бола береді.
– Құдай сақтасын!
– Құдай сақтаса… Тоғанға балық өсірудің қым-қиғаш қиындығы барын білемісіз? Балыққа қажетті жем-азық кез келген жерден табыла бермейді. Табылған күнде оны графикке сай, жүзеге асыратын кім бар? Тоғанға электр желісі тартылып, жағасына жағалай сәулетті шамдар орнатылуға тиіс. Ең аяғы, ұры-қарыдан қорғау керек. Осылардың бірін де қаперге алмастан, бірден балық өсіруге кіріспекшісіз… Бәрінен бұрын…
– Иә, бәрінен бұрын…
– Жұрт алдында бізді масқаралайсыз ғой.
– Не деп?
– Ұрпағынан аулақ, ал Жалмұратқа не көрінген демей ме?! Айдың-күннің аманында Жалмұрат жынданған шығар демей ме?!
– Одан Жалмұраттың қылы қисайса?!.. Кейін сол шешендер Жалмұраттың сен секілді алған бетінен қайтпайтын өжеттігіне таңғалмаса маған кел!.. Тоғанға кетер қаражаттан қиналып тұрғаннан саумысың?
– Жә… той шығынының қасында тоған деген пішту!
– Бәсе, Жалмұраттың кенжесі бір сөзді болуға тиіс еді ғой, – түн жарымында әкесі ұлын қапсыра құшақтап, бауырына тартты.
* * *
Көктем хабары қыр астынан жылт етіп белгі бергеннен арнаулы мәшинеге тиелген майда шабақтардың бірер тоннасы тоған жиегіндегі тайыз суға жіберілді. Ауа жетпей тұншығып өлгендерін екі күзетші жалма-жан шағаланың көздеріне түспей тұрғанда сүзіп алып, қоғадан тоқылған алашаның үстіне жайғыштайды. Ағайынды екі жігітті жұмысқа қабылдағанына Самұраттың көңілі тоқ. Әкесі аядай тоғанда бас көтертпейтіндей не бар, біреуінің де шамасы жетеді ғой деп, оларға төленетін жалақының мөлшерін шота салған. Самұрат та ә дегеннен әкесінің бетін қайтарып тастамай, «ай өтсін, аңдысын аңдайық, біреуін қысқарту қиындық тудыра қоймас» деп екіұштылау жауап берді. Сонысы табылған ақыл боп шықты, мінекей! Екі адам бір-біріне ес, серік, айдаладағы тоған басында тірі пенденің қарасын көре алмаған бірі табан астынан тұлданып, жалғыздықтан әбден зерігіп, «бүйтіп тапқан табысыңның ішін ұрайын!» деп, басының ауған жағына тайып тұрса, Самұрат оны қайдан табады? Бизнесменнің байламына салғанда айлықтарына да ауыз жарымайды. Асылыққа бармасын, ондайдың талайын жора-жолдастарымен бас қосқанда Самұрат саунаның табалдырығына тастап та кетіп жүр.
Құмды өңірден ала алмай жүрген өші бардай, күн сәулесінің арқан бойы көтерілгені сол, тымырсық ауа көзді ашып-жұмғанша апшыңды қуырады. Бірақ бұл ыстық тоғандағы балықтарға таптырмас демеу. Тоған беті жыбыр-жыбыр. Қанаттанған балықтар тоғанның тереңіндегі ауасыз кеңістіктен жалыққандай ма, әлде мезгілімен шашатын бір шұқым азыққа қарын тоймағандықтың әсерінен бе, су бетіндегі шыбын-шіркейді оймақтай ауыздарымен қарпып қалып, өздерінше өмір сүрудің қан базарына кіріседі де кетеді. Тоғандағы тіршілік бір толастамайды. Балықтардың ана тұстан да, мына тұстан да шарқ ұрып, асыр салған ойынын аңдып отырудың өзі ғажап. Тұрғанымен сурет! Самұрат ана жолы естияр қыздарын «сендерге бір керемет көрсетейін» деп, жеңіл мәшинесімен тоған басына әкелген. Содан телефондардың қуаты түгесілгенше суретке түсіру операциясы бір басылсашы. Онысы бер жағы, балақтарын тізелеріне дейін түріп, тереңдеу тұсқа байпаңдап барғандары сол еді, су астындағы балықтар балаң балтырларға жан-жақтан жабылсын-ай кеп. Қытықтағандай ма немене, әлде денедегі көзге көрінбес ауру-сырқауды бір сиқырлы әдіспен сорып алғандай ма немене, әйтеуір айтып тауыса алмайтын әдемі әсерлер. Әлжуәз саусақтарға асау балықтар қайтіп іліксін, ұстаған бойда алақаннан сусып, су бетіне шоршып түседі.
Тоған басын құлаққа жаттығы жоқ, жағымды айқай-шуға айналдырды да жіберді. Жалмұрат немерелерінің көл-көсір қуаныштарына өзін қинап жылы жымиғанымен, «мына шуылдақтарды тоғанға жие әкелмегейсін» дегендей, Самұратқа қарап, суықтау қабақ шытты. Сондықтан қыздарының «тоғанға қашан апарасыңына» Самұрат та әкесінің ишарасын ұмытпай, «күз түссін, балықтар семірсінмен» шолақ жауап беруге үйренген.
Әкесі айтқандай, екі қолын алдарына сыйғыза алмай, сенделіп жүрген күзетшілер қайда. Күн көтерілісімен резина қайықтың белін майыстырып, жемге толтырып алады да, тоғанның ана басы мен мына басын армансыз кезгілейді. Балықты тамақтандырудың да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Әзір сырттан сұқ көздердің қадалғандығын аңғармағандарымен, шағаладан келер кеселдің алдын алу да нағыз ақырзаман. Шіркіндердің өлермендігіне не берерсің, бытырасыз атылған патронның көк түтін құсқаннан басқа қауқары жоқтығын қайдан біледі десеңші! Жылтыраған көздері шоршыған шабақты қалт жібермейді, көктен құлдилап келеді де су бетіне инедей шаншылып, қызыл қанаттыларды тұмсығына іліп, әкетіп бара жатады. Қайсы біріне араша түсерсің, ой, несін айтасыз, тоған үстімен топталып ұшқан шағаланың бірнешеуін оқтаулы патронмен жайратып салса, бәлкім, бері қарай беттемес пе еді. Бірақ заңы бар болғыр, мылтық атуға рұқсат етпейді. Шағаладан табиғи ортаға қандай пайда келетінін кім білсін, кейде өстіп туған табиғатқа жанашырлық танытқансып, бүйректен сирақ шығаруға бейім тұратынымыз-ай!
Ұйқысын қандырып, баптанып-саптанып, өзіне бекітілген жеңіл мәшинемен түске тақау тоғанға келетін Жалмұрат зікір салған шағалаларды көреді де, «сендер осы не бағып жүрсіңдер?» дегендей, екі күзетшінің кеудесіне оқтай қадалатын қарасынан ағы басымдау ала көзін айырмай, біраз тұрады. Күзетшілерде не жан бар, атақ-абыройы бұл өңірге ежелден белгілі қадірменді кісіге не десін, ақталудың да ретін таппайды.
– Тоғандағы балықты шағалалар үшін өсіріп жүрмейік. Күз түскенше мына пәлекеттер түгімізді қоймас?! – Жалмұрат әңгімені одан әрі созғыламайды. Тоғанға текке келмегенін аңғартқысы кеп, күзетшінің үлкенінен бір жұмадағы салмақ қосу жайынан мағұлмат сұрайды. Оу, күзетшінің де күткені сол, қойнындағы жырым-жырым кітапшасының алғашқы бетін ашады да, тәжірибелі ихтиолог секілді таразыға тартылған қаяз балықтың бір апта ішінде қанша салмақ қосқанын, оларға шашылған жем-азықтың көлемін, шағаладан басқа жау жоқтығын, күзге дейін балықтың едәуір қоң жинап, ұлы теңізге қорқынышсыз жіберуге болатынын ғылыми түрде дәлелдегендей, дем алмастан баяндап шығады.
Жалмұрат тоған төңірегін көзбен ғана шолады. Қоға үстіндегі ауру-сырқаудан, не ауа жетпегендіктен су бетіне қалқып шыққан өлі балықтарды күн көзіне кептіріп, онысын диірменге ұн ғып тартып, жем ретінде пайдаға асырып, тоғанға қайта себезгілейтін күзетшілерге не десін?! Жалақыларын да есептемейді. Қара күзге дейін тоғандағы балықты ұлы теңізге жібергенше, дін-аман жүре тұрсын. Қабағынан болар-болмас жылылықтың аурасы аңғарылады.
* * *
Екі күзетшінің түстік асы – талқы шай мен қатқан нан. Армандағанның несі айып, егер Самұрат шағалаларды үркітерсіңдер деп, бір айға жетерлік оншақты оқтаулы патрон әкеліп бергенде, мейлі мың жерден балықтың иісі шықса – шыға берсін, нәті құс, жүні жұлынып, қан-жыннан айырылған шағаланы жыңғылдың шоғына қақтап, ауыздарының сілекейі шұбырып, сүйегін кеміріп отырмас па?! Жалмұратты да дастарқанға шақырар еді. Дәмнен үлкен не бар. Ақсақалдың да бері бұрылмасына кім кепіл.
Шаңқай түсте бұлар бірер сағат дем алады. Дем алмайтын Жалмұрат қана. Күн өтпесін деп басын қолшатырмен көлеңкелеп, резина қайықпен тоғанның дәл ортасына жете берген Жалмұрат балағын тізесіне дейін түріп, екі аяғын суға салған күйі, содан түс ауғанша орнынан тапжылмайды. Бұл не отырыс, мұнда не мақсат, не мүдде, не үміт бар?! Екі күзетші бастарын шайқайды. Су перісімен тілдесе ме, су бетіне түскен суретінен ләззәт ала ма? Оу, мына қос уыс тірліктің қызық-шыжығына кеңірдектен тойындым, ендігі қалған қызықты шамам келгенше өзге тұстан іздермін дегенде де, түбіне қанша үңілгеніңмен бозбаланың тебіндеп шыққан мұртындай, су астындағы ағыс ырғағымен билей жөнелетін балдырдан басқа көзге шалынатын түгі жоқ тереңдіктен не қайыр, не опа таппақ?! Ал түсініп көр! Екі күзетші Жалмұраттың бұл қылығына қайран қалғандары соншалық, бірін-бірі кірпік қағыстарымен ұғынысып, қарынның «ұлып» жатқандығына қарамай, өздерін ақсақалдың орнына қойып, ой-өрелері жеткенше арман-қиялдың құшағына кіреді де кетеді. Бірі – оның орнында болсам, табыскер балаларымның мүмкіндіктерін пайдаланып, дүниежүзіндегі адам денсаулығына инедей пайдасы тисе де (бәлкім, бірінен кісіні қартайтпайтын дәрі табылар) сұңғыла шипажайларды түп-түгел аралап шығар едім дейді; екіншісі де Жалмұраттың бүйтіп тоғаннан бірдеңе таматындай, сіресіп отырысын жақтырмайды, «осынша жасқа келгенде кінәсізбін деп сәждеге маңдайымды тигізе алмаймын, талай кемшілік жібергенім өзіме аян, ақталар-ақталмас, десе де бар болмысыммен иман жолына беріліп, бес уақыт намазымды қаза қылмай, мұсылмандыққа бүйрек бұрайын, жаман әдеттерді ойға алмай, тыныш ұйықтап, тіпті қорқынышты түс көруді де қаламай, немерелерімнің қасында солардың қызықтарына ортақтасып, өмірімді өстіп ұзартар едім» дейді.
Иә, дейді, дейді, дейді екен… Олардың бүйтіп кісімсігендеріне Жалмұраттың ұрғаны бар! Жалмұратқа түс әлетінде өстіп, екі аяғын суға малып, балтырын балықтарға «сүйгізгеннен» артық рақат жоқ. Тұмсықтарымен түрткілегенде тұла бойың шымырлайды. Балықтың тұтамдай тұмсығында не құдірет барын қайдам, түрлі себеппен тоғанға бірер тәулік жоламай кетсе, тұла бойын зіл қара тас басқандай, содан ылдым-жылдым құтылу үшін жеңіл мәшиненің шопырын дереу үйінен шақыртып алады да, ләм-мим деместен кабинаның есігін тарс жабады.
Жалмұрат осы күндері кісі киіктеніп, ағайын-туманың той-томалақтарына да қатыспайтын болып алды. «Жалмұратқа қарап қалған не бар, келмесе кебениматр!» деп жерге шырт түкіріп, қолдарын бір сілтейтіндер әр тұстан бой көрсете бастаған. Бірақ кешеге дейін елмен етене араласып, алқа-қотан отырыста билік басындағыларды жерден алып, жерге салып, ғайбаттауға келгенде сәл тартыншақтап, ал былайғы қарапайым тіршілік ауанына ауысқанда мидай араласып, қолынан анау айтқандай бірнәрсе келе қоймаса да, білген ақылын аямайтын ақеден кісіден айырылып қалу кімге оңай болсын. Оу, Жалмұрат елеусіз жүрген көптің бірі болса, әңгіме басқаша ғой. Ол кісінің орны үнемі үңірейіп тұратынын мойындамасқа амал нешік?! Қайран, Жалмұрат-ай, отырған жері кішігірім мереке еді ғой! Ол барда әлдекім кеудесін ұрып, алдымен сөйлеуге ұмтылмайтын.
«Әне, кетті Жалмұрат, міне, кетті Жалмұрат!» Тоғанға бұрылған мәшине соңынан шұбатылған шаң көптің көз алдында көлбеңдеп тұрып алады. Тоғанда оның не істеп, не тындыратыны мүлде беймағұлым. Жалаңдаған екі күзетшіден ауысатын не бар. Суы лайланбай, жемі уақытылы беріліп тұрса, балық дегенің күн сайын салмақ қосып, өсе береді. Осындайда өсек атаулының алым-берімсіз өрттей қаулайтын әдеті ғой: «Басына көрінгір, Жалмұратқа не жетпейді екен?! Оның енді кімді байытқалы жүргенін қайдам. Сірә, күзге салым тоғандағы балық оңалған соң, дүкен ашып,
сауда жасайтын шығар… Сонша сұғанақтанып не керек, жасы келген соң артын қысып, тыныш отырмай ма?!.» Жалмұраттың құлақ түбінен суық жел ызыңдайды.
* * *
Қалың ойдың құшағына берілген Жалмұрат кейде резина қайықтың ернеуінен суға құлап кете жаздайлы. Үріккен балықтар жан-жаққа тырағайлап қашады. Бір жағынан күннің қызуы, екіншіден, балықтардың әлжуәз тұмсықтарымен балтыр қытықтаған әсері, иә, айтқандай Жалмұрат қалғып кеткеннен сау ма?! Жо-жоқ, атамаңыз, атай көрмеңіз?! Жаймашуақта қайдағы-жайдағының еске түсіп, кісінің еңсесін басып тастайтыны-ай! «Мына қыр астындағы ұлы теңіздің жағалаудан жеріп, тартылуына себепкер болғаным үшін мені Алла тағала ана дүниеде де тыныш жатқызбас-ау?!.» Былайғы жұрт қайдан білсін, Жалмұратты өмірге өкпесі жоқ, аларын алды, берерін берді, енді қамсыз-мұңсыз күн кешуге толық құқы бар қадірменді ақсақалымыз деп, қарсы келгендер ығысып жол береді, сәлем салады, құрметтейді, тіпті біреулер аяғын жерге тигізбей, мойындарымен көтеріп жүруге қайлы. Ал Жалмұрат әлгі үрейлі ойдан құтыла алмай, үнемі өзін тас түрменің күн түспейтін қара көлеңкелі бөлмесіне қамаумен әлек. Түнде де тыныш ұйықтай алмайды. Теңіздің тартылған табанындағы қапырық ыстыққа шыдамай, быт-шыт боп қақ айырылған қара жер жан-жақтан жабылып, шыбын жанын қуырғандай, өкпесін қысады да, ауа жетпегендіктен шошып оянады. Сосын қайдағы ұйқы.
Үйдегілерге сездірмей тысқа шығады да, тартылған теңізге қарап, басы жерге тигенше бүгіліп, кешірім сұрайды. Ұлы теңіз жақтан өзекті өртейтіндей өксік естіледі: «Ол жауыздығыңнан қайтіп құтыласың, Жалмұрат?!».. Иә, иә, ол қылмысы туған табиғатқа жауыздық жасағаннан бір мысқал кем болса, кәне?!.. Аудандық атқару комитетінің төрағасы-тын. Теңіздің тартылу тағдырына байланысты Мәскеуде өңшең оқымыстылар жиналған кәделі басқосу болған. Бірінші хатшы: «Денсаулығым болмай тұр, сенің де үлкен мінбелерден бой көрсететін уақытың жетті ғой», – деп Жалмұратты арқадан қағып, жүрдек пойыздың жалғыз адамдық купесіне билет алып, Мәскеуге аттандырған. Облыс басшысы жиналысқа келесі күні келіп қатысты. Әр республикадан жиналған шешендер жұлқына сөйледі, «Теңіздің тартылғанынан тартар азабымыз – тың жерге жайқалтып бау-бақша өсірсек, өңірді гүлдендірсек түкке тұрмайды…» деп ғылыми дәлелдемелерін үйіп-төкті. Жиналыстың протоколына жазылған жалғыз сөйлем Жалмұраттың әлі есінде: «Теңіздің тартылуына қарсы емеспін!..» Жеті басты айдаһардың сумаңдаған қызыл тілі тура кеңірдегіне «ауыз» салды. Жеме-жемге келгенде облыс басшысы да «Бәріміздің атымыздан Аралдың төл перзенті қол қояды» деп тайқып шықты және тарихта атың қалады дегендей, жымысқылана күлді. Қол қоймасқа амалы кәне?! «Өмір бойы маңдайға жазылған қасірет таңбасындай, жүрекке шаншу боп қадалған бұл азаптан аз да болса құтылатын айла-амал бар ма, ағайын?!..Оу, неге үндемейсіңдер, Жалмұрат өз отына өзі өртеніп, күйіп өлсін деймісіңдер?! Ой-хой, ұлы теңізге атан түйе тарта алмас, белшеден қарыз екенімді онсыз да білем. Суға кеткен тал қармайды. Өлі теңізге там-тұмдап құйылатын дария ағысын үстемелейтін күш қайда? Ондай мүмкіндік қолдан келсе, алдымен кіріспес пе едім. Менікі де бейшараның тірлігі. Күзге салым тоған толы қаязды арна қазып, ұлы теңізге жіберсем деймін. Одан қарыз өтелуші ме еді? Әйтеуір, тырбың-тырбың әрекет. Турасы, өз-өзімді алдарқату немесе бірнәрсе істеп жатырмын ғой дейтіндей, көпшіліктің көңілін аулау…»
Күннің қызуы қайтты. Тоғанға әлдекімдер сұқ көздерін қадамас үшін күзет күшейтілді.
* * *
Күздің алғашқы аптасында тоғанға кеткен Жалмұрат үйіне қайтып оралмады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арнаулы жасағымен жан-жаққа шұғыл іздестіру шараларын жүргізгендер бастары салбырап, түк бітірмей қайтып келді. Су өткізбейтін скафандр кигендер тоғанның терең тұстарын күні-түні кірпік қақпастан түгел сүзіп шықты. Қолға ұстайтындай дерек-дәйектеме атаулыдан мақұрым. Енді не істемек? Жалмұраттың ұл- қыздары бір жәрдемі тиер ме деп, төңіректегі тамыршылар мен балгерлердің сұрағандарын беріп, ертелі-кеш соларың ауыздарына қарады. Жалмұратты тапқаннан бұрын көрдім дегендерге де қомақты сүйінші беретіндерін айтып, жергілікті радио арқылы хабарлама жасады. Тым-тырыс. Уақыттың кімнің пайдасына шешілері әзірге белгісіз. Жалмұратты білетіндер «Арна арқылы тоғандағы балықты теңізге жібергенде соның арасымен өзі де айдынан бір-ақ шықпасын» деп бір қорытындығы келе алмай, іштерінен күбірлейді.
Жалмұрат жоқ! Жоқ! Ұлы теңіз түйе толқындарымен құм жағаны армансыз тепкілеп, ауыр күрсінеді.