ҮМІТІМІЗДІ АҚТАЙТЫН ҰСТАЗ…
27.05.2016
852
0

DSC_1436Қай ата-ана болсын, баласының ең таңдаулы мектепке барып, ең озық ұстаздың алдын көргенін қалайды. Үйдегі бала мектеп жасына жеткеннен-ақ, біз де, айналамызға қарап, жақсы мектеп пен үлгілі ұстаз іздестіре бастадық. Әсіресе, баланың қолына қалам ұстатып, әріп үйретер мұғалім бала жанына жақын, баланың өзі мұғалімді дос тұтар жан болса екен дескенбіз. Алматы қаласындағы жалпы білім беретін №109 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәулет Жанарбекқызы Құнафинамен таныстығымыз сол кезден басталған.

Сәулет Жанарбекқызы – 1993 жылы М.Мақатаев атын­дағы №140 мектеп-гимназиясында еңбек жолын бастап, 1994 жылы осы мектеп базасында құ­рыл­ған №148 қазақ бастауыш мектебін ашуға ат­-са­лыс­қандардың бірі. Дәл осы кезде жаңа буын оқу­­лықтарын оқытуда авторлар Т.Қ.Оспанов, М.Қо­санов, Т.Қайыңбаев, С.Рахметова, Ә.Жұма­баева, Р.М.Қоянбаевтармен бірлесе жұмыстар жүргізіп, бас­тауыш сынып оқушыларының білім алу мә­се­ле­лерін егжей-тегжейлі талдап, бірқатар мақалалар жазып, кітаптар шығарған жан. «Жаңа буын оқу­лық­тарындағы қиындық келтіретін жаттығулар жә­не оларды түсіндіру жолдары» тақырыбын қаузап, бір­неше материалдар жазып, осы сараптамалар не­гізінде жаңа буын оқулықтарының түзелуіне де сеп­тігін тигізеді.

Білім беру жүйесі мамандарының біліктілігін кө­теру және қайта даярлау институты шығарған «Бас­тауыш сыныптың 100 таңдаулы сабағы» кіта­бы­на да Сәулет Жанарбекқызының сабағы енгенін ер­­екше айта кету керек.

«Атамұра» баспасынан 2010 жылы шыққан 1-4 сы­ныптардың математика  оқулығы  бойынша «Мате­матикадан  бақылау жұмыстарының жинағын» құрас­тырған Сәулет Жанарбекқызының шәкірт тәрбие­леу­­дегі жетістігі сол – оның алдын көрген оқу­­шы­­лардың көп­шілігі аудандық, республикалық, халықаралық жа­рыстардан жүлделі оралып жатады. Мәселен, 2014 жылы 3 «в» сынып оқушысы Нүсіп­ахын Абылайхан ПОНИ Халықаралық турнирінің дипломымен ма­рапатталса, сол жылы өткен бастауыш мектеп оқу­шы­ларының «Бастау» халықаралық математикалық тур­ниріне тағы бір шәкірті, 2 «в» сыныбының оқу­шысы Ағзан Мансұр қатысып, ІІ-дәрежелі диплом, «Ақбота – 2014» интеллектуалдық марафонына қа­ты­сып 1 орын иеленген. 2015 жылы Алматы қаласы Бі­лім басқармасы МКҚК «Жас натуралистер стан­ция­сы» ұйымдастырған «Жетісудың таңғажайып жануары – Жайра» атты қалалық балалар сурет бай­қауына белсене қатысқаны үшін сынып оқушылары Жұмасыл Біржан мен Ағзан Мансұр алғыс хат ал­ған.

«12 жылдық жалпы білім беретін мектептің 3 сы­ны­бына арналған әдістемелік құрал»; «1-4 сы­нып­тарға арналған математикадан бақылау жұмысының жи­нағы»; «Қазақстан – мақтанышым» атты тәрбие сағаттарының жинағы» атты бірнеше әдістемелердің авторы Сәулет Жанарбекқызының, әсіресе, бала үшін үйренуі ауыр тиетін математиканы оқытудың өзіндік ерекше әдісі барын айтқым келеді. Жалпы, қазақ баласы математика, жаратылыстану пәндеріне икемді екенін мықты ғалымдарымыздың өзі айтып жатады. Ал олардың осы дарынын ашу бастауыш сы­ныптан басталмай ма? Сәулет Жанарбекқызының балаларға математика пәнін түсіндірудегі ерекше ынтасы – баланың осы пәнді оп-оңай игеріп кетуіне сеп­тігін тигізіп жүргеніне куәміз.

Күні кеше Сәулет Жанарбекқызының же­тек­шілігімен «Қыз Жібек пен Төлеген» операсын 4 «в» сы­нып оқушылары сахналады. Түсінген адамға опе­ра – оңай жанр емес, бірақ сол күнгі сахнада жан-тәні­мен беріле ойнаған балаларымыздың құлшыны­сы, сахнада өздерін ұстауы, ән шырқауы, сахнаның безендірілуі бәрі-бәрі көрермендердің көңілінен шықты. Бұл да ұстаздың бала жүрегіндегі өнер отын тұ­тата алуы дер едік.

Баламызды Сәулет Жанарбекқызындай ұстаздың қолына тапсырғанда үміт еткеніміз көп еді. Бүгіндері сол үміттер ақталып жатқанда, ұстазға деген ыстық ықыласымызды білдіргенді қош көрдік.

Қайырниса ЖҰМАШЕВА.

 

ПІКІР ҚОСУ