«ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ – КЕЛЕР ҰРПАҚҚА АМАНАТ»
25 мамырда «Ғылым Ордасының» кітапханасында Әділет қоғамының қатысуымен аштық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Өткенге тағзым – келер ұрпаққа аманат» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Айтулы шараның шымылдығын Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахетов ашты. «Өткенге салауат айтып, дұға бағыштауды дәстүрге айналдырдық», – деп сөз бастаған басшы жиынға қатысушылардың барлығына ыстық лебізін білдірді. Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Қайдар Алдажұманов тарихтың тереңінен сыр шертіп, аштық тақырыбын зерттеу барысында кездескен жантүршігерлік оқиғалар жайында да айтып өтті. Қырғыздың Тоқмақ деген қаласында төрт қазақ келіншек жиырма күн бойы бала жегені туралы да азапты жылдардың енді қайтып келмеуі үшін, өткеннің қиянаты мен қасіретін еш ұмытуға болмайтынын сөз етті. Ашаршылық жылдарындағы қиын-қыстау кезеңнің қиыншылығын сөзбен суреттеген Қ.Алдажұмановтың баяндамасы өткеннің мұңын шерткендей болды. Қуғын-сүргіннің қасіретін баяндаған Әділет қоғамының басқарушы мүшесі Б.Қойшыбаев сөз соңында қазіргі таңдағы жас ғалымдарды осындай күрмеуі көп мәселеге атсалысуға шақырды.
Рахила ОРАЗҒАЛИЕВА.