САУДАБАЕВ ЖОЛЫ
Жарасқан Әбдіраш:
Қақ төрінен орын алар тарихтың,
Есімдерін ерендер мен алыптың,
Жазбау керек қағазға да, басқаға,
Жазбау керек тіпті қара тасқа да,
Жазу керек жүрегіне халықтың! – деп жырлаған еді. Өз есімін «халықтың жүрегіне» жазуды мақсұт тұтқан «Соғыстан соң туғандардың» бір өкілі –Төтенше және өкілетті елші, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры, Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы және Канададағы Төтенше және өкілетті Елшісі сынды жауапты қызметтерде көп жыл бойы істеген Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев биыл 70-ке толып отыр. Бір таң қаларлығы – осы жасқа дейін сан түрлі орында отырып, әбден ысылып, Басшылық тарапынан жылы лепес естіген Саудабаев мырза Н.Крупская атындағы Ленинград Мәдениет институты мен КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірісімен-ақ, еңбек жолын М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында режиссер болып бастаған екен. Жұмыс барысында осы бір тәжірибенің өзі мерейтой иесінің ішкі пластикасы мен поэтикалық әлемін түзуіне үлкен септігін тигізген шығар деген ойдамыз. Әркез жиын-басқосуларда ойлы қалпынан танбайтын ол, мінберден сөйлеген кезде-ақ театр тілімен айтқанда көрерменін жайлы мінез әрі жасандылықтан ада екенін хабардар етеді. Адамбаласына керек, хакім айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» саясаттанушыға тым қажет. Шешімтал тұста шешендердің екіжүзділігі мен тұрақсыздығын сынаған сықақшы Гашек Саясатты қарғап өткен еді. Алайда, Алаш жұртының жоғын жоқтап, жыртығын жамап, бүлінгенін бүтіндеуге жан-тәнімен берілген арда азаматтар Ар-ожданды алдыға қояды ғой деген сенім басым.Кейіпкеріміздің бағы жанып, бабы келісіп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет министрінің орынбасары, Кино жөніндегі мемлекеттік комитеттің Төрағасы әрі Мәдениет жөніндегі Мемлекеттік комитеттің Төрағасы болып тағайындалған-ды. Жауапкершілік жүгін терең сезінген Саудабаев өз жолында кезіккен барлық қиындықты қисынға бағындырып, қажет кезде елдік мүддені ерлікпен қорғап, ғұмыр-тарихындағы Ұлы Жеңісті парақтай отыра, өзіне-өзі қатты разы болған кезі бар шығар деп ойлаймыз. Ағылшын мен түрік тілдерін жетік меңгерген философия ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы Қанат Саудабаевтың үш баласы және төрт немересі бар. Отбасын өмірінің өзегіне айналдырған адамнан жып-жылы жел еспей, қайтсін?! 1946 жылы дүниеге келгендердің ішінде АҚШ-тың 42-ші Президенті Билл Клинтон және Обаманың орнын басуға бірден-бір үміткер Дональд Трамптың барын ескерсек, кейіпкеріміздің дәл осы бір Саясаттың даңғыл жолын таңдағаны – Тағдыр еншісі! Туған күніңіз құтты болсын!..
Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев туралы мақаланы алдағы сандарын бірінен оқи аласыздар.