«ШЫҒЫС ШАЙЫРЛАРЫ»
Белгілі шығыстанушы, иранист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ө.Күмісбаевтың «Шығыс шайырлары» деген атпен бес томдығы жарық көрді. Кітаптың бірінші томында парсы әдебиетінің бастауы «Авестадан» бастап, орта ғасырлардағы классикалық әдебиет пен қазіргі әдебиеттегі ақын-жазушылар шығармашылығы талданса, екінші томда парсы әдебиетінің классиктері – Фирдоуси, Рудаки, Хафиз, Омар Хаям секілді шайырлармен қатар, араб, түркі ақындарының таңдамалы жырлары, парсы прозасы, шығыс халықтарының мақал-мәтелдерінің аудармалары берілген. Үшінші томда көне түркі әдебиетінен бастап, ХХ ғасыр басына дейінгі ақындар, Абай мен М.Әуезов шығармаларындағы шығыстық сарын талданса, төртінші томда қаламгердің әр жылдары жазылған ғылыми мақалалары топтастырылған. Топтаманың бесінші томында Ө.Күмісбаевтың шығыс ақындарына арнап әрі олардың сарынымен жазған таңдаулы өлеңдері мен әңгімелері топтастырылған.