Кемерінен аспайтын Кемел аға
Кемел Тоқаевпен етене жақын болдым деп айта алмаймын. Жазушылар одағындағы жиындарда кездесіп қалып, кейде қол алысып амандасып, кейде бас изесіп ғана өте шығатынбыз. Мен Кемекеңмен оның Жоғарғы Кеңестің ведомствосының редакторы боп қызмет істеп жүрген кезінен бастап таныс-біліс бола бастадым. Жоғарғы Кеңестің ғимараты Жазушылар одағының іргесінде болғандықтан ол кісі әдебиетшілер үйіндегі жиындарға үзбей қатысып жүретін. Жоғарғы Кеңестің қызметкері болғандықтан ол кісіні көрген бетте ентелеп барып, амандаса кетуді ерсі санайтынбыз. Ыңғайсызданамыз. Қанша дегенмен Жоғарғы Кеңестің қызметкері ғой.
Жылдар өтіп жатты. Біздің «сырттай» таныстығымыз бірте-бірте сыйластыққа айнала бастады. Оған себеп – ол кісінің ауық-ауық баспадан шығып жатқан жаңа кітаптары, Қазақстаннан, Мәскеуден алып жатқан сыйлықтары мен әртүрлі дәрежедегі марапаттары болды. «Құтты болсын» деп қолын алғанымызда баяғы сабырлы қалпынан таймай, «рахмет» деп күбірлейтін де қоятын. Ол кісі Жазушылар одағына келіп-кетіп жүргенде, немесе одақтың кеңсеішілік қызметін атқару барысында өзгелермен ақтарыла сырласып, әңгімелесіп жүрсе жүрген шығар, одақ қабырғасында менің Кемел ағамен жақын танысуымның реті келмепті.
Кемекеңмен жақынырақ араласуым 70-жылдардың аяғы, 80-жылдардың бас кезінде, жазушылардың шығармашылық үйінде басталды. Бұл кез – Кемел ағаның барлық қызметті атқарып болып, демалысқа шыққан кезі еді.
Кемел ағамен жақынырақ танысып, ашығырақ сөйлесудің барысында ол кісінің мейлінше қарапайым, мейлінше сыпайы, қызмет пен жазушылықтың кемеліне жетіп жүрсе де кемерінен бір аспайтын, Есіл өзеніндей жайбарақат ағысынан бір танбайтын мінезге бай адам екеніне көзім жетті.
Екеуміз де шығармашылық үйдің екінші қабатында тұратынбыз. Бөлмелеріміз де қатар. Бір күні кешкі астан соң шығармашылық үйдің артындағы саябақта біраз серуендеп, бөлмелерімізге қайттық. Кемел ағаның бөлмесі менің бөлмемнен бері болатын. Бөлмесінің тұсына келгенде ол:
– Менің тұрып жатқан бөлмемді көріп кетпейсің бе? – деді.
– Көрсем көрейін, – деп ішке кірдік. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ кәдімгі бөлме: бір төсек, бір шкаф, екі орындық, бір стол, кіре берістегі әжетхана.
Бөлмеге кірген соң Кемел аға тумбочкасын ашып, әлденені іздегендей ұзақ қарап тұрды да, маған бұрылып:
– Дулат, ішесің бе? – деді ойда жоқта. Мен қасақана түсінбегендей.
– Нені? – дедім.
– Қырық градусты.
– Бас тартпаймын. Бірақ қазір жазу жазып жатырмыз ғой.
– Иә, мен де қарап жатқан жоқпын. Әйтсе де, бір мезгіл демалу керек қой.
– Өзіңіз ше?
– Сенімен оңаша сөйлессем деп көптен бері ойлап жүр едім. Бүгін сәті түсті. Соның құрметіне 50 грамм…
– Елу грамм деген көп қой.
– Қызмет бабымен жүріп, ащы суды аузыма алып көрмеппін.
Ол кісі екі стаканға ащы судан құйып қойды.
– Ішпей тұрып Ілияс Омаровқа байланысты бір оқиғаны айтып берейін. Бұл әңгімені маған Жайсаңбек Молдағалиев айтып еді. Ілияс Омаровтың кім екенін жақсы білмейтін шығарсың. Ол кісі аса білімдар, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Мәдениет министрі сияқты ірі-ірі қызметтер атқара жүріп әдеби сынға да көп араласқан адам ғой. Мақалаларын орыс тілінде де, қазақ тілінде де еркін жазатын. Міне, сол кісі рак ауруына шалдығып, Кремль ауруханасында жатқанда Жайсаңбек жиі-жиі барып, Гурьевтен (ол кезде Атырау облысы осылай аталатын) шұбат апарып тұрады екен. Бір күні барса, Ілияс Омаров бұрынғыдан гөрі сергіп, басын көтеріп отыр екен. Жайсаңбекті көріп, сау адамдай орнынан тұрып амандасып, төсегіне қайта жатыпты да, жастығының астынан ақша шығарып:
– Мә, мына ақшаны ал да, бір бөтелке арақ алып келші», – депті.
– Іле-ағау, Сізге ішуге болмайды ғой.
– Болады. Тез магазинге барып келе ғой.
Жайсаңбек ол кісінің айтқанына қарсы келе алмай, магазиннен бір бөтелке арақ әкепті.
– Құй, – депті Ілекең оның алдына екі жүз грамдық «айғыр» стаканды қойып.
–Толтырып құй.
Түкке түсінбеген Жайсаңбек стаканға толтырып арақ құйыпты. Ілекең стаканды қолына алыпты да:
– Қызмет, қызмет деп жүріп, өмірдің адамға тән бір қызығын көрмеппін. Мен түзу жолдан сәл ауытқысам мына дүние менсіз тоқтап қалатындай көріп, жан аямай жұмыс істеппін. Қазір қарасам, өмір өз арнасынан бірде-бір ауытқымай өтіп жатыр. Менсіз-ақ. Мені жоқтап жатқан ешкім жоқ.
Ілекең осыны айтыпты да, стакандағы арақты түгел ішіпті де, «уфф» деп төсегіне жатып, сол бойы жүріп кетіпті. Сол сияқты мен де қызмет, қызмет деп жүріп, өмірдің адамға тән қызықшылығына бұрылып та қарамаппын.
– Ілекеңнің жолы бір бөлек қой, ол кісі айықпас ауруға шалдықты. Құдайға шүкір, Сіз жазудан қол үзген жоқсыз. Деніңіз сау, балаларыңыз ер жетті. Алды Мәскеуде оқып жатыр. Сол балаларыңыздың қызығын көріңіз!
Сол түні екеуміз ұзақ отырып сырластық. Ащы судың бір қасиеті – іште қамаулы жатқан талай әңгіменің тығынын ағытады ғой. Ол кісі сол кеште басынан өткен оқиғаларды айтып бергенде, осы адамның төніп келген ажал құрсауынан бүгінгі күнге аман жеткеніне таңдана отырып тыңдап едім. Ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі қиындық. Әсіресе отқа жылынып отырған қызының анасының көз алдында өртеніп өлгенін, сол күйікке шыдай алмай анасының да өліп кеткені жайлы айтқанда көзіме еріксіз жас алып едім. Осы оқиғалар жайлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әкесі жайлы естелігінде тебірене жазған екен.
Қарап тұрсам, соғыстан жаралы боп оралып, бейбіт өмірге араласқанша ол кісі өмір мен өлімнің қыл көпірінде ғұмыр кешіпті. Ана дүниеде қыл көпір деген болады, оның бір жағы тозақ, бір жағы пейіш деген әңгімені естіп өстік қой. Ол кісінің өмірі тіршіліктің қыл көпірі іспетті екен. Бірақ оның екі жағы да тозақ болыпты.
Ол кісі жер бетіндегі қыл көпірден қалай аман өткенін айтып болған соң, мен де қарап қалмайын деп, сонау Сырдың арғы жағында жатқан біраз елді колхозға айдағанда, менің әкемді де қазіргі Сайрам ауданы, «Ленин жолы» колхозына бүкіл отбасымен көшіріп, жаңа жерге келгенде әкемді көп ұзамай соғысқа алып кеткенін, ол соғысқа кеткенде мен бес айлық бала екенімді, танымайтын ортада басында баспанасы жоқ анамның бес баламен аңырап қалғанын, бір жарым жасқа жеткенде жоқшылықтың салдарынан қатты ауруға шалдығып, кешке қарай өліп қалды деп мені ауыз тамға шығарып тастағанын, азанда көр қазушылар күрек-кетпендерін алып маған арнап көр қазуға кеткендерін, маған қандай көр керек – ұзындығы бір метр, көлденеңі жарты метр көрді қазып болып, енді мені алып кетуге келгенде Сырғакүл деген көрші кемпір сүйекшілердің қолына тапсырмақ болып, киізге ораулы жатқан мені көтере бергенде, мен оған қарап күлген көрінемін. Сол кезде ол шошып кетіп, мені жерге тастай салыпты да, анама жүгіріп келіп: «Ойбай, Күміскүл! Балаң күліп жатыр!» – депті.
Анам сол кезде егіліп жылаған екен. Сәл болмағанда баласын тірідей көме жаздағанын ойлап жылаған болса керек.
Осыны естіп, Кемел аға да орнынан тұрып келіп, «Енді жүз жасайсың», – деп бетімнен сүйіп еді.
Бүгін қарап отырсам, сол кеш менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас сырласу кеші болған екен.
«Мыс та алтын, жез де алтын, алтын да алтын, табылмас нағыз алтын жарқылдайтын. Бетпе-бет жүзін көріп сырласқанда. Адамда сыр қалмайды айтылмайтын», – дегендей шын сырласса адамда сыр қалмайтынын дәл осы кеш растап өткендей еді.
Әңгіме жалғыз осы кешпен біткен жоқ. Бұдан кейін де жиі сөйлесіп жүрдік.
Кемел аға жаңа кітабы шыққанда жұрт сияқты дабыра қылмай, «Менің жаңа кітабым жарыққа шықты» деп жарияламай, үнсіз ғана қабылдай салатын да қоятын. Осындай кездің бірінде:
– Кемел аға, жаңа кітабыңызды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып көрмейсіз бе? – дегенімде:
– Әй, қойшы! Сүрініп қалсам, атыма кір келе ме деп қорқамын.
– Сізді кім сүріндіреді? Жұрттың бәрімен доссыз ғой.
– Ленин айтқан ғой, «Береги меня от друзей, а с врагами сам справлюсь» деп. – Дос боп жүрген адамдар өзгенің атының өзінің атынан озғанын қаламайды емес пе? Шығармамның біреуін үлкен сыйлыққа ұсынамын деп, достарымның қатарын сиретіп алғым келмейді. Маған сыйлықтан гөрі достарымның көп болғаны жақсы.
Тереңнен қозғап айтылған мынадай ғибраты мол тың ойға таңданып, үнсіз қалдым.
Бір өкінерім, жазушылардың шығармашылық үйінде апталап жатқанда суретке түсу деген ойымызға келмепті-ау! Кемел ағамен бірге Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, т.б. ұлы адамдар да осы үйде демалып, жазу жазып жатты емес пе? Солармен суретке түсу неге ойымызға келмеді? Бүгінгі күннің ертең тарихқа айналатынына мән беріп үйренбеген ескі салғырттықтан қанша оқысақ та арыла алмаппыз-ау!
Екінші өкінерім, Кемел аға арамыздан ерте кетті. Пайғамбар жасында. Өзі тәрбиелеп өсірген ұлының бүгінгі таңда ел Президенті болғанын, жай ғана Президент емес, мәдениеттілігімен, қарапайымдылығымен, әлемнің бес тілінде еркін сөйлеп, сол тілде баяндама жасай алатындығымен, өзге Президенттер секілді алып-ұшпа пікірден өзін аулақ ұстай білетін тектілігімен ерекше құрметке бөленіп отырғанын емес, тым болмаса министр болғанын да көре алмай, жеттім дегенде «жығылып» қалғаны өкінішті-ақ!
Амал қанша «Өмір заңы қатал-ақ!». Қазір ойлаймын, егер Кемел аға баласының Президент боп, әлемге танылған тұлғаға айналғанын көре қалған күннің өзінде баяғы мінезінен бірде-бір айнымай, кемерінен асып-төгілмей, қарапайым өмірін жалғастыра беретін сияқты.
11.08.23 ж.
Дулат ИСАБЕКОВ