ӘЛЕМДІК РЕКОРДҚА ЕНГЕН «ЕР ЕДІГЕ»
16 наурыз күні ертеңгісін басталған жыр жобасы қасиетті Рамазан айының Қадір түнінде де жалғасын тауып, келесі күннің сәске түсінде өз мәресіне жетті.
Бабалар аманатындай болған жыраулық өнердің ғасырлық үнін тәулік бойы таңды-таңға ұрып, қайта жаңғыртқан бұл шараға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде аталған жобаның қазақ халқының ғасырлар сүзгісінен өтіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнерін жаңғыртуға және оны дүниежүзілік деңгейде насихаттауға бағытталғанын айтып, жас жыршыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық рухты көтеретін тағылымы мол осы шара аясында «Ер Едіге» жыр мектебінің 36 жыршысы бірінен соң бірі үздіксіз 24 сағат бойы «Қырымның қырық батыры» эпикалық циклына енген 36 дастанды және қасиетті Рамазан айына байланысты «Пайғамбарлар қиссасы» циклына кіретін насихат термелерді, тамыры тереңде жатқан халық әндерін орындап, қазақтың жыраулық дәстүрінің өміршеңдігін дәлелдеді. Жырлау көне дәстүрлі құрылым бойынша жүргізіліп, орындаушылар әрбір үш сағат сайын алмаса отырып, бір-бірінен іліп әкету тәсілі арқылы орындалатын эпостық шығармалардың үздіксіздігін сақтады.
Құрамында Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бижан Қалмағанбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Қуанышова, филология ғылымдарының кандидаты, эпостанушы-ғалым, «Қолжазба және мәтінтану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Асқар Тұрғанбаев және осы орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Сейілбек Сәкен бар тәуелсіз сарапшылар орындаушылар шеберлігіне өз бағаларын берді.
Жыр жобасына Азия мен Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының бас офицері Қуандық Құдайбергеновтің қатысуы жоба қорытындысының 192 елге ресми таралып, қазақ жыраулық өнерінің мәртебесін жаһандық мәдени кеңістікте танылуына жол ашты.
Қуандық Шыңғысұлы өткізілген шараның қорытындысы талаптарға сәйкес деп ресми танылған жағдайда «Ер Едіге» жыр мектебінің «Жыраулар жолымен…» жобасы Әлемдік рекордтар тізіміне енгізілетінін айтты.
Ұлттық өнерімізді халықаралық мәдени платформада кеңінен насихаттайтын бұл шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары, ардагерлер мен шығармашылық ұжымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жыршыларға GBR рекордтар кітабының арнайы сертификаттары мен естелік сыйлықтары салтанатты түрде табысталды.