АБАЙ ТОЙЛАРЫН АЙТЫП, КЕЛЕСІСІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРЕМІЗ…
24.06.2016
2162
0

АбайҰлы Абайдың әлемдік деңгейде атап өтілген 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласында республикалыҚ «Абай қоры» құрылған болатын. Сол бір дүбірлі мерекеге дайындықтан бастап, бүгінгі күнге дейін аталмыш қор атқарған шаруалар ұшан-теңіз. Жылжып өткен 25 жыл ішінде қор шығарған көптеген кітаптар оқырманын тауып, рухани, мәдени және әдеби шаралар ақын мұрасына жанашыр қауымды разы етті. Төменде осы қордың президенті  Отантай Кәрібжановтың мақаласын ұсынып отырмыз.

 

Отантай КәрібжановОтантай КӘРІБЖАНОВ,
Абай Құнанбаев қоғамдық қорының президенті,
Абай ауданының  Құрметті азаматы

 

Ұлы ақынның мерейтойлары мен еске алу кештері жайлы сөз қозғала қалса, ең алдымен Нұрғали мен Нәзипа Құлжанов­тардың еңбегі ойда тұрады. Ерлі-зайыпты екеуі Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына арнап үш бөлімнен тұратын тарихи-этнографиялық кеш ұйымдас­тыр­ған болатын. Оның бірінші бөлімі Абайдың өмірі мен қызметіне арналыпты. «Қазақ  ақыны Ибраһим (Абай) Құнан­­баев және қазақ поэзиясы» деген тақы­рып­тағы баяндаманы орыс тілінде жа­саған Нәзипа Сегізбайқызының өзі болатын. Ал екінші, үшінші бөлімдерінде әншілер мен күйшілер өнер көрсеткен екен. Көрермендер залға сыймай, есік, терезелерден таласа-тармаса қарап, тамсана тамашалайды. Концерттен алған әсерлері жұртшылықтың көпке дейін аузында жүрген. Кештің қалай өткендігі жөнінде «Айқап» журналы мен «Қазақ тілі» газеті сүйсіне хабарлайды.

Н.Құлжанова өз баяндамасына түп­қазы­қ етіп «Семипалатинский листок» газетінде жарық көрген аса көрнекті Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов­тың ­мақала-некрологын алған. Кештің басында Абайдың орысша жазылған ғұмыр­намасы (биографиясы) оқылады. Қазақ қызының қалың  жұрттың алдында осын­дай  баяндама  жасауы қатысу­шы­ларға ерек­ше әсер етіп, тыңдау­шылардың жан дүни­есі босап, көздері жасқа бұлан­ған. Әсіресе, орыс көрермендері Нәзипа ханым­ның таза орыс тілінде сөз сөйлеуіне таң қалады. Ол Абайдың өмірбаяны мен шығармашылық мұрасы хақында тартымды әңгіме өрбітіп, оның Пушкин, Лер­монтов сияқты шайырлардың шығар­ма­ларын қазақша сөйлеткендігі жөнінде қилы салыстырулар келтірген, ең ақы­рында Татьяна мен Онегиннің сүйіс­пен­шілік хикаялары жіліктей баяндалғанына бүкіл көрермен қауым тәнті болыпты.

Кеште Абайдың өзі шығарған әндерін орындауға мейлінше мән берілген. Мысалы, Әлмағанбет Қапсәләмовтың орын­дауын­дағы  «Татьянаның  әні» мен «Көзім­­нің қарасы» ерекше тартымды әсер қал­дыр­ған. Абайдың ақын балалары мен шәкірттері және басқа түрлі өнер иелері оның төңірегіне топтасқандығы белгілі. Атақты ертегіші Баймағанбет, әнші Әлма­ғанбет ұлы ақынның өнер саласын­дағы сүйікті серіктері еді.

Құлжановтардың бұл ұлтжандылық бастамасы одан кейін де өзінің жалғасын тапты. Ұлы Отан соғысының енді аяқта­лып, халық шаршап шалдыққан, қиын­шы­лық кезең екеніне қарамай, Республика басшылығы Абайдың 100 жылдық тойын өткізу туралы шешім қабылдайды.Той 1945 жылдың тамыз айында Абай ауда­нында өткізілетін болып шешіліп, оған Мәскеуден, Ленинградтан көптеген қонақ шақырылады.

Бірінші мерейтойға арнап Алматы Опе­ра және балет театрында өткен кешке Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, екінші хатшысы Ж.Шаяхметов, Қа­зақс­тан Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүше­лері, мәдениет пен қоғамдық ұйымдары­ның, өндіріс орындарының өкілдері қа­тыс­қан көрінеді. Кештен кейін белгілі өнер қайраткерлерінің күшімен үлкен концерт беріледі.

Ал тамыз айының 24-і күні КСРО Ғы­лым Академиясы Қазақ филиалының Тіл және мәдениет ннститутының Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми сессиясын Қ.И. Сәтбаев қысқаша сөз сөйлеп ашады. Абайдың өмірі мен шығармашылығы жөнінде Н.Сауран­баев­тың, Е.Ысмайыловтың, А.Жұбанов­тың, Қ.Мұхаметхановтың баяндамаларында жан-жақты сөз қозғалып, абай­­тануға баға жетпес тың деректемелер қосылады.

Жүз жылдық той туралы ерекше қуа­ныш­пен ағылып-төгіліп жазылған Әди Шәріпов ағамыздың естелігіненАбай ауданында дүркіреп өткен тойдың мән-маз­м­ұны мен сән-салтанатына жете қаны­­ғып, әйгілі палуан Қажымұқан жан­күйер болған қазақша күрес пен Нартай мен Үмбетәлі ақындар қатысып, Мұхтар Әуе­зов тамашалаған айтысқа қол соғып, енді бір демде ат бәйгесіне араласып, делебеңіз қозады.

Қазақстанның  халық әртісі Құрман­бек Жандарбеков арнайы келіп, даярлаған «Абай» пьесасының тойшы қауымға әсері ерекше болған. Әди Шәріпов өзінің шырайлы сөзін былайша қорытындылапты: «…Көптен даярланған, көптен күткен ұлы ақынның тойы думанды қызықпен, әсер­лі әнмен, тамаша ойынмен соңғы ке­шін тағы өткізеді. Алыстан келген сый­лы қонақтар тойдан алған шашу бәйгесіне риза болып, қайта бастайды. Халық а­қын­дары  соңғы шығарған шығарма­ларын Абайға арнап, тігілген ақ орданың ішінде ортаға салып, келесі мүшеліне келу тіле­гін білдіріп, аттарына қонады. Той тар­қай­ды, бірақ Абайдың жыры, Абайдың әні әрқайсысының жүрегіне тереңірек орын теуіп, кетіп бара жат­қан­дай. Өйт­ке­ні, олардың аузында бір-ақ шумақ өлең бар:

Тойыңыз тойға ұлассын ақын Абай,

Гүл бітіп, бақ дарыған атың Абай.

Тәтті күй, әдемі жыр, асқақты әнің,

Халықтың жүрегінде жатыр Абай.

Содан бері де 70 жыл өтіпті-ау!

Абай атамыздың 125 жылдық тойы қа­лай жүргізілгенін, оның басы-қасында болғандықтан біршама білемін деп айта аламын. Ол кезде мен облыстық мәдениет басқармасының аға инспекторы қызметін атқарып жүрген кезім. Абай ауданының сол кездегі бірінші хатшысы Х.Матаев ағамызды мазалаған маңызды мәселе – алдағы 1970 жылы болатын Абайдың 125 жылдық тойының таяп қалғандығы еді. Хафиз аға Алматыға барса, Қонаев Дін­мұ­хамед Ахметұлы шетелге сапар шегіп кеткен екен. Содан кейін Министрлер Советінің төрағасы Бәйкен Әшімовтың көмекшісі Құтжанов Оразбен танысып, екеуінің елім деп еңбектену­лерінің арқасында Үкіметтің 29 сәуір 1971 жылғы Абай ауданының экономикасы мен мәдениетін дамытуға бағытталған қаулысы қабылданады және оның орындалуын Ораз өзі бақылауына алады. Нәтижесінде Абай ауданында көптеген әлеуметтік-мәдени құрылыстар бой түзейді. Жоғарғы кернеудегі электр жүйе­сі тартылып, Семей – Қарауыл тас жолы салыныпты. Барлық совхоздарға типтік жобамен орта мектеп, жатақханалар, ауруханалар мен мәдениет үйлері, кинозалдары және көптеген тұрғын үйлер бой көтер­ген екен.

Ең маңыздысы сол, той қарсаңында Үкімет қаулысының пәрменімен ең алдымен Жидебайдағы Абай қыстауы ақын­­ның өзі салғызған алғашқы үлгі-жобасы негізінде жергілікті материалдармен жаңартылып, қайта жөнделеді.Мұражайдың ішіндегі экспонаттар то­лық­тырылып, қайта жүйеленді. Бұл жұ­мыс­тарды жүзеге асыруда аудандық Совет атқару комитеті төрағасының сол кездегі орынбасары Молдабек Жанболатов жанын салып, бар ынтасымен жұмыс жасады. Ол Абай үйінде бұрын қызметші бол­ған Бәшейдің Мұхтары мен Қатпаның әйелі Мақыпқа барып жолығады. Солардан сұрастырып, ақылдаса отырып, кейін­нен жасалған өзгерістерді анықтап, үйдің негізгі үлгі-жобасын сызып, қағазға түсірген болатын.

Облыстық атқару комитеті төрағасы­ның  сол кездегі орынбасары А. Кайсақан­ов құрылыс басына күнара келіп, кейде басына қона жатып басқарып, мұражай­дың көрікті, әдемі, сонымен қатар шынайы, Абайдың тірі кезіндегідей безен­дірілуіне назар аударды. Ал Қарауылда әйгілі мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың автор­лы­ғымен Абайдың граниттен жасалған ескерткіші орнатылған еді.

«Той болады» деген ұранмен ауданда талай шара жүзеге асты. Соның бірі – Абай мерекесіне әдейі арналып жасалған сегіз қанат қазақ үй. Бұл үйдің жобасының авторы және жасалуын ұйымдастырушы да жоғарыда аталған қазақ өнерінің білгірі – Молдабек  Жанболатов. Ал үй­дің шаңырағынан бастап, кереге, уығын жаса­ған тоқтамыстық «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт, марқұм Айтқали Адасханов болатын. Ол тау ішінен шеберхана ашып, Бұғылы – Машанның қызыл талынан қайнатып иіп, баптап кептіріп, қисынын тауып құрастырып үйдің қаңқасын екі-үш айда жасап шығады. Үйдің сыртына жабатын түңлік, туырлық, бойлық деп аталатын ақ киізін басқан, дөдеге, басқұр, бау-жіптерін жасаған, керегенің сыртынан үйді айнала тұтылатын өрнекті шиді тоқыған Абай елінің аяулы аналары, тоқыма өнерін жалғастырушы шеберлер: Рымалды Абаева, Забира Айтқазина, Жакүл Төкеновалар апталап, айлап жұмыс жасады.

Сонымен 1971 жылдың жазғысалым, сә­уір айы. Сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мұхтар Ағзамов ап­параттың барлық қызметкерлерін жиып алып, Абайдың мерейтойына дайын­дық жасау мәселесімен мені Алма­ты­ға бір айға іссапарға жүретінімді ес­керт­ті. Ертеңінде самолетпен Алматыға ұшып келдім. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, жерлесіміз, соғыс жылдары Семей облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Алексей Федорович Рахманов­тың қабылдауында болдым. Мұхтар аға ол кісімен телефон арқылы сөйлесіп, менің мерейтой мәселелерін шешу үшін баратынымды ескертіп қойған еді. Мен шешетін мәселелер тойға келетін қонақ­тарға ұлттық нақышпен тігілген шапандар, тақиялар, значоктар, сувенирлер, концертке шақырылатын өнер шеберлері, ең аяғы қонақтарды қарсы алғанда ұсы­ныла­тын кәрзеңке-кәрзеңке гүлдер. Жоға­ры­да айтылған мәселелер кездескен қиындықтарға қарамастан жанашыр азаматтардың арқасында түгелімен ше­шілді.

Сонымен Абайдың 125 жылдық тойы ең алдымен Алматыда, Семейде 30-31 ма­мырда Абай ауданында жалғасты. Бұдан кейін аудан орталығы Қарауыл ауылындағы үлкен алаңда тойға арналған мерекелік жиналыс басталып кетті. Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев мәртебелі қонақ­тарды таныстырған. Олардың ішінде: қонақтарды осында бастап әкелген мерекелік комиссияның төрағасы Екейбай Қашағанов, СССР Жазушылар ода­ғының хатшысы, москвалық А.­Б.­Ча­ков­ский, Абай шығармаларын орыс тіліне аударушы Всеволод Рождест­венский, ақын-жазушылар Э.Я.Бабалян, Х.Трунова, С.Марков, Қ.Кулиев, З.Н.Яхонтова, С.И.Никитин, Н.И.Голосовская, Мір­темір, С.Дангулов, Т.Үметалиев, К.Колойзе, тағы басқалар болды.

Қазақстанның делегациясын бастап келген Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мү­сі­репов, көрнекті ақын-жазушылар: Ә.Тә­жі­баев, халық батыры Б.Момышұлы,
Ә.Әлім­жанов, Ә.Шәріпов, С.Қирабаев, О.Сүлейменов, Ғ.Қайырбеков, Қ.Қай­сенов, М.Айтқожина, Т.Әбдірахманова, бұлбұл Б.Төлегенова, халық суретшісі Ә.Қастеев, өнер қайраткерлері: Ш.Уәли­ханов, С.Есова, Л.Хамиди, тағы басқалар. Хафиз Матаев алаңда тұрған халыққа Мос­квадан, Ленинградтан одақтас рес­пуб­ликалардан және Қазақстанның әр жері­нен келген қонақтарды таныстыр­ғаннан кейін өзі басқарып отырған Абай ауданының экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайлары жөнінен хабарлама жасады.

Мерекеге арналған салтанатты жиын аяқталысымен іле-шала Қазақстанның халық ақыны ІІІәкір Әбенов бастаған ақындар айтысты жалынын қыздырды. Бұл күні кешкі уақытта Қарауыл аспанында қалықтаған Абайдың әндері мен «Қаламқас» ән-би ансамблінің концерті түннің бір уағына дейін толастамай жал­ғасып жатты. Ал ертеңінде 31 мамыр күні Қарауылтөбенің терістік жақ бетінде ар­найы жабдықталып безендірілген алаңда сағат 10-да той басталып кетті. Мұнда алғашқы рет 1967 жылы М.О.Әуезовтің 70 жыл­дық тойы өткізілген болатын. Оның айналысы 20-30 шақырымға созылып жатқан мидай жазық. Алла та­ғаланың әдейі жасап қойғандай табиғи ипподром және дала амфитеатрында төбенің терістік батыс жағындағы көк­майса, бетегелі бетте жантайып жатып, бауырында болып жатқан ұлттық ойындарды көріп, микрофон арқылы айтылған сөзді анық естуге болады. Табиғаттың бұл тамашасын тойға келген қонақтар өз көздерімен көріп таңғалысты.

Алдымен Қарауыл төбенің бетінде 300 адамнан тұратын төрт дауысты хор Абайдың «Айттым, сәлем Қаламқасы» мен жергілікті композитор Арғынбек Ахметжановтың «Абай ұрпақтарының үні» атты шығармасын орындады. Бұл қонақтарға елдің әнұраны сияқты әсер етті. Бұдан кейін халық  алдынан М. Әуе­зов­тің «Абай жолы» романы бойынша театрландырылған шеру өтті. Кілем жа­йыл­ған жүк машинасы бортының үс-тінде тұрған әртіске қарап, жұрт тірі Абайды көргендей әсерге бөленді. Осы көріністен кейін іле-шала ат бәйгелері басталып кетті. Ұлттық жарыстың жауапты, ең қызықты түріне сол кезде елге сыйлы азаматтар, бұл күнде марқұм бол­ған Үйсімбаев Сүлеймен мен Сәдуақасов Жұманбек басшылық жасады. Ең алдымен  жорға жарысы болды. 12 шақырымдық бәйгеде Шығыс Қазақстанның Орлик атты жорғасы бірінші орын алды. Ал 20 шақырымдық жарыста тағы да осы Шы­ғыс Қазақстан облысының Орел деп аталатын сәйгүлігі бірінші орынды ие­лен­ді. 30 шақырымдық бәйгегеден Абай ауданының «Арқалық күреңі» бірінші келді. Жарыстың қорытындысында 15 атқа бәйге берілді. Ат жарысы кезінде бір мезгілде палуан күресі де жүріп жатты. Абай тойының бас палуандығын саржал­дық  азамат, марқұм  Қайырбек  Дүрмек­баев қарсыластарының барлығын қирата жығып, жеңіп алды.

Қорытып айтқанда, Абайдың 125 жыл­дық тойы есте қаларлықтай, кейінгі толқынға сабақ боларлықтай дәрежеде дүркіреп өткен еді.

1993 жылғы ЮНЕСКО-ның 27-ші бас сессиясында Абайды дүниежүзілік даңқ­ты  адамдардың қатарына қосып, туға­нына 150 жыл  толғанын бүкіл адамзаттың ор­тақ мерекеге айналдыру туралы шешім  біздің еліміздің жаңа тарихындағы жар­қын бір белес болып қалмақ.

Абайдың 150 жылдық мерейтойын өт­­кізу және дайындық жұмыстары жө­нін­­де Қазақстан Орталық партия коми­теті мен Қазақстан үкіметінің біріккен қау­лысы 1990 жылдың 22 ақпанында қа­был­данғаны белгілі. Бұл тойдың өз дең­гейінде өтуі еліміздің Тұңғыш Президен­ті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ті­келей қамқорлығының арқасы еді. Қа­был­данған қаулыда Абай, Шәкәрім жерленген Жидебай мен заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің туған жері Бөріліні көріктендіру, тарихи-мәдени мемлекеттік қорық құру, ҰлыАбайдың, ғұлама Шәкәрімнің зираттарын ұлттық мақтаныш боларлық сәулетті мавзолейге айналдырып қайта салу, халқымыздың үш алыбын дүниеге әкелген Абай жерін абаттандыру мәселелері қамтылған еді. Осының бәрі іске асар той қарсаңында өз мәнінде орындалып, келген қонақтарды тамсандырды.

Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пә­терінде өткен Абай күніне дүниежүзі үлкен маңыз берді. Оған Республикадан ресми топ пен өнер қайраткерлерінің делегациясы қатысып, қазақ елінің бетке ұстар қолөнері мен көркемсурет туын­дыла­рының көрмесі ұйымдастырылып, республикамыздың өнер тарландарының концерті өткізілді. Аса талғампаз Еуропа жұртын өнермен таңғалдыру оңай шаруа емес еді. Негізгі мәселе – Абай шығарма­шы­лы­ғын бүкіл адамзат алдында кең түрде уағыздау, насихаттау, сол арқылы халқымыздың кім екенін бар мүмкін­дігін­ше жан-жақты таныту. Абайдың ақын шәкірттерінің шығармала­рын ­жи­­нап, зерттеп, өмірбаяндарын және ал­ғы сөзін жазып, баспаға әзірлеген әде­биет­ші ғалым Қайым Мұхамедханұлы. Бұл кітап­тарға Абайдың ақын балалары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл одан кейін Көкбай, Әріп, Уәйіс, Кәкітай, Әубәкір, т.б. кірді. Төрт томдық кітаптар топтамасынан тұра­тын бұл шығармалар «Абайдың ақын шәкірттері» деген атпен 1993 жылы Ал­ма­тының «Дәуір» баспасынан жарық көріп, автор мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Ұлы бабамыздың торқалы тойының, оның рухына ғана арналып қоймай, ұр­пақ­тарының бүгінгі қоғамдық өміріне, тірлік-тынысына шапағаты тиер болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Абай-Шәкәрім-Мұхтар туып-өскен, таланттарына нәр берген, ғажайып шығармаларын дүниеге әкелген бұл өңірдің адамдары қашан да даңқты жерлестерінің сөнбес рухына адал қызмет етіп келеді. Әлемнің тұс-тұ­сынан келгендерді өткеннің шытырман қилы-қилы оқиғаларға толы шежіресімен тілдестірген аудан өміріне ешбір енжар қараған емес.

Уақыт өткен сайын Абай тойына ын­та-бейім арта түспек. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді халық. Ұлының ұлы тойы Се­мей жерінде, Қарауылда жалғасын тап­ты. Тамыздың 10-ы күні ұлы баба есі­мін­дегі музыкалы-драма театрында салтанатты жиналыс болып өтті. Сөз алған еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай қазақ елінің бойтұмары, ары мен намысы», – деді. Салтанатқа келген құрметті қонақтардың ішінде аса жоғары мәртебелі ЮНЕСКО-ның бас директоры Фредерико Майор, Татарстан Республикасының Президенті Минтемир Шаймиев, т.б. көптеген жоғары лауазымды меймандар қатысып отырды. Тойдың болғанынан боладысы қызық деген осы екен. Осы сал­танаттың өтуіне күні-түні демей айлап жасаған еңбегіміз еш кетпегеніне көзіміз жетті.

Уақытта өлшем жоқ.

Содан бері де ширек ғасыр өте шықты. Баршаға белгілі мұнан 25 жыл бұрын қабылданған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің Абайдың 150 жылды­ғын атап өтуге арналған қаулысында  мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды «Жидебай-Бөрілі» музей — қорығын ұйымдастыру  көзделген болатын. Бірақ Абай заманының табиғатын, әйгілі Құнанбай қорымын, Ералының қалың шалғынды, балаусалы өңірін, Оспан көлін, тағы да басқа қайталанбас көркін қалпына келтіру  жұмыстары қолға алынбады деуге болады. Біздіңше,  му­зей-қорық бірыңғай мүлгіген тыныш­тық орны ғана болмай, тіршілігімен, көрік бейнесімен адамдарды өзіне тартатындай, жанды табиғат аясы әрі танымдық зерде орталығы болуы шарт.

Сондықтан Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты таяу уақытта қабылданатын қаулыда бұрынғы орын алған кемшіліктердің орнын толтырып, мейлінше ұлт көңілінен шығатын шаруалар  атқарылса дұрыс болар еді. Ұлы ақын­ның өлеңдерінің негізгі өзегі мен қара сөздерінің түпқазығы алты алаштың  бойында асыл қасиеттерді қалыптас­ты­рып, тәлімді ұрпақ тәрбиелеу. Сол арқылы қай ғасырда, қай қоғамда болмасын қазақ елінің тыныштығы бұзылмай, өркениет биігіне көтеріле бермек.Қалың елі қазағы өзінің сыншыл да сыршыл, қайратты да қайсар, дариядай шалқар Ұлы Абай хәкімін ешқашан ұмытпайтыны кәміл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір