МУЗЕЙ МӘДЕНИЕТІ
Қазақ үшін өзекті тақырыптардың бірі – бала тәрбиесі. Балаға күніне бірнеше мәрте ақыл айтуға болады, алайда, құр ақыл айтудан бұрын оның тәрбиесіне, ертеңгі күнгі көзқарасының қалыптасуына әсер ететін тарихи орындар мен тарихи жерлерді апарып көрсетуді әдетке айналдырудың өзі – үлкен өнеге деп білер едім.
Әрине, музей қызметкері ретінде менің пікірім біреулерге субъективті болып көрінуі мүмкін. Алайда, баланы мәдени орындарға апарып, сол орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастыра алдық па деген сұрақ осы күні қай-қайсысымызды да мазалауы тиіс деп ойлаймын.
Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында шап-шағын ғана музейіміз бар. Жоспарлы түрде мектеп оқушылары жиі қонақ болып қайтатын бұл мекеменің есігі меймандарға әркез ашық. Кейінгі уақытта ешқандай жоспарсыз, ашық сабақсыз, балалар өз еріктерімен музей жаққа қуана келетінін байқап жүрміз.
Себебі, бұл маңда өлкенің барлық тарихы, материалды мәдениеті сақталған. Музейге келген бала дәл осыдан жүз жыл бұрын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте өзінің ата-бабалары қандай қару-жарақ ұстағанын, қандай киім кигенін өз көзімен көре алады. Жүз жыл бұрынғы тарихыңыз не, ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан, осы күндері Алакөлдің астында қалды делінетін көне қаланың сыры мен жырынан бастап, тәуелсіздік, бостандық үшін күрескен батыр бабаларымыздан жалғап, Алаш туын көтерген ұлт тұлғаларының тарихын іліп әкетіп, бүгінгі тәуелсіздігімізге дейінгі әңгімені дәл осы жерден ести аласыз. Музей ғимаратының өзі талай тарихтан сыр шертеді. Музейдің кіре берісіндегі сол қанатта орналасқан үй – бұрындары Лепсі уезінің бай көпесінің үйі болған екен. 1935 жылы бай-шонжарларды тәркілегенде көпестің үйін бұзып алып, қабырғасын осы маңға қайта қалаған. Оң қанатта орналасқан үй – Қызыл әскер штабының үйі болыпты. Осы тарихи орындарды сақтай отырып, аудан тұрғындарының сұрауы бойынша 1990 жылы музей құрылып, 1991 жылы тарихи-өлкетану музейіне 1993 жылы Қабанбай батырдың есімі берілді. Музейдің қазіргі ғимараты 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізіліп, 2011 жылы безендіру жұмыстары жасалған. Қазіргі кезде музейде 7 зал, 1 галерея бар. Табиғат залында – сұлу да бай өлкенің, айдынды Алакөлдің көрінісі бар коллаждар мен аң-құстардың тұлыптары орналасқан. Археология залында – ортағасырдағы Қойлық қалашығы мен Алакөл маңындағы Асусай жерінен табылған қыш бұйымдар орналасқан. Қабанбай батыр залында – Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Аңырақай шайқасының диарамасы, батырдың бес қаруы мен сауыт-дулығасының көшірмесі ұсынылған. Кеңес дәуірі залында – ұлт-азаттық көтеріліске қатысты қару-жарақтар мен қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер М.Тынышпаев туралы дерек бар. Ұлы Отан соғысы залында – ауданнан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен ардагерлерінің фотосуреттері, сондай-ақ, соғыс кезіндегі қару бөлшектері мен хаттар ұсынылған. Тәуелсіз Қазақстан залында – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың шығармалары, ауданнан шыққан атақты азаматтары мен жазушы, журналист Ә.Әлімжановтың еңбектері ұсынылған. Этнография залында – қазақ ұлттық мәдениеті және әр ұлттың костюмдері мен заттары ұсынылған. Ардагерлер галереясында – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Социалистік Еңбек Ерлері, ауданға еңбегі сіңген әр саладағы азаматтардың фотосуреттері көрсетілген. Бүгінгі күнге музей қорында 933 экспонат тіркелген.
Жазира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.