ӨНЕРІ ӨМІРІНЕ АЙНАЛҒАН
02.04.2026
62
0

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Балтабай Сейітмамытұлының кіндік қаны тамған топырақ – жыр алыбы Жамбылдың ізі қалған әйгілі Суықтөбенің баурайы. Биіктігі де, бітім-болмысы да соған тартып, өзіндік мінезі қалыптасқан. Айбарлы, адуынды, тік, жағымпазданбай, жалтақтамай айтарын айтып салады. Ол көтерілмесін, көтерілсе, осы жайпап жіберетіндей дүлей күш еді. Бұл – оның жаратылысы, мінезі.

Бәрі мінезден шығады. Дүниені өзгертетіндер де, түрлендіретіндер де мінезді адамдар. Соны кезінде Әлихан Бөкейханов та айтып, жазып кетті. Балтекең солардың санатынан болатын.
– Мұхтар Әуезов атындағы драма
театрының жанындағы драма актерларын даярлайтын студияның жатақханасына орналасып жатқан бірінші күніміз еді, – деген бір әңгімесінде. – Үстімізге бір топ жігіт кіріп келді. Іштерінде от ойнап тұрғаны түрлерінен байқалады. Әй-шай жоқ: «Кәне, тез-тез қалталарыңдағыны шығарып, біреуің дүкенге жүгіріңдер!» – деді. Жанымдағы енді-енді білісіп жатқан жігіттерім демін ішіне тартып, үрпиісіп қалды. «Не деп тұрсың?» – деп орнымнан атып тұрдым. Аналардың арасында әбден дайын келгендері бар екен, ұстаса кеттік. Сонда қатарыма қосыла кеткен Аяған екеуміз-ақ кеудемсоқтанған төрт-бес жігіттің «сыбағасын» бердік. Сол оқиғадан соң Аяған Шәжімбай менің өмірлік досыма айналды.
Аяған аға-досым еді. Қысқа ғұмырында 37-нің жазықсыз құрбандарына айналған арыстарымыздың әйелдері туралы екі сериялы «АЛЖИР» деректі және «Жансебіл» көркемфильмімен қазақ киносын бір белеске көтеріп кетті. Оның мезгілсіз қазасы білетін елдің бәрі-бәрінің қабырғасын қайыстырды. Сондай күйзелісті күндердің бірінде, түн ортасында Балтекеңе телефон шалып, тәтті ұйқысын бұздым.
– Балтеке, біз кімбіз? – дедім.
– Доспыз.
– Ендеше, осы қазір үйіңізге барып, достығымды дәлелдеймін, – дедім.
Сол күні қалың қар жауған. Нұрбақыт екеуміз омбылап жүріп, көшеден такси ұстап барсақ, Бота қазанын қайнатып, сүрдің иісін аңқытып қойыпты…
Міне, сол түннен бастап екеуміз қиыспас дос болдық.
Бір жолы Үржардан келе жатқанда бұзылып Талдықорғанда қалған машинама бардық; енді бір жолы жаңадан қолға алған «Жыл – он екі ай» журналымды балғын оқырмандарыма таратып, таныстыру үшін Таразға жол тарттық; одан кейін бір шаруамен Шымкентке сапар шектік. Ұлан жолдың бойында айтыла бермейтін талай әңгіменің арқауын жаздық. Соның бір ығытында, үшжылдық әскери теңіз флотында жүрген кезінде, Ленинградқа жолы түскен әйгілі актер, режиссер
Райымбек Сейітметов әдейілеп іздеп барғанын тілге тиек етті. Бұл үшінші жылы болса керек. Ойында ештеңе жоқ ол командирлерінің «бойың да бар, даусың да зор, сенен қазақтың адмиралы шығады, оқуға жібереміз» деген сөзін айтып қалса, Райымбек ағамыз жалт қарап: «Не дейді? – депті, тура сол сәтте кете қалатындай көріп. – Сенің орның театр! Сонда сен генерал да боласың, ханның да рөлін сомдайсың».
Аузы дуалы ұстазының айтқаны дәл келді. 1974 жылы студияны үздік бітіріп, Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрына барғаннан кейін «Ұлан-асуда» – Абылай хан, «Жаралы гүлдерде» – Военком, «Ғашықтарда» – Асылхан, «Менің құрдастарымда» – Рахмет, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» – Қозы, «Бажалар мен балдыздарда» – директор секілді басты-басты рольдерді ойнап, көрермен ықыласына бөленеді.
Бізге бара салысымен жас маман ретінде үй берген. Бүкіл жағдайымызды жасады.

«Балташ, өстіп жүрсек жүре береміз. Мен кинорежиссер болғым келеді. Екі жылдық шартты қызметін (отработканы) мінсіз атқардық қой, енді Алматымызға кете­йік», – деді Аяған. Содан үйімізді ауыстыруға болатынын да ойламай, арман қала астанамызға тартып отырдық, – деген еді ол.
Адастырмайтын арманның жолы ауыр екенін А.Шәжімбай көресідей көрді. Он алты жыл бала-шағасы, қайын енесімен бірге «Қазақфильмнің» бір бөлмелі жатақханасында тұрды. Ассистент болды, біраз жылдан соң екінші режиссер, одан кейін, өмірінің соңғы үш-төрт жылында ғана аңсаған режиссерлік жұмысына қолы жетті. Айош (оны солай атайтын) досына қарағанда Балтекеңнің жолы жеңіл болды. Екі жыл Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрында қызмет етіп, М.Әуезов атындағы академиялық театрға ауысты. Әкем театрда жүріп М.Әуезовтің «Абай» трагедиясында – Айдар, Вампиловтың «Тұңғыш» спектаклінде – Бусыгин, С.Жүнісовтің «Өліарасында» – Нестер, Р.Сейсенбаевтың «Түнгі диалогында» – Адай және басқа да рольдерді сомдады. Араға бірер жыл салып Жастар мен балалар театрына қайта келді. Есейіп, шеберлігі шыңдалып, шымырланып келді. Ә.Таразидың «Індетіндегі» қызыл командир ролі үшін 1998 жылы Қазан қаласында өткен Дүниежүзілік түркітілдес халықтардың театр фестивалінде лауреат атанды. 2002 жылы тағы да Қазан қаласында өткен осындай фестивальда Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектакліндегі басты кейіпкер Қорқыт ролін ойнап, «Ең үздік ер адам ролі» номинациясы бойынша екінші рет фестиваль лауреаты атанып, «Алтын қанатты адам» сыйлығын иеленеді. Қай қойылымда болсын, өнер жолында айшықты із қалдырған алпыстан астам тұлғаны сомдады.
– Балтабай киноактер ретінде де жақсы танылды. Оны «Қырғызфильм» режиссерлары да, тіпті «Мосфильм» киностудиясы да талай түсірілімдеріне шақырды. Солардың ішінде, әсіресе көрнекті кинорежиссер, сценарист Александр Миттаның «Сказка странствий» фильмі ерекше есімде. 1982 жылы Мәскеу маңында, Қырымда және Чехославакияда түсірілген бұл фильмге әйгілі актерлар Андрей Миронов, Татьяна Аксюта, Лев Дуров, тағы басқалармен бірге түседі және сол жылы Алматыда өткен «Бастау-1» кинофестивалінде «Қазақфильм» студиясының «Тұмарлы тұлпар» фильміндегі қойшының ролі үшін «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымында лауреат атанады. «Отырардың күйреуіндегі» – Асылхан, «Абай» фильміндегі – Базаралы, «Десанттағы» әке рольдерімен де дараланып көрермен көзайымына айналған ол жалпы ұзын саны 35 фильмге түсіп, 100-ден астам фильмді қазақшалауға қатысты, – дейді өнер жолын өте жақсы білетін Қазақстанның халық артисі, режиссер, драматург Ерсайын Төлеубай.
Балтабай Сейітмамытұлы 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер институтының режиссерлік факультетін профессор Есмұқан Обаевтың шеберханасында қызыл дипломмен бітіріп, «Дон Жуанның думаны» спектаклін сахналады. Одан соң Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында Ө.Боранбаевтың «Қаңбақ шал» қойылымын жасап, 2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойына арнап, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын қойды. 2005 жылы «Махаббат сазы» поэзиялық кешін сахнаға шығарды. Сол секілді өзі инсценировканың авторы және қоюшы режиссері болып, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне құрылған «Мен ұмытылмаймын» қойылымын көрерменге ұсынды.
Әлбетте Б.Сейітмамытұлының шығармашылық жолы жөнінде өстіп жаза беруге әбден болар. Дұрысы өзінен үйренгендері көп үзеңгілес іні-достарына да құлақ түргенді жөн көрдім.
Бақыт Досаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты:
– Театрға төрт жігіт келдік. Балтабай ағаны жақыннан көргенім ғой, даусы гүр еткенде, дір ете түскендей болдым. «Мына кісімен қалай жұмыс істер екенбіз?» – дедім жанымдағыларға. Араласа келе аңғардық, түр-тұлғасы кесек, қимыл-қозғалысы бөлек болғанымен, жан дүниесі сондай нәзік екен. «Қорқыттың көрі» спектаклінде Әсет екеу­мізді басты рольге тартты. Біздің сынақ уақытымыз бітер кезде көркемдік кеңестің отырысы болды. Тұрсын Қайырлиев аға екеуі біз жөнінде «перспективалары бар актерлар» деген жылы лебіздерін білдіріп, театрға қабылдануымызға ықпал етті.
Әр режиссердің өз ерекшелігі болатыннын көріп жүрміз. Балтабай ағаның үлкен актерлік жолдан өткенінің әсері шығар, режиссерлік жұмысында сол жағы анық байқалып тұратын. Актерлік еркін ойыңа, ойыныңа ерік береді. Айтатын ақыл-кеңесін де сол тұрғыда өрбітеді. Адалдықты жақсы көретіндіктен бе, әділетсіздікке қарсы күрес оқиғалары бар спектакльдер қоюға бейім еді. Енді ұжым болғаннан кейін, біздің ішімізде де кереғар жағдайлар қылаң берсе, өзгелер секілді іштен тынып үнсіз қалмай, өз кеудесін тосып кірісіп кететін. Сөйтіп қана қоймай: «Сендер жігітсіңдер ғой, жігіттерше жүріңдер, жігіттік мінездеріңді көрсетіңдер», – деп ақыл айтатын.
Біз «заслуженный» (Еңбек сіңірген қайраткер) атанғанымызда, тура өзі алғандай қуанғанын қалай ұмытайын?..
Әсет Иманғали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» сыйлығының лауреаты:
– Балтабай ағаны ауылда көгілдір экранда көрсетілген фильмдерінен көріп-өстім. 2006 жылдың жазында театрда бетпе-бет кездестім. Бір жылдан кейін өзі сахналаған «Адас­қан жұлдыз», «Сағым қуғандар», «Мен ұмытылмаймын», Мар Байджиевтің «Жекпе-жегінің» атын өзгертіп қойған «Тұншыққан сезім» спектакльдерінің басты рольдерінде ойнатты.
Біз алғаш келгенде бүкіл театр актерлерін қамтитын поэтикалық қойылым жасағаны да ғажап болды. Енді ғана есік ашқан кезім ғой, сондай тұлғалы, адуынды, даусы да зор, келбеті де кесек кейпіне, шыны керек, жасқана қарадым. Бастан-аяқ лирикалық қойылымның дайындығы кезінде залда көзіне келген жасты байқатпаған түрмен сүртіп алып отырғанын көргенде, «ойпырмай, мына кісі де жылайды екен» деп таңданып едім. Өзі қандай ірі, ерекше тұлғалы болса, ет-жүрегі елжіреуік екен ғой дедім. Содан бастап жанымыз жақындаса түсіп, ағалы-інідей болып кеттік. Ол кісінің режиссерлік үлгісі де ерекше еді. Бүкіл спектакльдері махаббат сезімін қозғап, жан әлемінің нәзік қылын шертетін дүниелер болып келетін. Бұл жаратылысының кіршіксіз тазалығынан да шығар, соны қолға алған қойылымдары арқылы шынайылықпен көрсете білді. Ал режиссерлік қыры педагогикалық жағына өте бейім болды. Қалың көрермен алдындағы қойылым – көрсеткіш, нәтиже десек, Балтабай аға бойдағы бүкіл барын репетицияға сарқып салатын. Қалай ойнау қажет, қайтіп сөйлеу керек, жүру, тұру, қимыл-қозғалыс, әрекеттің ешбірін қағыс қалдырмайды. Онысы біз секілді сахнаға енді келіп жатқан жас буынға үлкен үйрену мектебі болды. Қызбалығы сондай, сөзіміз көкейіне қонбай көңілін кіржитіп жатса, киіп кетіп, жеткізе алмай тырбанған тұсымызды бар дауыс, қабілет-қарымымен қайталап шығып, «Вот так надо!» дейтін еді…
Жомарт Зейнәбіл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Студент кезімде Ғ.Мүсірепов атындағы театрға келіп, кішігірім эпизодтық рольдерде ойнап жүрдім. Райымбек Сейіт­метов сахналаған «Махамбет» спектаклінде Айдос Бектеміров аға Махамбетті, Балтабай аға Жәңгір ханды ойнады. Мен екі сарбаздың бірі болып шығып едім. Сол кездері өзінің ізінен ілескен жастарға бей-жай қарамай, жанашырлық көрсетіп, айтар ойын кісімсімей, көңілге қаяу салмай жаймен жеткізетін. Өзі де үнемі ізденумен, жетіле түсу үшін үйренген үстіне үйренумен жүретін. Әбден актерлік шеберлігі шыңдалып, мол тәжірибе жинаған кезінде режиссерлік жұмысқа ден қойды. Сондықтан болар, қай қойылымы да қалың көрермен көңілінен шығып, жылдар бойы аншлагпен жүрді. Соның бірі – Мар Байджиев­тің «Жекпе-жегі». Сонда басты рольді маған берді. Одан кейін Нұрғали Ораздың «Таудағы түнінде» де дәл солай болды. Сонда ол кісінің режиссерлік шешім табуының өзі тосын болып көрінетін. Табиғатынан мінезді кісі ғой. Бетің бар, жүзің бар демей, айтар сөзін айтып тастайды, жүрісі де тарсыл-гү рсіл… Әзілді көтере алмай қалатын секілді көрінгенімен, спектакльді қойған кезінде лирикалық жағына қатты мән беріп, сол жағын ашқан үстіне аша түсетін. Мәселен, Байджиевтің «Жекпе-жегін» қойған кезде, «Сендер білдіңдер ме, мына жерде қыз ішкі сезімін шығара алмай жатыр, оның сезімі тұншығып жатыр, – деді. – О-о, – деді жұлып алғандай, – бұл пьесаның атын өзгертейік, «Тұншыққан сезім» дейік». Балтекең әрбір спектакліне осылай мән беретін. Дәл солай актерлік өнерінде де өте талғампаздығымен дараланды. Хандарды, билер мен байларды ойнады. Характерлі рольдерді өзінше сомдады.
Сахнада бірге ойнаған әріптестері осы­лай десе, енді менің бағамдауым бойынша, Балтекең – бірсөзді, айтса, айтқанынан қайт­пайтын, десе, діттегенін жасайтын жан. Бір көңіл қалдырған кісісіне қарамайды, қажет пе, онда өмірін қайта бастаудан да қаймықпайтынын да көрсетті. Бұл да жігіт­тің жігіті ғана тәуекел ете алатын әрекет емес пе?!
* * *
Аға-досымның ауырғанын көптен білетін едім. Өткен қоңыр күзде ертелетіп үйіне бардық. Жүріп, тұруы да қиындап қалыпты. Ас бөлмеге Ләззаттың демеуімен әзер келді. Шайдан бір ұрттады, бар алғаны сол. Бес-он минут отырды ма, отырмады ма терлеп, қатты қиналғанын көрдім де, аяп кеттім.
– Досымсың ғой, сүйегіме түсерсің, – деді.
– Асықпаңыз, ол жаққа бәріміз де үлгереміз ғой, – дедім.
Одан кейін көз жұмарынан екі күн бұрын барыппыз. Төсектен тұра алмайтындай күйде екен. Сөйлестік. Ақырын ойындағысын айтып жатты. Бірақ қиналғанын еш сездірмеді. Дәл өстіп ауырған сыныптасымның аяққы күндері қалай бебеулеп, қасірет шеккенін көргем-ді. Тіпті «Құдайдың алатыны анық қой, неге алмайды?» деген сөзін де естіп едім. Қайран, Балтекем, жан досым соның шетін де шығармады. Міне, оның темірдей төзімі мен ерік-жігері…
– Отыз жылдай бір шаңырақ астында жұптасып ғұмыр кештік. Екеуміз пәтер жалдап тұрдық. Ақшамызды құрап, банктен ақша алып үйлі болдық. Ол үйдің бүкіл жөндеу, сырлауын өзі жасады. Ол үйді сатып жер алдық, көргендердің бәрі қызығатын үй соғып, айналасын жеміс ағаштары мен әдемі гүлге толтырды. Енді, міне… – деп қимастықпен қамыға жылап отыр белгілі тележурналист Ләззат Сапақова.
– Балтекеңнің өлең жазатыны да болушы еді-ау, – дедім мен.
– Төсектен алыстай алмаған кейінгі кездерінің өзінде кітап оқумен болды. Тарихи кітаптар. Арасында қолына қалам алатын, – деді ол.
– Онда жылдық асына қарай сол жазғандарын жинақтап, кітабын шығарайық та, – дедім.
Осы материалды жазуды бастаған кезімде Ләззат маған бір топ өлеңдерін жіберді. Ішінен адал жарына арнаған мына өлеңін оқып, «Балтабай Сейітмамытұлы ақын екен!» дедім.
Кәне, сіз де оқыңызшы, оқырман.

«Білемін, жақсы көресің,
Күмән жоқ менде, күдік те.
Не айтсам соған сенесің,
Саралап кейде, күліп те.

Қорықпадың, маған жолықтың,
Жолбарыс едім ақырған.
Жайдары, жайлы жаным-ау,
Сомдалған терең ақылдан.

Кең пейіл ашық дастарқан,
Дайын тұр әне, жайғанға,
Махаббат, қызық мол жылға
Жалғанда адам тойған ба?

Баламды бала көргенің,
Балам деп соған сенгенің.
Шөбере сүйдік бүгінде,
Қабылдап Алла бергенін…» –
деп жазып­ты. Арғы жағында жалғастырамын деді ме екен, тағы да бір жол жазып тоқтапты.
Өмір осылай ғой. Қашан да адамдар соң­ғы сөз, айтар ойын айта алмай кетеді…
Бірақ біз білетін Балтабай арманда кеткен жоқ. «Діттеген биігіме шықтым, ойнайтын рольдерімнің бәрін сахнада сомдап кеттім», – деді өнерін өміріне айналдырған жан досым.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір