Маржан ЕРШУ. СӨЗ СҮЛЕЙІ СӘТТІҒҰЛ
02.06.2026
56
0

Қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың «Күні бұрын жазылған естелік» деген өлеңі бар. Сол өлеңде ақын өлеңнің өміршеңдігі туралы ой айтады:
« – Не жазып жатырсың?
– Естелік.
– Кімге, кімді ескеріп?
– Қалатын өлең аз ба аға?
Таңертең туып, кешке өліп…»
Өлең көп. Өлең бұрын да жазылған, қазір де жазылып жатыр, ертең де жазылар. Адамның өмірі сияқты өлеңнің де өз өмірі болады. Расында, өлеңі өзімен бірге өлмеген ақындар бақытты. Шын ақындар өзіне-өзі сыншы. Сондықтан ойдың мәндісін, сөздің дәмдісін талғампаздықпен күзетеді. Содан болар ұлы шығармалардың ғұмыры ұзақ. Сан ұрпақтың буынына рухани азық болады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген қазақтың ата сөзінің жаны бар. Жаны бар сөз ешқашан ескірмейді. Сондай ескірмейтін асыл сөздің иесі – биыл туғанына 150 жыл толғалы отырған Қазақстанның Батыс аймағындағы ақындық мектептің үлкен өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәттіғұл Жанғабылов. 1961 жылы Сәттіғұл Жанғабыловқа Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президумының Указымен «Халық ақыны» деген құрметті атағы беріліп, С.Жанғабылов Алматыға келеді. Сол келген сапарында әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов «Адай тарапынан келген Сәтекең» деп Сәттіғұлдың ақындық талантына ерекше ықыласын аударса, Сәбит Мұқанов: «Сәттіғұл – Қашағаннан кейінгі Маңғыстау, Жайық бойындағы суырыпсалма халық ақындарының дарындысы, қарт Жамбылдың Нұрпейіс, Нартай, Доскей, Шашубай сияқты мұрагер шәкірттерінің бірі», – деп үлкен баға береді. 1920 жылдан бастап Сәттіғұл жырлары баспасөз бетінде жариялана бастаған. 1937 жылы Жазушылар одағы мүшелігіне қабылданған Сәттіғұл Алматы қаласында өткен көркемөнерпаздар байқауына, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруа­шылық көрмесінің ашылу салтанатына, Қазақстан жазушылары мен халық ақындарының 2-съезіне республикалық ақындар слетіне, республикалық айтыстарға, Абайға арналған мәжіліске қатысады.
Сәттіғұл Жанғабылов1876 жылы Маңғыстау ауданы, Бозащы ауылында (қазіргі Тұщықұдық ауылы) дүниеге келіп, тоқсан жасында дүние салды. Жасынан кедейлік пен жоқшылықтың азабын тартқан ақын 15-16 жасынан бастап, өлең-жырға құмартып, шаршы топқа шығады. Алғашқы сөз жарыстары айтыста көмейден төккен асыл жырларымен көптің ықыласын өзіне аударады. Сәттіғұлдың өмірлік құжатындай мына бір жырында тағдырын жазған.
«Көйлегі бүтін жайы бар,
Болмапты ата – ар жағым.
Бес атамнан бер қарай
Мал бітпеген сорлымын».
Сәттіғұлға ауыр азапты өмір маңдайына жазылғандай, сол өмірдің қиындығынан құтылмады. Шаңырақты асырап отырған әкесі мен ағасы қатар дүние салып, барлық бейнет жиырмаға енді толған Сәттіғұлдың мойнына артылады. Жас ақын домбырасын арқалап жүріп, жыр айтып, бірде шөп шауып, бірде тас басып, оншақты жанды тапқан нәпақасымен асырайды. Өзі шаңырақ көтеріп, үйлі болған шағында он екі баласы бірінен соң бірі өліп, жан жолдасы жұбайынан да айрылып, жар басына қонған жалғыз дуадақтай жалғыз қалады. Адам баласы шыдамайтын тағдыр. Қиын тағдыр оның еңсесін басса да, күйретсе де, ол құламады. Оны құлатпаған жырдың құдіреті шығар. Жырмен ауырып, жырмен жазылды, жырмен жылап, жырмен жұбанды ол.
Белгілі фольклортанушы ғалым Есмағамбет Ысмайылов ақындықтың кие­сін, ақын болудың құпиясын тылсым сырлармен байланыстырады. Ақындық қасиет аруақтың түске еніп, аян беру арқылы қонады. Кейде ақындық тұқым қуалайды, кейде атақты ақындардан бата алу, кейде еліктеу, үлгі алу, іздену арқылы да адам бойында ақындық өнер қалыптасады дейді. Сәттіғұл – ақындықтың киесі қонған аруақты ақын. Ол фольклордан бастау алған Сыпыра жырау, Асан Қайғы толғауларынан бастап, Махамбет, Абыл, Шернияз, Нұрым, Ақтан, Қашағандар дамытқан ақындық дәстүрді жалғастырды. Батыс Қазақстан өлкесіндегі, оның бір бөлшегі Маңғыстау, Атырау бойын­дағы қалыптасқан ақындық дәстүр Сәттіғұлдың арқасүйер жыр-тауы еді. Сәттіғұлдың көлемді шығармасы «Досан батыр» дастанында 1868 жылғы патша өкіметінің «Уақытша ереже» қысымына қарсы шыққан Маңғыстауда болған халық көтерілісі баяндалады. Дастанның басты кейіпкері – осы көтерілістің басшысы Досан батыр. Ерлік пен елдік жыры «Досан батыр» дастаны тарихи шындыққа құрылған.


Маңғыстау ақын-жырауларын көп зерттеген әдебиетші ғалым Қабиболла Сыдиықов: «Адайдың жеті қайқысы» атанған әнші-күйшілер, Аралбай, Әмір сияқты ақындар Сәттіғұлдың бір жүріп, жыр өрбіткен өнер ортасы еді», – деп жаза­ды. Жалпы қай ақынның да табиғатын, шығармасын өзі өмір сүрген дәуірдің әдеби процесінен бөліп қарай алмаймыз. Кейінгі өмірі кеңестік дәуір кезінде өткен Сәттіғұл ақын кеңес кезеңінің жыршысы болып, сол заманының тақырыбын да, тынысын да айшықты жырға қосты.
Сәттіғұл Жанғабылұлының ел білетін бір ерлігі Алматыға барған алғаш сапарында Маңғыстаудағы Мұрын жырау­дың құнды мұрасы мен Ноғайлы дәуірінен жеткен «Қырымның қырық батыры» эпосы туралы айтады. 1942 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті, академик Қаныш Сәтпаев екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан үкіметіне қазынадан қаражат бөлгізіп, Мұрын жырауды Маңғыстаудан Алматы қаласына алдыртып, қасына хатшылыққа ақын Мәриям Хакімжанова мен екі көмекші қызды қосып, Алатау баурайы­нан ақшаңқан киіз үйді тіктіріп, бие байлап, қой сойдырып, алдына астау ас етіп, үстіне шапан жауып Мұрын жыраудың барлық жағдайын жасайды. Ширығып, шабыттың пырағына мінген Мұрын жырау «Қырымның қырық батыры» эпосын он екі айға жуық уақыт жырлаған екен. Мәриям Хакімжанова бастаған жазып алушы топ Мұрын жырау жырлаған ХІV – XVII ғасырлардағы халық ауыз әдебиетінің құнды жәдігері болып табылатын асыл мұраны осылайша қағазға түсіріп, жазып алады. Мұрын Сеңгірбайұлы «Қырымның қырық батыры» жырының дүниеге келуі туралы былай деген екен: «Бұл жырлардың бірінші шығарушысы – осыдан шамамен 500 жылдай бұрын өмір сүрген Сыпыра жырау. Сыпыра жырау өзінің бұл туындысын жаңа ұрпақ өкілі Абыл жырауға аманат еткен. Абыл жырау болса өзінен кейінгі Нұрым жырауға, Нұрым жырау төртінші буынның өкілі маған аманат еткен» еді дейді. «Қырымның қырық батыры» эпосы қырық тараудан тұратын қырық батыр жайлы жыр. Жырда бір батыр екінші батырдың ұрпағы болып жырланады. «Қырымның қырық батыры» эпосы композициялық құрылымы жағынан қырғыздың «Манас» эпосынан екі есе үлкен. Мұрын Сеңгірбекұлы көзінің тірісінде «Маңғыстаудың Гомері» деген атқа ие болған. Мұрынның жыраулық бай табиғатын, ақындық қасиетін кезінде Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Н.Оңдасынов, В.Жирмунский, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов өте жоғары бағалаған. Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» эпосы бүгінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының сирек кездесетін қорлар бөлімінде сақтаулы. «Қырымның қырық батыры» тарихи жырдың архивте сақталып, бүгінгі күнге жетуіне Сәттіғұл Жанғабыловтың да қосқан үлесі бар деп айта аламыз. Сәттіғұл Алматыға жиынға барған сапарында, Маңғыстаудағы Мұрын жыраудың ғаламатын айтпаса, «Қырымның қырық батыры» эпосы біздің заманымызға жетпей қалар еді ғой.
«…Сұңқылдап бұлбұл сайраса,
Дүниеге өң берер.
Шабытым келіп тұрғанда,
Жас кезім алыс кетсе де,
Тоқсанға жасым жетсе де
Сарайына Отанның
Қаланар мен бір кірпіш –
Әлі де сөзім дөңгелер», –
сөз сүлейі Сәттіғұл ақынның өзі жырлағандай, оның жауһар жырлары жұртының жүрегінде түнеп, таңдайдан таңдайға көшкен.
Түрік халқының ұлы ақыны Ашық Вейсел Шатыроғлы Сәттіғұлмен тағдырлас, замандас болып келеді. Ашық Вейсел бала кезінде шешек ауруынан соқырлыққа тап болып, жетімдік пен жоқшылықтың азабын көп көрген. Сәттіғұл да жасында жоқшылық пен қиыншылықтың бар зардабын шеккен адам. Үлкейген шағында он екі баласы бірінен соң бірі өліп, жұбайы да бақилық болып, жалғыздық кешкен. Ашық Вейсел жырларын мақамға салып, сазбен шырқаса, Сәттіғұл Жанғабылов жырларын домбыра әуеніне лайықтап айтқан. Екеуі де тағдыр талқысын, өмір азабын көп көрсе де, жырдан қуат алып, рухтанған жандар. Ашық Вейселді қаумалаған жанындағы тобы жетектеп жүріп, Ататүрікке қабылдауға апарып, жырын жеткізеді. Қазір Түркияда Ашық Вейселдің мақамды жырлары ән болып тарап кеткен. Белгілі түрік әншісі Тарканның репертуарында Ашық Вейселдің жырлары бар. Сәттіғұл жырлары да ел аузында терме боп таралған. Сәттіғұлдың өнерін құрметтеген ел-жұрты қиналғанда қолтығынан демеген, жалғыздығын білдіртпеуге тырысып, Сәтекең деп құрақ ұшып, жанына дем берген. Сәттіғұл ақынның Тұщықұдықтағы көршісі Жұмалы деген кісінің әулеті ақынның ас-ауқатын демдеп, жырларын қағазға түсіріп, көмек берген екен.
«Отырмын дәл тоқсанның белесінде,
Қаншама жырым қалды ел есінде?!
Уа, халқым, жырыңды айттым,
сырыңды айттым,
Өзіңсің өміріме төрешім де.
Қолыма домбыра алдым он бесімде,
Жол өттім асу-асу ел көшімен.
Ел сүйген ер Махамбет, Абыл ақын,
Өтіпті өртті өмірмен белдесуде.
Есенбақ, Шернияз бен Нұрым көшкен,
Ақтан мен Қашағаннан бұрын көшкен,
Кемтарға пана болған ақындардың,
Сөзінің бағдарымен жырым өскен.
Ақынмын екі өмірді аңдап өткен,
Арайлы Октябрьдей таңға жеткен,
Жамбылмен жадырасып жаңа өмірде
Қырандай болат топшы самғап өткен», – деп жырларында өзінің портретін жасаған ақын Маңғыстау мен Атырау аймағына ортақ тұлға. Соғыс жылдарында екі облыстың да руханиятын байытып, өнерінің нардай боп жүгін көтерген. Ел ішінде Сәттіғұлдың сөздері, айтыстары кеңінен таралған. Сәттіғұлдың айтыстары, жырлары 1943 жылы Гурьевтен шыққан «Облыс ақындары Ұлы Отан соғысы жылдарында», 1953 жылы Алматыда «Халық ақындары» жинағында жарияланады. Сәттіғұл ақын көзі тірісінде бір кітабым шықса деп көп армандаған екен. Сол арманын Сәбит Мұқановқа арыз ғып хат та жазған. Сәбең «Ақсақалды ұмытып кетіппіз-ау, кітабын қолға алу керек» деп тапсырма береді. Кітабы баспадан шығайын деп жатқанда, Сәтекең өмірден өтіп кетеді. Өзі өмірден өткен соң, 1967 жылы «Тоқсан толғау», 1986 жылы «Ой толғау», 1996 жылы «Аманат» деген атпен жыр кітабы шықты. «Өлең-сөз меруерт пе, жалын ба осы» деп өзі жырлағандай, Сәттіғұл ақынның жырлары меруерттей мөлдіреп, жалындай лаулап, жүректерге нұрын шаша бермек. Өйткені Сәтекеңдей сөз сүлейінің бағасы әрқашанда биік қой.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір