ЖАРЫС – БАЛАНЫҢ ҚАБІЛЕТІН АНЫҚТАЙДЫ
Алмагүл ЖҰБАНЫШОВА,
психолог
Балаға ойын керек. Балалар түрлі байқаулар мен жарыстарды үлкендер секілді салмақты қабылдамайды. Олар спорттық жарыстарға, ән байқауларына, көркем сөз оқу жарыстарына қатысуды қызық көреді және сол ортада жүріп шыңдалады. Жеңген бала өзін мықтымын деп немесе жеңілгенін осал деп ойламайды. Баланың психологиясын көбіне үлкендердің өздері бұзады. Жүлде ала алмаса, елдің көзінше ештеңе айтпағанымен, үйіне келгенде «пәленшенің түген баласы сенен озып кетті, сенің одан қай жерің кем» деген сияқты керексіз сөз айтып, баланың санасына жалған намыс ұялатады, қызғанышын оятады. Немесе аса қабілетті болмаса да жең ұшымен жалғасып, көп жағдайда баласына жүлде алып береді. Ондайда бала алдын ала жүлде алатынын біліп, дайындалып жүрген балаларға күле қарауы мүмкін. Мұндай психологияны да ата-аналар өздері қалыптастырады. Кішкентай кезінен баланың жігерін дұрыс жанып, намысын тура бағыттай білгеніміз жөн. Жас ұрпақтың жеңіске жетемін деп талпынған жігері жасымас үшін баланың дәл қай жерден қателескенін айтып, болашақта көп жеңістің боларын түсіндіре білген абзал.
Перзентін түрлі шараларға қатыстыру ата-анаға мақтан үшін емес, баланың қабілетін нақты анықтауға ғана қажет. Ал біздің ата-аналар көбіне тек орын алуды көздейді. Оның балаға кері әсер беретінін біле бермейді.
Қазір балаларға арналған байқау, жарыстың тым көп екені рас. Бір жағынан баланы осындай шараларға қатыстырып зейінін аудармаса, өзге жағымсыз дүниелерге қызығып кетуі мүмін немесе ойсоқты болады. Спорттық жарыстар баланы физикалық тұрғыдан ширатса, ән мен көркемсөз байқаулары ойын жүйелі жеткізуге бейімдейді, жадын шыңдайды, эстетикаға, сахнада өзін ұстауға үйретеді. Дегенмен, шегінен аспағаны абзал. Ин-теллектуалдық жарыстарға қатысу баланың жылдам ой-қорытуына сеп болады. Мұндайда жеңістің дәмін татқан баланың масайрамауына, жеңілген сәтте сынып кетпей, онысы үшін өзгені кінәламай өсуіне көбіне ата-ана жауапты.
ПІКІРЛЕР2