«МЫҢ ТЫНЫС – БІР ДАУЫС»
Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры Түркия мемлекетінен үлкен табыспен оралды. Аталмыш театр 20-30 сәуір аралығында Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың ХІ халықаралық фестивалінде «Ең үздік спектакль» жүлдесін жеңіп алды.
«Түркітілдес театрлардың 9-шы халықаралық фестивалі өте жоғары дәрежеде өтті. Себебі, оны ұйымдастырушылар әр елден келген қонақтарға барлық жағдайларын жасаған екен. Бұл фестивальмен қатар мұсылмандардың мейрамы – Мәуліт мерекесінің тұспа-тұс келуі есте қаларлық шара болды. Фестивальге оншақты театр ұжымы қатысып, өнер көрсетті. Олардың ішінде біздің ұжымымыз өздерінің бар күшін салып, ең үздік спектакль жүлдесін жеңіп алды. Бұл театр артистерінің сахнадағы мақтан тұтарлық үлкен табысы», – дейді белгілі режиссер әрі театр директоры Сәбит Әбдіхалықов. Бұл фестивальге Түркияның бес театрымен қоса, әлемнің түкпір-түкпірінен: Македония, Молдова, Әзірбайжан, Кипр, Грузия, Ирак, Иран, Болгария және т.б. мемлекеттерден арнайы келген сахна шеберлері сайысқа түсті. Мәселен, Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымын Коньяның орталығындағы Түрік ұлттық «Devlet» театры қойған екен. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Асхат Маемиров, қоюшы-суретшісі – Индира Ихсан, музыкамен көркемдеген – Динара Әбікеева, Болатбек Нұрқасымов, балетмейстер – Ринат Билібаев.
Түркия көрермендері ғана емес, түркітілдес мемлекеттерден келген кәсіпқой театр ұжымдарының көңілінен шыққан тамаша қойылымда Данияр Базарқұлов, Жанар Мақашева, Ерлан Кәрібаев, Әсет Есжан, Еділ Рамазанов, Гүлбаһрам Байбосынова, Сәния Ерзат, Дархан Сүлейменов, Ербол Садырбаев, Ербол Ыдырысов, Гауһар Сағынғалиева, Толқын Нұр-бекова, Қуаныш Тұрдалин, Гүлдана Ергешова, Мөлдір Қонысқызы, Динара Шымырбаева, Елдар Отарбаев сынды майталмандар өнер көрсетіп, шеберліктерімен әріптестерін тәнті еткен.
Жастар театрының жетекшісі Сәбит Әбдіхалықовтың айтуынша, театрдың шығармашылық ұжымы өздерінің өнерлерін шыңдауда өте жақсы мүмкіндіктерге ие болған екен. Талант иелерінің болмысымен астасып жатқан бұл пьесада бір ғана кейіпкер бар. Ол – қара шекпенді Шопан. Спектакльде иесіне адал берілген төбет, адамның түрлі болмысын бейнелейтін Көкжал қасқыр, Көкшулан қаншық, Қосүрей қоян, еңбегі еш есек Кико, 250 жыл жасаған Қуқар қарға, айласына құрық бойлатпас Сылаң түлкі, әділетсіздікке жаны төзбейтін, бірақ оның қулық-сұмдықтарын да әлі түсінбейтін Бе-бе қозы кезегімен бірінші планға шығып отырады. Ал қортық қасқыр мен қойлар да тіршіліктің иелері. Тындырғаны шамалы болса, топ бастаған Теке де көрермен назарын аударады.
Жалпы, «Қара шекпен» спектаклі – жануарлардың бейнелері арқылы қоғам өмірінің шынайы бет-пердесін ашып көрсетуге бағытталған. Он сегіз мың ғаламдағы жаратылыстардың ең құдіреттісі де, ең ақылдысы да – Адам екенін қойылымды көз алдыңыздан өткізе отырып сезінесіз. Яғни жас көрермендерді тәрбиелеп, олардың өз тынысын барлауына қойылым барынша ықпал етеді.
Тағы басқа да сан түрлі сұрақтарға жауап беретін бұл қойылымды Түрік әлемі жұртшылығы жылы қабылдады.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.