БӘРІ ӨЛЕДІ…
01.07.2016
1966
0

13552778_515035948690364_71426863_nМарғұлан АҚАН

 

Көз өледі көруден қалған күні,

Бүлк етпейді қабылдап жалған мұны.

Үміт өлмек сәулесі өшкен күні,

Арзандаса өледі арман құны.

 

Айтылмаса ішіңде сөз өледі,

(Аталы сөз арыңа кезеледі).

Арзан сөзге мастанып мансап қуса,

Сөзден бұрын адамның өзі өледі.

 

Өледі екен ту биік асқарың да,

Өмір де өлмек жұтылып қас-қағымда.

Жұлдыз екеш жұлдыз да өледі екен,

Ағып түсіп тұра алмай аспанында.

 

Күн өледі ай келіп алмасқанда,

Ай өледі жарық кеп жармасқанда.

Қып-қызыл қанға бұғып тұрмаса егер,

Қынабында өледі алдаспан да.

 

Жүрек өлмек жаңылса қағысынан,

Өзен өлмек адасса ағысынан.

Дәулетің де өледі сәулетің де,

Тайған күні бақытың бақ ұшынан.

 

Сеніңізші… өледі махаббат та,

Бөлемесе сезімі шапағатқа.

Даңқыңыз да өледі дардай анау,

Жегілсеңіз жеңіліп атақ атқа.

 

Саясы жоқ өледі ақылың да,

Өлең өлсе өледі ақының да.

Бәрі өледі не керек, жаралған ғой,

Өлу үшін өлім де ақырында…

 

«БАҚЫТ» 

Бақыт жолында өмір сүріп жүрген бақытсызбыз…
автор.

Біз өзі «бақыт» дейміз күнделікті,

Бақытты шынын да өзі кім көріпті.

Бақытты бола алмады көріп тұрып,

Көздерім мың құбылған мың көрікті.

 

Біз өзі «бақыт» дейміз балалықты,

Ойнап-күлген қайғысыз аралықты.

Есейген соң артына қайта барып,

Кім бақытты қайтадан таба алыпты.

 

Біз өзі «бақыт» жайлы не білеміз,

«Бақыт» деген байлық деп кеміреміз.

Байлық егер бақыттың өзі болса,

Көк тиынсыз несіне көмілеміз.

 

Біз осы сөйлестік пе, «бақытпенен»,

Күн кешіп жүрміз әйтеу уақытпенен…

Бәріміз бақытсызбыз қара жерде,

Болмайды, болмаған да «бақыт» деген!

 

Біз солай адасамыз ада басып,

Жалғанның жағасына жағаласып.

Бақытсыздық «бақытты» көрсетем деп,

Біздерді бара жатыр ала қашып…

 

Шынында «бақыт» деген ғайып қана,

Отырмыз алақанды жайып қана…

Өлген соң «бақытпенен» көрісерміз,

Әзірше бақытсызды айыптама!..

 

«ЧЕРНЫЙ КВАДРАТ»
1001 ОЙ ІШІНЕН…

Қараңыз!

Көрдіңіз бе, сездіңіз бе?!

Бір сурет. Шытырман ой кездіңіз де…

Қап-қара қара түнек көз алдыңда,

Қарауға қауқар жетпей бездіңіз бе?!

 

Безесіз!

Бездіреді! Сездіреді…

Көзіңізге сұқтанып көз «кіреді».

Бүкіл әлем жұмбағын таба алмаған,

Мына сурет артында «сөз күледі»…

 

Өледі… жауап іздеп адам біткен.

Өлшейді арамдықпен, адалдықпен.

Қайтадан қараңызшы, төрт қабырға

Ішіндеміз. Күн кешіп сараңдықпен.

 

Сөйлейді сурет, нені баяндайды,

Қара түс – «мәңгі өлім» оянбайды!

Суретші дүниенің бәрін салып,

Ең соңы бір нүктеге аялдайды.

 

Қызыл-жасыл тарқамас базарымыз,

Ғайып болған жүректен ғазалымыз.

Суретшінің қауырсын қаламына,

Сөз боп біткен қара түс – ажалымыз!

 

«СҮЙЕМ» ДЕШІ,
АЛМАТЫ… БАҚЫТТЫМЫН!

Үйсіз-күйсіз мен осы шаһардамын,

Тағдыр жолда желемін, сапардамын.

Тамсанамын үйі бар күйі барға,

Қоспай қойды мені осы қатарға кім?!

 

Жаңбыр жауса шалшығын басатын мен,

Ұлтын сүйген ұлтшыл деп тас атып ең!

Рух әнін әуелетіп алып келсем,

«У» шаһарым, есігіңді ашатын ба ең?!

 

Құлап қалсаң мен едім сүйенішің,

Шыныңды айтшы, сен мені сүйемісің?!

Құлап қалса қабырғаң алшы міне,

Қабырғамды берейін, киелісің.

Шыныңды айтшы, сен мені сүйемісің?!

 

Керегі жоқ күйіңнің, үйіңнің де,

Бермей жатсың даланың сыйын кімге!..

«Сүйем» деші, Алматы… бақыттымын,

Өлгенше өмір сүрсем де үйіндіңде!

 

Адам бар ма сезінер азабымды,

Мәрмәрлатып тастапсың мазарыңды.

Кеңсай жаққа Алматы құлақ түрші:

«Сүйе алмадың неге сен қазағыңды?!».

 

Жүріп келем ой сүзіп көшеде мен,

(Осы жолмен жүріп ем кеше де мен).

Саған деген сезімім сезілгенше,

Бұлттарыңмен айналып көше берем,

Жалаңаяқ лайыңды кеше берем.

 

Сезім үшін сұрай ма адам ақы…

Ол Құдайдың мәңгілік шапағаты.

Түзде туып көшеңде өліп жатыр,

Саған деген қазақтың махаббаты…

 

МЕНІҢ КӨШЕМ
БАҚЫТСЫЗДАР КӨШЕСІ

Менің көшем бақытсыздар көшесі,

Әкесі – құл, ал күнәһар шешесі.

Қасіреттің шелегінен су ішіп,

Мұңға толған «көңіл» дейтін кесесі.

 

Менің көшем ию-қию жолдары,

Жанға дауа бола алмайтын жандары.

Түнеріп кеп бататұғын түндері,

Арайланып ата алмайтын таңдары.

 

Менің көшем менің осы тұрағым,

Айғай-шуға үйреністі құлағым.

«Бақытсыздың» көшесінде тұратын,

Мен ғана ма?!

Тәңірге осы сұрағым.

 

Менің көшем бақыт жайлы не білсін,

Мейлі жүрек жылап-сықтап төгілсін.

«Бақыт» дейтін бақытсыз сөз естісем,

Қуыс кеуде тігісінен сөгілсін.

Өлсін сосын көмілсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір