ЕКІНШІ ТЫНЫС АШЫЛҒАНША…
10.06.2016
2571
0

а-7Жастық шақ – өзіңді ұлт әдебиетінің маңызды тетігі санап, тарих үшін ғана жұмыс істейтін кез. Өзіңді жақсы көретін, құбылыс санайтын уақыт. Мәселен, көркем шығарманың арасында өзіңнің әдет-салтыңды, мінезіңді, қалай жазатыныңды, дүниені қалай түйсінетініңді айтып жібергің, қосып қалғың келіп тұрады. Мұның керегі не деген сұрақ орынсыз: Ұлы жазушының (!) қарапайым өмірде кім болғаны, қалай жазғаны келер ұрпаққа қызық қой. Іздеген жанға дап-дайын материал… Ендігі мәселе – сол ет қызулықпен жазылып кеткен нәрсенің әлгі көркем дүниенің өн бойында атқарар ролі не, соның мәнісін ұғыну. Әлбетте, бұл көп ретте басы артық дүние болып шығады. Ал артық нәрсені сылып тастамақ – сауап іс. Өкініштісі, өзгені қойып, өз көзіңе баттиып көрініп тұрған артық үзіндіні түп тамырымен қопарып, алып тастауға дәтіңіз жете бермейді. Мұндайда тәжірибесіздік көп залалын тигізеді. Өз басына қатысты болымсыз  жайттардың өзге жұртқа түк те қызық емес екенін түсінгенше жастар прозасында осы секілді басы артық дүниелер аз болмайды.


Алмас НҮСІП

 

Біз өз кемшіліктерімізді ұлылардың әл­дебір жағдайға қатысты айтылып қа­ла­тын пенделік әлсіздігі, жағымсыздау әдет-сал­тымен ақтап алуға құштармыз. Еліктеу мен солықтаудан толықтай арылып бол­ған­­ша, өз жолыңды тапқанша: «Бәлен де­ген жазушы бір жазғанын қайта қара­май­­ды екен», «Бәленшекең бір уақыт ара­лы­ғында бірнеше шығарманы қатар жазады екен», «Бір жазғанын он жазып, әр күн сайын түзеп, күзеп отырады екен» деген әр ­түрлі алыпқашпа әңгімелерден жұ­ба­ныш табамыз. Осындай «екендердің» бі­рі­не тоқтап, ақырғы шешім жасалғанша аз адас­паймыз. Бірнеше рет көшіріп жазу… Рас, керемет жанкештілік, ғажап еңбек. Бі­рақ сіздің шамаңыз келмеді. Осыны тү­сін­діңіз де, ол туралы ойлауды қойдыңыз. Амал жоқ, алғашқы нұсқасын жарыққа шы­ғара саласыз. Өріп жүрген қате (сти­ль­дік, әріптік, т.б.). Күзеп көрдіңіз, бірақ оған да онша көңіліңіз соқпады, атүсті қа­рап өте шықтыңыз. Жарыққа шығып қой­ған дүниені қайта-қайта шұқылай бер­геннен опа жоғы есіңізге түсті (үлкен жазу­шы солай депті). Меніңше, бұл – қалыптасу ке­зеңінде әркімнің басында болатын жайт. Қалыптасу кезеңі қаншаға созылады, мәселе сонда. Өзіңді, өзіңе керекті бап пен қолайлы жағдайды танып болғанша аз ауыт­қымайтының анық. Алғашында жылт еткен ұшқынымен үміт сыйлап, кейін­­нен жоқ болып кеткендер (жазбай кет­кендер) – өзін-өзі таба алмағандар. Ал еш­теңеге қарамай (мына замандағы әде­биет­тің мүшкіл хәлі!) жазып жатқандар, қа­лай айтсаңыз да, құрметке лайық. Олар анау айтқандай ғажап талант болмауы мүм­кін, бірақ онда табандылық бар. Ізде­ніс пен еңбек – дамуға, өсуге жеткізеді. Өзің­ді тануға, табуға жетелейді. Біздің жас­­­тардың қалам қарымына көз салсаңыз, осы еңбектің аздығын көрер едіңіз. Жазу­дың, машықтың аздығын байқар едіңіз. Аз жаз­сам да, саз жазам деп, сол азының өзін ұқ­сата алмай қаншама жазушы жүр. Арғы жа­ғында тәп-тәуір идея, көңіл аударарлық маз­мұн тұрғанмен, орашолақ ойластырыл­ған сюжет, әлсіз қиюласқан динамика… Жете қалыптанбаған кейіпкер, бір ауыз сө­зіне бірнеше «қоғамдық проблема» сый­ды­рып тұрған тым ақылды ( немесе ке­рі­сін­ше) диалогтар… Осындай мәселелерге мал­тығып қалған жазушы арықтығын біл­дірмей, қызыл сөзге ерік береді, әлдебір бол­ған оқиғаны қосқан болады, тіпті болмай бара жатса, келген жерін бір қайырып қойып, екінші бөлімге аунап түсе салады. Әлдебір тәсілдерге барған болады… Осы­ның барлығы – жазушының өзін толықтай таба алмағандығынан. Дүниеге ғана емес, әдебиетке деген, көркем шығармашылыққа деген көзқарасы толық қалыптаспаған, ұста­нымның әлсіздігінен.

Жастардың ортақ дерті – қысқа жазуға ұм­тылу. Қызық көзқарас бар: Қазір том-том кітап оқып отыратын баяғы заман емес, жылдамдықтың, техниканың дәуірі. Сон­дықтан қысқа жазылған дүниелер өтім­дірек көрінеді. Бұл да – өзіңді ақтау, жұ­бану ғана. Көп оқымайтыныңа, көп жа­за алмайтыныңа ойлап тапқан сылтау. Мә­селен, мен сөлсіз, нәрсіз жиырма әңгі­ме оқығанша, неге жақсы бір роман оқы­май­мын? Қысқалық – ұсталық шығар рас, бі­рақ қысқарту деген – көлемді қысу, айт­пағыңды шорт кесіп, шұнтитып қою емес қой. Оқиғаң мен айтпақ ойың ажырамас­тай берік, бөлінбестей мығым болса, шы­мыр­лығы сыртына шығып тұрса, бір оқи­ға­ның арғы жағында оқырманның ойын сан-саққа жүгіртіп, сезімін қытықтар көз­ге көрінетін һәм көрінбейтін ағыстар ас­қан шеберлікпен қиюласып жатса… Ша­ғын ға­на көлемге сиятын «Қырық бірін­ші жыл­ғы келіншек» сияқты класси­калық әң­­гіме атақты жазушының өзінде де біреу-ақ. Мен көптеген жазушылардың  әңгі­ме­лерінен әңгімеден гөрі повестке, кө­лем­ді­рек жанрға салғанда ғана толықтай ашы­­­­ла­тын оқиғаларды көрем. Үлкен тағ­дыр – шағын дүниеге сия бермейтінін ұғынуы­­мыз керек. Айтпағың зор болғанда, жазуыңда ірілеу болғаны жөн шығар. Қыс­қарту десе «арада күндер өтті» деп, оп-оңай аунап түсіп, көне соқпақпен тарта беру ендігі әдебиетке қол емес. Ком­по­зиция­лық байланысты әлсі­ретіп алу осыдан туса керек.

Байланыстың әлсіздігі дегенде, жас­тар­ға қатысты айтуға болатын бір жағдай, ав­тордың оқиғаға жиі-жиі килігіп отыруы. Көзге көрінер-көрінбес, әйтеуір, қиюы қа­шың­қырап, мұрты сетіней бастаған тұс­қа әлдебір өмір жайлы пәлсапасын арқа­лап, жазушының өзі көмекке келеді. Зорлап иеді, қинап байлайды. Осыным қалай бол­ды деп сәл ойланып тұруы мүмкін, бі­рақ аялдауға уақыт тапшы. Себебі, біздің жас­тарда бір асығыстық бар. Қалай да бас-көз­ге сабалап, шығарманың соңына қарай асы­ғыс тартып бара жатады. Бұл – шы­ғар­ма­ны тез жазып бітіру ниетінен гөрі, өзі ой­лап тапқан шешімге жетуге асығу. Әлгі, ақы­­рын айтып қоятын нашар шығар­ма­лар­дың көпшілігі осындай дегбірсіздіктен, шы­дамсыздықтан, тіпті, суреткерлік мі­нез­дің әлсіздігінен туады. Мәселен, сіздің са­ры майдай сақтаған жасырын бір түйі­ніңіз бар. Оған жеткенше әлі қанша заман, та­лай бет жазылуға, талай тағдыр өзгеруге тиіс. Жазушының қиялы соны (ақырғы ше­шім) ғана жете ойластырған. Ал олар­дың арасын жалғауға тиіс қаншама оқи­ға­лар сол жазу үстінде ғана ойластырылады. Авторға керек болғаны үшін ғана асығыстау ойлап табылған, амалсыз қосылған аралық оқиғалардың кемшілігі көзге көрінбей қал­майды. Немесе сөз арасында әлдебір проб­леманы айта кету ниеті. Шығарманы жан-жақты етуге тырысушылық. Нанымсыздау, тартымсыздау, жай ғана оқып өте шығатын мұндай сәттерді жас атанып жүр­ген қай жазушыдан да көптеп келтіруге бо­­лады. Жақында ғана жаңа жинағы шық­қан («Көршінің қызы») Қанат Әбіл­қайыр­дың бала кездегі ауыл адамдарының тәр­бие­­сі, балаға  еркіндік  бермейтін өзім­­­­­шіл­­дігі турасында айтатын тұстары бар. Бір кезде Бер­дібектің Қожасы айтып кеткен осы бір жайт авторға не үшін керек болды екен деп ой­лауға мәжбүр боласың. Жоғарыда айт­қан «алып тастауға қимаған» үзінділердің бір мысалы осы дер едік. Шығар­маны тартымды ететін оның негізгі сүйегі емес, осын­дай ұсақ-түйек сыртқы ди­зайн, алды­мен көзге түсетін әшекейлері емес пе? Ал ондай әшекейлер әлгіндей ниет­­тен туса аса сәтті бола қоймасы анық.

Біздің замандастардың әзірге бітіргені – өздерін жазып болып қалды. Енді жазып жатқандары да бар. Әркім өз туған жерінің ерек­шелігін, өз ауылының суретін салып, адамдарының салт-санасын жалпақ жұрт­қа әйгілегісі келеді. Өзі туған аймақтың ұла­ны ретінде сөйлеуге құмар. Тарихта қал­дырғысы келеді. Балалық шағының қа­лай өткенін, заманның қандай қиын бол­ғанын (өліара кезең) бала да болса се­зінгенін, есіне сақтап қала алғанын жет­кіз­гісі келеді. Жастар кейде қызығы мен қиыншылығы қатар өткен сол күндерге деген сағыныш пен махаббатын бір-бі­рі­нен асыра жазудан жарысқа түскендей әсер етеді. Бірі бала махаббатын, енді бірі салт-дәстүрді берік ұстанған, немересіне қазақы тәрбие берген, осындай болып (жазушы болып) қалыптасуына зор ықпал еткен ата-әжесін, бала күнде бірге ойнаған дос­та­рын, өз ауылындағы әлдебір ерекше тағ­дыр иелерін, ерекше типтерді жазуға ты­рысады. Әрине, адал ниет. Бірақ сол ба­ла кезде аңғарып едім деген жайттардың арғы жағында «сол заманда біз осылай өс­кенбіз», – деп, бүгіннің терезесінен қа­рап ақыл тоқтатқан автордың өзі тұрады.Жұрт­тың  бәрі жақсы көретін (қорған­сыз­дау, аңғалдау, тентектеу, т.б. жақсы қасиет­терге ие) сүп-сүйкімді балалардың жағым­ды об­разы кейде жалықтырып жібереді. Қа­ладан келген қыз басқа балаларды емес, соны (лирикалық менді) жақсы көреді, ауылдағы ең сұлу қыз да соның еншісіне тиеді, ауылдағы үлкендерге де аса ұнамды, бүкіл ауылдың жалғыз үмітіндей болып өсіп келе жатқан ақылды баланың қиял­дағаны да, армандағаны да, ғашық болғаны да, мұңайғаны (қорланғаны) да жансыздау шығып жатады. Бәріне ортақ кемшілік – бала кезде көрген суреттер, осыдан біраз уақыттар бұрын өткен оқиғалардың нақты суреті болғанмен, баланың психологиясы, дү­ниетанымы жоқ. Болса да ара-тұра асы­ғыс бой көрсетеді. Қалай үңілсеңіз де, бү­гінгі күннің биігінен қарап отырған үл­кен адам көз алдыңызды қалқалап, оқиға­ның ішіне кіруіңізге кедергі жасап тұрып алады. Ойыңды жетелер оқиғасы, «осындай еді-ау расында» дегізерлік әлдебір бай­қампаздықтар болғанмен, жүрегіңді қоз­ғап өтер сезім аздау. Бұл жағынан ал­ғанда біздің замандастар дәм татырғанмен, тойдыра алмаған аз астың бақауылы іспет­тес. Көрген өмірді, бастан кешкен жайды хатқа түсіру, сөз жоқ, игі іс. Бірақ сол игілік­ке же­ту­дің формасы мен аллегориясы әлсіз­деу. Жып-жылы басталып келе жат­қан әңгімелердің кенеттен басқа тарап­қа ауып, әлдебір мәселелерді қозғап кететіні немесе шолақ қайырымға ұшырай­тыны, бай­қағыштық қасиеті сүйсіндір­генмен, сөз­ге, жазуға түскенде өрекпіп, автордың өзі­не де тізгін бермей кететін эмоция, жазу­­­да ұстамдылық танытам деп кейіп­кер­лерін тым ақылды, кесек сөйлеуге мәж­бүрлейтін мінез жас жазушы атанып жүр­ген кім-кімді де айналып өте алмапты. Ба­­лалық шақтың тәтті (немесе керісінше) ес­теліктерін хатқа түсіруде, әсіресе, көп қа­лам тартып жүрген Бейбіт Сарыбай, Дар­­хан Бейсенбек, Қанат Әбіл­қайыр, Мирас Мұқаш сияқты авторлардың шы­ғар­машылығын шолып шыққанда ортақ са­рын осы түйінге келіп тіреледі. Бала ма­хаб­батқа сағыныш, бала шақты аңсау, ауыл баласының дүниені қабылдауы, ауыл мен қалаға деген ұқсас көзқарастар…

Жастардың өзін жазуы – әлгі ауылдағы сүй­­кімді баланың мектеп бітіріп, қалаға келуі­мен жалғасады. Бұл тақырыпта да ұқ­сас­тықтар аз емес. Ауылдың қызы – иба­­лы, қаланың қызы – қылтың-сылтың дей­тін әбден таптаурын болған тым бір­жақты көзқарас бар. Көп жастар әдебиет пен жазушылыққа ауылды дәріптеу үшін келгендей. Қалаға сыймай, бүкіл жақсыны ауылға таңып жүретін кейіпкерлер алдымен автордың өзі болып сөйлеп, діңкеңді құртады. Оқырманын сендірмек болып, есіле, егіле сөйлеп баққанмен, онысы шы­ғарманың жалпы болмысынан бөлектеніп тұрады. Себебі, ондай көңіл-күй шығар­ма­­ның өн бойында жоқ. Әлгі оқиғаға ав­тор­дың килігуі осындайда орын алады. Сал­қынқандылық таныта алмай жататыны да осы тұс. «Асфальтта өскендердің» қыл­­мыс пен ішімдікке, есірткіге бейім тұра­­тынын, ерте бұзылатыны жалаң айты­лады, әлсіз суреттеледі.Қалада жүрген боз­­­бала ауылын сағынып, туған жерін жыр­­­лап, өтірік толғанып отырып алады. Әй­теуір, ауыл – керемет, ауыл – ғажап. Мұн­дай жасандылау, жансыздау шығар­ма­ларды жан қинап, толғанып тапқан фор­ма мен мазмұн емес, бір сәттік көңіл-күйден туған өлеңге, балладаға ұқсатуға бо­лады. Жаттанды ақиқат, қарапайым бұл­жымас қағидалар сол күйінде жазу­шы­ның қаламына іліне берсе, толыққанды көр­кем дүниенің тууы қиындау. Бастан өт­кен әлгі бір жайтты басқа бір оқиғалармен синтездеу, дамыту, толықтыру жағы кем­шін. Бір кездері ірі-ірі күрескер, үлкен-үл­кен тағдырларды ғана жазатын, ұранға, жа­лаң пафосқа толы проза ендігі жерде қара­пайым адамдардың жан дүниесіне үңі­ліп, аспаннан жерге түсті деп, тақы­рып­­тық ауқымның кеңігенін айтушы едік. Енді бүгін қарасақ, сол бағытпен жүре-жүре ұсақтай бастаппыз. Үлкен тағдырлар, зор оқиғалар қарапайым кейіпкердің аузымен айтыла салатын көркейткіш, кү­шейт­кіш құралға айналыпты. Жеке бір әңгіменің арқауы боларлық кесек оқиғалар әлдебір шығарма ішінде өзіне лайық орын таппай, жүдеу тартып қағаберісте тұрады. Оқиға мен идеяны қор қылу деген осындайда айтылатын болса керек.

Қанаттың «Көршінің қызындағы» тоқ­қа түсіп өлетін жас баланың трагедиясы жол-жөнекейгі қалыпты бір оқиғадай ғана оқылады. Себебі, бала кейіпкердің емес, ересек автордың қабылдауы басым. Жазушы осы оқиғаға тереңірек мән берме­ген­діктен, бас кейіпкердің өмірбаянын то­лық­тырушы роль ғана атқарып тұрғанын ай­туымыз керек.Көлемнен қыспай, тағы да әсерлендіре түскенде, хикаят бұдан да тартымды бола түсер еді. Немесе бұл та­қырыпқа мүлде басқа бір әңгіме жазу керек еді. Мирас Мұқаштың үйінен мектепке әкеп сағыз, тағы басқа ұсақ-түйек­тер­ді сау­далайтын сыныптастары туралы айтатыны бар. Өкініштісі, айтып қана өтеді. Рас, солай еді ғой. Сіздің де, біздің де бас­тан өткен. Бірақ ұмытып кетіппіз яки мүлде ойламағанбыз. Жазушы өте дұрыс бай­қапты. Бірақ ол осы мәселені қалай айт­ты? Сіз әңгіме айтып отырған баян­дау­шының стилінен автор-жазушыны емес, автор-публицисті көресіз. «Ол кезде заман осындай болған!» – дейді. Шығарманың өзі айтпайды, автор айтады. Әңгімем тартымды бола түссін деген мақсатпен арнайы қосқан. Неге көркемдік деталь ретінде ен­гіз­беді? Осындай ойлар автордың осал тұ­сын түгендей отырып оқуға мәжбүрлейді де, жазушының негізгі айтпағы көмескі тартады.

Ойдан шығару дегенді – өмірде бол­май­тын, болмаған оқиғаны ойлап табу де­ген қатқылдау түсінік бар. Реализм бол­ған жайтты қаз-қалпында жазумен өл­шен­бейді. Ойдан шығару – оқиғаны аспаннан алып, құр қиялмен құрап шығу емес, өмір­де болған әр тараптағы оқиғаларды жинап-теріп, біріктіріп, қиюын келістіріп, тұтас сю­жетке айналдыру болса керек. Осындай­да жазушыға өмірбаян керек дейтін қа­ғиданың ақиқаттығына ден қоя түсесің.

Кедей өмірбаян – жалаңаш сюжет құ­ра­ды. Алда-жалда өз өмірінен алынған әл­дебір оқиға болса, жас жазушылардың соны айналып-толғанып жүріп алатыны бар. Оқырман назарын соған қарай аудара бергісі келеді. Бәлкім, түгелдей ойдан шы­ғарылған шығарма ішіндегі басынан өткен шын оқиға сол ғана болуы. Автордың өзі үшін аса қымбат, қимас сәт болуы… Немесе «Осыным бір тауып кеткен дүнием бол­ды-ау», – деп, өзіне көңілі бітіп, оқыр­ман елеусіз қалдырмасын деп, қайта айналып соға беретін шығар. Көргені мен түй­ге­ні аздау жазушы ғана өзіне сүйсінеді. Өзі ойлап тапқан оқиғаға, куә болған жағ­дайға жөнсіз елжіреп, өтірік таңырқап… Жал­ған эмоция оқиға мен кейіпкер көңіл-күйінің үндеспеуіне ұрындырады. Кейіп­кер­лер мұңаятын жерде мұңаймай, сон­ша­лық әсерлене қоймайтын қарапайым сәтте өп-өтірік таусыла сөйлейді. Болымсыз бір жайттарға оқырманнан бұрын баяндау­шы­ның өзі толқып отырады. Мұның бәрі өмір­ді аз білуден, айналасын аз бақы­ла­ғаннан.

Уақыт ұсынған өткір мәселелерге аза­маттық тұғырдан үн қату – әр жазушыға па­рыз болғанмен, бас салып шығарма жа­зып тастау – кемшілігі көптеу, қара­дүр­сін дүние тудырары анық. Публицистикалық тақырыптар көркем шығарманың бояуын қашырады,қиюын кетіреді. Көркем шы­ғарма құрғақ дидактикаға көнбейді. Көр­кемдік идеяны белгілі бір мәселені көтеру деп түсіну – автордың аяғын тұсап, құла­шын тежейтін тар шеңбер ғана. Мен мына­дай нәрсені көрсетем деп жазу – шығар­ма­ны жансыздандырып, тартымдылығын азайта түседі. Кейінгі толқын жазушылардан осындай балаңдық көп аңдалады. Жазушы өз көзқарасын оқырманға таңуға хақысыз. Ендігі оқырманға өмір жайлы, адамгершілік жайындағы құрғақ дәрістер, жаттанды пәлсапалар қызық емес. Бізге шығармашылықты тәрбие құралы дейтін түсініктен арылатын уақыт жетті. Азамат ретінде үн қатам деп, өзі ойлап тапқан ке­йіп­­керлердің бодауында кету, айтпақ бол­ған қасаңдау ойына жұтылу – автордың идея­лық тұғырының әлсіздігін көрсе­те­ді.

Бір дәуірдің өкілі ретінде алсақ, бүгінгі жас буын – заманына өкпелі. Өзі жазушы бол­са, бұл өкпенің қалыңдай түсері тағы аян.Осы өкпе шығармашылыққа ауыс­қанда, әлгі бала махаббат, сәби жүректі та­за болмыс пен нәзік сезімдердің орнын көңіл­сіздік басады. Сұрқай бір әлемге тап боласыз. Өмір туралы көңілсіз, күңгірт ойлар, қоғам жайлы жағымсыз көзқарастар алдынғы қатарға шығады. Мақсат Мәлік­тің өмірден опа, тіршіліктен мән таппай, ажал жайлы, о дүние туралы ойларымен қо­ғамнан безініп жүретінжұмбақ кейіп­кер­лері; Ерболат Әбікеннің жағымсыз, тіпті, жиіркенішті қоғамның бақайшағын қойып, жатырына  дейін тәптіштей үңіле­тін өкпелі, қатал лирикалық мені оқуш­ы­ның санасына ә дегеннен сұрқай аура орнатып береді. Әу баста қызығып оқи түс­сеңіз де, шы­ғарманы орталай күмән ояна бастайды. Тым асыра сілтейтіндей. Оқырмандарына ой тоқтатып, айналасын шолуға мүмкіндік қалдырмайды. Тартымды оқылатыны содан. Өкініштісі, қайта оқуға тартпайтыны да осы бірбеткейлігінен. Тез еліктіріп, тез жалықтыратын шығарма осындай бір жақтылықтан туады. Арман «26000 теңгесі» мен Ерболаттың 60000 теңгесі бір қарағанда үлкен мәселе көтеріп, адамгершілікті, мо­раль­дық азғындықпен қоса материалдық, тұрмыстық таршылық жайлы тол­ғана­тын­дай көрінгенмен, оқу­шының есінде көп қала бермейді. Себебі, ондағы оқиға мен кейіп­кердің жан дүние­сін, адамдардың сезі­мін, өкінішін автор­дың қоғамға, за­ман­ға деген наласы мен ашуы басып кеткен. Арманның «Ескі үй­дегі балалық», Ер­болаттың «Кездесу мен қоштасу» секілді бей­күнә әңгімелерін оқығанда әлгіндей ашу-ызаға толы шығар­малардың авторынан дүниені мүлде бас­қаша қабылдайтын жазушыны көресіз. Және осы соңғы жазушы – шыншыл, тартымды, сенімді.

Әлгіндей «қоғамға азаматтық көз­қа­рас­тардың» бодауында кеткен шығарма­лар­да елең еткізер үлкен тағдыр, зор оқиға болмайды. Бір кездері заманның ұраншысы болған шығармалар қазір оқылмай қалды деп, енді бүгін заманға қарсы ұрандаған шы­ғарма жазу да – науқаншылдықтың бір түрі. Көркем шындық осы екеуінің орта­сын­­да болуы керек. Ешкімге кектенбей, ешкімді жек көрмей салқын сабыр, жылы жүрекпен жазылған шығарма ғана ұзақ жасайды. Салқын сабыр, жылы жүрекпен сөйлерлік өреге жеткенше жастық эмоция басымдау бола тұратыны анық. Сондықтан да кешірімді.

Аты аталған, аталмаған қаншама жас­тың шығармашылығын жалпылама шолып шыққанда, кемшіліктерінің ортақ, маз­мұндарының сарындас екені бай­қа­лады. Тақырып аясы бір-бірінен ұзай қой­май­ды. Оның бәрін жазушылардың өз­де­рін жазумен шектелуімен түсіндіруге бола­ды. Мұратбек Алмасбекұлы, Рысбек Дәбей сияқ­ты қазақы тұрмыс пен көшпелі тірші­лік­тің қыр-сырына жетік замандас­тары­мыздың қазіргі жастар прозасының тақы­рыптық ауқымын сәл де болса кеңіт­кенін айтпасақ, тыңға түрен салып, шы­ған­дап кеткен ешкім жоқ екен. Дархан Бей­сенбек «Қылтұсауымен» мұхит асып қайтуға ты­рысқанымен, бұрынғы әңгіме­леріндегі шы­найылық пен ширақтық, жи­нақылық аз. Біраз бұрын жарыққа шыққан «Ми­мырт­тың» авторы романист Арман да әң­гімеші Арманнан әлдеқайда төмен жатыр. Эксперимент жасап жүр делінетін Алмаз Мырзахмет те әлі күнге нақты бір нәтиже ұсын­бапты. Өмірдің өзі­нен алып жазады деп соңғы кезде жиі ата­лып жүрген Қанат Ті­леухан туралы да то­лыққанды тоқтам айтуға әлі ерте Қай-қайсысының да  бірқа­тар  шығармалары туралы айтылған жылы пікірлер олардың жазушы ретінде толық қалыптасқанын көрсетпейді. Асса бірді-екілі сәтті қадам­дарына берілген баға ға­на. Ал жалпылама алғанда, қатарынан озып, оқшау көрінген жасты әзірге ешкім атай алмайтын сияқты…

Әбіш Кекілбаев Асқар Сүлейменов екеуі Мұқағалидың жаңа өлеңдерін оқыған соң, кешкі бақта серуендеп жүріп: «Екінші ты­нысы ашылыпты, енді оны ешкім тоқ­тата алмайды», – деп әңгімелепті…

Жастар шағын ғана өмірбаяндарын жа­зып болып қалды… Жаңа деңгейге өтер қар­саңда тұр. Екінші тыныс, жаңа дем ке­рек-ақ…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір