ТӘРЖІМА ЖӘНЕ ИНТЕРМӘТІН ІЗДЕРІ
Тәржіма тәпсірлеу ме?
Шетел тіліндегі аудармалардағы түпнұсқа мәтіннің құрылымын көрсетуге тырысып, тәржімалаумен шұғылданамыз. Әсіресе қазақ тіліне жасалған аудармалардың бүгінгі жағдаятына үңілмеске болмайды. Орыс, ағылшын, испан тілдеріндегі аудармаларға шүйліккен тәржімашыға түпнұсқаның да, поэзияның да басты ерекшеліктерін, табиғилығын қатаң қадағалау (қасаң емес. – Р.С) талаптары қойылмақ. Поэзиядан аударма жасау үшін сол тілді меңгеру, сол халықтың тілі мен ұлттық сана әлемін, интермәтіндік жүйесін жетеғабыл зерттеу қажеттігін білу өте қарапайым ғана түсінік. Тәржіманы (поэзияны) атүсті бірінші жақтан әуселеуге, асығыс науқаншылап абырой жинауға болмайтыны, әлқиссадан келе жатқан ұғым.
Аударма жасаушының машығын «ұштайтын» бірден-бір қажеттілік – бек тынымсыз еңбек. Бұл процеске жан-жақты білім мен тіл байлығының, жазу шеберлігінің қатысы орасан. Айталық, прозадан гөрі поэзияны аудару айтарлықтай күрделі. Тіптен кейде мағыналық тұрғысынан өрескел, бедері де бекерленген ағаттықтар да кетеді. Аударушының аталмыш тілді жақсы білуі немесе қолға алған түпнұсқаның мән-мағынасын өзі тәуір түсінуі, қолдан келсе, ғаламдық поэзияның ішкі заңдылықтарын жете игеруі психологиялық тұрғыда діттеген деңгейге жетуге құлшынуы болашақта өте көп нәрсеге кепіл болмақ. Сауал көп, жауап та мардымсыз.
Поэзияны аудару кезінде қойылатын қарапайым да қисынды шартты талаптарды орындау немесе оны жартылай болса да шашау шығармай жинақылап түсінетін дәрежеге жеттік пе!? Ең бастысы, түпнұсқаны нысаналап, дәлдеп ұстану, ұйқас пен ырғақтың қос тізгінін сәл теңшеу. Өлеңді қазақшалау кезінде сөздерді, поэтикалық тың ырғақты, сұң ләззатты мағыналарды қадағалауға қабілетіміз жете ме!? Өз сөздік қорымыздағы фразаларды (phrasіs) санамен саралай алмай жүрміз бе?! Аударма сәтті болған жағдайда оқырманның жан дүниесін байытып қана қоймай, қасиетті қазақ сөзінің құнын арттырарын сезінеміз бе?! Осының барлығын түсіндірудің, екшеп, ежіктеудің керегі де жоқ па?! Кім білсін?!
Аударматанудың өткен сәттердегі бергені мен болашақтағы бағыты туралы сөз қозғағанда жүйкеге қатты әсер ететіні: осы аударматануды пән ретінде елемеушілік және әу бастан филологиялық дайындығы мүлде шалағайлардың «тәржімасына» алдану һәм оған соқыр сенушілікке жол беріп алғанымызды байқап ауырсынып қаламыз. Аударма жасаушының сүркей таланты, сүлей машығы, сүме білімі стильдік бағыты ұштаспаса, түбегейлі нәтижеге жетуі күмәнді. Әуелі шалажансар, өлмелі шатпырақ, қоңсыған қойыртпақ, әйтеуір, шетелдік аты ғана бар ылғи шикі бірдеңелер орын алары сөзсіз.
Ең кереметі, коммунистік орақпен, балғамен төпештеген темір тәртіп бізге азаматтық соғыс, ашаршылық, ұжымдастыру, қуғын-сүргін, ІІ дүниежүзілік қанды соғыс, қырғиқабақ идеологиялық майдан, машақаттардың арасынан бүтін ғаламның жарты жағын ұсынды. Осының бәрі тағдыр еді. Болашақта бұның бәрі де шетелге аударылатын тарихи, әдеби «шикізат» ретінде пайдалы болады. Киносценарийлерді аудару жағынан да ептеп қоңданып келеміз. Көршілес Ресейдің кинофильмдерінің жақсы аударылған үлгілері де бар. Демек, Ресейде туып Парижде бақилық болған ғаламат талант Андрей Арсеньевич Тарковский (1932 – 1986) сынды таланттарды қалай аударып жүрміз?!
Бағзының үні
Бүкіл дүниені таңғалдырған зағип ақын Гомердің V ғасырдағы «Одиссея-Илиада» көнегректік поэмалары және ежелгі ортағасырлық эпикалық поэма-дастандардың түпнұсқаға «дардай» жақын нұсқалары қазақ тілінде де бірсыпыра бар. Атақты талғампаз ақын Ғафу Қайырбеков осы көне бәйіттеулерді қисса үлгісімен аударып шыққан (2003). Расында жүректі тұлға. Гомердің эпикалық ыңылдарын қазақ жырларымен салыстырғанда ішкі ұйқасының аздығы, буын санының өзі 18–20-ға дейін шырқауы, шумақтардың нөмірленуі, құдайлар мен жер-су аттарының қарадүрсін формаға келмейтіні, түсіндіруді талап ететінін тәжірибелі ақын Ғафекең шебер айырып, жете қайыра білген. Мысалы, «Өз қамыңды ойла сен. Сөзді жерге тастама». Одиссейден ақылды туған сонда жас бала: «Уа, сүйікті мейманым, – деді, – ақылың қонымды. Сеніменен сөйлестім, сөйлескендей кеммен. Жерге сенің сөзіңді тастамаспын бекер мен…» Осынау аса күрделі жырдың бірсыпыра нұсқасы гректің тілінен Ғафу Қайырбековтің қолтаңбасымен қазақтың руханиятына көшіп қоныс тепті.
Абайдың айшығы
ХІХ ғасырдың екінші жартысында, бүгінгі фонетика мен лексиканың жоқ кезінде қазақ әлемінде байырғы қазақтың абызы Балғожа бидің «үміт еткен көзінің нұры…» һәм сүйікті баласы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин (1841 – 1889) және ұлы Абайдың аудармалары жетті. Түпнұсқадан да асып түсетін жауһарлар.
Абай Құнанбаевтың Иван Крыловтан (1769 – 1844) тәржімалаған: «Қарға мен түлкі» (Көп жерде, қалқам-ай, құмарым тарқамай, Сені іздеп келіп ем…) және «Есек пен бұлбұл» – (Тойған есек шөпті оттап маңайдағы, Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы»), «Піл мен қанден» – (Көшеде піл жетелеп біреу жүрді, кім көріпті хайуанды мұндай түрлі…» мысалдары – аударманың озық үлгісі. Ұлы Абайдың тек осы бірнеше жолдағы шеберлігіне сүңгіп көріңіз!? Әсіресе Михаил Юрьевич Лермонтовтың (1814–1841) «Демон» дастанындағы аңызи әзәзілдікті ұтымды сомдауын айтып жатудың өзі артық. Ешқандай формаға бағынбаса да мағынаны ішкі драмалық образдарды қимыл-қозғалысымен ширатып, ойнатып тура тұтас кеңстікке қарай өргізе түседі.
Дюма мен Майн Рид
Тәржімагер барынша интепретация ұстанымына адал бола алса, аударма сәтті болады-ау!?. Демек, прозалық аудармада сәттіліктің пайыздық мөлшері тым жоғары саналады, әрине. Француздың жазарманы «Ұлы Александр» аталған әлемдік романтизмнің атасы, атақты жазушы Александр Дюманың (Alexandre Dumas 1802–1870) «Монте Кристо граф» (Le Comte de Monte-Cristo 1844), «Үш ноян» шығармалары Әбілмәжін Жұмабаевтың арқасында шебер аударылған. Жазушының көзі тірісінде естімеген құқайы қалмаған, қаншама бақталастар тарапынан «романның қабы» деп кекету мен мұқатуларды бір кісідей басынан өткерген. Ұлы Абайдың өзі оқыған «қара сайтанның баласы» А.Дюма 1858 – 1959 жылдары қазақтың даласына ат ізін салып, Еділ бойындағы Астрахан (Қажы Тархан) кентіне келіп қайтқаны да бар дейді.
Махаббат пен сүйіспеншілік, мәжнүндік тақырыбында, тіпті қым-қуыт оқиғаларды өрімдеп қалам тербеген, туындылары арқылы жасөспірімдердің сана-сезімін шыңдаған британдық жазушы Майн Рид Томастың (Thomas Mayne Reid 1818–1883) «Басы жоқ салт атты» шығармасын моңғолшадан оқыған едік. Бұл шығарма да 1972 жылы осы Әбілмәжін Жұмабаевтың аудармасымен қазақ оқырмандарына ұсынылған. Батыс түстіктегі Техас түземінде көрінген елес секілді сомбреро жел-телпегін жамылған біртүрлі құбылысты арқау еткен көркем шығарма қалай болғанда да қазақша сөйлетілген. Тақияға тар келмейтін тағылымды тәржіма. Майн Рид бүкіл ғұмырында 75 роман жазған ирландиялық мінәжаткердің ерке баласы еді.
Әбіш әлемінен
Әбіш Кекілбаев Карло Гоцци (Carlo Gozzi 1720 – 1806) есімді итальян жазушысы, өте күрделі ойлы драматургтің 5 перделі трагикомикалық қытай ертегісі желісімен жазылған «Туранбике ханшайым» атты көлемді туындысын аударды. Түбірімен ақ өлеңге құрылған әуезді рифмалы шығарманы қазақша шешен сөйлетудің хас шеберлігін Әбіш ағаның қарымынан, таңғажайып тапқырлығынан көреміз. Мұндағы ритм мен үн үйлесіміне зер салайықшы:
«…Алдиярым, Астарханның түбінде
Қарақұрым қалың жауға шыдамай,
Қолыңыз кері қашқанда
Жұртыңызды
зар қақсатқан тонаушы –
Хорезмнің сұлтаны
Опты келіп ой-қырды.
Жарақат пен қасірет
қоса қабат жайлаған
Жазған құлың Астарханға
тығылды…»
Әбіш Кекілбаевтың тәржімаларының ішіндегі кереметі – Ульям Шекспирдің «Король Лир уаңы» мен «Ромео және Джульетта» 5 перделі трагедиясы. Оқып отырғанда өткен дәуірдің құбыл сүгіреттері көз алдыңа келеді. Өзара өлермендікпен өшіккен Монтекки мен Капулеттидің кереғар қылықтары ғашықтарды қасіретке апарғанын суреттеген қарама-қайшы (контраст) жолдардың өзі қазақ көрермендері мен оқырмандарына етене жұғымды болғаны белгілі. Қос ғашық мәйітінің қасында тұрып бір-біріне қас болғандардың басараздығына нүкте қойылатын тұстағы (режиссура) қатаң бәйіттер керемет өрілген. Туындының төл интонациялық табиғи жағы да еш бұрмаланбай шебер әдіптелді. Оқып көріңіз:
«Сіздер келген бұл мәмле
кеш болмаса неткені,
Жылтыраған күннің
нұры бұлтты жарып өтпеді.
Әуелі біз сараптайық
ақылға сап қазаны,
Сосын барып ойласармыз
сіздер тартар жазаны,
Бірақ Ромео мен Джульеттаның
Оқиғасы азалы,
Жарық дүние көкірегінде
Мәңгі шер боп қалады»
Әбіш Кекілбаевтан бұрын да бұл шығарманы орыс жазушысы символист Борис Леонидович Пастернак (1890 – 1960) аса ыждағаттылықпен орысшаға аударған-ды.
Байронның өрнегі
Әлемге әйгілі лиро-эпикалық жанрдағы ғажайып поэмалар да қазақшаланды. Ағылшын ақыны Байрон
Джордж Ноэл Гордон (George Gordon Byron 1788 – 1824) жазған «Шильон тұтқыны» (1816) тағы да бізге дауылпаз ақын Ғафу Қайырбековтің тамаша аудармасы арқылы танылды.
«…Жан-жағын
Шильонның су қоршаған,
Тереңде, жер түбінде жеті баған.
Көгеріп, көпіршіген мүктер басқан,
Биіктен әлсіз сәуле құлайды оған…»
Мінекей, бұл – көлемді поэманың бір шумағы ғана. Осы жолдардың өзінен-ақ қасіретті бейне жанымызды осып өтеді.
Назымның назымы Жұмекенде
Назым Хикметтің (1902 – 1963) тырнақалды жинағы, «Күн жұтқандар жыры» (1928) сынды топтама өлеңдерін кезінде қазақтың аса талантты ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов (1935–1983) сәтті тәржімалаған еді. Назым Хикмет – 1950 жылы түрмеге түскен құрбан. Ерекше талғамды жаңаша жырдың сойы, ақ өлеңнің сүлейі: «Дүние, достар, жаулар, өзің және жер» деп аталған. Жұмекен марқұм оны:
«…Қытай менен Испания арасы,
Аляска мен Үміт мүйісінде сол,
Әр теңіз, әр құрлықта
қас-досым бар,
Оларменен тілдесем.
Достарым ол көріспеген ғұмыры,
бірақ біздің әрқайсымыз,
Өле аламыз бостандық пен
нан үшін –
адамзаттың намысы.
Ал жауларым менің қанымды ішсек
деседі безеріп,
Менің де ернім кетеді сонда кезеріп.
Менің күшім – жалғыз емес екенімді
сеземін.
Құпия емес мен үшін…».
«ХХ ғасыр» жырымен жырсүйер оқырманның есінде қалған шайырдың ғаламат туындыларымен осы замандық жаңа қазақ оқырмандары жақсы таныс.
Тәржімагер бикештер
Соңғы кезде де шетел қаламгерлерінен көркем тәржімалар жасап жүрген нәзікжандылар баршылық. Өсіп келе жатыр! Олардың бәріне бірдей асығыс баға беру әбестік болар. Әсіреүстірттік жасап, алаламау үшін бірнеше аудармашының өлеңдерін таңдап, назар аударсақ әрі бүгінгі қырағы оқырмандармен сыр бөліссек дейміз.
Жапонияның Аривара-но Нарихира (825–880) есімді ақыны және Фудзивара Садаиэ (1162–1241) сынды ғажайып шайыры болған бағзы заманда. Теңіз тынысты қос ақынның өлеңдерін қазақтың ғажайып ақын қызы Жанат Әскербек қазақша сөйлетіпті.
Аривара-но Нарихираданы:
«Жүрегімнің түнегінде
Адасамын үмітсіз.
Қайырымды адамдар!
Менің махаббатым
Өң бе, түс пе
бересіз бе біліп сіз?!
* * *
Қайта-қайта сұрай бергім келеді:
Сүйемісің сен мені?!
Бәрін білер мына жаңбыр не деді?
Бар болғаны
нөсерледі, селдеді…» – деп жырлатса, Фудзивара Садаиэні:
«Тәтті түсім, қайдасың сен?!
Мен келемін дала кезіп,
Төтеп беріп көп сынға.
Теңіз жақтан ескен желді
Сен жіберген жоқсың ба?..
* * *
Жел мінезді, алдамшы,
Сенің сөзің у боп тамды жүрекке!
Көз жасымда жанады ай.
Мен сияқты
толқындарға ғашық боп,
Бұтақтарын
мұңға малған қарағай…
* * *
О, тауларым, оңаша көп күндерде,
Жалғыздықтың көлеңкесін
таса ғып,
Жасырындым ғұмыр бойғы түндерде.
О, күміс ай, енді өзіңнен сұрадым,
Білесің бе кәріліктің ең ақырғы тұрағын?» – деп аударған.
Тағы бір тұтас жырдың ақиесі орыс ақыны Анна Андреевна Ахматова (1889 – 1966) – өз тұсындағы талантты ақын қыздардың көш басындағы тұлға. Тегі жағынан бойында татар-моңғолдың қаны бар (бәлкім, Шыңғыс ханның тұқымынан болуы кәдік). Әлемдік лиризмдегі ілкінді нәзік бояулы, Батыс пен Шығыстық жұлдызға айналған поэзиядағы құбылыс, сирек сүгіреткер ақын. Осы ақынды аударған – аса талантты ақын қыз Ақсұңқар Ақынбаба.
«Үстелдегі сағат тілі ымыртты көрсетіп тұр.
Ал ақ қағаз тынымсыз.
Бұршақ иісі жылы лебін жүгіртті,
Ай астында құстар ұшып жүр үнсіз.
Түнге қарай шашымды
өрем тастай ғып,
Ертең оның болатындай қажеті.
Терезеден қарап тұрмын теңізге,
Енді қайта мұңайтпастай өзекті.
Өтінбейтін мейірімді аңсаған,
Адам қалай билік ете алады!
Көтере алман ғасырымды
шаршаған,
Айтқан кезде ол есімімді налалы.
* * *
Қош айтысу қолымыздан келмейді,
Қаңғырамыз иықтасып көңілсіз.
Кешкі ымыртқа үнсіз батып
барамыз,
Сен ойланып, мен үнсіз.
Шіркеу барып, көзімізбен өткеріп:
Дұға,
Тәжім,
Некелердің мәресін.
Сыртқа шықтық,
Үнсіздікпен шектеліп,
Неге бізде керісінше бәрі осы?
Жеңіл дем ап қабірлердің басында,
Мамық қарда отырайық, ендеше.
Екеуіміз мәңгі бірге болатын,
Бір шатырды сызып жаттың сен кеше», – деп Ахматованың туындысына қазақша жан бітірген Ақсұңқар.
Өзінің көркем поэзиясымен көрініп жүрген «…өмір сөніп барады сөз ішінде…» деп өзіндік өріммен келген Роза Аспанқызының «47» атты жинағын оқыған едік. Поэзиясынан аудармасы да қалыспайтын әдеби позитивтік көзқарасы қалыпты ақын қыз тыңнан түрен тартып бара жатыр. Ол иранның мықты киногері Аббас Киаростами (Abbas Kiarostami 1940 – 2016) және ирландия жазушысы, ақын, драматург Сэмюэл Беркли Беккет (Samuel Barclay Beckett 1906 – 1989), тағы да ирландиялық ақын, драматург Уильям Батлер Йейтс (William Butler «W. B.» Yeats 1865–1938) туындыларын аударып жүр. Батлер
Йейтстің «Жүрек, сараң бол» өлеңін Роза былайша тәржімалаған:
«Сараң бол, жүрек, ғашықтықта:
Әр кезіккен әйел қайран қылады.
Мәңгілік жылуыңның көзін ашқасын,
Бар байлығыңды күлкіге
айналдырады.
Олардың әр сүйісі суытады сені
Сұлылығы өртер, білемін,
Сосын, барлығы түтіндей
таралып кетер,
Сараң бол дәйім, жүрегім.
Барлық әдемі еріндер өтірік айтады,
Махаббат ойыны осындай, көресің:
Соқыр, саңырау болғандар
жеңілуі хақ,
Ал жомарттық – ол сенің қасіретің,
Өлесің, жүрек, өлесің»
ештеңе қалмаған.
Талантты ақын қыздардың бірі Қарлығаш Қабайдың да тәржімадағы қарымы осал емес. Оның осынау тәржімалары төселген әрі тартымды. Әсіресе ХХ ғасырдың битникті («Beatnik» немесе Beatniks The Beats 1950 жылдардың ортасында пайда болған, әдебиет пен өнердің бір соны түрі) әдебиет ағымының көрнекті өкілі, америкалық ақын Ирвин Аллен Гинзбергтің (Irwin Allen Ginsberg 1926 – 1997) өлеңдерін таңдап жүр. Қарлығаштың:
«Элиот мені жақсы көретін,
Жақсы көретін тым қатты.
Мазаламайтын жанымды мүжіп,
Ойымды соған тыңдаттым.
Маяковский туралы менен сұрайтын
кейде тамсанып,
Мен оған баяндап берем
Керуака мен Олсон еңбегі қаншалық.
…Хайуанат бағы.
Сақалды сұлу, ақылды ілбіс.
Кешкісін тағы
Қанатын бұлғап шақырды жыр-құс.
Көшені емес, көңілді кездік,
Осындай-тұғын ақындық үрдіс,
осындай болмақ ақындық үрдіс.
Керіуетіме көмілер кезде
Жанымды қымтап жамылғысымен.
Мен оның мұңды бейнесін көрдім,
Темекісінің түтініндегі сән үлгісінен.
«Еx, Гинзберг,
Жарқ етіп жүрсіз жасындай болып
Жастық шақты ішіп тауыспадыңыз.
Бір-бірімізді ғасырдай көріп,
О, қандай ғажап қауышқанымыз» –
деді де кетті түн құшағына.
Оралдым мен де жынды шағыма…
…Элиот сонша мейірімді ме?
«Ұлы» болдым ба, шынымен мен де?
Англия қалай қуанған екен,
Дүниеге мендей «Ұлы» келгенде?
Тұтас тариxтың жарты бөлігін
жасамақ едім,
Дәрменім бар ма сөнген отымның
күлін емдерге?
…Жо-жо-жоқ!
Кешіріңдерші қияли ұлдың
қымбаттау мұңын!
Өршіл арманы өзіне үн
қатпаулығын!..
…Түсімде кеше
Аллен Гинзбергті көрдім.
Шынымен асқақ арманға
құндақтаулымын!..
Т.С.Элиот мен үшін ұялған емес…» – деген аудармасы оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Өзге тілден айшықты аудармамен қазақ оқырмандарына жететін адамзаттық поэтикалық көркем туындылар ұлттық сананың дүр сілкінуіне демеу болып, тиімді әсер етері сөзсіз. Тың түренді аудармалардан аса маңызды ғаламдық деңгейдегі жаңалықтар күту, трансцендентальдық кеңістерге бағыну одан да тәуір саналық игіліктерге бейімделе бастайды. Сол тұрғыда аудармаға өзгеше мән бере жүру оңды. Ал жаман аударманы кез келген қолапайсыз шайішерлігі барлар жасай алады.

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ