Қоршауы жоқ балкон (Әңгіме)

Жылына бір бас сұғатын жесір келіншек Анаркүл қызыл кірпіш үйдің атшаптырым балконында Алатауға қарап селт ойланып тұр екен, қасына жақын кеп сөз бастадым.
– «Шақырылмаған қонақ татардан да жаман», айтып келгеніңде ғой, бәрі мұнтаздай болатын еді, – деп, бір жыл бұрын шейіт болған күйеуінің құрдастығын алға сап шүйліге сөйледім.
– Не боп қалды, кетіре алмай тұрсың ба?!
– Жоқ, көршім шақырып қойып еді, алыстан әкесі келген екен, біз келгенше отыра берем десең, балдарға бас-көз боп…
– Сенің үйіңді күзетуге келген жоқпын, – деп, ол да күйеуі кетіп, жалғыз қалған жарым көңілін тіл безеп жария ғып жіберді, – қазір кетем. Сенен басқаның бәрі балконын қоршап тастапты. Сен неге?.. – дей бергенде, сөз ығытын түсініп, іліп әкеттім.
– Түрмеде өмір сүргім келмейді, тәуелсіздікті не үшін алдық…
– Иә… – ол желігі басылған жесір көңілдің желкені жығылғанын мойындағандай болды да, – мен кеттім, – деді.
Шынында, бес қабатты үйдің арасында менің балконым ғана жетім баладай боп жалаңаш тұр. Басқаның бәрі білектей-білектей темір тормен айналдыра қоршап, ат шаптырым балконды кеп-кең тіршіліктен бөліп тастаған. Тордың арғы бетінде күн май тоңғысыз жып-жылы болғасын ба, біреулер тапал орындыққа жайғасып сусын сораптап отыр, біреулер қарта соғып, преферанс сызып, құмар қандыруда. Бәрі тамаша. Балкон толы тамақ, темір тордың ар жағынан әркім себезгілеген күн сәулесіне мойнын созып қарайды, жылтыраған көздер күн нұрына құмар-ақ. Кейбір балкондар бума-бума жүк, қуыс-қуыстың бәрін құр қалдырмай түйіншек-буыншақтармен толтырып тастаған.
– Қой, кеттім, – деп құрдасымның әйелін шығарып салдым да, бесінші қабаттағы балконы қапталдас көршінің пәтеріне бет алдым. Жерге түсіп, қайтадан бесінші қабатқа көтерілдім, егер балконы ашық болса, аяқ-қолымды созып, томп етіп түсе салар едім деп бала күннен қалған қисық әрекет көңілімде бұлаң ете қалды.
Көршім Министрлер Кеңесінде жауапты қызмет атқарады. Ауылда қалған тоқсандағы әкесін қолына алыпты. Соның құрметіне қарсы есіктегі халық артисі әнші мен төменгі қабаттағы Бресті қорғаған батырды және мені қонаққа шақырыпты. Осындай ірілердің қатарына баласынбай өзімді қосқанына әрі таңғалып, әрі қуанып келдім. Менің де қатарға қосылғаным ба деген жып-жылы сезім бойымда жүйткіп жүр.
Ақсақал тоқсанға келсе де әлі тың екен. «Ассалаумағалейкүм!» – деп есіктен кіргенімде, «Әликімүссалам!» – деді де, – «қаланың емес, ауылдың баласысың-ау» – деп сөз айтып қалды. Сом білегі мен нән саусақтары «мен даланың адамымын» деп көзге ұрып тұр. Менен басқалар да еш кешікпестен уақтылы келіп, орындарына жайғасты. Халық артисі әнші кісі: «Әкемді көргендей болдым ғой», – деп көзіне жас алса, соғыс көрген кісі өзінің балалар үйінде өскенін, «Әке деген – мен үшін белгісіз болмыс», – деп айтып салды.
Дастарқанның алғашқы сөзін ақсақал айтты.
– Барым да, нарым да осы жалғыз балам – Эрнест. Кемпір болса, мені тастап кетті, енді қалған өмірімді осының қолында өткізем, – дей отырып, – бесінші қабат болса болсын, Алатауға жақыннан қарап, ауа жұтамыз, – дегенде, Бресті қорғаған батыр: «Таза ауаны елден бұрын ерте тұрып, жұтып-жұтып аласыз ғой», – деп әзілге шаптырды.
– Иә, ауылдың ауасын тоқсан жыл жұтып, топырақ татыған кермек желге мейірімімізді қандырып келдік. Алатау жарықтық тым жақын болса да, бұ жердің ауасы кірәсін сасып тұрады екен, – деп ақсақал бірден ақиқат сөзге көшті. –Анау зәңкиген 12 қабат қонақүйді осы жерге соқпаса болмай ма екен? Дәл алдында жарықтық Абай тұр, артында қазақтың кең Сарайы тұр. «Арман» деген кинотеатрмен екі араға сығылыстырып… жастардың арманын аяқпен жаншып… Соларға «қой дейтін қожа» жоқ па екен? Еттен алыңдар, – деп өзінің тәрелкесіне салып алған қамыр мен қара кесек етке білектей бес саусағын тигізді, – маған қарамаңдар, мен қолмен жемесем, ет жегендей болмаймын.
– Аға, сөзіңіздің бәрі дұрыс. Біз де осыны айта-айта шаршадық. Ешкім тыңдамайды, тәуелсіздік деген жақсы болды ғой, әркім білгенін істейді. Бұл да бір дәудің соққан құрылысы, елбасының сыныптасы дейді.
– Құдайда сыныптас жоқ, ертең бәріміз соның алдына барамыз. Қарашы, халық жұтатын ауаның бәрі 12 қабатқа келіп тіреліп тұр. Алатау жарықтық та бәрін көріп тұр, бір күні ол қозғалса… – дегенде, үй иесі Эрнест:
– Әкемнің сөзіне бір алып қояйық, – деп рюмкесін көтерді.
– Өздерің соғыстыра беріңдер, мен қазір бұдан қалғанмын. Елу жыл ел басқардым, соғыстырудан мүйіз шықса, маған шығар еді. Алып қойыңдар, – деген ақсақалдың сөзінен кейін апиын құйылған рюмкелерді әуелі жақын отырған халық артисімен, сосын, Бресті қорғаған батырмен, ең соңынан, өзімді осындай тұлғалармен рюмке соғыстыруға себепкер болған үй иесімен түйістірдім.
Бетіне сәл-пәл қызыл шырай үйірілген халық артисі арқасы қозды ма, әлде отырыстың әуенін басқа жаққа бұрғысы келді ме, орнынан шалт тұрып:
– Мен қарияға арнап, ән орындап берейін, – деді де, тамағын бір кенеп ап, – «Ер Тарғын» операсынан Тарғынның ариясы, – деп гүрілдеген даусымен дөңгелек дастарқанды жаңғырықтырып, әуелете жөнелді. Басқаны қайдам, менің көз алдымда Ер Тарғын жауға қарай жалғыз аттандап бара жатты, өйткені ішімде жауға бір атарлық оғым бар. Иә, Ер Тарғын әлі жауға қарай аттандап келе жатыр, өйткені опера ырғағына салған жырдың сөзі түсініксіздеу естіліп, тек ұлттық рухты көтерген әуеннің ырғағына елтіп отырмыз. Бір төмен құлдилап, бір жоғары әуелеп, батыр образын айшықтаған ария ақсақалға ауырлау тиді-ау деймін, аңтарылып біраз отырды да, «Мынау не деп тұр?» – деді күбірлеп.
– Ән ғой, көке, Ер Тарғын жауға қарсы шауып бара жатыр, – деп едім:
– Е-е, аман барып, сау қайтсын. Өзі де Ер Тарғын сияқты екен, – деп екі иығына екі кісі мінгендей сом денелі, тұлғасы мығым әншіге ішіп-жеп қарады. Сірә, батыр аттан түссе керек, әуелетіп барып, құйындатып келіп, әнді тұғырға қондырды да, оң қолын жүрегіне қойып, сахна рәсімін жасады.
– Аман бол, балам, – деді шал жан дүниесі анау айтқандай ләззат алмаса да, алғысын білдіріп.
– Осы Нарекеңдей халық артисінің өнері үшін бір алып қояйық, – деп үй иесі мөлт-мөлт етіп апиын құйылған тырна сирақ рюмкесін көтерді де, әншіге көрсетілген қошеметтен кейін өзі сөз бастады, – арамызда аты аңызға айналған, Бресті қорғаған Сауыт көкеміз отыр. Осы кісіге сөз берейік. Сөз сөйлердің алдында осы кісі үшін бір алып қояйық. Өзі бізбен көрші, астыңғы қабатта тұрады, – деп оймақтай рюмкесін сығымдай ұстады.
– Жиілетіп жібердің ғой, – деді шал жер ортасына кеп қалған перзентіне көз астымен қарап.
– Көке, қаланың заңы осылай. Қонаққа құрмет осылай жасалады, – деп әлгінде ғана сақал-мұртын сабындап қырып, беті жылтыраған үй иесі шоқша сақал, әкесінің алдында балаша ақтала сөйледі.
– Жөн екен, – деді шал ерніне насыбай тастап, түкіргіш іздегендей айналасына түртінектей қарап.
– Мен ешқандай да батыр емеспін, – деп шынашақтай еркек өршелене сөз бастады. Сірә, ішке үш қайыра түскен апиын ауызға ерік берсе керек. – 1941 жылы, 22 июньде ешкім де батыр болған жоқ, басқа түскенді көрді, – деп шаптыға сөйлеп кетті.
– Қаншадасың? – деді төрдің үлкені ақсақал шалт сұрақ қойып.
– Сізден тұп-тура он бес жас кішімін.
– Бала екенсің, – деді топырақ толтырылған қалайы түкіргішке ерніндегі насыбай суын шырт түкіріп тастап.
– Ол өзі демалыс күн еді, моншаға түсетін күн. Ол күні күллі солдат моншаға асығып отырады, біз таң атар-атпастан ыстық буға кіріп те кеткенбіз. Автомат тазалауға, танктер жуылуға қойылған. Өйткені жексенбі – көптен күткен демалыс. Соғысқа ешқандай дайындық жоқ, оның үстіне Гитлер жауызбен жасалған соғыспау туралы келісім бар. Сталин соған сеніп қалды ғой. Кәне, сол үшін бір алып қояйық, – деп рюмкедегі мөлдір суды лақ еткізіп тамағына құя салды. Кім үшін алғаны белгісіз, кәрі солдаттың көңілінде қаяу бар, адамзатқа сенбестік пе, әйтеуір, бір қара дақ көзге ұрып тұр, – Жуков Сталинге қанша рет ескертті, соғысқа дайын болайық деп. Сталин де өзінен басқаға сенбейтін күдікшілдің нағыз өзі ғой. Сенбеді, бұл арандату деп ала көзімен ата қарады. Ақырында, моншадағы солдаттар бомбаның гүрсілінен тыржалаңаш қашып шығып, селтең-селтең етіп, кірер тесік таппай жанталастық. Ол кезде ешкім де батыр болған жоқ, қорғанудың қамымен жүрдік. Тағы бір алып қояйық, – деп тырна сирақ жіңішке рюмкені сидам саусағымен қыса ұстап, тамағына төңкере салды. – Егер батыр десең, – деді екі иығы селк-селк етіп, – Бресті жарып кету туралы бұйрық шыққаннан кейін минометчиктер от пен оқтың арасында қып-қызыл қан боп жүріп, Брестке мина қойды. Нағыз батыр – солар. Біз қашып-пысып жүрдік. Оқушылармен кездесуде осыны айтып едім, сонан кейін ешкім мені шақырмайтын болды. Қорқақтар! Шындықты айтудан қорқады. Міне, бүгін сен шақырып отырсың, – деп екі иығы бүкшиіп үй иесіне қарап, сұқ саусағын шошайтып, бір нәрсе іздегендей болды, сөйтсе дастарқан шетінде сорайып тұрған бөтелкеге қол созып отыр екен. Еңкейіп, бес саусағын бүгіп-жазып бөтелкені ұстап, өзіне ғана құйып ап, тағы бір қылғытты. Ашырқанған жоқ, дәм иіскемеді. Дастарқанның ең жас қонағы менің де асқазаным шымырлап, тамағым бүлкілдеп қоя берді, бірақ сұрап ішу қанымда жоқ, жасыма да, тағдырыма да сай келмейді. Осыны сезгендей үй иесі Эрнест бөтелкені еңкейтіп, бәріне қайталап құйды.
– Мен сәл ауа жұтып келейін, – деді де, ақсақал орнынан тұрып, балконға қарай беттеді. Бәрі көзге көрініп тұр, ол тарам-тарам тордың ар жағында өркеш — өркеш боп маңқиған Алатауға қарап біраз тұрды да, тағы бір рет ерніне насыбай тастады. Бұл – дастарқан басында қалған кәрі-жас тырна сирақ рюмкені қайта соғыстырып, ащылап отырған шақ еді, іле ақсақал адымын санап басып, бері қарай келе жатты.
–Балам, – деді, – мынау атшаптырым балконды қоршамасаң болмай ма? Кең дүниені тарылтып… Мен де халық жауы боп қармаққа ілініп, торда отырғам. Торды көрсем, түрме келеді көз алдыма.
– Бүгінгінің модасы ғой, – деп әнші жөпелдеме жауап берді, – ұры-қары да аз емес.
– Әй, қайдам, бесінші қабатқа өрмелеп шыққан ұры жерге аман түсе қоймас.
– Ұрыға дауа жоқ, көке! Қазір ұрыға қошемет көрсетілетін болды ғой, – деді халық артисі, – қамалады да, кешірім сұрап, қаржысын төлеп, шығып кетеді. Көшеге түкіргендер мен әділін айтып, сөз сөйлегендер түрмеде отыр, – артистің де тілі күрмеле бастағандай.
– Соларды бұрынғыдай 58-ге іліктірер ме еді. Сталин қолы қан болғанмен ұрлық-қарлыққа қатаң қарады ғой, – деп шал орнына жайғасты. – Ол кезде дүние жинауға бәрі Сталиннен сескенетін. Бишара, бір шинелмен өтті ғой өмірден.
– Балконын қоршамаған мына бала ғана. 75 пәтердің ішінде осының балконы ғана аузы аңқиып ашық тұр. Батыр деп осыны айту керек, – өз батырлығын өзі мойындамай отырған мына кісі маған арнап тост бағыштап жіберді. Өзіме ұнамайтын көріністі осы кісінің тап басып отырғанына таңғалдым. Адам мас болғанда ешкімге есе жібермейді деген рас-ау, кәрі солдат та, сірә, шын көңілін жайып сап отыр. Өзім кейіпкері болған тосты түбіне дейін тартынбай алып қойдым да, осы отырысыма риза пейілмен айналама көзім жайнап, көңілім көк дөненге мініп қарадым.
Ұзамай үйді-үйімізге тарадық. Батыр көке екі аяғын тең баса алмай шайқалақтап қалғасын қолтығынан демеп, төменгі қабаттағы шаңырағына кіргізіп салдым.
* * *
Ажал айтып келмейді деген рас екен, бір түн өтіп, екінші күні атқан таңмен бірге тоқсандағы ақсақал бұ дүниені тастап жүріп кетіпті. Көрер жарығы таусылған шығар. Бесінші қабатта тұсаулы аттай боп отырғысы келмеді ме, әлде құжынаған көлігі көп жердің түтін аралас ауасы көкірегіне ауыр тиіп, тынысын тарылтты ма екен? Алатаудың ауасын бөгеп ұстаған 12 қабат қонақүйге көңілі толмай сөз айтып еді, әйтеуір, сол мамыражай отырыстан кейін жастыққа жантайған күйі басын көтермепті. Таңғы шайға шақырып келген ұлына: «Өтірік сөйлемей өмір сүрсеңдерші» деп бір ауыз сөз айтып, жүріп кете беріпті. Енді ақсақалды мәңгілік қонысына жайғастыру керек, күн болса – жексенбі, ақсақал әлі қаланың тұрғылықты тұрғыны боп тіркелмеген, елге алып кетуге онда да «екі туып, бір қалғаны» жоқ. Атбайлары жалғыз ұл түнде ғана бірге болған көршілерге қарап, көз жасын ірікті.
– Кеңсайдан қалай орын аламыз? – деді көрші болса да ағайыннан артық боп тұрған үшеумізге қарап.
– Аламыз! – деді қол басындай Сауыт көке өршеленіп. – Мен несіне ардагер боп жүрмін. Батыр дейсіңдер, қатын да, басқа да жатыр ғой Кеңсайда. Ақсақалдың жаны жәннатта болу үшін… Құй! – деп үйіріліп жиналып қалған үшеуге шегір көзін сығырайтып, айбат шеге қарады. Жалғыз ұл қаңғалақтап, сасып қалса да бөтелке әкеп, тығынын тыңқ еткізді.
– Шал үшін, әкеміздің жайлы жатуы үшін! Арамызда мұсылмандықтан хабардар сенсің ғой, аузың да, қолың да таза болсын! Сүйекке кіресің, – деп маған қарады да, қырлы стакандағы апиынды лекілдете жұтып ап жеңін иіскеді, – мен кеттім, Ардагерлер кеңесіне. Генерал Панфиловті де өз қолыммен жерлегем, – деп сөйлеп бара жатып, шалт кері бұрылды, – паспортын берші.
Жалғыз ұл Эрнест қолды-аяққа тұрмай киім ілгішке ілулі күртесінің қалталарын қармалап, әкесінің көне паспортын тауып ап қолына ұстатты.
Арада сағат жарым өткенде Кеңсайдан тағы бір қазаққа қара жер бұйырып, қабір қазыла бастады. Ең қиыны, шалды суға төндіру болды.
– Ет жақыны кім еді? – деді Сауыт көке әкесінен айырылып, әбіржіп тұрған жігітке сұқтана қарап.
– Жақын дейтін жақын да жоқ қой. Жанашыр болса, бесінші қабатқа көшіп келе ме?
– Онда басын өзім ұстаймын. Сен, қол-аяғын жуасың, – деді әншіге қарап. – Қорықпайсың ба?
– «Ер Тарғынды» айтып бердім ғой, – деді тегі момын әнші бірден батыл сөйлеп.
– Сен, су әперіп тұрасың, – деді маған қарап.
– Айтсаңыз болды. Мешіттен имам шақырайын, – дедім қолды-аяққа тұрмай.
– Имам қазір келеді. Анау-мынау емес, Ардагерлер кеңесінің штаттағы имамы.
Күн бесінге тақағанда көрші-қолаң мен Эрнестің әріптес көзкөргендері жаназа намазына сапқа тұрды. Бес қабат кірпіш үйдің алдында мұсылман салтымен өлік шығарып, соңғы парызды орындау үшін құрақ ұштық. Есік алдында тұрған мына бір дөңкиген қара «Джип» аяқ астынан оталып, жер дүниені ащы түтінге малып, жиналған жұрттың кейбірі аузы-мұрнын қымтап, әрі ысырыла бастады. Көрші-қолаңның біразы терезеден сығалап, біразы аяқ астынан болған көрініске торлы балконнан таңырқай көз салып тұр. Олар үшін көп қабатты үйдің алдында сап түзегендерді көру қызық секілді. Жаназа намаздан хабарсыз жұртқа қаралы үйдің хал-ахуалын біліп, көрші ақысын өтеп, көңіл айтып шығу деген ойларына кіріп-шығар емес.
– Мына мәшиненің иесі кім?! – деді жанұшырып жүрген Сауыт көке қаһарына мініп. Көзі қанталап, қызарып кеткен. Ардагерлер кеңесінен келіп, жаны тыншығаннан кейін де бір қырлы стаканды қылғытып жіберген.
– Әлгі замминистрдікі ғой, – дедім.
– Мұсылман ба, кәпір ме?
– Қазақ.
– Шақыр! Адам өліп жатқанын сезбейтін қандай робот!
«Джиптің» қою түтіні бұл кезде есік алдын түгел қармап, кейбіреулер тамағын кенеп жөтеліп, кейбіреулер беторамалмен мұрнын басып, саптан ысырылып, сырғақси бастаған. Сол сәт есікті серпіп ашып, сом денелі, иықты қазақ асығыс сыртқа шыққанда Сауыт көке әлгіні көріп, жағасынан алып, тарпа бассалды.
– Сен мұсылмансың ба, кәпірсің бе?! Неге көзіңді ашып қарамайсың?
– Чего! – деді анау одырайып. Көзі қанталаған кәрінің сұсынан сескенсе де, мінбеде сөйлеп қалған мінез-құлқын көрсетіп, – Мне не понятно, чего вам надо?! – деп орысшалап кетті.
– Әкет мәшинеңді!
– Чего!
– С тобой разговаривает полковник, щенок! – деп жұп-жұмыр жұдырықпен аузынан бір қойып, саусағына ілініп, салбырап тұрған кілтті жұлып ап маған ұсынды. – Мәшинесін үйдің артына апарып таста!
Анау «102, 102, у нас ЧП», – деп қалта телефонын аузына тақап, жыламсырап жатқанда Ардагерлер кеңесінен келген имамның қоңыр даусы естілді.
– Ал мұсылман жамағат, сап түзеп, бір-бірлеріңізге иық түйістіріп тұрыңыздар. Бүгін уақыты келіп, арамыздан қайтқан тоқсан жастағы ақсақал, – дей бергенде, бүйіріне 102 деп жазылып, ысқырығы жер жарған сары машина ентелеп кеп саптың артына тоқтады. Машинадан түскен майор шеніндегі біреу топты тықсырып кеп ең алдында тұрған Сауыт көкені байқап қап: «Жолдас полковник!» дей бергенде, шал шарт ете қалды.
– Сапқа тұр, мұсылман емессің бе? – деді сөйлеп тұрған имамға иек қағып.
– Марқұм қандай адам еді? – деп имам сауал тастады.
– Жақсы адам, – деп сап түзегендер шу ете қалды.
– Ешкімге қарызы бар ма еді?
– Жоқ, ненің қарызы, – деген дауыс естілді.
Беторамалмен аузының қанын сүрткен замминистр ғана сапқа қосылмай селтиіп жалғыз қалды. Екі көзін қатарда тұрған майор полисайдан алар емес.
* * *
Мен дәл соғыс басталған күні туыппын. Осыны Ұлы Отан соғысы дейміз, біздің әкелеріміз, Бресті қорғаған көкем айтқандай, «көппен көрген ұлы тойды» бастан өткеріпті. Егер Ұлы Отанымызды қорғасақ, неге біздің Отанымыз кезінде, 58-баппен жалған «халық жауы» боп атылған жазықсыздарды қорғай алмады? Отанымызға сырттай иелік еткендер біздің зиялылардан қорықты, бас жібімізді тартып алып, өздерінше отау тігіп кетеді деп қынадай қырып, көкірегінде сәулесі барлардың көзін жойып, санымызды азайтты. Біз бертінге дейін жалған Отанның көрпесін жамылып келдік. Бізді ешкім жаудан қорғаған жоқ, біз өз жерімізді өзіміз қорғадық. Сырттай иелік еткендер аштыққа ұрындырғанда да жерімізді уақытша қызылдарға тастап, сыңсып жылап, жат-жұртқа аудық. Сондықтан бұл соғысқа Ұлы Отан соғысы емес, екінші дүниежүзілік соғыс деп айдар тақсақ қайтер еді деп жүрегім бүлкілдеп, ойға шомып келе жатырмын.
Қос перзентім өмірге келіп, жиырма жыл ғұмырымды өткізіп, балконы әлі қоршалмаған шаңырағыма да жақындап қалдым. Қалалық атанып, ә деп есігін ашқан ескі мекеніңді қимайды екенсің. Ескі көрші ежелгі туысыңдай, әкесін қолымызбен жөнелткен Эрнест ағаны да көргім келеді, балконы қапталдас сол үйге кіріп шықсам деп те келе жатырмын. Әкесі қайтқалы жүздескенім жоқ.
Өз балконым көзіме оттай басылды, сол аңқау баладай аңқиып тұрған қалпы, тау жақтан соққан сылқым самал жайып қойған кір-қоңды бүлкілдете тербеп тұр. Басқа балкондар темір қоршаулары тот басып, кейбіріне бармақтай-бармақтай дақ тұрып көнере бастапты. Анау тілінен тауып, Сауыт көкеден жұдырық жеген замминистр темір тордың ішінен тағы бір есік шығарып, кең дүниені, тіпті тарылтып тастапты. Сірә, күндіз ашып, түнде құлыптап қоятын сияқты. Есік алдына келгенде тор-тор балконнан менің сұлбамды байқап қалды-ау деймін, Сауыт көке қолын көтерді де, «тұра тұр» дегендей, жіңішке білегін кейін сермеді. Сосын: «Қозғалма!» – деді өзіне тән бұйрық раймен дауыстап. Бұйрықты орындау керек, ереже солай. Сонда байқадым, менің ашық-шашық балконымда темір-терсек пен дүңкиіп электросварка моторы тұр. «Е-е, белгілі болды, сатып алған жаңа тұрғын жасауы жоқ жапандағы жалғыз үй болмай, кең дүниені қоршайын деген ғой». Іле Сауыт көке шықты да, сидам алақанын ұсынды. Көптен көрмеген қимас кісіні құшақтап, иық түйістірейін деп едім, салқын сәлемдесті де:
– Балконыңды көріп кетейін деп келдің бе? – деді көзін сығырайтып, сұрау сала сөйлеп, – Мұсылмандықтың белгісі бар жалғыз балкон еді, оны да анау көшіп келген маубас қоршайын деп жанталасып жатыр. Адамзатқа сынықтан басқаның бәрі жұғады. Күні бойы зырылдатып темір кесіп, миымызды шағады. «Бұл неге керек?» десем, «Ұры көп» дейді. Балконды қоршап, ұрыдан құтылам деп жүр ғой. Жердегі ұрылар жетіп-артылады емес пе? «Сіздікі де қоршаулы тұр ғой», – дейді менің тезегіммен жасты нәлеті қитұрқыланып. Маған Ардагерлер кеңесі үйді қоршауы бар балкон күйінде силады. «Осының керегі жоқ» деп едім, тыңдамады. Әлгі сенің жаңа тұрғының: «Сізді ұры-қарыдан қауіпсіздендіргені ғой, біз әлі жаспыз, бізге де жан керек», – деп мені келеке қылғысы келеді. Өзі ұры-қарымен күресіп жүрген антикор сияқты. Мейлі, «әзілің жарасса, атаңмен ойна». Ал әлгі мен аузын бұзған замминистрдің баласы осы жердегі тұрғын үй басқармасының бастығы екен. Әкесі де, баласы да мені көрсе теріс айналады. Білгендерін істесін!
– Көке, бүгін соғыс басталған күн, – дедім сөзін бітірген соң.
– Иә, сондай күн.
– Әрі менің туған күнім, – деп едім:
– Жүр, сыралатайық, – деп алға озды, – соғысты ала келген баланың туған күнін атап өтейік.
Екі сөзге келместен үйге тиіп тұрған сыраханаға бет алдық. Енді балкон туралы сөз болмаса екен деп зәрезап болған тақырыптан қашқақтап келемін.
– Сенің балконыңды көрген сайын өзіңді ойлаймын, – көкем бір саптаяқ сыраны жартылаай сіміріп сап, тағы да көне тақырыпты қозғады. – Осы балконы бар үйден менің де кеткім кеп жүр. Өз-өзімнен тұншығып жүрмін. – Сыраның қоймалжың көпіршігі саптаяқ түбіне шөгіп қалды. – Қайталайық.
Ағаш бөшке жаққа бара жатқанда ту сыртымнан көз алмай қарап қалды. Құдай біледі, не соғыс басталған күнгі Брестегі жанталас, не темір тормен қоршалған қыздың баласындай қатарласқан балкондар көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр.
– Соғыс басталған күнді айтыңызшы, – дедім қайтып кеп қатар тұра қап.
Ол саптаяқтың бетіне үйіріліп қалған ақшыл көпіршікті ернін шүйіріп бір үрлеп тастап, мінбеде тұрғандай жұлқынып сөйлеп кетті.
– Соғыс деген ойыншық емес. Соғысты есуастар бастайды. Соғыстың бетін әрі қылсын! Соғыс сенің туған күніңмен бірге кетсін! Тарт қолыңды, Вьетнамнан! Долой, Афганистан! – деді де, сусынды тамағы бүлкілдеп сіміргенде саптаяқ кенересінде жағал-жағал боп ақшыл көпіршіктің жұғыны қалды. – Тағы бір қайтала да, үйіңе қайт, қоршауы жоқ балконнан шыққан бала, – деп нән бөшкеге қарай иек қақты. Көпіршігі асып-төгілген саптаяқты алдына қойғанда маған жаңа көргендей ішіп-жеп қарап:
– Енді үйіңе қайт. Бүгін туған күнің ғой, бірақ соғыстың басталған күні екенін аузыңа алма! – деді қалш-қалш етіп. – Тез жөнел! – қатқыл дауыстан кейін «Мылтықсыз майданда жеңіске жете алар ма екенбіз» деген естілер-естілмес сөз артымнан ілесіп келе жатты. Жалт бұрылсам, саптаяқ сабынан бес саусағын босатпай қалш-қалш етіп тұр екен.
Мен кеттім. Ол да ұзамай үйіне келіпті. Табалдырықтан аттай бере балконға орындық қойып отырып ап, жіңішке темір қоршауды күшке сап майыстырып, адам басы сиярдай саңылау жасапты. Қос қолы тот басқан темірді майыстырған күйі қарысып қалыпты.
Қуандық Түменбай