Рәғид (әңгіме)
Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит* жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
…Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Абай
«Жалын мен оттан жаралып…»
Ақын көңілі аласұрса,
найзағайын шашады.
Өтежан Нұрғалиев
«Афина мектебі»
Сүйем мен сені, сүйем мен сені,
көкірегі ыстық дүние,
Тұратын түгел
сағыну менен аңсаудан!
… Сағыныштарда
төбеңнен өтер түйдек-
түйдек көш болып,
Көктемдегі барлық тырнаның
даусы бар!
Төлеген Айбергенов
«Сағыныш»
Болмаса дүниеде сұлу қыздар
Кейінге айтылатын қалмайды аңыз.
Ақұштап Бақтыгереева
«Айнам қалды»
Іле Алатауы мұзарт тақиялы. Таудан тік шаншылған өзен алыстан көз тартатын. Хан Тәңіріде қарабай құс тұқымы құрымай тұрғанда тау басынан сылдырай аққан бұлақтар күн шапағымен шалықтап, тау етегін сойдақтата жырған сайын сабасы толып, ұлғая беретін. Жазғытұры осал мұздақтар төбесі тесіліп, еріген қар суы қосылғанда тас аралас саз балшықты қопара жөңкілген сел тасқынға айналып, соңы нөсер жауыннан асқынып, төменге тартылған мол су жалпақтау өзен болып жазықта есіле ағады.
Алматының іргесінде орналасқан Қаскелең – шағын қалашық. Шет жағы тып-тыныш. Күн қысқара бастап, құс қайтар мезгіл таяп қалса да ауа тамылжып тұрады. Алыста күн күркіресе найзағай ойнамайды, әр таңда жаңбыр сіркіреп өтеді де, жарқырап күн қайта шығады. Жеке үйлердің айналасы сыңсыған алма бақ. Мектепке апарар жол бойы қаптаған қойтас. Көшелерге тас төселген. Жаңбыр жауса кесек тастардың ара-арасы суға малшынып жатады. Жауын-шашын тастарды жұмсартып жұмырлай жонған. Етекте домаланған ірілі-ұсақ тастар шашылып қалған, тауда ұра жерлер шұңқырларда жатқан тастарды беткейге қарғын суы сел тасқын лақтырып тастайды.
Студент қыздар мектепке асыққан. Онда сабантойға қызу дайындық жүріп жатыр. Уақыт тығыз, екі-үш күннен кейін Қыздар ұлттық педагогикалық институтынан екі айлық практикаға келген студент қыздар мектепте концерт қояды. Алматыда соңғы курста оқитын студенттерді жан-жаққа, ауылдық орта мектептерге тәжірибе өтуге жіберетін. Жалғызбасты орыс кемпір Матрена Ивановнаның жер үйінің екі бөлмесін үш қыз жалдап тұрады. Сара Көкшетауда, Құрбаш Түркістанда, Ақұштап Оралда туған.
1964 жылдың қоңыр күзінде көкке тік шаншылған сидаң ағаштардың жасыл-сары жапырақтары үзілер-үзілмес дегдар сұлулыққа малынып тұрды. Жас дәуренге жаны елтіген қазақ жастары зұлмат соғыс біткен соң ептеп тоқшылық ене бастағандықтан бір киер киімге риза, жұпыны тұрмыс, елдегі құрсауы босатпай қойған жоқшылыққа аса мойымайтын.
Жолда биіктігі белуардан асатын үлкен қойтасқа шығып алып бір жігіт өлең оқып тұр екен. Дауысы күркіреп естіледі.Нөсер жауарда күн күркірегені сияқты қою. Ол қасында қаумалап тұрған студенттерден біршама ересектеу көрінді. Тұғырдағы жігіт жарық дүниеге сыймай асып-тасып тұрған сияқты. Өлең ішін жарып бара жатқандай қолын сілтеп оқиды. Шашы бұйра-бұйра, ат жақты қошқар мұрын қағілез жігіттің киімі көз тартпайды. Кеудесі құс сияқты жіңішке арық жігіт күнге күйіп әбден тотыққан. Оның ұялы қара көзі от шашып, аруағы тасып, құздағы құлжадай қасқайып тұрысы елден ерек көрінді.
Ақұштап – тау өзені тәрізді арынды, үлбіреген ақ жүзіне ақылы сай, қылдырықтай сұлу қыз. Ешкімді менсінбейді, аршыған жұмыртқадай әдемі өңінен хан қызындай тәкаппарлығы аңғарылмай қалмайды. Жастық уыз көрікке ақындық талант қосылса, оған көзі түскен жігіт атаулының соры. Ақұштап әкесін аға, анасын жеңеше дегізіп, бауырына басқан әжесі Қатирадан: «Мама, қарын шашымды неге алмадың?» – деп сұрағанда: «Түс көрдім, түсімде аян берді. Сен жалғыз боласың, бірақ бөлек боласың деді» – деп сәуегейлік айтқанын қайдан ұмытсын.
– Қыздар, келіңдер, өлең тыңдаңдар, қарақалпақтан мықты ақын келді, – деп бұларды бір студент жігіт дауыстап шақырды.
Үш қыз түк естімегендей, тілсіз паң қалыбын бұзбай, кері бұрылмастан тікірейіп өте шықты. Бойжеткен көрінген жігітке мойын бұрып сөйлеспейді, мұны әбестік санайды. Ақұштап қолына папка сияқты тікшиген сөмке ұстаған, аяғына импорт туфли киген. Арқасында бір бұрым қылып өрген ұзын шашына баяғының үкілі қыздарындай күміс шашбау тақпаса да, сыңғырлап бара жатқандай арбалған жігіттер көз алмай қарай қалысты. Қыз жолға төселген тасқа өкшесін тарс еткізіп соғып алды. Ол «қап!» деп еңкейіп, өкшесіне қарады, шарасыз кейіпте жымиып күлді. «Анау шашы ұзын ақын қыз, Жайықтың қызы, ЖенПИ-де оқиды»,– деді бір студент Ақұштапты Төлегенге сырттай таныстырып.
Үстіне киген киімі сыпайы, қарапайым, камзол тәрізді жеңсіз сұр жилет, жасыл юбка, ақ кофта киген жиырма жасар қыздың ақ жүзі көз қуантады. Өзіне қадалған көздерді ауырсынып өте шығуға асыққан Ақұштап Сараның алдын орап кетті. Әкесі Бақтыгерей үнемі асығып жүретін қағілез адам болатын, шапшаң қимылдауды жақсы көретін. Лезде биік қойтаста тұрған жігітті жасын соққандай болды. Қара нөсер селдетіп құярда жарқ-жұрқ найзағай ойнап, қара аспанды қақ айырып жібере жаздайтын. Ақын жүрек от болып алаулап жанып, шоқ болып өртеніп барады. Кеудесінде өлең шалқыған менмен қыздың көз қиығынан ол өзін менсінбейтінін, кісі екен деп көзіне ілгісі жоқ екенін байқап қалды.
Ертесінде Абай атындағы мектептің спорт залында репетиция жасап жүрген студенттерге әлгі ақын жігіт КазПИ-дің үш студентімен қоса еріп келді. Зал іші дуылдап жатқан. Ән мен күй орындалып біткен соң жарыса өлең оқу басталды.
– Мен өлең оқып берейін, – деп ортаға суырылып кешегі бұйра шаш жігіт шықты.
Арт жақтан біреу сыбыр етті.
– Оның аты – Төлеген, әйелі, үш баласы бар, қарақалпақ жақтан көшіп келіпті. Алматыда жұмыс табылмай, осында уақытша тұрып жатқан көрінеді.
Ол кеше жыр тыңдамай кеткен менмен қызға арнап өлең арнай келіпті. Төлегеннің қуатты ер дауысы бірден баурап әкетті. Студенттер шу ете қалды. Жастар көз алдында шалық тигендей алабұрта тыңдаған. Қауға от тастағандай лапылдаған бұла күйге шомып, аңырап тұр. Әсіресе махаббат десе көзі шоқтанып, жаны тебіренгіш қыз атаулының тұлабойын селдей тасыған жыр сарыннан жұмбақ діріл билеп әкетті. Ләйліні көргенде-ақ жүрегін дерт шалған Мәжнүнше толқыған ақын жыр нөсерін төгіп-төгіп жіберді. Япыр-ай, Құдай аузына салғандай, есеңгіреген аласапыран беймаза күйін өзгелерден түк жасырмаған.
«Сен маған душар болдың, Батқанда бақтар сырға./ Мен саған сусар болдым, Қатқанда қақтар шыңға. Деміме мынау алқынған, / Сен енді тоқтарсың ба! / Оралып өткен алдымнан, / Оралдан ұшқан көк қаршыға. / Жүрсің сен жанарымда / Жолы боп басқа өлеңнің. / Тастары табаныңда, / Жарқылдап Қаскелеңнің. / Кеудемде тасқындаған, / Барады даусымдағы ән. / Қай құдай бас бұрмаған, / Бұл жырға таусылмаған. / Мен сені көп іздегем, / Әнді арман, ариялы арман. / Сабылып шартараптан, / Бұраң бел дариялардан, / Бұрымы тарқап аққан… / Қырлардан іздедім мен, / Қыран боп самғап та тік. / Сайлардан іздедім мен, / Сәйгүлік ойнақтатып, / Бақтардан іздедім мен, / Ақ сезім пәк санамен. / Ақпаннан іздедім мен, / Ағызып ақ шанамен. / Көк көлден іздедім мен, / Көк жасыл гүл көктетіп. / Көктемнен іздедім мен, / Көк бұлақ дірдектетіп. / Сен маған душар болдың, / Батқанда бақтар сырға. / Мен саған сусар болдым, / Қатқанда қақтар шыңға. / Деміме мынау алқынған, / Сен енді тоқтарсың ба! / Оралып өткен алдымнан, / Оралдан ұшқан көк қаршыға».
Ақын күркіреп өлең оқып болды. Кілең жауқазынша үлбіреген жас қыздар мен бозбалалар ауаны кернеген тылсым толқынға қайран қалысқан. Бәрінің есіл-дерті махаббат болатын. Бәйгеге шабатын жүйрік аттардай тықыршып, бұрымдылар өңі құбылып, жігіттер арқасы қозып, атойлап шыға келгендей елегізу күй айналаны сағымдай толқытып, романтика мұнарға батырып жіберді. Ақұштап алып-ұшқан жастық дәурен санаға өрт сезім тұтатқан ұшқын тастап жібергендей көрінгенімен іштен тынып, әуезі айқын, биік дыбыстардың тербеліс әуеніне елеңдей қалғанын басқаларға сездірмеуге тырысты. «Жігіттер ажалға да имей-тұғын, Оп-оңай иеді екен қызға басын» деп ойлады. Балықшы балықшыны алыстан таниды. Бір күн бұрын көзіне ілмей кеткен мына жігіттің сүйегіне біткен ақындық жойқын қуатын қапысыз таныған.
– Ақұштап өлең жазады. Кәне, ақын болса шықсын ортаға! – деп дауыстады Төлегеннің студент серігі.
Жетісай жақтың жігіті Әлібек, руы тама, өлең жазады, ересек Төлеген оған екеуміз жора болайық дегенде жолдастыққа балаша қуанған. Қарапайым, бауырмал Төлеген кісі жатырқамайтын.
– Ақұштап, ол саған өлең арнады, ақын болсаң жауап бер! – десіп студент қыздар тағы шулап кетті.
– Кеше сен оған қарамай кеттің. Соның үшін шамданып ол саған өлең оқып тұр, – деп сыбырлады Құрбаш, – үнсіз қалмасай енді.
– Жауап бер, жауап бер! – деп қыздар шыр ете қалысты.
– Төбемнен жай соққандай әсер етті. Шіркін, мынандай ғажап жыр арнаған қызда арман жоқ! – деп сыбырлады бір қыз қызынып.
Бәрі ақын жігіттің өр дауысында шер мен құмарлықтан бөтен бір сарын барын, маңдайға жазғаннан жалтармауға бейіл адал жаратылысын аңдап қалды. Қымызды кім ішпейді, қызға кім қызықпайды дейтұғын емес. Астары басқаша мұң сияқты, сәулелі шағын жадында сақтап қалғысы келердей.
Ақұштап студенттік ортада тайсалмай айтыса кетеді, қарсыласын қос шумақпен қайтарып тастайды. Көктемде киіктер енеден туа сала лақтарын желге қарсы алып шығады. Құлай ма, тәлтіректей ме, жас төлдерін тез ширату үшін азынаған суыққа салады. Құдайдың құдіреті, құралайдың салқынында қасқырлар қорек іздемей, асқазанын тазалап ашығады. Қыз өзін енесі жел өтіне шығарған құралай тәрізді елестетті. Ел көзіне түсуге аса құлқы болмай тұр, бірақ жасқанбай ортаға шықты. Баршасы одан табан астында экспромт талап етіп тұрғанын қарай гөр. Таңдайына үш шумақ өлең оралды. Кішкентайынан сөзге шешен, суырып салуға шебер болатын.
«Мен сені ойлайтынмын, / Жастықтың базары деп. / Төменге қонбайтұғын / Тәкаппар қыран ғой деп. / Жалынның барлығына / Күймес деп ойлайтынмын. / Саусағы әр бұрымға / Тимес деп ойлайтынмын. / Екенсің қызық ақын, / Болдың ғой көптің бірі. / Қыз көрсе қызығатын».
Ақұштап жайымен дауыстап айтты. Жігіттің өз стилімен қайтарған тойтарыс өлең жинақы шықты. Басынан сөз асырмайтын ақын қыз биязы сөйлеп, тайқып кете салды. Ақұштап бұл жырдың басы ғана, шолақ болмасын, жігіт сөзіне сәйкес туарын ұғынған. Көз алдында шынайы өмір театры ойналып жатқанын аңғарып қалған студенттер қос ақын қыз бен жігіт болып айтыса жөнелсе дегендей тосылды. Ол-дағы ұяң жігіт екен.
–Мен айтысқа жоқпын, қарындасым ғой, – деді Төлеген.
– Ендеше, мен бір өлең оқиын,– деді бір студент әжептәуір үнсіздікті бұзып, саңқылдап. Авторы – Төлеген Айбергенов. «Саясында болдым мен сан шынардың, Мен жүз қызға ғашық болған шығармын. / Адаммын ғой шын сағыныш тән маған, /Бірақ менің тамды бүгін көз жасым, /Сол қыздардың біріне де тамбаған».
Ғадетте асығыс жортып жүретін Төлеген төс сүйегін көлге ұшқан көгала үйрек тәрізді алға ұмсындырып, бозбала достарын соңына ертіп спорт залдан шыға жөнелді.
Төлеген Айбергенов өлең жазатын жастарды елең еткізіп, еліктіріп әкеткен. Есте сақтау қабілеті теңдесі жоқ жас ақын қисапсыз жырларды мүдірмей жатқа оқиды. Бір қасиеті, көрінген жерде дүрілдеп өлең оқуға құштар. Бұрынғыларда әуен қоспай жыр айтылмаса, Төлеген сонысымен елде жоқ дәстүр әкелді. Пірлі өлеңнен парсы-тәжік шайырлары, арғы-бергі халық ақындары, жыраулар толғаулары, түрікпен жырлары, қарақалпақ қосықтары Төлеген арқылы тіріліп сала береді. Естіген қауым бұл жігіт осынша мол қазынаны қайдан біледі десіп, аң-таң болып жатады. Бердақ, Әжінияз туған топырақта өскен Төлеген жұрт жиналған жерде домбырамен ән салатын. Келіншегі поэзия десе, ішкен асын жерге қоятын көрінеді. Төлеген Ташкентте Низами атындағы педагогикалық институтын Үрнисамен бірге бітірген. Үрниса ұзын шашын қос бұрым қылып өріп жүретін.
Матрена кемпірдің үйіне оралған соң, шай үстінде құрбы қыздар әдебиет туралы әңгімені ары қарай жалғамақ еді. Ақұштап пейіл білдірмеді. Ойда-жоқта мына оқиға ашық аспанда күн күркірегендей әсер еткенін іштей мойындаған. Найзағай аптап әкеледі. Бұйра шаш жігіт күнгейлі өлкеде туып-өскенін алып-ұшқан елгезек болмысы танытты. Ақұштап қысы қатты ақ Жайықта өсті. Ер-азаматтар таң сәріде атпен барып Жайықтан мұз ойып келеді. Балықтар ойыққа шүпілдеп кеп аузын ашып, ауа жұтып тұрады. Мұз қалың болса су түбіндегі балыққа ауа жетпейтін сияқты. Ойыққа сүзгі түссе балықтар тереңге зыта жөнеледі. Балықшылар сүзгі салып, ірі балықтарды тулатып ұстайды. Қыста тоң болып, тастай қатып қалатын Жайықтың үстімен ат шанамен жүреді. Сырғып кетіп бара жатады. Мұз – кәдімгі көпір. Тоң болып сірескен өзен үсті шұбырған із болады. Қазақ бетінен ел шұбырады. Жайықтың орыс бетінде қол диірмен бар. Сонда апарып ұн тарттырады. Ерте тұрған келіндер түнде жапалақтап жауған ақұлпа қарға шиырлап із салады. Ішетін суды келіндер ойықтан тасиды. Жайық суы тап-таза, мөп-мөлдір. Мұзын кесегімен ойып әкеп, ерітіп ішеді. Балалар асыр сала жүгіріп, аққала соғып тастайды. Ығы керемет жылы, үй сияқты.
Ол қос құрбысына өлең туралы ойын ашып айтқан жоқ, көңіл толқуын жасырды, ал өзі өлеңнің әр тал сөзін саралап терең ойға батқан. Алғаш көргенде ербиген қараторы жігіт деп қабылдағаны алдамшы көрініс болып шықты. Тілсіз монолог оқып тұрғандай ағыл-тегіл ой толқындары лықсып келе бастады. «Ол жаны қаласа қалтқысыз құлай берілетін тым адал екен. Неткен тұнық лиризм! Елдің сөзін елең еткісі, мүлде ескергісі жоқ. Ішіндегіні лақ еткізетін мәрт мінез ердің алтын басын қор қылмайтын ұлық қасиет емей не. «Сен маған душар болдың» дейді. Тағдырымнан тыс кезіктің, не істемек, бірақ бұл әншейін қыз көркіне табыну емес-ау. Мұнда жас дәуренге мастану, лықсыған көз жасындай күйдірген бұла сезімге үрейден бөлек елегзи елту бар. Іш от боп күйіп барады. Қайдан ғана сен маған ұшырастың, неге кезіктің?! «Мен саған сусар болдым. Қатқанда қақтар шыңға». Шөліркеп, аңсап тұрсам да, мейірім қанып іше алмаймын. Неге қол жетпейтін кезде сен маған кез болып тұрсың, амал жоқ деп қарадай кінәлайды ғой мені. Бейдауа өкініш астарында не бар?! «Деміме менің тоқтарсың ба?!» – жазғырып тұрғандай, үш баласы барын қалай ұмытып сөйлейді. Асау жүрек жұлқынып төс сүйекке сыймайды, ақыл-еске еш көнбейді, мұнша асып-тасып арындау беймәлім бір жұмбақ түйсікке бағыну емес пе екен?! Оның үстіне қыз-жігіт деген қарабайыр ұғымнан тыс сияқты. Неліктен бұлай? Ол қар бетіне өскен жауқазындай құлпырған жарық өмірге шын асық болған соң буырқанған сезім иірімдерін именбей жайып салғанын қарай гөр. Расында, оны қысып бара жатқан не нәрсе?! Сезім, сенім, ар-ұят адам баласын сұлуландыра түспек. Жүрек қалыбымен жақсы көре білу жаны аса жомарттықтан туады. Япыр-ай, ноқтаға басы сыймайтын тым еркін жаралған нағыз қазақ қой мына жігіт. Бақ жұлдызы жарқырап тұр! Қазақ әлі танымайтын, бұрынғылардан жұлдызы бөлек, табиғаты алабөтен ақын сияқты. Өзі біртүрлі екен, жұрттың оны қабылдауы да біртүрлі сияқты. Өйткені тым ұшқары, тым тосын. Фактісі қандай! Өлеңнің формасы қандай!»
* * *
Бұл мектепте егделеу грек күзетші болып істейтін. Оқушылар мен мұғалімдер мерекеде сахналық көрініс қойса, соны қызықтауды жақсы көретін. Ол жұртқа қазақ тілін шала білемін деп қоятын, бірқатар ауызекі сөздерді ептеп ұғынатыны болмаса, мұнысы артық айтқандық еді. Спорт залда сабантойға даярлық өтіп жатқанда күзетші қарт жиылмалы ағаш орындық қойып, бір шеттен кеп жайғасты. Сырттан бөтен біреулер кіргендіктен қарауыл қарап, бақылап отыруды жөн көрген. Ол жас қазақтар гүрілдеп өлең оқи бастағанда дым сөз түсінбесе де дыбыс үндестігіне мән беріп, зейін қоя тыңдады. Ол балалар үйінде жетім өсіп, институт оқымай қалғаны болмаса, жалпы физика, геометрия пәніне өте қызығатын. Қазақ тілінде сингармонизм заңы күшті екенін грек құлаққа жағымды әдемі әуез, поэтикалық сарыннан жазбай танитын. Кенет бұйра шаш жігіт өлең оқығаннан дыбыс толқындары жиірек таралып, сол тербелістен күн күркіреп, найзағай жарқылдап тұрғандай болды. Елу жыл бұрынғы қыз бала бейне ғайыптан көзіне елестеп кетіп, кәрі жүрегін сағыныш мұң дір еткізген.
Найзағай – табиғи қуат көзі, Құдай жаратқан жарық, электр, ток екенін жарты ғасыр бұрын сабақ берген физика мұғалімі балаларға әбден түсіндіргені күзетшінің есінде терең сақталып қалған еді. Физик ағай оқушылардан: «Найзағайдың сипатын кім қалай көреді? Найзағайдың ұзындығы қанша?» деп сұрады. Бір бала аспанда Зевс құдай мүйізі бар ұшпа оттарды атқылайды десе, бір бала найзағай қанатты жыландай ирелеңдейді немесе аспан періштелері ойнақ салады деп көркем суреттеген. Ал оның ұзындығын көзбен кім өлшепті. Физика мұғалімі жасынның ұзындығы 49 шақырымға дейін жетеді дегенде балалар сенер-сенбесін білмеген. Көк күмбезін жарып, ғаламды қопарып жіберердей бұлқынатын электр қуат қысқа бола қоймайды. Көне гректер теңіз жағалауынан табылған янтарьды үйкелесе ол басқа заттарды тартып алатын қасиетке ие болатынын сонда мұғалімнен естіген. Адамзатта электр құбылысы туралы алғашқы түсінік солай туған. Эллада туралы кез келген мағлұмат жетім көкірек грек күзетшіге өте ұнайтын. Балалық шағы Кавказда өткен грек шал спорт залында өтіп жатқан репетицияны өзінше қабылдады. Бұйра шаш жігіт арқасы қозып, алқынып тұрғанын көрді. Импровизатор! Оның ақын екенін өзгелерден сұрамай-ақ біліп қойғанына қайран қалды. Сондай бір құпия мезет балалық шақтан бек таныс. Физика мұғалімі үзілісте балаларды бөгеп, артист кейіпке еніп, «Авторы Александр Сергеевич Пушкин! Египет түндері» деп жатқа өлең оқығанда білімге құлқы жоқ балалардың өздері аузы ашылып, тыңдап қалатын.
Спорт зал ішінде электромагниттік өріс пайда болды. Күзетші грек ток ұрғандай жүрекке жұмбақ діріл енгенін сезініп, қалғып кеткендей көзін тарс жұмып алды. Грек мифтері ертегі болмай шығуы мүмкін ғой. Сөз құдіреті, дауыс энергиясы мұнша керемет боларын бұрын қалай білмеген! Тылсым мезет, бұл араға көзге шалынбайтын жасын періште ұшып келген тәрізді. Қиялдың шексіз көркем екенін білсеші! Толқыннан туған Афродитаның теңіз балдырлары сияқты тербеле толқыған қою шашынан су тамып жатқандай. Қара теңізде туу көкжиектен басында ағарған желкен ұштары ғана көрінген кеме көз ұшында жүзіп шыққанда жалы тұяғына төгілген қанатты жылқыға айналып барады. Грек шал көзін ашып алды, мүмкін, түскі аста келіні саңырауқұлақ мол қосылған картоп пісірген, соның әсері шығар деп ойлап қойды.
Әдемі ақ қыз ортаға шығып, ұяң кейіппен қысқа қайырды. Физикада аттас зарядтар бірін-бірі тебеді, теріс зарядтар бірін-бірі тартады. Қызық болғанда, бұл жиыннан қазақ жастары тез тарқасып кетті. Ересектеу жігітпен ере келген студенттер залдан шыға жөнелген соң қыздар репетицияны доғарып, жөніне кетісті. Грек шал қазақ тілін терең білмейтініне алғаш рет шынымен өкінгендей болды. Күн жарқылдап, жай ойнап тұрғандай жұмбақ әсер жадына қайдан келді?! Көк жүзін ауық-ауық осып-осып, секунд ширегіне жетер-жетпес қана уақытта отты сызықтармен тілгілеп, шарт-шұрт сынып, қас қаққанша құбылып жоғалатын, жер тартса түскен жерін өртеп, ойып жіберер жойқын қозғалыстан асқан тылсым дүниеде жоқ. Найзағай атмосфералық құбылыс, жерде жаралмағанымен будақ-будақ қара бұлттар сабыла көшкенде аспан мен жердің өзара ілінісуінен, рух байланысынан туады. Үйкелістен аса қуатты электр зарядтары пайда болады. Найзағай ыстық ауа шақырады. Көрші бақташы қазақ күн күркіреп, жай тұтанса ай астында ұлыған бөрідей мойнын созып көкке телміретінін грек шал талай көрген. Жұтып жіберердей сұқтана қарайтыны несі?! Күн мен от, жарқылдаған жасын қаһарлы еркек жаратылыс, сондықтан әлем халықтары айдаһар туралы аңыз ойлап тапты, ол бар болғаны су жыланы ғой деп бұрын физика мұғалім айтқаны ап-анық есіне түскеніне ол шындап таңданды. Табиғатта ұқсас құбылыстар бірін-бірі тартады, мызғымас физикалық заңдылық. Шатырлаған жай отының жарқылдары қарашықтарды суырып әкете жаздайды. Бақташы қазақ Жетіқарақшыны шөміш атаған бағзы жұлдызшы әулиенің жетінші ұрпағымын дегенде грек шал сенді. Әйтеуір, тегін адам емес. Көрші қазақ темірші ұста дүкеніне, сексеуіл өскен кең алқапқа найзағай түспейді, жау тілесең жасын түсер деп айтса рас болғаны. Көк соққан темір балқыды, сондай аңыз қылышты ежелгі ұста иемденген сияқты. Әсіресе тұнық су жай тартады. Аққұтан ұя салған тұт ағашқа жасын түспейді. Көкқұтан жұбымен күн ойнап, нөсер құярда ұяда бір аяғымен тапжылмай тұрып қалғанын грек шал балалық шақта көрді. Аспанда біреу шоқынған тәрізді айқұш-ұйқыш төрт бұрышты пішінмен соққан жасын оты жарқ етсе ағып түскен жерін өртейді, оны өшіру мүмкін емес, орман өрті содан тұтанады дейтін үлкендер. Жай оты суға түссе суды өртейді. Күн мен Ай өз шеңберінде айнала беретін, сондықтан алты құрлықты телегей-теңіз мұхит сулар жиектеп, ауа үздіксіз буланып, біресе жұмсарып, біресе қатайып жаңбыр мен қарға айналып, буырқана тасып, бұлттар дүркіреп үздіксіз көшіп жатады. Көкте бір от – жанған күн, күн жады бұзылса найзағай тамырлар балқыған сұйық алтыннан аумайды. Шығыстан жарты аспанды жарып өтер жай отының жарқылын батыста көз көрмек. Қазбауыр бұлттардың ар жағынан астында алтын жал, күміс тұяқ қанатты тұлпары бар мифтік салтатты шауып өткендей жер мен көк тітірейді. Атмосферада электр разрядтары күшейгенде күн күркіреп, жай ойнайды. Найзағай температурасы өте жоғары, қуат-күші орасан, жай ұрса жүзжылдық жуан ағашты қопарып, жаңқаларын қозыкөш жерге шашып тастайды. Көк соққан құз-жартас опырылып қирайды. Ылғалдың молдығы, өлеңді жер, су бойы жасын шақырады. Сызы жоқ сусыз жер өлі. Найзағай түскен орманда өрт бой бермес. Көктен тамған от тылсым. Мұны көргенде, ірі аңның жамбас жілігін шоқпар қылып ұстайтын жабайы адам өгізше өкірді. Жүзжылдық жуан ағаштар күлге айналғанда, шикілей ет жеп жүрген екі аяқты мақұлықтар шоққа пісіп, терісі үйтіліп қалған аң-құстың етін татып көрген соң оттан қорықпайтын болды. Аспаннан алтын жебедей аққан құдірет жердегі заттардың қасиетін мүлде өзгертіп жіберді. Прометей құдайлардан адам баласына от ұрлап берді деген керемет аңыз солай пайда болған. Құдай адамтекті арғы бабалар ақыл-ойына жасыннан сәуле түсіргенде санасы өзгере бастаған. Кейіннен олар милары жетілген үстіне жетіліп, ұлы табиғатты бағындырсам деп асқынып шектен шыға бастады.
* * *
Қазан айы таусыларда көк жүзін тұта жаздап қара қарғалар қарқылдай ұзақ ұшады. Бұл жақта сиырлар алма күйсеп тұрады. Тұрғылықты халықтың көбі орыс. Қаскелеңде әр үй маңында алма төгіліп жатады. Құнарлы топыраққа өскен өрік, алмұрт, алма бұтақтар толыса қайысып кетеді. Көше арықтарымен ал қызыл апорттар, тоқ сары алмалар, қара өріктер домалап ағып бара жатады. Матрена Ивановнаның бөренеден қиылып салынған кішкентай ескі үйінің ауласында сарала күз үзіп тастап, шырыны толып жер қабығы тартқан алмалар арықтағы суға құласа қосыла жөңкиді. Жалғыз қалған, ешкімі жоқ орыс кемпірдің жасы жетпіске таяған, Матрена десе – Матрена. Қазақтың үш қызы у-шу етіп кіріп-шығады, ертелі-кеш келеді, кетеді. Момын, аңқау, аңқылдаған пейілі кең, мейірбан, ширақ, басына аппақ шыт орамал тартқан орыс апа есігінің алдында күйбеңдеп жүреді. Үй иесі болып қабақ шытпайды, студент қыздарға ұрыспақ түгілі ескерту жасамайды, дүние мүлкі аз жұпыны ағаш үйінің есігін кілттемейді. Әжімді ақсары жүзі жиі күлімсірегенде жадырай түсетін Матрена Ивановна қыздарды күтіп отырады. «Ой, девочки мои, ой, девочки мои!» деп дауыстап қояды. Ол үйіне кісі тұрғызғаннан пайда көрмейді, жалақы алып жарытпайды, студент қыздар азырақ ақша берсе жетеді. Студенттер тәжірибе мерзімі бітіп, мектеппен қоштасатын концертте Төлеген Ақұштапқа өлең әкеп берді. Ол дәптердің қос парағына көк сиямен жазылған қолжазбаны ұяң үнмен ұсынды: – Ақұштап, мынау саған арналған өлең.
– Иә.
Ақұштап қолжазбаны алды, артық тілге келмеген. Ақын жүрегі әсершіл, лап еткен сезімге еріп кетуге болмас. Көп нәрсеге қыз жауапты.
Ақұштаптың көкшіл, әлде жасылдау түсі құбылып тұратын көзі жарқ етсе, көңілі құлаған жігіттер тайқып шығады. Төлеген қыздың көзінен ештеңе байқай алмады. Әдепті қазақ қызы, өзін ұстай біледі. Бірде «Сенің көзің жасыл-көк пе, көк-жасыл ма, немене?» деген сауалға Ақұштап: «Көзім түнде жанады», – деп қалғаны бар. «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істейтін ақын жігіт Әбіш: «Мысықсың ба?» – деп мұның сөзіне күлген.
Матрена кемпірдің үйіне оралған соң Ақұштап екі қызға көрсетпей, Төлеген берген әлгі қағазды лақтырып тастады. Муза екенмін деп елігіп, еріп кетуге болмайды. Алайда ақыл-ес мінезге бағынбайды, жадында қатталып үлгерген жыр көкейде өшпек түгілі, тасқа басқандай таңбаланып, бекіп қалды. Өйткені оның қарқарасы керім жыр екенін жүрек шіркін біледі.
«Қаскелеңнен Төлеген келіншегі Үрниса екеуі пәтер іздеп, әзер тауыпты, шиеттей үш баланың үлкені төрт жаста, Алматыда тұрақтайын десе, жас отбасы көп қиындық көріпті» деп елден естіген. Көзтаныс студент жігіттерді Төлеген үйіне ертіп апарып қонақ қыла береді деседі. Өте көпшіл, аса бауырмал жан екен. Үрниса «Егер күйеуіме сөзім жүрер болса, Ташкентте алып қалар едім» депті. Ақпейіл Үрниса – қаланың қызы, әкесі Оспан Тәшкеннің ауқатты қазағы көрінеді.
Төлеген «Мен наурыздағы найзағай күркірімін» деп өлеңді нөсер сияқты төгіп салатын. Бір көрген әдемі әнші қызға өлең арнап, оны келіншегіне оқып берсе, Үрнисадан сыр жасырмайтын болғаны ғой. «Сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің. Ал мендегі ғажайып сезімді көрсең, шошыр ма едің?» «Ақын боп туып өз бақытымды жасырар болсам дүниеден, Тілімді кесіп тастауым керек онда мен», «Махаббаттардың қашан да, ойланбау жеткен түбіне», «Тербеліп кеттім теңіз боп, Сүйдім де көздің жасымен», «Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған, Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босағам…» «Көкірегімді қақ жарып ағады өлең» деп Құсжолындай шалқыған Төлегенге талай жұрт өлеңі үшін көрмей ғашық болды.
Алпысыншы жылдары студент қауым әдебиет және өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Алматы поэзия бағы сияқты. Соғыстан күркіреп оралған жалынды жырлардың авторы Қасым Аманжоловтан соң, жас ақындар шетінен ұлы ақын атануға ерекше ынтызар еді. Жас ақындар жарыса бой көрсете бастады. Жарасқан Әбдірашев шырқап тұрған. Түрікпен жерінде туып-өсіп Мақтымқұлын пір тұтқан Дүйсенбек Қанатбаевтың лирикасы дүркіреп тұрды. Мұқағали Мақатаев жырларын студенттер жатқа айтқанына іші тар біреулер қарадай шамданып, оны көрсе елемеуге тырысатын. Мұқағали Жазушылар одағы қасында ағып жатқан арыққа аяғын жуып отырады.
1965 жылы Төлеген үш баламен Алматыға көшіп келіп, пәтер жалдап тұрды. Ешкім оған қол ұшын берген жоқ. Есімі әдеби ортаға тез таныла бастаған жас ақынның атажұрты Ақтөбенің Доңызтау өңірі, руы шөмішті табын екенін бірі білсе, бірі білмейтін. Төлеген жерлес жас ақын Өтежан Нұрғалиевқа: «Ақтөбе – менің әке-шешемнің жері» деп айтып қалғаны болмаса, ашаршылықта, конфескеде бас сауғалап, өзбекке, түрікпенге, қарақалпақ, қырғыз жақ күнгейге, Шығыс Түркістанға ауған қазақ тұқымы аз емес.
Ақұштап Бақтыгереева институт бітіріп, туған жеріне оралған. Әлі тұрмысқа шықпаған жас ақын Оралдан Алматыға 1967 жылы қайта айналып келіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа орналасты. Сол жылы мамырда Төлеген Айбергенов Қазақстан Жазушылар одағының насихат бөліміне әдеби қызметкер болып орналасқан. Ол 16 тамыз күні бауырлас қарақалпақ еліне қазақ ақындарының кездесуін ұйымдастырмақшы болып, жолға аттанар алдында редакцияға соқты. Төлеген Ақұштап отырған кабинетке кіріп, емханада жатқан келіншегі Үрнисаға қоңырау шалды.
– Үрниса, балалар сырқаттанып емханада жатыр. Егіз қызым туды, сегіз айлық Хұсни – Айнар, – деді ол амандық-саулықтан кейін, – аэропортқа кетіп бара жатқан бетім, Нүкіске, туған жеріме барып келейін.
Ақұштап Төлегенге арналған жырдың бұрынғыдан толығырақ варианты барын тіс жарып айтқан жоқ. «Жырыңа қанбайтынмын, / Ауатын назарым көп. / Мен сені ойлайтынмын, / Жастықтың базары деп. / Мен сені ойлайтынмын / Таусылмас жыр-ән ғой деп./ Төменге қонбайтұғын / Тәкаппар қыран ғой деп. /Жалынның барлығына / Күймес деп ойлайтынмын. / Саусағы әр бұрымға / Тимес деп ойлайтынмын. / Тұрса да асқар алда, / Қайтпайтын қайсар деп ем. / Жан сырын басқаларға / Айтпайтын байсал деп ем. / Қос шектің естілмеген / Үніндей қиялдадым. / Көңіліңді ешкімге мен / Гүлімдей қия алмадым. / Демедім «көптің бірі», / Еш кінә таға алмаспын. / Деп едім өткірлігі / Жүзіндей ақ алмастың. / Іздедім таң нұрынан / Бірі деп арайлардың. /Биіктің барлығынан / Көрем деп қарайладым. /Мен сені ойлайтынмын / Таусылмас жыр-ән ғой деп. /Төменге қонбайтұғын / Тәкаппар қыран ғой деп».
Арада екі жұма өткенде жасыл бақты беймезгіл үсік соққандай суыт хабар жетті. Төлеген Айбергенов 1967 жылдың 29-ыншы тамызына қараған таңда Нүкісте республикалық емханада кенеттен қатты ауырып, шық кепкенше үзіліп кетті. Оның маңдайына жазғаны 30 жас болып шықты. Қаралы қазаға Нүкіс халқы жиналған. Төлегенді туыстары туған жері Қоңыратқа жерлеуге әкетті. Күйеуің сырқат деген соң Алматыдан ұшып жеткен Үрнисаны қарсы алған машина зиратқа бұрылғанда, ол есеңгіреп талып қалды. Тәшкенде студенттік думанды шақта Үрниса Төлегенге арнап татар шалға жасатқан домбыра абайсызда сынып қалғаны бекер болмады. Ақын өлерінен екі-үш ай бұрын түн ауа егіз қызын бесікке бөлеп, қалжырап ұйықтап жатқан Үрнисасын оятып алып, өлең оқығаны қоштасу жырға айналды.
Жас ақынның артында бес бала жетім, таңдап алған жары жесір қалды. Қазанама дерекке «8.03.1937 – 28.08.1967» деп жазылды. Әулеттің үлкен қызы Салтанат 7 жаста, Махаббат 5 жаста, төрт қыз баланың ортасындағы жалғыз ұл Дәурен 3 жаста, емшекте егіздер Құсни мен Айнар сегіз айлық болатын.
Алматыдан Нүкіске жаназаға ұшып жеткенде «Ой, бауырым!» деп күңіреніп, өксіп жылаған Мұқағали мәйітті ақ кебінге орамас бұрын көзі жұмулы жатқан Төлегеннің бетінен сүйді. Зират басында Мұқағали теңселіп, азалы толғау айтқанда ақын кеудесін жарып бара жатқан құса-шер қанатымен көкке ұшып, құйрығымен жерге қонатын құстай айнала ұшып, ауаны торып бебеу қақты.
«Қаралы лек. Бозғыл шаң шұбатылды. Бара жатыр жерлеуге шын ақынды. Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның, /Қызарып батты ертең шығатын күн. / Торғай өлең шырылдап бара жатты, / Ауызында ажал деген сұрапылдың.
Торғай өлең өлмеді, аман қалды. Әкетті ажал… / Жыр емес, адамды алды. / Бір өмірдің дастаны басталды да, Шорт үзілді, шоп-шолақ тамамдалды. Қаралы лек, / Маржан жырдың мөп-мөлдір бір түйірі / Құмға түсіп кетті де уатылды./ Тұңғыш көрдім қайтқанын шын ақынның, / Қаталы-ай жыл дейтін сұрапылдың! / Сұңқар төсі томпиып қарсы қарап, / Қаршығадай қылшылдап тұратын кім?! / Енді жоқ азаматым, ай маңдайлым, / Жоқ болар құмға сіңген айрандайын./ Асығыс, ылғи жортып жүруші еді, / Бетпақтан су іздеген жайрандайын… / Бармаңдар, ақынды жұрт жерлегенде, бәрін алу керек Көрмеңдер, көрдің аузы жабылғанын, / Көтеріп сендер оны келмегенде, / Көмусіз қалмайды ғой бауырларым! / Топырақты тастамаңдар! / Жабыла толтырыңдар құмды ұдайы. / Ақынды көмсін білмес басқа жандар, / Басына бармаңдар да құрбылары! / Ет жүректің езілмес кезі ме бұл… Жылай білсең шын жыла! / Жасыма тек! / Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл, Алдыңдағы апанның басына кеп».
Төлегенмен күңірене жоқтау айтып қимай қоштасқан Мұқағали Мақатаев арада тоғыз жыл өткенде, 1976 жылы бауыр дертінен қайтыс болды. «Өмір деген бір күндік сәуле екен ғой!» деп аһ ұрып келмеске кете барды. Қазақтың поэзия бағына туған қос ұлы ақынның өлген жылдары құдірет тылсым билеп сәйкес келген: алты және жеті саны орын ауыстырып, әуеде сұрмерген оғы тиген қоңырқаздай төңкеріліп түскен. Мұқағали Төлегеннен алты жас үлкен болатын. Ақындар өздерінің әулие екенін біледі, бәлкім, білмейді. Мұның сыры жалпақ жұртқа жұмбақ.
P.S. Көзі тірісінде Төлеген Айбергеновтің екі жыр кітабы шықты. Ақұштап Бақтыгереева жасындай жарқылдаған Төлегенге сұқтанған тіл-көз тиді дегенге иланған. Шығармашылық бақталастықта әйел затын төмен санап менсінбейтін еркек кіндікті ақын-жазушылар талантын мойындаған сайын Ақұштап ақын отбасы тіршілігімен қатар, Құдай берген өнерін өлтірмей алып жүрудің оңай емесін былайғы елге айта бермейтін.
Қаскелеңде Төлеген мектепке келіп, арыздасқан тәрізді қолына ұстатқан баға жетпес құнды қолжазбаны сақтап қалмағанына Ақұштап шын өкінді. Бұла жастыққа мас қыздарда әліптің артын бақпайтын, түсініксіз тарпаң мінез болады. Анау найзағай өлең «А-ға» деген атаумен Төлеген Айбергенов дүниеден озған соң келер жылы жарық көрген «Құмдағы мұнаралар» атты кітапта жарияланды.
Түсініктеме:
Рағит* – «Дін ұғымында найзағайды, жайды билейтін, күнді күркіретуші періштенің аты » деп түсінік берілген. «Рәғид» (арабша) – күн күркіреу (гром) деген сөз. Құранның 13-сүресінде «әлрәғид» күн күркіреу деп аталады. Абай. 2-том. Түсініктер.
2.05. 2015./ 17.09. / 18.09. 2016. / 12.03.2017. /20.02.2020. / 3.07.2021. / 3.02.2024. / 12.03. / 13.03./ 16.03./ 19.03. / 20.03./ 22.03./ 23.03. / 24.03./ 28.03. /30.03./ 3.04./ 4.04./ 5.04. / 7.04. / 10.04. / 11.04. / 13.04. 2024. / 23.02./ 27.02. /6.03. / 7.03. 2025.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА
ПІКІРЛЕР2