МУЗЫКАНЫҢ ӘЛЕМДІК ТІЛІ
13.05.2016
3101
0

Балнұр Балғабекқызы Қыдырбек 2Балнұр БАЛҒАБЕКҚЫЗЫ,
композитор,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы

– Қазір әлемдік музыка қалай бағыт ал­ып барады? Ол бағытта қазақ музыка­сы­­ның орны қандай?

– Әлемдік музыка шығармашылығы саласында бірнеше бағыт бар. Ең кең тарағаны 95 пайыз. Музыка саласындағы бағыттар әр елдің ішкі мүмкіндігіне, тарихи орнына, жалпы сауаттылығы мен ­бүгінгі әлеуметтік жағдайына байланысты дамуда. Мұның ішіне фольклор, жергілікті эстрада, авторлық (әуес­қой) туындылар кіреді. Бұлар негі­зінен сол елдің шеңберінен шық­пайды, әлемге беймәлім. Екіншісі, өркениет жетістігін (коммуникация желісі, теледидар, интернет, т.б.) пайдаланатындар тыңдайтын Еуропа-Америка эстрадасы және қолданбалы киномузыка –  4-4,5%. Үшінші бағыт – үш-төрт ғасыр бойы Еу­ро­падан шығып  дамыған  класси­ка­лық үлгідегі өнер. Біздің елдегі жағдай да  өз-өзімен, өз ішінде  қайнап жатқан елдің қатарындамыз. Бұл тек қана музыка емес, барлық академиялық сипат­тағы көркем шығармашылықтың кел­беті. Екі сөздің басын қосып ұйқас­­тыр­ғанның бәрі ақын, қызыл мен көк бояу­ды ажырата білгеннің бәрі суретші, «әу» дегеннің бәрі әнші-сазгер. Ақшасы қалтасына сыймай кітап шығаратындар қатары да күннен-күнге көбейіп барады… Әр елді-мекеннің өз «данышпаны», өздеріне ғана көрінетін өз «жұлдыздары» бар. Бұл біздің елге ғана емес,  жалпы әлем­ге тән  үрдіс…

– Күрделі шығармалар жазатын кә­сіби композиторлардың шығармалары халық арасына жете бермейді. Сіздің ойы­ңызша бұған не себеп?

– Соңғы отыз жыл ішінде барлық са­­ла­дағы кәсіби шығармалар өзінің тың­­дарманынан, оқушысынан, көрер­ме­нінен айырылып қалды.  Ашып айту керек, даму процесі де тоқтап қалды. Кә­сіби мамандар қатары әбден сиреп кетті, ал жаңа толқын жоқ. Күн көруге, табыс табуға жарамайтын кәсіпті меңгер деп жастарға қалай айта аламыз? Тек шығармашылықпен ғана айналысып жан бағу мүмкін емес. Қаламақы деген­нің не екенін білмейтін, сезбейтін екі ұрпақ алмасты. Мемлекет тарапынан қаржыландыру жоқ,  дамыған елдердегі­дей мәдениет пен өнерді қолдайтын жомарт меценаттар да жоқ. Мұндай жағ­дайда апта бойы немесе  бірнеше ай жа­зылатын күрделі туындылар жазатын ұрпақ өспей қалды деп айтудың өзі қиын. Жазушы оқырманымен, суретші көрерменімен тікелей байланыс орната алады. Ал композитор мен тыңдарман екеуінің арасындаорындаушы тұр. Бір қарағанда, композитор мен тыңдарман­ның талабы орындаушының талғамына тіреліп қалғандай көрінеді…

– Әлемдік үлкен залдарда күрделі шы­ғармалар орындалатын концерттерді көргенде композитор, орындаушы және көрермен  арасында рухани үндестік бай­қа­лады. Біздегі музыкаға деген көзқарас осы деңгейге жете алды ма?

– Әр тауардың өз тұтынушысы бола­ды. Музыка да тауар. Біздің музыкаға да сұ­раныс бар. Бірақ тыңдарманға жете ал­май қор болып жүр. Фестиваль, концерттер жасау барысында, әкімдерге біз­ді шалғайда жатқан аудан-ауылға жі­беріңіз деп талай өтіндім. Тіпті концерттер өткізілген күннің өзінде облыс ор­та­лы­ғынан аспайды. Менің білетінім, елдің түкпір-түкпірінде жатқан халық, бір нотаңды жібермей, ұйып тыңдайды. Қазір көбіне жамандығы мен кері тұсы айтыла беретін Кеңес үкіметі тұсындағы мәдениет пен өнерді ауыл-ауылдан бас­тап насихаттайтын жақсы үрдістен айырылып қалдық. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мақалды жиі айтқанымызбен, бұрынғы өткен жүйе­нің мәдениет пен өнерге деген жақсы дәстүрін сақтап қала алмадық…

– Бір сөзіңізде дүниежүзінде Мұқан Төлебаев пен Еркеғали Рахмадиев қана  мойындалады деп айтып қалдыңыз. Бұл тым ұшқары айтылған жоқ па? «Біржан сал» операсындағы музыканың тіні қа­зақ­тың төл әуені ғой, соған қарағанда біз ба­тыс­тың симфонияларынан кем емес күйлерімізді қадірлей алмай отырмыз ба, әлде насихаты жетпей ме?

– Халықаралық қарым-қатынас ағыл­шын тілінде жүреді. Музыканың да сондай-ақ әлемдік деңгейде сөйлейтін «тілі»  бар. Ол ғасырлар бойы қалыптас­қан музыкалық форма. Әр елдің өзіне тән әу­ен иірі­лімі бар.  «Біржан-Сараның» үні қазақша, қазаққа тән әуен иірілімінен тұрады. Бірақ бөленген формасы әлем му­зыкалық жетістігіне сүйенген: опера жанры, драматургия желісі, сим­фон­ия­лық оркестр, көпдауысты хор, ж.т.б. Өт­кен ғасырдың 70-ші жылдары қазақ музыкасы өзінің Кеңес тұсындағы ең биік шыңына көтерілді. Ол кезде саз шығармашылығында екі бағыт бар еді. Біріншісі – кәсібилігі жоғары, шеберлігі мықты, Москва мен Ленинград қалала­рын­да білім алған, бірақ қазақылықтың иісі мұрнына бармаған композиторлар. Екіншісі – дені қазақша болғанымен, кәсібилігі нашарлау, өз аймағымыздан шыға алмағандар. Сол 70-ші жылдары Мұқан Төлебаев салып берген үшінші бағытты ұстанған бір-ақ композитор бар еді, ол – Еркеғали Рахмадиев. Қазақ әуезінің ұлттық үні классикалық музыка формасымен сәйкес келген бұл бағыт өміршең, өскелең болды. Бүгінде шет елде біздің, Қазақ Елі композиторлары шығармаларының жақсы қабылдануы­ның сыры да осында.

Қазақ күйлері ғажап. Бірақ домбыра, қобыз, тіпті, халық аспаптар оркест­рін жаппай әлемге таныту мүмкін емес. Сондықтан да күйлерді сол «әлемдік» тіл­ге аудару керек. Оған да жетер күн туар.

– Халық бір кездері романстарды қа­зіргі эстрадалық әндер секілді ықыласпен тыңдайтын еді. Ал қазір кәсіби музыка мен эстраданың арасы тым алшақ секілді. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Халық бір кездері романстарды ғана емес, бәрін де ықыласпен тың­дай­тын. Жоғарыда айтқанымдай, артистер ең алыстағы ауылдардың бірін қалдыр­май қысы-жазы баратын. Әр ауыл-се­лода сахнада фортепьяно тұрған мә­де­ниет үйі, клуб, кітапхана болды. «Шал­­қар» радиоарнасын транзистор арқылы бүкіл республика тыңдайтын. Қазақ музыкасын былай қойғанда, кез келген шопан Брамстың «Венгер биін», Огинскийдің «Полонезін», Моцарттың «Түрік маршын» жақсы білетін.

– Эстрада мен кәсіби музыка ара­сының алшақ болып кеткені бізде ғана емес. Ол әлемдік хал-ахуалға тән шындық. Кәсіби музыка 0,5-1% арасында. Дегенмен, келешек ұрпаққа бүгіннен мұра болып қала­тын да сол кәсіби өнер. – Сөз соңында ал­да болатын концертіңіз жайында айтып өтсеңіз?

–Концерт бағдарламасы камералық оркестрге жазылған шығармаларымнан құрастырылды. Орындаушы «Қазақстан Камератасы» оркестрі, жетекшісі Қазақстан халық  артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Гауһар Мұрзабе­к­ова. Бұл шығармаларым Қазақстан­нан гөрі шет елде көбірек орындалады, солардың оркестрлерінің репертуарына енген. Тіпті, тұсаукесері де шет елде өт­ті: «Ғасырлар үндесуі» Қазанда, «Аштық геноциді» Киевте, «Дешті Қыпшақ» Стокгольмде, «Өрен» Астраханда, «Өрлеу» Измирде. Ал «Түркі академия­лық музикнің атасы» атты туындымның Бакуде орындалуы заңды іс.  Әзірбайжан Мәдениет министрлігінің тапсырысымен жазылған дүние Үзейір Ғаджибе­ков­ке арналған. Дегенмен, осы концертте де премьера болады. Г.Мұрзабековаға ар­налған «Гауһар-күйді» маэстроның өзі орындайды. Концертте Абай атындағы МАОБТ солистері Дархан Жолдыбаев пен Жадыра Аманова өнерін көрсетеді.

 Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

афиша

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір