АЙДАРЛЫ АҚ ЖАРҚЫН АҚЫН, АРНАЛЫ АСЫЛ ЖЫР
20.01.2026
217
1

Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, сонау 1944 жылдары «Үш аймақ төңкерісі» кезінде атойлап алға шығып, қазақ баспасөзі мен поэзия жанрында өз биігіне көтерілген ақын, журналист, баспагер, көрнекті қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлының туғанына 100 жыл, ал қайтыс болғанына 25 жыл толып отыр.
Құрманәлі Оспанұлы жарты ғасырдан аса мыңға жуық өлең, жыр, онға жуық баллада, дастан жазып жариялады. Ақынның «Шаттық жырлары» (1957), «Тяньшань жырлары», 1980), «Меруерттер» (1981), «Жылдар ізі» (1983), «Алуан әуендер» (1988) сияқты жыр жинақтары оқырман назарына ұсынылды. Оның қаламгер әріптестерімен бірігіп жазған «Салиқа – Сәмен» операсы және өзі жеке жазған «Қыз бейіті», «Таудағы қыстақ» атты сахналық туындылары бар. Көргені мен көкейге түйгені көп, ел басқарған ақын тарихи маңызы бар көптеген естелік, эсселер де жазды. Бұл еңбектері «Үш майдан» (1991), «Шіркін бұраң дүние-ай» (1999) деген атпен кітап болып шықты. «Құрманәлі Оспанұлы шығармалары» (01 желтоқсан, 2006 ж.) атты алты томдық кітабы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан жарық көрді. Оның өлеңдері қытай, ұйғыр, қырғыз, орыс, түрік тілдеріне аударылды.
Ақынның мерейтойына байланысты, Қытайдағы белгілі әдебиеттанушы, сыншы Қаусылқан Қамажановтың «Айдарлы ақ жарқын ақын, асыл жыр» атты мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мақаланы төте жазудан кириллицаға аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, Құрманәлі Оспанұлы – әдебет шебіндегі алымды әрі мықты қаламгер. Ал әкімшілік, әлеуметтік жетекшілік істерінде халыққа жаққан шебер басшы әрі қоғам қайраткері болды. Марқұм тіршілігінде, талабы жоғары, жауапкершілігі күшті екі бірдей ауыр жүкті екі иығымен тең көтеріп өтті. Сондықтан жалпылама айтқанда, Құрманәлі Оспанұлы – төменнен жоғары өрлеп орынбасар өлке дәрежелі (ШҰАР) басшылық міндетін өтеген құрметті, абыройлы ел ағасы, одан қалса заманауи қазақ әдебиетінің алғаш шаңырағын көтерген, негізін салған көрнекті көшбасшысы.
Ал ақындық жақтан алып айтқанда, ол тапжылмай қалам тербеп өткен мемлекетіміздің іші-сыртына танылған атақты лирик ақын. Құрманәлі Оспанұлы 1924 жылы (сиыр жылы) желтоқсан айының соңында Қазақстан Республикасының Алматы облысына қарасты Кеген ауданының Тоғызбұлақ деген жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ол енді алты жасқа шыққанда, яғни 1930 жылдың күзінде елдің басына екі үлкен апат туды. Оның бірі – үсті-үстіне үдей түсіп, тыныш жатқан бейқам елдің мазасын алған солшылдық қимылдың аласапыран арпалыстары болса және бірі – халықты аш қасқырдай құтырына алқымдаған ашаршылықтың азабы болды. Осы секілді бір қатар жан түршіктірген жайттардың салдарынан Оспан ақсақал отбасын алып, еліміздің Шынжаң өлкесі Іле аймағына өтеді де Құлжа ауданы Құдияржүз ауылының Құмлық кенітіне келіп орналасып, түбегейлі Қытай азаматы болып кетеді.
Құрманәлі Оспанұлының бала кезінен бастап өлеңге қызығуына отбасындағы адамдардың көрсеткен ықпалы зор болған. Әсіресе Оспан өлең құмар, қара өлеңдерді өзінің ырғағына келтіріп керемет жақсы айтатын кісі еді. Ол халық ішіне тарап жаттап айтылатын қара өлеңдерді ғана емес, қиыннан қиыстырып өлең шығаруға да шебер екен.
Оспан ақсақал күнделікті күйбең тіршілік істерінен қолы босай қалған уақыттарында өзінің зор үміт артқан сегіз жастағы баласы Құрманәліге халық жырларын, өзі жанынан шығарған өлеңдерін жаттатып, баулып отырған. Құрманәлі Оспанұлы 16 жасқа келгенде, жүз шумақ өлеңді мүдірмей жатқа айтатын. «Қасен-Құсайын», «Дәрия қыз», «Қыз Жібек», «Қозы көрпеш-Баян сұлу» қатарлы қиса, дастандарды жатқа білетін. Оның әдебиетке әуестену кезі «Іле гимназиясында» оқып жатқан уақытында басталады. Осы тұста және ол әдебиет теориясын, әдебиетке қатысты білімдерді өздігінен тырысып үйренеді. Одан басқа сол кезде Қазақстаннан кірген кітаптардың ішінен Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерімен танысады. Сөйтіп жүріп, Құрманәлі Оспанұлының өз алдына өлең жазу қабілеті жетіле бастайды.
Құрманәлі Оспанұлы 1944 жылы ұйғыр тілінде жазылып ұйғыр тілінде шығатын газетте жарияланған «Бет бұрмай кір майданға» атты тырнақалды өлеңімен әдебиет майданына кіреді.
Ақынның ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарында қынынан жаңа суырған қылыштай өткір «Гүлім едің», «Өтініш», «Домбыра», «Мөлдір тамшы», «Немене», «Сәулеме», «Күт, мені күт», «Таң әуені», «Жаз дидарлы жандармыз», «Тілек» қатарлы қырық шақты өлеңін сол уақытта Құлжа қаласында шығатын «Төңкеріс таңы» газеті мен «Одақ» журналында жариялап, оқырмандарына ақындық талантын, жалынды жас қаламынан туындаған уыз жырларының серпінділгін байқата бастайды.
Құрманәлі Оспанұлының 1946 жылы жазған «Гүлім едің» атты махаббат лирикасында:
«Қауашағын жарған жаңа,
Гүлім едің бақшада.
Жаңылыстым, бастым жаза,
Қиып сені басқаға.

Өкінемін,
Өкпелемен,
Өкпелемен мен саған.
Болдым сәулем тайқап сенен
Әлде нендей бейбақ жан.

Мақұл көрсең өтінерім,
Жай келіп жүр, тастама.
Өз иесі өз қолымен,
Қатты жапқан қақпаға», –
деп жазған осы бір шағын өлеңінде ақын алғашқы махаббатына қаратқан көңіл күйін астарламай ашық айтып отыр.
Міне, оқырмандарына ой тастап, ішкі сезім дүниесін білдірмей селт еткізетін нағыз махаббат лирикасы дегеніміз осындай болса керек. Бұны ақын өлеңінің өнбойынан анық көріп отырмыз. Онда бейнеленген сөнбей лаулаған өкініш оты бар әрі қынжылта қинаған қимастық үміт ұшқыны бар.
Құрманәлі Оспанұлының 1947 жылы жазған «Мөлдір тамшы» атты өлеңін сәтті жазылған тамаша өлеңдердің бірі деуге болады. Бұл өлеңді оқыған уақытта көз алдымыздан тізіліп өтетін мынадай меруерттей жолдар бар.
«Көзде күңгірт түннен қалған,
Қияқ құшқан мөлдір тамшы.
Діріліңді түсіне алмай,
Сырлассаңшы, тіл қатсаңшы.

«Тарпаң», «тағы» тау самалы,
Кетсе тиіп, өтсе желпіп.
Тұрған жандай жылағалы,
Төгілесің мөлт-мөлт етіп.

Өйтпе, сені тау самалы,
Көптен бері ұнатады.
Желпіп өтпей жоқ амалы,
Желпігені ұнатқаны», –
деп бұл табиғат лирикасында өлең тілімен өрнектеп бейнеленгені қарапайым жаратылыс құбылысында болатын кішкене ғана мөлдір су тамшысы.
Өлеңге арқау болған ішкі мазмұн қалың өскен қияқ шөптің басындағы мөп-мөлдір шық тамшысы мен тұп-тұнық тау самалы ортасындағы қатынас. Суреткер ақын әне сол күз түндері шөп басына шық болып жиналып, күндіз әсіресе таңертең шық тамшысына айналған көріністі, көзінің жиегіне жасы жиылып мөлт-мөлт етіп жылағалы тұрған жандарға, яғни адамдарға ұқсатса, енді шөптің басында пайда болған шық тамшыларын желпіп жерге түсірген тау самалын мінезі жаман, тарпаң, тағы атқа ұқсатады.
Өмірден өлең туады, ақынға өлең жазу еркіндігін өмірдің өзі береді. Өмірді өлеңге айналдыру – сайып келгенде, ақын өнерінің ісі. Ақын Құрманәлі Оспанұлы сонау жастық шағында, ақындық таланты бірте-бірте жетіліп, қаламы енді-енді ұшталып келе жатқан кездерінде, ана-табиғатының қан тамыры есептелген арқырап аққан көптеген асау көкжал өзендерді көзімен көрген. Содан барып «Өзен» атты өлеңін жазады. Өлеңде тілге жеңіл, ойға қонымды қысқа қайырыммен табиғат болымысын қылықтандырып назды сезіммен түсірілген мынандай шумақтар бар:
«Еркелей толқып көк өзен,
Алдыңнан назбен өткенде;
Қоштасқан жаздай өзіңмен,
Лебімен сүйіп кеткенде.

Жағасында көк шалғын,
Қол беріп қош айтқанда.
Көкала шымшық жас балғын;
Ұзатып салып қайтқанда.

Ет жүрегің езіліп,
Махаббат суын ішпей ме?
Жаныңдай көрген жар сыры,
Көкейіңе түспей ме?» –
деп талантты жас ақын ана табиғаттың негізгі бір мүшесі өзенді жалаңаш құр сөзбен қуырдақтай қуырып, тек өзін ғана суреттемейді. Ақын қайта табиғат құбылысына махаббат сезімін, махаббат күйін қосып өзен көркіне тәтті эстетикалық дәм, әдемі ажар кіргізіп құбылтып суреттеу арқылы оқырмандарына рухани ләззат бағыштайды.
Құрманәлі Оспанұлы 1945 жылы жазған «Күтемін» деген өлеңінде:
«Келгем жоқ қайыр тілеп
«Мырза» сенен,
Емеспін алып сатар пайдакүнем.
Адаммын ары таза, дүниеге,
«Бір кірпіш орнын тапқан болсам» деген.
Міне бұл өлең жолдары бізді тың ойларға жетелейді. Сондықтан осы «Күтемін» атты өлең жолында жаңа, салмағы бар пікірлерді айтуымызға болады.
Құрманәлі Оспанұлының жоғарыда ауызға алынған сондай-ақ аралап пайымдаулар жасалған еңбектері Қытай қазіргі заман қазақ әдебиетінің кейінгі жемістері есептеледі. Әрине бұл мезгілді ақ жарқын ақын шығармашылығының бірінші басқышы деп тұрақтандырсақ, екінші басқышы 1949 жылы бірінші қазанда жаңа Қытай билігі орнағаннан бастап, яғни Қытай осы заман қазақ әдебиеті өзінің даму тарихының алғашқы бетін ашумен тең басталады.
Шығармашылықтың шырқау шыңына сапарын бастаған ақын, 1950 жылы ҚХР Шынжаң өлкесінің жас қазақ жазушылар уәкілі болу құрметіне ие болып, дүниежүзі елдерінің Польшаның орталығы Варшавада өткен
«Дүние бейбітшілігін қорғау» жиналысына қатысады. Бұл шарада ол маңызды шығармасы «Күркешеден күллі әлемге» атты ұзын толғауын жазып, жүрекжарды әлемдік көңіл күйін ақтарып, құлашын кең жайып, қаламын еркін сілтеп көсілте толғаныс жасайды. Осы жылдар шабыты шалқыған дүниені көріп дүние танымы кеңейген, білім-қабілеті жетілген, қаламы әбден ұшталған ақын жаңа дәуірдің жаңа әдебиетінің алдыңғы легінің бірі болып ортаға шығып: «Өмірге», «Қарт жүрегі», «Ауылымда» сияқты келелі мазмұндағы маңызды өлеңдерді жазды.
Ардақты ақын сонау келмеске кеткен, солшылдық барынша асқынған солақай содыр жылдардың шоқпары басына ертерек тиіп, азаматтық еркіндігі мен қалам еркіндігінен мүлде жұрдай етілген, бақылау астына алынғандардың бірі болды.
Үміткер, оптимист, қайсар ақын сондай ауыр күндерде де қаламын тастамаған. Ілгері жүрістен де танбаған. Сондай-ақ өзінің сүтпен бітіп, сүйегіне сіңген ата кәсібі жасампаздық өнерінен жаңылмаған.
Міне, ақын Құрағаң «Күл тағдырым, күлебер», «Керегі онда маған», «Шақырады бабам мені…», «Жүремін жалғыз», «Қалғаны бойда», «Егер, өлсең…», «Төгілмесін көз жасың», «Қалсын таза ар-намыс», «Не бердім?», «Жастығың өтті», «Шақырамын» т.б. қыруар өлеңдерін сол қуғындалып, соқпақта соғылып, бақылауда жүрген кездерінде жазған. Ақын «Қалғаны бойда» деген өлеңінде:
«Дудырап шашым бір құшақ,
Сақалым бел буардан.
Түсердей қаңқам судырап,
Өңім шөп тектес қуарған.

Аяқта сөйте тұрады,
Сүйретпе кісен зіл-батпан.
Шығара қалса аулаға,
Төнулі найза ту сырттан,

Бұл күнде мені өңімнен,
Тану жоқ атап айтпаса.
Көп көрген жандар көзімнен,
Қадалса зорға таныр да.

Сөйтсе де бойда қалғаны
Ар-намыс аулақ кірлеуден.
Жоқ жала, зорлық салмағы,
Бір кетпек көрге денеммен», – деп өзінің тарпаң жылдарда тартқан азабының, қағынған әпербақандардың соққысынан әбден қалжыраған халінен, көрген күндерінің қайсы дәрежеге барып жеткенін бұл өлеңі арқылы оқырмандарға анық білдіреді. Зорлық пен қаралауға бас имей таза жанына дақ түсірмей, адамдық арын, намысын сақтап өткенін баяндаумен өлеңді аяқтайды.
Құрағаң қарындасы Тұран Оспанқызы мен жұбайы Ажарға өлең тілімен айтпақшы болған мақсатын баяндап жазған хаты – «Төгілмесін көз жасың» да, сол бір зобалаң жылдардың сұмдық бейнесін:
«Жалған жала жанданып, дүр сілкініп,
Шындық жаны шымыркеніп, түршігіп.
«Ұрда жықтан», «өрте, шақтан» мезі болып,
Өтіп жатыр күндер ауыр күрсініп», – деп әшкерелейді.
Ақын басына қатер төніп тұрған кездерде де жасырын жат көздерден оңаша жүріп жазғандарынан 60-қа жақын өлеңін біздің қолымызға табыс етті. Бұл өлеңдерді тұтастай алғанда ақын сол кездегі өзінің аянышты өмірін, сол өлеңдер арқылы көркем образбен бейнелеп жазған естелігі деуге болады.
1979 жылдың соңын ала ақын барлық пәле-жаладан құтылып, тіл өнері, талабы күшті қалам кәсібінде әбден толысқан, елудің жуан белін басып алтын дәуірі алпысқа қарай бет алып бара жатқан кезі еді. Жаңашыл, тың тұяқ ақын сол бұрынғы бөкен желісімен кете береді. Ол өз жасампаздығында мазмұн, пішін жақтардан бар күшімен ізденуге ерекше жоғары талғаммен ұмтылыс жасауға құлшынды.
Құрағаң қадірлі халқын тауып, жан қаруы қарымды қаламын қолына алып қаламдастарына қосылған 1980 жылы жарық көрсеткен жаңа туындыларының бірі «Жылы тиіп» өлеңінде былай жырлайды.
«Есер жылдар есігін тебе жауып,
Есті жылдар есігін аштық тауып.
Етек жаптық, ес жидық түзеп еңсе,
Кете жаздап қалғанда қайың сауып.

Ізден шыққан көп істер түсті ізге,
Үміт, сенім оралып тепті ірге.
Қаңтар кетіп, наурыз құшақ жайып,
Тарту етті шуағын көктем бізге.

Сыңғыр қағып қос қанат сымпылдары,
Жылы тиіп жүрекке жыл құстары.
Қайта келді, жарайды, келе берсін,
Осы емес пе күттірген жан құштары».
Көріп отырмыз, біртүрлі тербелісті ырғақ пен тебінді әрі сезімді шымыр жазылған осы өлеңдегі бейнеленген ой-пікір, ақындық дарын мен жарыққа шыққан азаматтық толғаныс, азамат­тық көңіл күй бейне қайта оралған жыл құстары іспетті. Өлеңнің кейінгі жолдарындағы мазмұндар да символдық әдіспен тамаша бейнеленген өлеңнің эстетикалық, көркемдік құдіретін асыра түсу рөлін атқарған деп қарауға болады.
Құрағаң өзінің шығармашылығы барысында өмірдегі қараңғылықты, қоғамдық шіріктікті, арамдар арасындағы әртүрлі жағымсыз қылықтарды және басқаларды әшкерелеп, батыра сынап-мінеп: «Қысылсаңшы», «Кім кінәлі», «Япыр-ау, бітті төзім», «Секемшіл бір серіге», «Шырағым, о, шырағым», «Баяны жоқ басшыға» қатарлы әжуа, сатираларды жазып өткір қалам күшін, құдіретін бұл жағынан да танытты.
«Шырағым «қою емес,
сұйықсың-ау»,
Келгенде шындық жаққа
тұйықсың-ау.
Жүруші ем «асыл, енді
шұға ғой» деп,
Жұпыны шыттан түскен
қиықсың-ау.
Жатқанда игіліктен жұрт кенеліп,
Сексенбей сасық қулық
жиыпсың-ау.
Алалап өз қолыңның іші-сыртын,
Алтын деп мыстан мүсін
құйыпсың-ау.
Көзі ашық жандар көрмей
отырған жоқ,
Күйдесің хамелеон сияқтылау,
Шындығы ашынышты, осыншама
Қорлауға өзіңді-өзің
қимайсың-ау…»
Ақын реалистік әдіспен өмір ақиқатына адал болу принципінде мықты тұрып, қоғамдық өмірде, әлеуметтік болымыста шындықтан шеттеп, адалдықтың ала жібін аттап «сасық қулықпен» жанталасып жан баққан «алтын» деп «мыстан» мүсін құйып алдамшылықты, көз бояушылықты кәсіп еткен бейне хамелеон секілді қашан көрсең өзін бүркемелеп құбылып тұратын тұрлаусыз жандардың бет-бейнесін «Шырағым, о, шырағым» атты өлеңінде келістіріп аяусыз әшкерелейді.
1984 жылы Құрманәлі Оспанұлы қанатын қомдап ұшқан ұясы, атмекені, жер жәннаты, алманың мекені көркем қала Құлжада өткізілген Іле қазақ автономиялы облысы құрылғандығының 30 жылдық тойына байланысты жазған «Той толғауында» атты маржан жырын:
«О, жарандар, жарандар,
Жарқыл қағып жанарлар.
Бөленіп шаттық сезімге,
Шалқыған шат кезіңде
Маған да бір қараңдар.

Шабыттың мініп тұлпарын,
Ұшырып қиял сұңқарын.
Тебірене терме терейін,
Тойыңа сыйға берейін.
Бұным менің мереке,
Құрметіне ерекше
Алтындаған жағасын,
Тоным емес жабатын,
Орамал жолдық санаңдар,
Жүрегіме балаңдар»,
деп толғайды.
Толғаудың тақырып көлемі көл-көсір, мазмұны мол, ақын қаламын шалқытып еркін сілтеген. Онда әлемдегі ең үлкен елдің құшағында автономиялы облыс құрып, оның 30 жылдық торқалы тойын өткізіп шалқып еркін өмір өткізу орайына ие болған еліміз қазақтарының бүгінгідей гүлденген өмір, дәуір рухы, дәуір абзалдығы барынша мадақталған.
1980 жылы оқырмандарын тапқан «Оның өңі мен түсі» атты баллада тек ақын Құрағаң еңбектері ішінде ғана емес, тұтас еліміздегі қазақ поэзиясының мазмұны мен көркемдігі жағынан кемелді, өзіне тән өзгешерек стильде жарыққа шыққан кесек шығармаларының бірі. Ол басылым көрісімен көп өтпей қытай, ұйғыр тілдеріне аударылып, мемлекеттік аз ұлттар әдебие­тіндегі таңдаулы үздік шығармаларды бағалауда бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болады.
Жүлделі баллада «Оның өңі мен түсі» оқиға мен сезім бірлестіріліп жазылған әрі кейіпкерлерге дара-дара мінездемелер берілген лиро-эпикалық шығарма, сондай-ақ бұл кесек поэзиялық шығармада ақын оқиғалардың (сюжеттің) дамуы, шарықтау барысын жүйелі түрде өрістеткен. Шығарманың сезімімен семіртілген тұтас тұлғасын мықты қалап шығарған. Онда бір дәуірде жасаған екі ұрпақ бір отбасы адамдарының аянышты халі, күйзелістері арқылы сол дәуір шындығының қалай болғандығына өте тұжырымды жауап берген.
«Оралмаған ондаған жыл сапардан,
Жарын ойлап самай шашы ағарған.
Кірпік ілмей түн ауса да отыр ол,
Көкірегінде көл боп көлкіп көп арман».
Шынайылық, сағыныш зары, үміт ұшқыны нұрланған бұл шумақтан оқырмандарға шығарма оқиғасынан, шығарманың негізгі мазмұны түйіндерінен алдын ала белгі берілген.
Одан соң оқырмандарды өткен істер қатпарларынан қазып алынған күрделі оқиғалар теңізіне, толқынды ойлар ішіне бастап кіреді.
Аты шулы «Мәдениет төңкерісі» деп аталған сұмдық жылдар алып келген сұрапыл апаттың салдарынан ойрандалған, қуғындаушылыққа жолыққан сол бір отбасы мүшелерінің тартқан азапты өмірі мен кейінгі кездерде көрген бақытты өмірі өте анық суреттелген.
Құрманәлі Оспанұлының өмірі мен шығармашылығы 1962 жылы «Халық газетінде» («Remin rebau»), 1980 жылдар ішінде «Ұлттар әдебиеті журналында» көпшілікке кеңінен таныстырылды.
Ақын Құрағаңның өрелі өлең өнерін, халқына берген орасан зор еңбек жемістерін, адамдық асыл қасие­тін, ізденгіш рухын халқымыз мәңгі есіне сақтайды әрі қадірлейді.

Қаусылқан ҚАМАЖАНОВА,
әдебиеттанушы, сыншы,
Шыңжаң университетінің доценті

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.01.2026 | 15:31

Бәрі «А-дан» басталыпты, ә

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір