Ақ көбелек (Әңгіме)
02.06.2023
2464
0

Бұларды кейде жебеуші-періштеге балайды.
* * *
Ығы-жығы қала көшелерінде жүйткіген жедел жәрдем көліктерін күнде көрер еді. Алматыдай алып шаһарда жүрек талмасы ұстаған немесе толғақ қысқан, қат­ты жарақат­танған, күйген, уланған дегендей түрлі жағдай жиі қайталанып жатпай ма. Осыларға дереу қол ұшын созуға ұмтылатын дәрігерлік бригаданы жұрт­ты өлім-жітімнен құтқарушы құдіретке ұқсататыны жоқ емес.
Бірақ белгілі шақыруға асыққан бұлардың да қалың кептелісте сарнаған сиренасы төбе құйқаңды шымырлатып, ышқынып тұратын кез­дері бар. Кейбіреу бұлардың да жолын кес-кестеп, қия бастырғысы келмейді. Әдейі істей ме?.. Неткен қасақылық! Әлгіндей ауыр ахуал өз басына түссе қайтер еді?..
Арагідік осындайды байқап жүретін Ерғозы күндердің күні сонау көліктің бірінде мен де отырармын-ау дегенді қаперге алмапты. Апақ-сапақта бәзбір бұзақының пышағына ұрынамын деп кім ойласын.
Мамырдың мақпал кешінде немере інісі Мәдікен екеуі қонақтан шыққан соң сыңсыған қарағаш бағын өздері туып-өскен Қарқаралы қарағайларымен салыстырып, абыр-гүбір әңгімелесіп келе жат­ты. Айнала төңіректе хош иісі бұрқыраған бөртегүл мен шырша да мол.
Қараңғылық қойнауында қос қапталдан төнетін әлсіз шам жарығынан жанары жарқылдаған ағайынды екеу киімі ағараңдап, сонадайдан ерекше көрінеді. Биік тал-дарақтың арасын қақ жарған жалпақ дәліз іспет­тес аллея бойында жүргінші қарасы сирек. Түнерген бұлт­ты аспан майда самал құшағында мүлгіген ну тоғайға самарқау қарап қоятындай. Ел аяғы басылған тымық шақ-тын. Тек алыстан естілер-естілместей ақырын сылдыраған жылға үні құлаққа жетеді.
Әлден мезгілде тұстарынан дабырлап өте берген жастар тобы арасынан біреу темекі сұрады.
– Шекпеуші едім, – дейді бұл бас шайқап.
– Немене жүз жасамақ ойың бар ма?
– Әлбет­те!..
Күле жауап қатса да, мұндай сөзді уыт­ты әжуа деп түсінді ме, кілт едірейе қараған әлгінің жолдастары ду ете қалады:
– Ха-а… Қарай гөр мынаны! Басына бәле тілеген сорлы ғой…
Еліріп, ұрынарға қара тап­пай келе жатқан масаң жігіт­тер екенін сонда ғана аңдайды. Ішкілік кісіні кейде жынды қылып жібермей ме.
Сонау алғашқысы соқтығуды жалғастырып ежірейе түсті. Тұрпаты Ерғозыдан ірі емес. Орта бойлы ғана. Алакөлеңкеде милығына баса киген қара бейсболка астынан шығатын зәрлі үні сұмдық озбырлығын аңдатқандай:
– Аяған шылымыңды шайнатып жегізейін бе өзіңе осы, а?!
Жасы отыз төртке енді іліккен мұның да өрлігі бір басына жететін. Әуелдегі сөзін нығыздап және қайталады:
– Өй, айт­тық қой, бауырым… Тартпаймын мен темекі!
– Аһ-һ, сүмелек… Бірдеңе дегісі келеді-ей тағы өзі!
– Е, баршы жөніңе, айналайын…
Сол-ақ екен, үш-төртеуі тарпа бас салып, жабыла кет­ті. 
Лезде ширыққан бұл да тайынған жоқ. Шыр айналып қорғанысқа көшіп, өзіне қарай өңмеңдеп баспен сүңгіген біреуін ә дегенде-ақ сатыр еткізіп қалпақтай түсірді. Әйткенмен, көптің аты көп, жан-жақтан қаумалап, адым аштырар емес. Апыр-топыр аяқ дүбірі мен сарт-сұрт жұдырық дыбысы бірер минутке созылған.
Ең ғажабы, ырсылдап, өршелене шабуылдаған топ бір кез­де кейін серпіліп, бытырай қашады. Осы сәт­те бұл сол жақ бүйірінің жып-жылы болып кеткенін сезінді. Одан сұр шалбарының бір балағы мен ап­пақ футболкасының етек тұсы демде қара түске боялып, шылқылдап қоя бергенін байқайды. Денесіне пышақ тигенін түсінген. Ет қызуымен аңдамапты. Жарақат орнын алақанымен жапқанмен, атқылаған қанның ішке кетуінен де сақтанып, қат­ты абдырады. Тіпті бұрқылдап, күшейіп барады. Аяқ астынан басталған төбелес сәтінде сасқалақтап кейін шегінген студент інісі аңырып, анадай жерде тұр.
Бір уақыт­та жарадан ауырсынудың орнына маңдайы жіпсіп, тұла бойы балбырай бастағанын аңғарған Ерғозы айғай салды:
– Мәдікен! Дәрігер шақыр! Тез!..
Кітапқұмарлықтың пайдасы шығар, қансырап өлу – ең жайлы ажалдың бірі дегенді ертеректе оқып қалғаны бар-тын. Адам ондайда бойы бусанып, біртіндеп рахат­танып, ұйықтап кететін көрінеді.
Зәресі ұшты. Мән-жайды ұққан бауыры апалақтап, телефонына ұмтылады. Әйелі Жәлила сегіз-тоғыз жасар ұл мен қызды ертіп елдегі жақын туыстың тойына ат­танған-ды. Өзі жұмыстан босай алмай, мына бауырымен үйде қалды.
Келіншегі мен балаларын вокзалдан көңілсіздеу шығарып салып еді. Тіпті жол бойы өңі сазарып, қабақ ашпапты. Кейде адамның жігерін жасытып, еңсесін езуге аңдаусыз айтылған әзіл де жетіп жатпай ма.
Басшысынан сұрануға кірген әйелін кеңсе албарында тосып тұрды. Шыға бергенінде ауыздағы турникет­тің таяқшасы зайыбының етегін іліп көтеріп, жамбасын жарқ еткізгені. Жұртшылық алдында ыңғайсыздау сәт туындап, қызарақтаған Жәлила, сасқаннан ба, сақылдап күледі:
– Көтек! Бір жерімізге кіріп кетер ме екен мына пәле… Қызығын енді көреміз бе деп жүргенде…
Күзет қызметкері бастаған төрт-бес еркек ыржалақтап, мәз боп жатыр. Сөлекет сөз күйеуінің жан-жүрегін қияқтай осып түскенін қайдан білсін. Бұл іштей жиырылып, қат­ты қабаржиды. Жолдасының қалжыңын жеңілтектік, тіпті опасыздық, сатқындық белгісі деп қабылдапты.
Енді, міне, соған қабат­тасып, бүйіріне бодау қадалғанын көрмейсің бе… Арада үш сағат та өткен жоқ-ау…
Құдай қарасқанда, жедел жәрдем машинасы жылдам жеткен. Демалыс күні көшелердің біршама босай қалғаны да абырой болғандай.
Мәдікен жарақат­тың ауыр екенін барынша түсіндіргендей – зіңгіт­тей екі фельдшер қатар келіпті. Суық қарудың іркесе-тіркесе екі жерден сұғылғанын сонда білді. Екпе жасалған-жасалмағаны есте жоқ, әйтеуір дәрігерлер қанды қолма-қол тоқтат­ты да, жатқызып алып, ауруханаға ала жөнелген. «Ағаңның қайда орналасатынын білгенің жөн шығар, өзің сосын қайтарсың», – деп інісін қоса мінгізіп әкет­ті…
Алты қабат­ты сәулет­ті аурухананың сенегі де даңғырадай кең екен. Тұс-тұстан салбыраған әйдік люстралар ғимарат­ты самаладай жарқыратады. Іргені жағалата қойылған қыш құмырадағы жапырағы сойдиған нешеқилы өсімдік көз тарт­ты. Дәлізде әрі-бері жүгірген бірді-екілі қызметші қыздан өзге бейсауат жан көрінбейді. Тек мұны түптегі тепкішек биігінде состиып және екі маман күтіп тұрды. Бұлар да ер азамат­тар. Бірі Ерғозы қатарлы да, екіншісі зейнет жасына таяған кісі сияқты.
Мол спирт­тің ішінде жүретін кейбір хирургтердің операциядан соң шаршау­ды басу үшін аздап ішетінін естуші еді. Мына ақсақал да сол сәт қызулау көрінген. Жеткен бойында пышақ кірген қуысқа сабаудай қос саусағын бойлата тығып, ішін әрі-бері жыбырлатып тексеріп көрді де:
– Ә, өле қоймайсың. Қорықпа! – деді ыржиып.
Бұл аралықта папкасын қолтығына қысқан полиция өкілі де сап ете түсті. Ол амандаса сала оқиға қалай, қандай жағдайда өрбіді деп Ерғозыны сұрақтың астына алады.
Одан ахуалды жазбаша баяндап, тиісті орынға арыз беру қажет­тігін айт­қан.
– Ештеңе жазбаймын. Әйтеуір өлмейді екем ғой! – деп бұл ащы жымиды. – Тірі болсақ Алла Тағала әлгі ит­термен тағы бір жолықтырар… Көрерміз сонда!
Жақ сүйегі бұлтылдап, тісі шықырлап кеткен жігіт­тің ызбарын аңдаған полиция абдыраңқырап қалды:
– Жарайды, жарайды… Өзіңіз біліңіз… Әйтсе де біз істі аяқсыз қалдыра алмаймыз. Бақтағы камера таспаларын тексеруіміз керек. Сол себепті сізбен әлі де жүздесетін болармыз. Ойланарсыз.
– Мейлі. Уақыт көрсетеді.
Сөйткенше екінші дәрігер белуардан жалаңаш жүрген мұны қызылала футболкасын қолына ұстатып бөлмесіне ертіп апарып, тікесінен тік тұрған бойында жуан шприцпен кеудесін піскілеуге кіріседі:
– Өкпеге ауа кеткен! Тазаламаса болмайды…
Инені сұққан сайын жанын көзіне көрсетіп, арқа жағынан да, алдыдан да кезек-кезек ұзақ сорып, жарты литрлік банканы қан мен жын аралас көбікке толтырды.
Одан рентген ап­паратына түсірген соң күрделі ота жасауға тура келетіні мәлім болған. Қарудың өкпені тесіп өткені анықталған-ды.
Мұндайды кім көріпті, дереу жетіп келген екі-үш медбике кішкене төрт дөңгелегі бар жылжымалы кереуетке жайғастырды да, шалбармен қоса бұт­тағы лыпаға дейін сыпырып алып, операцияға дайындай бастады. Тәнін алақанмен көлегейлеп, қолайсызданғаны-ай! Сәл соңырақ үстін жалаң қабат ақ жаймамен бүркеді-ау, әйтеуір…
Мыналардың қимылы не деген шалт, тірідей сойғалы жатқан жоқ па өзі деген үреймен: «Наркоз беретін шығарсыздар, ә?!» – деп сұрай бергені есінде. Қыздар денесін арнайы маймен сылап тұрып, әрнені айтып алдарқатып қояды.
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, бұрыннан түрлі отырыс-кештерде біршама масайғанмен есін тез жиюға әркет­тенетін әдеті бар еді; бәлкім, санасының сергектігінен де шығар, бұ жолы да анестезия уытынан жылдам айығып, серпілуге тырмысқан кезінде хирургтің қол қуатын сезінгендей болады.
Бірақ әрине, сол сәт­те дүдәмал күш иесінің кім екенін білуді былай қойып, не пәлеге ұрынғанын, қайда жатқанын парықтайтын жағдайы жоқ-тын. Қандауыр астында тұла бойы бір ысынып, бір суынып, аласапыран түс көргендей, ажалмен арпалысып, талықсып жат­ты. Ең қызығы, қайдан қаптай жөнелгені беймәлім, маңайындағы мың-сан ақ көбелек араша түсіп, өбектеп, денесін желпіп, жанұшыратын сияқтанған.
Буалдыр мұнар арасында елбелектеген осы қисапсыз қабыршақ қанат­тылар кенет жылтылдай шашыраған қып-қызыл от ұшқынына айналып кетеді. Осыған қарап даңқты Александр Македонскийдің құрбысы Таиси арумен қол ұстаса жүгіріп, қолбасшы нұсқауы бойынша парсы астанасы Персеполис қаласын өртеуді бастаған екенбіз дейді. Қанжоса ғасырлар тезі арқылы жалыны күйдіріп-жандырған алапат өрт ішімен қазіргі дәуірге дейінгі үш жүзінші жылға қалай өтіп кететіні өзіне де ұғынықсыз; тәрізі, алғашқы өмірім сол кезеңде өткен-ау деп топшылады.
Енді бір мезет көп көбелек жапалақтаған қарға жалғасқан; дүм орман ортасында оқ пен отқа кеуде төсеп, мұз жастанып, қар жамылған батыр Бауыржан дивизиясы жорықтарында жүрмін деп ойлайды…
Бұл – дәрігердің қолтық тұстан төстің астына дейін кереқарыс жерді қақ тіліп, өкпені суырып, ретке келтірген соң кесілген орынды мықтап қайта біріктіріп тіккен кезі еді. Ерғозы қаншалықты талпынғанымен ауыр наркоз әсерінен мұны да байыптай алмағаны түсінікті.
Әлден уақыт­та медбикелердің өзара сықылықтай күліп, ұзын дәліз арқылы кереует­ті сырғыта итеріп, басқа бір жайға әкеле жатқанын аңғарады. Өлім шегінген секілді. Жара жанға батып, көзінен қызылды-жасылды от ыршып, сонау ырғын көбелектің әлі де қалмай, ілесіп келе жатқанын түйсінетіндей.
Ақыры қызметші қыздар түкпірдегі күңгірт бөлмеге әкеліп тастады да жайына кет­ті.
Реанимация бөлімі еді.
Мұншалықты азапқа түсіріп қойған кімдер? Сонша неге қинайды?..
Қимылдайын десе аяқ-қолы таңы­лып, керулі жатқанын біле бастаған. Дем жетпейтіндей. Булығып, жөткірінгісі келгенде әлдекім көмейіне умаждап, жұдырықтай шүберек тығындап қойған секілденді. Айқайлатпауды көздеген-ау… деп долбарлайды.
Бір кез­де бұлдыраған көгілдір сағым, торғын тұман ақырындап сейіліп, себезгілеп таң атқандай әсер туды. Сонау көбелек қатары да жекелеп сиреп, тарқағанын аңдайды. Медбикелердің бірі қайта-қайта келіп қарайлап жүр. Алайда осыны не мазалайды, тілегі қандай деп ойлана қоймайды-ау; үстінен төніп тесіле қарап біраз тұрады да, қайқайып қайта кетеді.
Әсілі, қызметші қыздың енді өзіне ота жасаған әлгі хирургке ілесіп тағы оралғанында, назар аудартқысы келгендей, ышқына жұлқынған.
Медбике:
– Мына кісі бағанадан бері оянуға ұмтылып жатыр. Қызық! – деді дәрігерге аңтарыла бұрылып.
(Сөйтсе, бұл, шамасы, кешке дейін ұйықтауға тиіс екен ғой. Қыздың таңырқауына қарағанда, өз-өзіне әдет­тегі мөлшерден төрт-бес сағат­тай ерте келіп алғандай).
– Шеш! Шеш! – деді елулердегі дәрігер.
Қызметші бикеш «бұғаудан» босатып, аузына кигізілген кислород маскасын сыпырады. Мұның көмекейге кептеп қойған орамал деп ойлағаны ауа генераторы болып шықты!
Көзін ашқан бойда кереует тұсында сорайған штатив басында жылтыраған бүйірлі екі құтыны көрді. Осыдан көктамырға жіңішке түтік арқылы дәрі тамшылап тұр.
Адам қиын отадан кейін аңқасы кеуіп шөлдейтін көрінеді. Қызға алдымен осы жайын айт­ты:
– Қарындасым, бір жұтым су берші…
– Жоқ, аға, болмайды сізге су ішуге!
Дегенмен жедел басып шығып кет­ті де, сүлгіні дымқылдап әкеліп кеберсіген ерніне тигізді.
Мұндайға мейір қана ма; амалсыздан жалына бастайды:
– Айналайын, осы, өлсем өліп кетейін, тек таңдайымды жібітіп өлейінші!
Бикеш томаға көзін төңкере, алая қарап бас шайқап, бір шөлмек су берген:
– Ешкімге көрсетпеңіз!
– Жақсы, жақсы…
Әжептәуір кең бөлмеде өзінің жалғыз емесін байқайды. Кемінде, бұдан да өзге екі-үш адам бар. Қарсы жақ іргеде жатқан біреу:
– Сестра-а! Сестра-а-а! – деп талмай сарнаған.
Осы дауысты мұнда есін білмей келген кез­ден-ақ ести бастағанын түсінді. Сырқаты шыдатпағандықтан қақсайды, әрине. Қайтсін.
Әлден уақыт­та үні біртіндеп әлсіреп барып өшеді. Үзілген секілді…
Екі медбике тіреуіштен салбыраған тефлон түтіктерді қайшымен қидалап, түк болмағандай, мәйт­ті ортадағы есіктен әрі ың-шыңсыз жылжыта салған. Мүрдехана екен.
Өмір мен өлімнің арасы – қас-қағым ғана… Жан сақтау бөлімі мен моргті тек жұқа қабырға бөліп тұрғанын енді көріп, бойы түршікті.
Әйткенінше, қыздар шишаны ашуға үлгертпей, мұның да кереуетін түкпірге қарай сырғытады. Орнына бастан-аяқ дәкемен ораулы біреуді әкеліп жайғастырды. Үсті қызылала қаннан көрінбейді.
Сүтпісірім уақыт өтпей, оның да демі таусылды. Бұл байғұсты да дереу мәйітханаға жөнелтеді…
Қолындағы ыдысты қос қолдап ұстап, бақырайып жатып қазақтың «су ішерлігі бар» деген сөзі тілге оралды. Иә, тірі пенде тырбануын жалғастырады екен.
Алайда көлденеңінен тілінген кеудесі удай ашып, сыздап, қат­ты ауыр­тып, зорға шыдап жатқаны да рас еді. Осыны сезгендей медбике жетіп келіп, лып еткізіп екпе салып кет­ті. Тыныш­тандыратын нәрсе болуы керек. Ерғозы судың жартысына жуығын сүйсіне ішіп, сәл орталанған шөлмекті тығындап іргесіне жасырды да, жаны жай тауып, маужырай бастаған…
Бірер сағат­тай шамада сәбидей балбырап оянса, құлағының тұсынан әлдекім сыбыр-сыбыр етеді:
– Дядя-я… Дяденька! Я пить хочу-у!
Тура жанында айдай бір ару жатыр! Ақ жастыққа жайылған қолаң шашы бұрқырап, үздіге, еміне қарайды. Дауысының жағымдысын-ай. Жан тербейтін сиқырлы әуендей еліктіріп, соңынан мәңгі ілесе бергендейсің…
Тұңғиық мұң ұялаған аялы жанары мөлтілдеп, жәутеңдей түседі. Бұл да есін жаңа жия бастағандай. Қат­ты сөйлеуге дәрмені жоқ. Мына жерге қашан келген?
Ұлты орыс па десе, қасы-көзі – қарақоңыр. Үстіндегі ақ жайманың бір шеті салбырап жерге түсіп қалыпты. Өзі кіндікке дейін жалаңаш. Толықсып құшаққа сыйып кететіндей шағын денелі ғана бикеш. Бұлтиған омырауы аңқиып, уылжып піскен шиедей екі үрпі көз арбайды. Жұмақтың хор қыздары деген осындай-ақ шығар…
Алғашқыда түсім емес пе деп ошарылған. Одан тез жинақталып, қақпағын апыл-ғұпыл бұрап ашып, шишаны ұсынады.
Ақ білегі жарқ етіп шөлмекті алған қыз оймақтай аузына тосып суды аз-аздан ұрт­тап, ұзақ ішті. Одан:
– Уһ-һ-һ! – деді жүзі раушан гүлдей албырап.
Кенезең кепкен кез­де шөл қандырған қандай жақсы.
Ерғозы жайманы жап­паққа созған қолы тигенде от­тай алаулаған дененің лебі шарпып өткендей болады.
Қыз әнтек жымиды. Жалаңаштығына бола қымсынған жоқ. Ажал іргесінде жатқандықтан ба, мұндайда адамды ұят-аят деген аса алаңдата қоймайды екен.
Жөн сұраса, аты – Рута. Украин көрінеді. Жасы жиырма бірде.
– Есімің не мағына береді?
– Карпат таулары қойнауында өсетін қасиет­ті гүл дейді.
– Ә-ә…
Ерғозы оған түнде операция кезінде мың-миллион көбелек елестегенін айт­ты.
– Расында да, жағалай қоршап жанымды алып қалған солар ма екен. Осыдан кейін бұларды жебеуші-періштеге телитініне шүбәсіз сендім! – деді. – Міне, енді көрдің бе, солардың бірі адамға айналып қасымда қалып қойыпты!..
Мұны, бір жағынан, әзіл ретінде айт­қан еді.
Қыз аңыра қарайды. Әуелде сөз мағынасын ұға алмай қалған сияқты. Сонан кейін барып мәз болды. Ерғозының өзін тұспалдағанын түсініп, есі шыға шат­танды.
– Мен ғой сонда ол адам?!
– Иә, сол сен екенсің. Сенің кейпіңде кез­десіпті…
– Рас па?
– Рас. Екеуміз мынандай ыңғайсыз жерде кез­дейсоқ ұшырассақ та жүрегімді жылыт­тың.
– О-о, шексіз қуаныштымын!
Көзі боталап, зарығып ұзақ күткен адамымен жолыққандай, Ерғозының қолын аялай ұстап, кеудесіне қысады.
Одан бірталай үнсіз қалып, өзінің мұнда қалай тап болғанын түсіндірді. Сөйтсе, әжесі мұраға қалдырған қала орталығындағы үш бөлмелі үйді құрбы-құрдастарына «жуыпты». Кеш аяғында масайған екі жігіт оңашада зорлауға әрекет­тенеді. Солармен алысып қашып жүріп үшінші қабат­тан құлап кеткен. Әйтеуір, аяқ-қолы сынғаннан аман. Бірақ іш-құрылысы қат­ты зақымданған екен.
– Е-е…
– Айтпақшы, шишаны иемденіп алып­пын ғой, – деді жәудіреп. – Сіз де ішсеңізші!
Суды шөлмек аузынан кезек-кезек жұтып, өздерінің бір сәт неке суын бөліп татқандай кейіптерін аңдағанда екеуі де жайраңдай күледі.
Ерғозы бір кез­де Рутаның құлағындағы тит­тей ғана жақұт сырғасын ұстап көріп жатып сонадайдан шаншыла қараған әлдекімнің назарын аңдады. Босағаға сүйеніп Жәлила тұр екен. Жылап тұр.
Не ойлағанын кім білсін. Қапияда жараланып, мүшкіл халге түскен күйеуін аяды ма, әлде мұны тірі көргеніне қуанды ма…
Ауруханаға қатар келіп, түнделетіп таксимен қайт­қан Мәдікеннен жағдайды естіген бойда құстай ұшып жеткен беті сықылды. Осы сәт­те бөтен бір қызды сипалап жатқан Ерғозы бұл әрекеті үшін онша қысыла қоймады. Әйеліне деген өкпесі тарамаған-ды.
Наласы негізсіз емес-тін. Кейінде қосағының өзін аса місе тұтпай, сыртқа елеңдейтін ыңғайын аңдаушы еді. Сөз арасында әркім-біркіммен салыстырып отыратын әдет тапқан. Тіпті кейде «бағының жанбауын» осыдан көргендей, ұрыс-керіс бастайтын мінез шығарды.
Көрсеқызарлық, ниет­тің бұзылуы, ойды он саққа жүгіртетін әрі-сәрілік жүйкені жүндей түте бастамақшы. Ерғозы, тіпті мұндайдың біртіндеп, психикалық ауытқуға апаратынын білетін-ді. Зайыбының аузынан байқаусызда шыққан сонау сөз бүкіл пиғылын әшкерелеп бергендей болыпты.
* * *
Ауруханада бір аптадай жат­ты. Жәлила үйге жеңіл көлікпен алып қайт­қан.
Екі-үш күн нөсерлете төккен жауын енді ғана тыйылған сәт еді. Айнала-төңіректен әлемет ызғар еседі. Мұның да көкейінен әлдебір сыз кетпеді. Көңілдегі әралуан түйткіл тіке­нектей қажап, берекені алды.
Көз алдында шейіт болған сонау палаталас көршілерін ойлайды. Кейін білсе, бірі – өзі қатарлы азамат екен. Шебер радиотехник деді. Бүйрегі істен шығыпты. Жастайынан жабысқан дерт ғұмыр бойы діңкелетіп ақыры алып тынған. Екіншісі – қырықтан асқан жүргізуші. Жол апатына ұшырапты.
Біреудің ажалы – от­тан, біреудікі судан деп жатады. Өлім алдында патшаң да, пақырың да теңдес сияқты.
Мұндайда пышақ жарақатынан көз жұмған әйгілі Юлий Цезарьдың тағдыры еске түседі…
Ал Жаратушы Ерғозыны не үшін жазалады екен? Жанын да, тәнін де аяусыз осқылап, осындай жағдайлардан сабақ алсын дей ме, әлде қиямет­тің қыл көпірін көрсетіп тәубеге келтіруді діт­тей ме? Мүмкін күнәсі көп шығар…
Негізі, жараланатынын үш-төрт сағат бұрын өзі де сезгендей-ақ еді. Қалада тұратын жерлес ағалары Жәлиланың кеткенін білген соң Мәдікен екеуін кешкі асқа шақырған. Үйден шыққан жолда аялдама тұсындағы биіктігі белден асатын темір дуалдан екпіндете ырғып өтіп, автобусқа секіріп мінген-ді. Сонда: «Мұным не? Әлденеден құр қалғандай несіне шошаңдап кет­тім; пәле-жаладан сақтаса екен!» деп қуыстанды.
Ойлағанша болған жоқ қой…
Мынау қатыгез дүниеде кісі кеспірлі жауыздар жеткілікті көрінеді.
Қызық болғанда, көп ұзамай «Экспресс К» газеті Рута Н. деген қыз туралы жазыпты. Сонау реанимация бөлімінде айтылған әңгімені айна-қатесіз баяндаған. Қызға қиянат жасаған бұзақылар анықталды дейді. Осыдан соң Рутамен жүздесу ниеті туады. Тілшілер арқылы мекен-жайын сұрап білу үміті оянады.
«Қардың басын қар алар» дегендей, іштегі уыт­ты «умен» басу мақсатымен кештетіп маңайдағы кафеге кіріп, қараңғылау бұрыштағы үстелге жайғасты. Даяшыны таңырқатып, ешбір мәзірге қарамастан, соғыстан қайт­қан солдатша қырлы стақан толы арақ пен бір кесек қара нанға тапсырыс береді.
Расында да, бүйірімді тесетіндей Тәңірге сонша не жаздым дегенде, ішкілікке жуықтығы туралы ой жылт ет­ті. Аса салынбағанмен, біртартары бар еді. Ана жолы ағайдың үйінен өзі де шараптан татып шыққан. Сол секілді қыз-келіншек төңірегіндегі әлгіндей «серілігі» аса құптай қоятын іс емес-ау… Және мұның да анау албырт шақта абайламай біреулерді жәбірлеген кезі кез­дескені анық… Иә, өзге де қателік аз емес… деп түйілді.
Көз алдына Македонский мен Баукең кескіндері келеді. Қарап отырса, екеуі де ғұмырында үш мәрте некелесіпті. Қайбір жетіскеннен дейсіз.
Алдындағы екі жүз грамм зәһарға телміріп ұза-а-қ қарап: «Менің мұңым бұ кісілердің қасіреті қасында ойыншық шығар. Осы, жоқ жерден трагедия жасап алмадым ба; тым кінәмшіл болып кетпедім бе екем» деп күдіктенді.
Шынында да, мәселен, мұның қайғысы Македонский әскері мінген алып кемелерді қақпақыл ойнатқан сұрапыл толқындардың қасында немесе Таиси қойған сұмдық өртпен, яки Бауыржан Момышұлы өткерген алапат майдандармен салыстырғанда тозаң талшығындай болмашы нәрсе емес пе…
Арақты қағып салуға оқталды да тартынып, орнынан тұрып далаға бет­теді. Шықса, боп-боз ай бұйра-бұйра қою бұлт арасында ойға шомғандай оңаша дөңгеленіп, өз-өзімен сенделіп жүр. Неге екенін, Рутаны елестет­ті. Мүмкін ол да мұны елегізіп күткен шығар…
Осы өмірінде ондай сұлулардың біразы ұшырасыпты. Әрине, әрқайсының кеудеде белгілі із қалдырғаны өтірік емес. Тек бәрі баянсыз… Бәрі бір сәт­тік, бір мезет­тік алданыштай жалт еткен өте тұрлаусыз кез­десулер екен.
Көкірегі қарс айырыла күрсінді.
Одан қызды іздемек ойдан айныған.
Қайсыбірін іздесін.

Құлтөлеу МҰҚАШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір