«АҚЫЛДЫ АҚЫМАҚТАР»
13.04.2026
35
0

«Сіздің кітап оқитыныңызды білемін.
Бірақ шынымды айтайын,
мен бұл романды сіз үшін емес,
кітап оқымайтындар үшін жаздым».
Автор

Қазақстан Жазушылар одағында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы, бірнеше кітаптың авторы, сықақшы-жазушы Мұхтар Шерімнің «Ақылды ақымақтар» атты сатиралық романының тұсаукесері өтті.

Ауқымды мәдени-рухани шараға Алматыдағы қаламгерлер, сатирасүйер қауым мен жазушының бірге оқып, бірге өскен курстас достары қатысты. Мәдени шараны ақын Аманғазы Кәріпжан жүргізіп отырды.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Мұхтар Шерімнің талантты азамат, сапалы, өнімді еңбек еткен жазушы екенін сатира жанрында оның он бес томдық шығармалар жинағы жарық көргенін айтып, оның ел ішінде, қалың қазақтың ортасында жүріп осындай үлкен еңбектер жазып жүргенін өте жоғары бағалаймыз,– деді.
Бұдан соң сөз алған жазушының курстастары мен сатирасүйер достары жазушының бұған дейін жазған шығармалары мен «Супер бетсіздер» атты сатиралық романының да оқырман тарапынан жылы қабылданғанын, ал «Ақылды ақымақтар» сатиралық романы билік пен қоғамды әжуәлаудағы сатиралық уытын күшейткен жаңа туынды екенін атап, сатира саңлағына денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі.
Мұхтар Шерім 1975 жылы Казақ Мемлекеттік университетіне түсіп, оның журналистика факультетін бітірді. Бәйдібек ауданында «Алғабас» газетінде корректор болып жұмыс істеді. 1983 жылдан 1990 жылға дейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет жасады. Газеттің сын-сықақ бөлімін басқарды. «Ара–Шмель» журналының Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша меншiктi тiлшiсi болды.
Сықақшының көптеген шығармалары республикалык «Тамаша» ойын-сауық отауының, «Шаншар», «Күлкі керуені» театрларының тұрақты репертуарына айналды. Жазушының «Қисық шеге», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Құдағи құшақтай береді», «Бюрократпен қоштасу» деген кітаптары бар. Елу жасында «Ымбаппа», «Быт-шытыңды шығарамын», «Талтайып тұрғым келедi!», «Кешiрiңiз, сiз есек емессiз…» деген атпен төрт томдық сатиралық кiтаптары жарық көрдi.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір